«ОҢТҮСТІКТІҢ ЖАСТАРЫ ЖАҚСЫ ЖҰМЫС ТАБАМЫН ДЕСЕ, ҚОСТАНАЙҒА КЕЛСІН!»

Білім
248 Views

Ербол ИСАҚАЕВ, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетіректорының міндетін атқарушы:

«ОҢТҮСТІКТІҢ ЖАСТАРЫ ЖАҚСЫ ЖҰМЫС ТАБАМЫН ДЕСЕ, ҚОСТАНАЙҒА КЕЛСІН!»

Жастардың жұмыссыздығы бүгінде еліміздегі ең басты проблема. Бұл мәселені жою үшін мемлекет – жұмыс күші мол өңірлерден еңбек ресурсы тапшы өңірлерге жастарды тарту мақсатында бағдарламалар қабылдады.

Жастар мәселесі бүгінде еліміздің Үкіметі, Білім және ғылым министрлігі, өңір басшылары мен жоғары және арнайы кәсіптік білім беру оқу орындары жетекшілерінің басты назарында. Жастардың кәсіптік білім алуына, жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі «Мәңгілік Ел жастары — индустрияға!» — «Серпін-2050» арнайы мемлекеттік бағдарламасы бар. Бағдарламаның басты мақсаты — жастардың жұмыс күші мол өңірлерден еңбек ресурстары тапшы өңірлерге еңбек көші-қоны болып табылады. 2014 жылы еліміздің солтүстік аймақтарында жүзеге асырыла бастаған бағдарламаға А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті алғашқылардың бірі болып ат салыса бастады. Бағдарлама аясында алғашқы жылы тек педагогикалық мамандықтар бойынша қабылдау жүргізілсе, кейін оның аясы кеңейіп, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарына да түсу мүмкіндігі пайда болды.

Бағдарламаға қатысқан уақыт ішінде университет Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен келген бір мыңға жуық жоғары білікті мамандарды дайындап шығарды және олар өңірдің түрлі кәсіпорындарында абыройлы қызмет атқаруда. Бүгінгі күні университетте 161 студент осы бағдарлама аясында білім алуда және оның 101-і осы оқу жылында түлеп ұшқалы тұрған түлектер.

Өздеріңіз білетіндей, Қостанай облысы индустриялық-аграрлық өңір ретінде танылған. Облыстың өндіріс құрылымында тау-кен өнеркәсібі басым, оның үлесі 41,5%-ды құрайды. Тау-кен өнеркәсібінің негізіне «Соколов Сарыбай кен өндіру байыту» АҚ, «Варваринское» АҚ, «Қостанай минералдары» АҚ, «Комаров тау-кен кәсіпорны» ЖШС, «Өркен» ЖШС Лисаков филиалы, «Қазақстан алюминийі» АҚ КБКБ және ТБКБ филиалдары, «Брендт» ЖШС сияқты кәсіпорындар кіреді. Қазақстандағы тау-кен өндіру саласындағы ірі кәсіпорын – «ССКӨБ» АҚ, оның өнімдерінің негізгі тұтынушылары (темір рудалы концентрат, шекемтастар) «Магнитогорск металлургия комбинаты» ААҚ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және Қытай кәсіпорындары болып табылады.

Сонымен қатар Қостанай облысында машина жасау саласы жақсы қарқынмен дамуда. Өңірдің машина жасау саласының негізін: «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «Агромашхолдинг KZ» АҚ, «Олжа Агротехмаш» ЖШС, «Дормаш» ЖШС, «Asmadin Project» ЖШС филиалы, «Дон Мар» ЖШС және басқалар құрайды. Қостанай облысының автомобиль өнеркәсібі облыс және жалпы ел экономикасындағы жас салалардың бірі ғана емес, сондай-ақ шикізаттық емес өндірістің даму жағдайының индикаторы болып табылады.

Сондай-ақ, Ахаң мен Жахаңдардың аймағында «ОлжаАгротехмаш» ЖШС (трактор құрастыру, оларға қосалқы бөлшектер өндіру және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу бойынша қызметтер көрсету), «Дормаш» ЖШС (қосалқы бөлшектер дайындау, ауыл шаруашылығы және жол техникасының тораптары мен агрегаттарын жөндеу), «Дон Мар» ЖШС (тіркемелі жалпы дестелегіштер өндіру) сияқты кәсіпорындар облыс шаруаларын ауыл шаруашылығы техникасымен және оларға қажетті қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етіп отыр.

Қостанай өңірі өңдеу өнеркәсібінің жалпы құрылымында Тамақ өнімдері өндірісінің үлесі 31,6%-ды құрайды. Облыстың қайта өңдеуші кәсіпорындары нан-тоқаш өнімдерінің 70-тен астам түрін, 2-сұрыпты премиум класқа дейінгі ұнның 4-5 түрін, макарон өнімдерінің 25-ке жуық түрін, сүт және ет өнімдерінің 200-ден астам атауын, өсімдік майын, яғни, күнбағыс, рапс, зығыр, софлоралық, қыша майларын және жармаларды, яғни, қарақұмық, арпа, бидай, арпа,қызыл жасымық, жарма, жүгеріні шығарады.

«Нан болса, ән болады» демекші аталмыш аймақта мынадай ірі ұн тарту кәсіпорындары «Асалия», «Саламат», «Аруана», «Азия ұны», «Бест Қостанай» ЖШС, «Қостанай мелькомбинат» АҚ, «Вадиса М», «Сенат» ЖШС жұмыс істеп тұр.

Еліміздің солтүстік өңірін сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған аймақтардың бірі Қостанай облысы. Мұндағы сүт өңдеу және сусын дайындау кәсіпорындарына – «ДЕП», «Милх», «RG Brands Kazakhstan» Космис филиалы, «Қарасу Ет», «Аян Озат», «Торғай Ет», «Ирина и К» ЖШС ет өңдеу кәсіпорындары кіреді. Сондай-ақ, майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындар – «Промбаза 7», «К-Оil», «Жаркөл-007» ЖШС және макарон өнімдерін өндіретін кәсіпорындар қатарына «Қостанай мелькомбинат» АҚ және «Злак плюс» ЖШС. Жарма өндіретін кәсіпорындар – «Мибека» және «Олжа Агро» ЖШС енеді.

Құрметті оқырман, өздеріңіз байқағандай Қостанай облысында макарон өнімдерінен бастап, машина шығару өндірісі де жақсы дамыған. Жылдан-жылға кәсіпорындар дамыған сайын жұмыс күші де артатыны белгілі. Сол себепті де талапкерлер, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетін таңдап, оқуға түссе, өмір есігі сіздер үшін айқара ашылатыны анық. Өйткені, аталмыш оқу орнында жоғарыда айтылған ірі кәсіпорындарға қажетті мамандардың барлығы оқытылады. Ертеңгі күні сенің болашағыңның жарқын болатынына таңдаған мамандығың себепкер болатыны хақ.

Алдағы оқу жылына барлығы еліміз бойынша 61 мың мемлекеттік білім гранты бөлінсе, оның 35% «Серпін» бағдарламасына тиесілі. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Президентінің нұсқаулығына сәйкес техникалық мамандықтарға басымдылық беріледі.

2022 жыл біздің ұжым үшін ерекше жыл — Қазақ халқының ұлы ағартушысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығымен байланысты. Осы маңызды жылы біздің университет еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінен 500-ден астам студентті техникалық, педагогикалық және ауылшаруашылық мамандықтары бойынша оқуға қабылдауды жоспарлап отыр. «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алушылардың университеттің әскери кафедрасында қосымша оқып, запастағы офицер немесе сержант атағын алу мүмкіндіктері бар.

Ақпан айында университеттің «Серпін» жобалық кеңсесінің жұмыс тобы еліміздің оңтүстік өңірлерінде болып, онда кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Жақын күндері Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарына екінші қайта баруды жоспарлап отыр.

Бүгінгі таңда кез-келген талапкер университет сайтындағы «Талапкер» жүйесін пайдалана отырып, университеттің барлық білім беру бағдарламалары бойынша толық ақпарат ала алады. Біздің қабылдау комиссиясы барлық ниет білдірушілерге кеңес беруге әрқашан дайын. Әр бейсенбі сайын тікелей эфирде кездесулер өтеді. Кездесу барысында жан-жақты ақпарат пен оқуға түсуге байланысты барлық сұрақтарға жауап алуға болады. «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түскен студенттер бірінші кезекте «Студенттер үйіне» орналасу құқығына ие екендігін де атап өткен жөн.

Өздеріңіз білетіндей, кез-келген ел экономикасының даму барысы ғылыми әлеуетке байланысты. Қазіргі уақытта бізде қос дипломды білім берудің бірнеше бағдарламасы іске асырылуда.

А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-де жастардың рухани-адамгершілік әлеуетін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді: студенттік театр, «Өнер» студиясы, пікірсайыс клубы, көңіл тапқыштар клубында шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік жасалса, университеттің 9 заманауи спорт залдарында жұмыс істейтін әртүрлі спорт секцияларында физикалық тұрғыдан дамуға болады.

Біз талапкерлерді университетімізде қарсы алуға қуаныштымыз!

Шағын кәсіпорындарға қажетті технологтан бастап, ірі холдингтерге сай инженерлерді де Ахаң атындағы Қостанай өңірлік университеті даярлап шығады.

Құрметті талапкер, «Серпінге» жаңа серпіліс беріп, солтүстік өңірдің кадр тапшылығы мәселесін шешуге өз үлесіңізді қосыңыз!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *