ТАҒЫ БІР КҮН…

Әдебиет
201 Views

Тағы бір күн артта қалды, келеді өмір жалғасып,

Күн батады ай туады алма-кезек алмасып.

Біреулердің түні жарық,уайым – қайғы білмейді,

Ал біреулер жарық күнде шам ұстап жүр, жар басып.

Әр пенденің тіршілікте машақаты әр қалай,

Бірі озып, бірі қалып жарысуда жан қалмай.

Бірі ойлайды бала қамын күндіз-түні көз ілмей,

Ал балалар далада жүр, уайымға сап безілдей.

Әзиз ана ақ құмғанын жерге қойып бүгілді,

Тірлігіне қапаланып қоятындай бүгінгі.

Ақ шәлісін иығынан екі орап салды да,

Бар пейілмен дұға қылды бір Аллаға жалына.

Ана сорлы аһ ұрады АҚ БОТАСЫН ойлайды.

Ал баласы секең қағып безілдеуін қоймайды,

Бір Алладан сол баланың амандығын тілейді,

Ал перзенті сорлы анаға жылына бір келмейді.

Келе алмайды уақыты жоқ аттың басын бұруға,

Ең болмаса сорлы ананың төсіне бас ұруға.

Уақыт, ақша жұмсалады ең қажетті істерге,

Болып жатса жұмсалады сауық-сайран құруға.

Ана армандап ақ маңдайдан иіскесем деп баланың,

Бір келсе деп, қабыл қылып ақ тілегін ананың.

Жалынады осы дұға жетсе екен деп АЛЛАҒА

Жан тәнімен жалбарынып, сәждеден бас алды ана…

Ана өмірге әкелгенде баланы,

Екі өмірдің ортасында болады,

Өзін ойлап салынбайды әлекке,

Бала үшін құрбандыққа барады.

Соны білген періштелер көктегі,

Аман алып шығады екен ананы,

Бала үшін жасқа толар жанары,

Бала үшін жүрегі оның жаралы.

Бәлкім бала ұғынар ма бұл жайды,

Пенде мәңгі бұл жалғанда тұрмайды.

Ақ батасын алып жүргін анаңның,

Сонда ісің алға қарай зулайды.

Тағы бір күн артта қалды үмітпен,

Бүгін барғын басқа істі кідірт те.

Бүгін барғын қуант ана жүрегін,

Ертеңгі күн не боларын кім білген?…

Элиза МҰХАНҚЫЗЫ,

Ж. Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназия

11″в» сынып оқушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *