ИРАН ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІ ЕЛ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ ТЫҢ БАСТАМАЛАРҒА ҮНЕМІ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

Қоғам
459 Views

Шымкентте бір мың екі жүзге жуық парсылар тұрады. Осыдан 21 жыл бұрын құрылған иран этномәдени бірлестігіне бүгінде Сулеймани Мами Гуль-Ахмет-Оглы төрағалық етеді. Қазақстандық сан алуан этностарды бір шаңырақ астына топтастыру арқылы қоғамдық келісімді сақтау ісіне бірлестік белсенді үлес қосып келеді.

Орталық жанындағы жексенбілік мектепте тыңдаушыларға парсы тілін оқыту жүйелі жолға қойылған. Ал, бірлестіктің қолдауымен жоғары жетістікке жеткен «Шамсинур» би тобы қалалық, республикалық ауқымды іс-шаралардың бел ортасынан табылады.

Иран этномәдени бірлестігі қоғамдық келісімді сақтау, қазақстандық патриотизмді дамыту мен ел игілігі жолындағы тың бастамаларға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мұқтаж жандарға қол ұшын созуды азаматтық парыз санайды.

Этнос ақсақалдарының айтуынша, кезіндегі зобалаң жылдары әртүрлі жағдайлармен қазақ жеріне үш рет қоныс аударған парсыларды жергілікті халық жатсынбай, шама-шарқынша қолдау көрсетіп, қолындағы бір үзім нанымен бөлісіпті. Сол ықылас үшін өмірден түйгені көп көнекөз буынның берекелі қазақ даласы мен қазыналы қазақ еліне көңілі мен пейілі ерекше.

Ұлы Отан соғысынан кейін жер аударылып, қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұратын 600-ге жуық парсылар жергілікті жұрттың ыстық ықыласының ықпалымен бес мыңға дейін өсіп-өнді.

ХХ ғасырдағы солақай саясаттың салдарынан Қазақстан аумағына күштеп қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерімен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген ирандар қазақы тәрбиеленіп, білім алды.

Алдыңғы буының айтуынша, жылы жақтан жер аударылғандардың басым бөлігі жол-жөнекей жергілікті климат пен аштыққа шыдай алмай көз жұмған. Ол нәубатты көзбен көргендер бәріміз де қырыламыз деген екі ұдай күй кешіпті. Дегенмен, парсыларды шымкенттіктердің жомарт пейілі мен бауырмалдығы осы күнге дейін аман-есен жеткізіпті.

Кең пейілді қазақтарға құрметі ерек иран ақсақалдары кең байтақ жерде дүниеге келіп, бейбіт аспан астында өмір сүргені өсіп –өнген жас буынға берекелі ел аумағында тұратын барша жұртқа алғыс айтуды күнделікті айтып отырады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында жүзден астам ұлт өкілдері тату-тәтті, ынтымақпен өмір сүруде. Еліміздегі барлық этностар қазақ халқының дархан көңілін, ақжарма ниетін, төзімділігі мен тектілігін бағалай біледі.

Мемлекет басшысы: «Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз», — деді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *