КЕЙУАНА немесе тоқсанға келген Пернекүл ана жайында

мәдениет Руханият
1 809 Views

Бүгінде тоқсанның төріне тың күйінде шығып, немере-шөбересінің алдында ойнап-күліп отырған асыл анамыздан ұзақ жасаудың сыры неде екенін білгіміз келіп, әңгімеге тарттық.

Ақ шалған самайын ақ жаулығының ішіне жасырған Пернекүл апа бір жымиып қойып, сөзін бастап кетті.

– Осы қара шаңыраққа ие болған кенжетайым Нұржан 1 жасқа толар шақта қатты ауырдым. Жолдасым марқұм болған. Бес баламен жесір қалған мен де енді кетіп қалсам, олардың күні не болмақ деймін іштей мүжіліп. Осы бала ең болмаса 18-ге келсе, алатын жанын ала қойсын жаратқан ием. Одан артығының керегі жоқ, тек ұлымның өз қолы өз аузына жетсе болғаны дегенім бар еді. Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады емес пе?! Қазір ойлап отырсам, құдайдан 55 жас сұраған екенмін ғой сонда.

Жолдасы 15 жасында соғысқа аттанған екен. Ертерек келін алғысы келген өгей шеше Пердештің тууы туралы куәлігіне 2 жас қостырыпты. Сөйтіп оны құжат бойынша 17 жасқа келген күні-ақ соғысқа алып кетеді. Ол кісі соғыста қатты жарақат алады. Сол қолының саусақтары бүгілмейтін, бірақ он қолымен қағаз жазып, тәп-тәуір қызмет атқарған. Колхозда қойма меңгерушісі болған.

Жап-жас ұл майданда жүрген кезінде екі мәрте «өлді» деген қара қағаз келген. Алғашқыда барлығы қайғырып, асын өткізіп қойғаннан кейін екіншісі келгенде «Осы кісі тірі-ау» деген жылы ой жылт етеді қарындасының санасында. Ағасының амандығын тілеген қыздың ойы шынға айналды. Пердеш елге аман оралды, Пернекүлмен көңіл жарастырды. Өмірге бес перзент келді.

– Өгей ененің қолына түстім. Оның «қыспағын» біраз көргенім бар. Жолдасым жайылымға, мал ауылдарға кеткенде, менің хәлім мүлдем мүшкіл болатын. Кейде үйге кіргізбей қоятын. Ондайда далаға түнеген кездерім де болды. Ауылда қазақтар өсекке іліндіріп жібереді деп, қарашайлардың үйіне баратыным есімде. Есесіне, марқұм атам өте жақсы кісі еді. Бірақ, инсульттан кейін аяқ-қолы кішкене салданған, жарымжан болатын. Тілі де күрмеліңкіреп анық сөйлемейтін. Таяғын сілтеп, маған түсіндіреді. Сондағысы түнде қайтып кел, есіктің ілгегін ашып қоямын дегені. Солай болды да, бірақ оны біліп қойған енем, тіпті құлып салып қоюға көшті. Бірақ соған төздік қой. Таңертең малды жайғап, баудағы жоңышқаны шалғы орақпен орып тастайтынмын. Әлима есімді абысыным бар еді. Екеуміз таңғы бесте отын жинауға барамыз. Бірде таң әлі ата қоймаған, алдымыздан бірдеңе қараңдады. Қайынағалардың бірі ме екен деп, сәлем салғаным бар. Сөйтсем, жиналып тұрған тезек екен. Абысынымның әбден күлгені бар. Қусирақтарға осылайша сыйғанмын, шырағым. Түлкібастың «Балықшы» деген ауылынан едім. «Қызылтуға» келін болсам, арамыз 15 км. Бірақ төркінге барып, әкемізге шағым айту дегенді мүлдем білмегенбіз. Ұрпақ әкелмеген соң, төркінге не бетіммен барамын деген ұғым да бар еді ойымызда және дәстүрімізде төркінге шілдеханадан кейін ғана рұқсат берілуші еді ғой. Алғашқы перзентіміз Жүрсінкүл де кешігіп, 5 жылдан кейін келіп, шаңырағымызда сәби үні естілді.

Өкіметтің жекеменшіктегі мал санын азайту керек деген бір саясаты болды 60-жылдарға таман. Сол тұста қолдағы бар малды сатып, соған «Қарасудан» кішігірім үй алып, ата-енеден бөлек шығып кеттік. Қыздардан кейін үш ұл келді өмірге. Бірақ шиеттей бала-шағаның ортасында жалғыз өзім қалдым. Соғыстан қалған денедегі жарықшақтың кесірінен Пердеш әке о дүниелік болды. Жұбайымның бір қолы жарымжан болған соң, үйдің де, түздің де қара жұмысын өзім атқардым. Одан кейін жесірлік, шиеттей бала-шаға. Қара жұмысты қырып тастайтынмын, жасымның ұзақ болуына сол әсер еткен шығар деймін кейде. Тынымсыз қимыл-қозғалыс деген жақсы ғой тірі жанға.

– Әкем 6 жасымда қайтыс болды. Ол кісімен мен көп дидарластым дей алмаймын. Қызметте жүрді, мен жас болдым. Анамыз бір сөзінде айтып еді. Орманның ішінде батпаққа батып бара жатқанында оның «көмектесіңдер» деген айғайын естігендер шығарып алыпты. Ржев қаласында қан майданда болған әкеміздің артынан екі рет қара қағаз келсе де, жарақатымен аман оралды. Кейін интернет арқылы базаларды қарастырып көрдім. Ржев қаласында 1941-1942 жылдары соғыста қаза тапқандар тізімінде әкем Қазыбеков Пердеш Раимбердіұлы да бар, – деп еске алады ұлдың үлкені Талжан ағамыз. – Ал анамыз «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсірді. 3 сыныптық білімі бар, әріпті ғана танитындай десек те, колхозшы болып, кетпен шапты. Үлкен бейнетпенен күн кешіп, бізге дұрыс адам болуды, сабақты жақсы оқып, білімді болуды үйретті. Мен орыс сыныбына барамын дегенмін, кітаптарым да дайын-тын. Оңалтай Марин деген мектеп директорының орынбасары анама «Балаңды орысшаға беруші болма. Ертең тәрбиесі ақсап қалады. Сен өзің жалғыз бастысың» деп, кітаптарымды қазақ тіліндегісіне алмастырып берді. Сол кісінің тағы ұлылығын айтқым келіп отыр. Оның баласы екеуміз мектеп бітірерде алтын медальға үміткер болдық. Менің шығармама 4/5 деген баға қойылып, ілінбедім. Сонда Оңалтай ағайым: «Талжан алмаса, менің балам да алмайды алтынды» деп кесіп айтты. Бұл істе оның ұлының әлсіздігі емес, маған әділетсіздік жасалғанын мойындағанын ұқтым. Себебі, мектеп директоры менің анама алтын медальдің құны бір сиыр деген екен…

– Иә, санасы бар бала өзі тартады бір айтқаннан. Баланы ұрып-соғып тәрбиелей алмайсың, дұрыс жүріңдер, сабақ оқыңдар деймін. Өзгенің ала жібін аттамауға үйреттім. Мектепке барған сайын марқайып қайтатынмын, – дейді сонау жылдарды еске алған асыл әже. – Үлкен қыз Отырар ауданына қыпшақтарға тұрмысқа шыққанда құдамыз бәріміздің алдымызға жылқы, ірі қара мал атап шыққаны бар. Айналайын, құдам, қызымды малға айырбастап жатқаным жоқ, мұның не? «Алмақтың да салмағы бар» дегендей десем, «Құдағи, дүние ешкімге жолдас болған емес. Бұл да болса қызыңыздың несібесі деп қабылдаңыз» дегені. Осылайша түсінігі мол, жақсы жерлермен жекжат болдым. Сол Рамаш құда айтқандай бес перзентімнің өз несібесі өзіне жетіп жатты. Екінші қызым еркелеу еді, ол да барған жеріне «судай сіңіп, тастай батты». Осы Талжанымды «Сандықтың кілтін тапсыратын келін әкел» деп асықтырғаным рас. Бекжаным Челябинскіде оқыды. Сүйгенін сол жақтан алып келді. Татар құдаларға да дән разымын. Кезінде жолдасымның інісі осы Челябинскіде әскерде болып, татар қызына үйленгісі келгенде Пердеш қарсы болып, алдыртпаған еді. Құдайдың құдіреті, өз баласы татардың қызы Венераны әкеліп, сол жаққа құдалыққа бардық. Талжанымның арқасында Мәскеу мен Ленинградты көрдім десем, әлгі татар келінім Венерам осыдан он жыл бұрын Меккеге апарып келді. Қара шаңырақта қалатын келінді де өзім таңдадым. Қос бұрымын тоқпақтай етіп өріп алған ару көзіме түсті. «Түсі игіден түңілме» дегендей, Қалимам күніме жарап отыр қазір. Кенжетайым Нұржанымнан айырылып, еңсем езіліп қалғаны…

– 2005 жылы Елбасының сайлауынан кейін «Ал айналайын, балам, Ақ патшаларынды таққа отырғызғандарың құтты болсын» деп ерекше бата бергені бар анамның. «Назарбаев осы шырылдап айтып жатады жанайқайын. Осы елдің жақсы, ынтымақты, аман болуын тілеп жатыр» деп, Назарбаевқа анамыз өзінің ерекше ықласын білдіріп отырады, – дейді Талжан Пердешұлы.

– Назарбайыма рахмет, Назарбайым осы балаларымның барлығына жағдай жасап отыр, – деді көпті көрген көнекөз кейуана бізге де. Тоқсан жылдық өмірінде қос ғасырдың қилы-қилы тағдырын басынан өткізген асыл анамыздың бүгінгі тәуелсіз еліміздің басшысына деген ыстық ықыласы осы болса керек.

– Ұзақ жасағанның ең қиыны – дидарласатын қатарыңның болмауы екен, – дейді Пернекүл апа. – Балалар, немерелер өз тіршілігімен жүр. Ойыңдағы әңгімеңді бөлісетін адам жоқ. Той, құдалық дегендерге бара қалсаң, туыстармен кездесіп, шүйіркелесіп қалатының жақсы. Қатарым азайды, бір ортаны аңсап отыратыным рас. Нұржаным ерте кетіп қалды, соған өкінемін. Құдай мені алуы керек еді. Тағдыр шығар. Күз түсіп, қыс келе жатса, осы қыстан аман шығайын деймін. Неге? Ана жаққа қыс ауасында кетсем балаларым әбіржиді ғой, күннің жылысында барсам деймін жолдасымның артынан.

Міне, ананың жүрегі қандай?

– Балам, дүниеге құмар болма, 40 жастан кейін өз несібелерің келе береді. Дүние – қолдың кірі дейтін анам бұрынырақта бизнеспен айналысқан кезімде. Қазір отыздан аса шөбересі бар. Бәріне ақ батасын беріп, айналып-толғанып отырғаны сол.

Жолдасы Пердеш өмірден өткенінде сары ауру болып, 2 ай ауруханада жатқан кезінде елдегі абыройлы абысыны:

– Айналайын Пернекүл, түс көрдім, ауылдың ортасынан өтіп бара жатқан ақ боз атты Қыдыр ата сенің шаңырағыңа келіп тоқтады. Бұл үлкен жақсылық пен берекенің нышаны, шаңырағыңа алланың нұры жауады, құдай қаласа, – деген екен.

Шынында да балалары оқыды, азамат болды, жетілді, өсті, өнді. Бұдан асқан қандай береке керек?! Тоқсанның тұғырына сұңғақ бойын тік ұстап шыққан Пернекүл Райымберді келінінің берекелі шаңырағына біз де бақыт тіледік.

Гүлжан ЕЛІБАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Түркістан қаласы.

P.S: Осыдан он жыл бұрын сексенге келген анамыздың мерейтойына арнап журналист Қуанышбек Ботабеков «Ананың аялы алақаны» атты кітабын шығарған еді.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *