КОМПАНИЯЛАР МЕН ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІ ҮШІН МОЛ МҮМКІНДІКТЕР ТУАДЫ

Ақорда
455 Views

Мемлекет басшысы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онлайн форматта өткен кеңестеҚасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Қазақстанның экономикасын дамытуда Атырауоблысының орны ерекше екенін, мемлекетіміздің алғашқы ірі инвестициялық жобалары осында жүзеге асырылғанын, ол жобалар еліміздің экономикалық жәнеэнергетикалық қауіпсіздігі үшін берік негіз қалағанын айтты. Мұнайлы өңірдіңтыныс-тіршілігін, тұрғындардың әл-ауқатын әрдайым жіті назарда ұстайтынын атапөтті.

– Жалпы өңір қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда мемлекетіміздің ішкі жалпы өніміндегі облыс экономикасының үлесі 10 пайыздан асты. Елімізге тартылған инвестицияның 30 пайызға жуығы осы аймаққа тиесілі. Қазақстанның өнеркәсіп өнімінің жалпы көлеміндегі Атыраудың үлесі 20 пайызға жетті, – деді Президент.

Мемлекет басшысы облыста түйіні шешілмеген мәселелердің де бар екенін еске салды. Мысалы былтыр аймақта өнеркәсіп өндірісі мен тұрғын үй құрылысының көлемі, шағын және орта бизнес өндіретін өнім мөлшері азайып кеткен.

Мемлекет басшысы Атырау облысының жағдайы туралы барлық баяндамаларды тыңдап шыққаннан кейін, аймақты дамытуға қатысты нақты мақсат-міндеттерді атады. Ең алдымен мұнай-газ өнеркәсібін дамыту қажет.

– Үкімет өңір әкімдігімен бірлесіп, ірі мұнай-газ жобаларын уақтылы жүзеге асыруды бақылауға алуға тиіс. Болашақта кеңею жобасын уақтылы аяқтау маңызды. Сондай-ақ Қашаған кен орнын толық игеру керек. Сол арқылы бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 миллион тоннаға арттыруға болады. Нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, отандық қызмет көрсету компаниялары мен шағын және орта бизнес өкілдері үшін мол мүмкіндіктер туады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы басымдық берген тағы бір мәселе – автожолдарды дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаев облыста жол апатының жиілеп кетуі елді алаңдатып отырғанын айтты. Былтыр өңірде 232 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 69 адам қайтыс болған. Әсіресе «Орал-Атырау» тас жолына баса назар аударған жөн.

– Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс. 2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек, – деді Президент.

Орайы келгенде Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр-Сұлтан – Алматы» автожолын жөндеу жұмыстарының да әлі күнге аяқталмағанын айтты. Президент бұл жолды 2023 жылы пайдалануға беруді тапсырды. Бұл жұмыс Үкімет пен әкімдердің ұдайы назарында болуы қажет екенін ескертті.

Үкіметке жиынның қорытындысы бойынша жоспарды толықтырып, бір айдың ішінде бекіту тапсырылды.

Кеңесте Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасады.

Akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *