НАҒАШЫБЕК ҚАПАЛБЕКҰЛЫ – 70

Мерей
2 050 Views

ӨМІРДЕРЕК

Нағашыбек Қапалбекұлы – белгілі қоғам қайраткері, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1950 жылы 16 наурызда Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қызыләскер ауылында дүниеге келген. 1968-1970 жылдары Кеңес Одағының Қиыр Шығысында әскери борышын өтеп қайтты. Ол – Приморье өлкесіндегі 1969 жылы шекарада Даманск аралы соғысына қатысқан Ұлы Отан соғысының ардагері. Қазақстан Республикасы Даманск оқиғасына қатысушы-ардагерлер кеңесінің төрағасы.

1971 жылдан құрылысшы, автоклуб меңгерушісі, Жамбыл аудандық “Екпінді еңбек” (қазіргі “Атамекен”) газетінде корректор, әдеби қызметкер болып жұмыс істеген. Ал, 1973 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1979 жылы бітірген.

«Екпінді еңбек» газетінде тілші, жауапты хатшы, радиоұйымдастырушы, редактордың орынбасары, 1980-1986 жылдары осы газеттің бас редакторы болды. Наға-шыбек Қапалбекұлы – Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты атанды. 1986 жылдан аудандық ДОСААФ-тың төрағасы, Халықаралық Жамбыл қорының бас директоры, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры сияқты жұмыстар атқарып, белсенді қайраткерлік танытты. 2000 жылғы 1 қарашадан республикалық кітап музейінде директор қызметін атқарды. 2016 жылдан ЮНЕСКО-ның екінші категориялы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері. «Бәйдібек баба» Республикалық қорының президенті.

Қырық алты кітаптың авторы, көптеген ғылыми еңбектер жазып, бірнеше кітаптар құрастырған.

Нағашыбек Қапалбекұлы тарихи тақырыптарға жиі барады. Атақты бабамыз Жамбыл және оның ақындық төңірегі жөнінде ізденіп зерттеп, ел мен жер, өткен мен бүгін жайлы сабақтастыра отырып, танымдық тағылымы мол дүниелер жазды. Оның кейіпкерлері – Қазақ елі-нің біртуар перзенттері: Қарасай, Шапырашты Наурыз-бай, Өтеген, Райымбек, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Бекболат секілді дулығалы батырлар, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Өтеп, Өмірзақ, Әбдіғали, Есдәулет, Саяділ секілді дуалы ауыз ақындар, Төле би, Сіргелі, Жабай, Тоқсоба, Балуан Шолақ, Сарыбай би, Андас датқа, Тезек төре, Медеу Пұсырманұлы, Мақыш балуан, Құртқа тәуіп, Түктібай қобызшы, Сәт болыс, Қырбай сал және тағы басқа да тарихи тұлғалар.

Қарасай батыр жайлы “Қарасай, Қарасай”, Жамбыл жайлы „Жамбыл ата”, “Киесі – қызыл жолбарыс” деген, сондай-ақ, Сарыбай би Айдосұлы, Мақыш балуан Райымбекұлы туралы жеке кітаптары да оқырмандарынан өз бағасын алды.

“Жамбыл әлемі” атты үш тілдегі фотоальбом, «Төле би», «Балуан Шолақ», «Сыпатай батыр», «Ғибрат», «Ата тағылымы», «Оспанханнан қалған сөз», «Іңкәр сезім – сырлы әуен», «Кітап әлеміне саяхат», «Батаменен ел көгерер», Үмбетәлі Кәрібаевтың қос томдығы, тағы басқа да жинақтар құрастырды. Бірнеше телефильм мен бейнефильмдерге сценарий, пьеса жазды.

Алған мемлекеттік наградалары:

«Құрмет» орденімен және оннан астам мемлекеттік медальдармен марапатталған.

Ресейден «Вооруженных сил СССР – 100 лет» орденімен және арнайы үш медальмен марапатталды.

Құрметті азамат атағын мына жерлерден алды:

Алматы облысының Құрметті азаматы.

Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы.

Академик атағын алған ғылыми орындар:

Халықаралық Экология академиясының академигі.

Салт-дәстүр академиясының академигі.

Құртқа тәуіп атындағы ғылыми академиясының академигі.

Профессор атағын берген жоғары оқу орындары:

Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры.

Қонаев атындағы гуманитарлық заң университетінің профессоры.

Статистика және экономика академиясының профессоры.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры.

Алған атақтары:

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

«ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының Т.Сатылғанов атындағы сыйлығының лауреаты.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте, КСРО Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атанды.

Жамбыл атындағы сыйлығының Халықаралық лауреаты.

Чувашияның мемлекеттік 2019 жылғы әдебиет жөніндегі сыйлығының лауреаты.

Нағашыбек Қапалбекұлының кітаптары мен шығармалары Ресей, Түркия, Қытай, Моңғолия, Қырғызстанда аударылып, басылды.

Бірнеше мәрте аудандық кеңеске депутат болып сайланған.

Ұлы Жамбылдың 150, Қарасай батырдың 400, Төле бидің 350 жылдық мерейтойын, тағы басқа да көптеген тарихи тұлғалардың мерейтойларын өткізуді ұйымдастырып, кітаптарын шығарып, ғылыми конференция, кештер өткізуге белсене ат салысып жүрген белгілі қоғам қайраткері.

Құртқа тәуіп атындағы академияның бірінші вице-президенті.

Нағашыбек Қапалбекұлының әкесі Қапалбек Егізбаев (1916-1980) Ұлы Отан соғысының ардагері, үш орден, 14 медальмен наградталған колхозшы. Ерлігі мен еңбегі үшін Қарғалы ауылындағы бір көшеге Қапалбек Егізбаевтың есімі берілген. Шешесі – Күлиман Егізбаева (1927-1971) бес баланың анасы.

2015 жылы Нағашыбек Қапалбекұлының үш томдық шығармалар жинағы (повестер мен әңгімелері) жарық көрді.

ҚАЛАМДАСТАР, ЗАМАНДАСТАР ЛЕБІЗІ

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Қазақстанның халық жазушысы.

Бей-жай оқылмайтын шығармалардың бірі – Нағашыбек Қапалбекұлының «Сүлде» атты әңгімесі. Оның бұрын да басқа кітаптарын оқып, ерекше сүйсінген едім. Бұл туынды да өзінің айтар ойымен, бүгінгі өмірге тән шыншылдығымен оқырманын бірден баурап әкетеді.

Адам МЕКЕБАЕВ, жазушы.

Нағашыбек Қапалбекұлы қай жұмысты атқармасын өзінің ыждаһаттылығымен көпшілік көңілінен шыққан, шығармашылық жолында үнемі ізденіс үстінде жүрген қарымды қаламгер екені белгілі. Әсіресе, оның атақты бабамыз Жамбылдың өскен ортасын түгендеуде–ақынның бұрын жарияланбаған өлеңдерін, фотосуреттерін, үнтаспаға жазылған дауысын тауып халыққа жеткізуде еткен еңбегінің мәні ерекше.

Көпжасар НӘРІБАЕВ, академик.

Нағашыбек Қапалбекұлының шығармаларының тартымды, көркем, қызықты болып келетін сыры оның қайраткерлік қасиетінде жатқан сияқты. Ол – қоғамдық құбылыстарға терең түсінікпен, кейіпкерлеріне үлкен махаббатпен қарайтын автор. Өйткені өзі де осы қоғамның белсенді азаматы, белді қайраткері.

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор.

Нағашыбек Қапалбекұлының қаламгерлік еңбектің сыртында туған жердің үлкен жанашыры, насихатшысы екенін баса айту қажет. Ақындар мен батырлар елі саналатын Жамбыл ауданының әйгілі тарихи тұлғалары жайлы ғылыми-зерттеулері, сол жерде ғұмыр кешкен ақындар мен жыраулар, олардың қаламынан қалған мол мұрасы туралы үнемі қалам тербеп жүреді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *