ЖАРАЙСЫҢ, ЖАНБОТА!

Спорт
1 175 Views

Ағымдағы жылғы 2 наурызда Ресейдің Красноярск қаласында ХХІХ қысқы универсиада ойындары бастау алды. Студент жастардың дүниежүзілік дүбірлі додасы 12 наурызға дейін созылады. Оған қатысуға 58 елден келген 3000 атлет спорттың 11 түрінен 76 медальдар жиынтығын сарапқа салатын болады.

Сібірдің дәл төрінде өтіп отырған байрақты бәсеке барысында жүздеген қазақстандық студент жастар жарыс жолына шығады. Жалпы, ұйымдастыру штабының мүшелері мен телевизиялық топты қосқанда біздің егемен еліміздің делегациясы 135 адамды құрайды.

Міне, солардың арасынан шымкенттік ару қызымыз егемен еліміздің қоржынына алғашқы медаль салып, қазақстандық жанкүйерлердің көзқуанышына айналып отыр. Фристайлдың шаңғы акробатикасы сынына қатысқан ол 79,38 балмен үздік үштікке ілігіп, Универсиаданың қола медалін жеңіп алды. Бұл сайыста беларусьтық Александра Рамоновская (100,29) алтыннан алқа тақса, ресейлік Любовь Никитина (91,29) күміспен күптелді.Тағы бір шымкенттік қыз, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің І курс студенті Аяна Жолдас төртінші орынға табан тіреді.

Жанбота Еркінқызы Алдабергенова – шырайлы Шымкент шаһарының тумасы. 1995 жылы 23 қыркүйекте дүниеге келген. Алдымен гимнастикамен айналысып, спорт шебері атанған. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мелекеттік университетінің түлегі. Бүгінде Алматыдағы Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті құқықтану-заң қорғау қызметі факультетінің IV курсында тәлім-тәрбие алып жүр.

Спорттағы нәтижелерін сөз ететін болсақ, ол Қазақстан кубогының иегері (2011), Еуропа кубогының (2012, Раубичи, Беларусь) қола жүлдегері. Әлем чемпионатының (2015, Италия) күміс жүлдегері. Еуропа кубогы жарыстары кезеңдерінің бірнеше дүркін жүлдегері. Еуропаның күміс жүлдегері (2015-2016), абсолютті чемпионы. Әлем кубогының күміс жүлдегері.

Сан миллиондаған қазақстандық спорт жанкүйерлері секілді біз де жерлесімізді студентер сайысының қола медалін иемденуімен және төл мерекесімен шынайы құттықтағымыз келеді. Оған алдағы кезде де жеңістің биік тұғырынан көріне бер деген ізгі тілегімізді білдіреміз.

Шаңғышы Қаз АСТ-нің ІІІ курс студенті Әсет Дүйсенов спринтерлік жарыста күміспен күптелді. Ресейліктер – Александр Терентьев пен Андрей Собакарев тиісінше, алтын және қола медальдерге иелік етті.

* * *

Айтпақшы, Универсиаданың хоккей сайысы да тартысты өтуде. А тобында Ресей, Чехия, Словакия, Жапония, Америка Құрама Штаттары, Венгрия өзара сынға түсіп отыр. В тобында өнер көрсететін Қазақстан құрамасы (бас бапкері — Юрий Михайлис) тәп-тәуір өнер көрсетуде. Олар Латвияны 10:1, Швецияны 5:0, Ұлыбританияны 17:1 есебімен ұтып, азулы канадалықтармен, швейцариялықтармен иық тірестіріп келеді. Жерлестеріміз енді 8 наурыз күні Швейцариямен, ал ертеңіне Канадамен кездеседі. Егер өз тобында алғашқы екі орынды еншілесе, жартылай финалға жолдама алатын болады.

* * *

Әзірге 18 алтын, 22 күміс, 18 қола медаль жеңіп алған Ресей құрама командасы жалпыкомандалық есепте көш бастап келеді. Алты алтын, екі күміс, төрт қола медальмен Корея Республикасы екінші орынды еншілеуде. Екі алтын, екі күміс, екі қола медалі бар Швейцария үздік үштікті қорытындылап тұр. Қоржынында бір күміс, екі қола медалы бар Қазақстан 14 орында келеді. Жалпы, 16 елдің құрамасы олжалы болып отыр.

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистері арасындағы республикалық шығармашылық конкурстың лауреаты.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *