ОБЛЫСТЫ ДАМЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Саясат
722 Views

Қызылордада «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының партиялық тыңдауы өтті. Оған аталмыш филиал төрағасы, облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов төрағалық жасады. Тыңдау «Индустриалды даму» бағытына арналды. Сонымен бірге мемлекеттік «Білім», «Денсаулық» және «Индустрия» бағдарламаларының аймақта жүзеге асырылуы туралы айтылды.

Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес алдымен мемлекеттік «Білім» және «Денсаулық» бағыттарының орын­далу барысы сөз болды. Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттерін жатақ­ха­намен, оны бітіруші түлектерді жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

Басқарма басшысы бүгінгі таңда мектептерде орын алып отырған бірқатар кемшіліктерді алға тартты. Жүргізілген рейтинг бойынша 8 мектеп төмен нәтиже көрсеткен. Басшы 8 мектеп директорының да ұзақ жылдық жұмыс өтілі, жеткілікті тәжірибесі бар екенін тілге тиек етті.

– Олар 6 жылдан 19 жылға дейін басшылық қызмет атқарған. Ал мектептердің рейтингінің төмен болуы­на басты себеп – білім ошағындағы қадағалау жұмысының төмендігі, – деді М.Мелдебекова.

Атап өтер болсақ, 2017-2018 оқу жылында сырбойылық мектеп түлектерінің 97 пайызы жоғары оқу орындары мен колледждерге түсті. Бұл – білім саласындағы үлкен жетістік. Жиында өңір басшысы алдағы уақытта көрсеткішті төмендетпей, оны сабақтастық дәстүрімен абыройлы жалғастыру міндеті тұрғанын жеткізді.

Жиын барысында облыс әкімі денсаулық сақтау меке­мелері арасында жүргізілген рейтинг қорытындысы бойынша төменгі орыннан көрінген 4 мекеменің жұмысы мен олардың басшыларын сынға алды. Мұндай талдаулар «Денсаулық» бағдарламасындағы 36 индикатор бойынша жүргізіледі. Білім мен медицина салалары Елбасы мен Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін атап өткен аймақ басшысы жұмысты одан әрі жетілдіру қажеттігін тапсырды.

Индустрияландыру бағдарлама­сының бірінші және екінші бесжыл­дық­тары аясында өңірде 24 жоба іске асы­рылып, нақты 1442 жұмыс орны ашыл­ды. Осы жылдың 7 айында іске қосылған 24 жобаның 18-і жоспарлы қуаттылықты 90-100 пайызға игерді. Мемлекеттік бағдарламамен бекітілген индустрияландырудың 6 басым бағыты бар. Олар – металлургия, химия, мұнай химиясы, мәшине жасау, құрылыс материал­дарын шығару және тамақ өнеркәсібі.

Партияның облыстық филиалының жұмыс жоспарына сәй­кес жыл соңына дейін сайлауалды тұғырнаманың «Индустриалды даму» бағыты бойынша қала және аудан әкімдері есеп береді. Бұл жолы Арал мен Қазалы аудандарында атқарылып жатқан шаралар мен кемшіліктер жөнінде айтылды.

Арал ауданында соңғы 10 жылда 7 жоба жүзеге асырылып, оның төртеуі іске қосылды. 2016 – 2019 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы мен индустриялық аймақтан тыс өңдеу өнеркәсібі саласында құны 91 млн. теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылып, 27 жұмыс орны ашылды. Ал Қазалыда құны 2,2 млрд. теңгені құрайтын 3 жоба орындалды. 2013 жылы 12,7 гектар жерге индустриялық аймақ құрылып, оған 177,2 млн. теңгеге инфрақұрылым желілері жүргізілді. Қызылордалықтар бірінші бесжылдықта осы екі ауданда іске қосылған тауарлы сүт фермасы, ас тұзы, балық өңдеу сияқты зауыттардың игілігін көруде. Бірқатары республикалық конкурстарда жүлделі орындарды иеленіп, облыс имиджін көтеруге атсалысып келеді. Дей тұрсақ та, әлі күнге шешімін таппаған мәселе аз емес.

– Индустрияландыру бағдарламасы аясында Арал мен Қазалы аудандарында атқарылған жұмысты одан әрі жетілдіру қажет. Жыл соңына дейін индустриялық аймақтарды толтыру бойынша бекітілген межені игеруге жұмыс істеуіміз керек. Арал, Қазалы аудандары бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Олардың орындалуын талап етемін, – деді облыс әкімі.

Мәжілісте шикізаттық емес секторды дамыту басты назарға алынғаны айтылды. Сондай-ақ, биылдан бастап республикада өңдеу өнеркәсібінің ішкі салаларын дамытуға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске асырылуда. Мәжілісте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев, облыстық кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Әділбек Бекішов тиісті жобалардың іске асырылуы туралы баяндады.

Жиын соңында «Біздің бүгінгі мақсатымыз партиялық тыңдауда өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу үшін нақты шешімдер қабылдау», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Нұрбибі ЖҰМАН.

Қызылорда облысындағы меншікті тілші

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *