РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ АУЫЛДАН БАСТАЛАДЫ

Рухани жаңғыру
2 061 Views

Жаңа мектеп – жарқын өмірдің куәсі екені даусыз. Осыған орай күні кеше ғана жақсылықтың жаршысы болып, Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауылының Қарабастау елді мекенінде тағы бір жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті. Жиынға келген барша азаматтар алдымен мектеп ішін аралап, танысты. Сан қыранды самғататын «алтын ұяның» ашылу сәтінде ауданға, облысқа, республикаға ерен еңбегі сіңген азаматтар көш бастап келіп, білім ордасын аралап шықты. Алдымен «Батаменен ел көгерер» дегендей, бата берілді. Заңғар заңгер, Қазақстанның қоғам қайраткері, ОҚО құрметті азаматы Бекет Тұрғараев ізгілікті істің бастауын сөз етіп, құттықтау сөзбен баяндама жасады.

– «Қадірлі қауым, ардақты ағалар, ауыл азаматтары, бүгінгі мына Қарабастау мектебінде болып отырған ізгілікті істің бастаушысы осында біршама үлкен қария аталарымыз отыр. Осы жиынның негізін қалаған мектеп дирекциясымен бірлесіп көп жұмыс атқарылғанын өздеріңіз қабырғадағы жазулардан байқадыңыздар. Осында біршама еліміздің, облысымыздың ардақты азаматтары келіп отыр. Осы істің бастаушысы, осының негізін Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларына байланысты күні-түні аянбай еңбек еткен, сексеннің сеңгіріне шыққан Рахматулла Жамашев дер едік. Сондықтан Рахаңның ұзақ ғұмыры, сұлу өмірі жалғаса берсін дейміз.

Ізгілікті іске бастама болып қатысып отырған аудан, облыс азаматтарын, соның ішінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, ауданға еңбегі сіңген, облыстың құрметті азаматы Ілияс Молдабай, жаңа ғана бата берген, облыстың құрметті азаматы Нұрмағанбет Тәжіметов, «Қазығұрт – алтын қазық» қоғамдық қорының төрағасы, Қазақстанның құрметті журналисті Байділдә Қонысбеков, сондай-ақ, қоғам қайраткері, Асанбай Асқаров ағамыздың оң қанатында болған Исмат Тұрсынқұлов, ғалым, педагогика институтының ректоры Ә. Әшіров, ауылымыздан шыққан ардақты азамат Барлыбай Сапарәлиев, «Қазығұрт – алтын қазық» қоғамдық қорының хатшысы, журналдың бас редакторы Жарқынбек деген ініміз, облыстық партия комитетінде жұмыс атқарған, облыстың Құрметті азаматы Сәрсенбай Қонақов, ауданның ардагерлер ұйымының төрағасы Болатов, атақты журналист Жорабек Сүйеубеков тағы басқа да көптеген абзал азаматтардың басын қосқан дүбірлі мереке болып жатыр. Жиынның басты тақырыбы – ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының мазмұнын жеткізу болатын.

Рахматулла Жамашев мырзаның назары осы мектепке түскен екен. Ендеше өмір жолы мен қызметтік сатысын баяндай кетейін. Саналы ғұмырының барлығында экономика саласында тікелей қызмет еткен, өзінің көзі ашық, көңілі ояу азамат екенін көрсеткен. Биыл тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болды. Бұл тарих толқынында өте аз уақыт. Осы уақыт аралығында елімізде біршама жұмыстар атқарылып, табысты болуымыздың басты себебі – бірлікте және ынтымақта. Бүгінгі жиын да сол ынтымақтың арқасында болып отыр. Біздің елімізде құрылған Қазақстан Халқы Ассамблеясын қазірде шет елдер де қызықтырып отыр. Шетел өкілдері Ассамблея жұмысын зерттеп, зерделеп, оның тәжірибесін жалықпай үйренуде. Оңтүстік Қазақстан аймағында талай ұлт пен ұлыстың өкілдері өмір сүреді. Сондықтан олар да өз орталықтарын ашып, хал-ахуалынша жұмыс жүргізіп келе жатыр. Шымкент қаласында орталықтардың жұмыс жасауына барлық жағдай жасалған.

Бүгінгі жиынның күн тәртібінің мәселесі басқа. Ол Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын мәселелер. Қазақстан тәуелсіздік алған 90-жылдары проблема шаш-етектен болды. Ең маңыздысы – бағыт-бағдарды, мұрат-мақсатты айқындап алу болып еді. Алдымызда екі жол жатты. Бірі – үйреншікті социалистік қоғам, екіншісі – біз білмейтін, сырттай ғана білетін капитализм еді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған топ нарықтық қатынасты таңдады. Себебі, социализмге қатысты даму мүмкіндіктері шектеулі екені белгілі болатын. Бір кезде капитализмге соқпай, феодалды қоғамнан бірден социализмге секірген елдің өзі әбден үйренген, мақсатқа жеткізеді деп қалтқысыз сенген жолдан жылдар бойы санаға құбыжық ретінде сіңірген қоғамға өту, яғни алпауыт Американың өткенін қайталау қиынға түсті. Осыған байланысты елде жоқшылық, жұмыссыздық туындады. Осындай қысыл таяң уақытта билік экономиканы алға шығарды. Алдымен экономика сосын идеология деді.

1990 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалдым. Қыс солтүстіктен, көктем оңтүстіктен басталады дегендей, ішкі түйсігім маған сот жұмысын ұйымдастырудан басқа да парыз міндеттердің жүктеліп отырғанын ескердім. Өйткені, Елбасының «оңтүстікте туылса, солтүстікке жіберейік» деген сөзі бар екен. Қызметіммен қоса қоғамдық жұмыстарға белсене араласып кете бардым. Жалпы, өз басым «тілі бөлек болса да тілегі бір, жүзі бөлек болса да жүрегі бір» азаматтардың рухани істерге белсене кірісуін қалар едім. Бұл мақала түркі әлемінің жабулы қазан жабулы күйінде жатқан талай мәселелерін қозғаған ірі мақала болды. Соған орай Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің азаматтары тарапынан қызу қолдау тапты.

Жақында ғана Түркістан облысы мен Шымкент қаласы әкімдері халық алдында кезекті есебін берді. Осылардың бәрі Түркістанды түлету үшін игілікті іс жасалып жатқанын мәлімдейді. Бұл қуантарлық жайт. Алдағы 50 жылдағы Шымкент пен Түркістан арасындағы байланыс: «Ара қашықтығы 160 шақырым болатын Шымкент – Түркістан арасы тым алыс емес. «Елу жылда ел – жаңа» деген, сөз бар. Алдағы уақытта бұл қалалардың арасы халыққа толып кетеді. Арнайы бағдарлама бойынша екі қалаға да аэропорт салайын деп жатыр. Біз, зиялы қауым өкілдері қос қаланың ортасына, Төрткүлдің тұсынан, жазиралы кең даладан Халықаралық бір аэропорт салынса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз. Елбасының туризмді дамытамыз деген сөзі туризмнің басы барып тірелетін жер – Отырар болса, сонда Отырарға да жақын болар еді. Халықаралық аэропорт болса, түркі әлемін танығысы келген саяхатшылар, түркі әлемінің орталығы – Түркістанға, түркі дүниесінің барлық мұрасы сақталған, Екінші Мекке атанған Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ат басын бұрары хақ. Бұл үшін бізге үлкен халықаралық аэропорт керек. Ел ішінде айтылып жүрген осындай жағымды пікір бар.

Бір кезде Асанбай Асқаров осы облысты басқаруға келгенде «Өгемді буып, мына таудың бүйірін тесіп, Қазығұрт, Келес, Сарыағаш, Шардараға дейін жететін ауызсумен қамтамасыз ететін өлкені суландыру жөнінде жақсы идеясы болған. Бұл идея әлі өз күшінде. Былтыр Жансейіт Қансейітұлы Өгемнен су шығару жөнінде түрік бизнесмендерімен меморандумға қол қойды. Бірақ, бұл мәселе қазір саябырсып қалды. Осы мәселені мақала етіп жазып, отырыстарда айта берсек, шешімін табады деп ойлаймыз.

Елбасымыздың өзі тың идеяларды жүзеге асырып жатқанда, біз де соған өз үлесімізді қосуымыз керек. Біле білсек, біздің күшіміз бірлігімізде ғана емес, түрлі ұлттық ерекшеліктерімізде де жатыр деп ойлаймыз. Мәселен, Шымкент қаласындағы тойхана, дәмханалардың атауы: «Самарқан», «Бұқара», «Ташкент» деп аталып тұр, ал неге Шымкент, Сайрам, Түркістан емес?! Аттап бассаң, алдыңнан «Ташкент палауы» шығады. Осы ташкенттік палау деп аты ғана беріліп тұрған тағамның күріші Қызылордадан, суы Шымкенттен, сәбізі Сайрамнан, пиязы Қарабұлақтан, еті Қазығұрттан, тұзы Аралдан емес пе? Ендеше Шымкент палауын басу қиын ба? Ташкентті құрметтеу керек, бірақ Шымкентті ұмытпағанымыз жөн. Шымкент – қазақтың өзінің бай дастарқанын дәріптеп жүрген мекен. Осының бәрін жастарға рухани азық ретінде бойларына сіңдіріп, еліміздің болашағы – жастар екенін ұғындыруымыз қажет.

Осыдан біраз уақыт бұрын Елбасы Астанадағы дәмхана, тойханаларды өзі аралап, қазақтың ұлттық тағамының жоқтығына реніш білдірді. Осыдан кейін де Шымкентте бір қозғалыс байқалмады. Қазақ әндерінің де бүгінгі тағдырының мәз еместігі көңіл көншітпейді. Сонау бір кездегі атақты жазушы Роллан Сейсенбаев «маған бүкіл әлем қазақша ән салып тұрғандай» десе, біз бүгін Шымкент қаласындағы ұлттық әуендеріміздің сырғытылып кетіп жатқанына таңданамыз. Ұлттық идеология тұрғысында, Елбасымыздың мақала, сұхбаттарында байқайтынымыз, идеология сөзінің мағынасы идеялардың жиынтығы, ұлт сөзіне байланысты қаншама сөздерді байланыстырады. Ұлттық рух, ұлттық бірегейлік, ұлттық сана, ұлттық болмыс, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық тіл, ұлттық мәдениет, ұлттық код, ұлттық әліпби, бұл ұғымдардың барлығы Қазақстанда өмір сүретін барша ұлт өкілдеріне қатысты. Бұл ұлтшылдық емес, ұлтжандылық. Президентіміз қазіргі уақытта барша ұлт пен ұлыс өкілдеріне өзіндік тіл, өзіндік салт-дәстүрлерін сақтауына жағдайын жасап отыр емес пе?!

Мақала біле білген адамға бүгінгі күннің шындығынан туындаған. Осы уақытқа дейін талай бағдарламалар мен жолдауларды жұқалап айтып, Елбасының ойында жүрген ең маңызды, толғақты мәселелер алға шықты. Нұрсұлтан Назарбаев мақаланы жазу және жарыққа шығару барысында кейбір жайларды емеурінмен жеткізді. Мысалы, мақаланың қазақша жариялануы, БҰҰ-ның мінберінде қазақша сөйлеуі, ал, енді, таяу жылдардағы міндеттер деп аталатын бөлімде атынан көрініп тұрғандай, ел көлемінде атқарылуы тиіс жұмыстардың нақты атауы аталды. Соның бірі, 2025 жылы латын әліпбиіне көшу туралы, сол сияқты қазір қызу іске асырылып жатқан жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы да білім саласына зор мүмкіндік тудырса керек. Бұл еңбекте Ұлы даланы мекендеген көшпенділердің әлемдік мәдениетке өзіндік үлесін қосқанын мақтанышпен еске салады. Байқап отырсақ, жылқыны алғаш қолға үйреткен ата-бабаларымыз екен. Бұл тарихи тұрғыдан дәлелденген жағдай. Ал жылқыны қолға үйрету адамзат тарихынан әр ғасырда жеделдете түскені белгілі. Жылқы дегенде дала ұлдарының арқасы қозатыны белгілі, мен де солардың бірімін. «Қазақ – жылқы мінездес» деп те бекер айтылмаған. Жылқыны игерудің арқасында әлемдік кеңістікті меңгеруге қолымыз жеткен. Бұл мақала өркениеттің өзегі бізден басталғанын меңзейді.

Көбіңіз білетін шығарсыздар, жаңа да айтып өткендей менің мамандығым заңгер, докторлық диссертация қорғадым, зейнетақым жоғары, қолымды жылы суға малып отырсам да болады. Бірақ осындай заманда, үш ғасырдай бодандықта болған, уақыттан ұтылған Қазақстан алға ұмтылып, көп істерді тындырып жатқанда, қалай қарап отыруға болады? Тепсе темір үзетін қазақ жігіттері жұмыссыз, ішкені арақ болып жүргенде, сексеннің сеңгіріне шыққан Рахаң сияқты адамдар Елбасы мақаласының маңызын түсініп, ұрпақ үшін, келешек үшін осының қандай маңызды екенін түсініп, осыған қолдау көрсетіп, алға ұмтылып жатыр. Сондықтан жастарымыз ата-бабалары осындай іс жасап жатқанда көше кезіп жүрмеуі тиіс екенін ұғынулары қажет. Осындай мағлұматты жеткізуге қолдау білдірген Рахматулла Жамашев мырзаға алғысымыз шексіз.

Осыдан біраз жыл бұрын Қазығұрт ауданынан асыл тұқымды жылқы зауытын аштым. Бес-алты жыл бұрын Астана-Бурабай күре жолының бойына Ақан серінің Құлагеріне арналған керемет ескерткіш орнатылды. Жұрт дән риза болды. Ал енді Құлагердің дәл сондай ескерткіші біздің жылқы зауытының алдында асқақтап тұр. Мұны неге айтып отырмын. Егер ынта-ықылас болса, барлық нәрсеге күш-қуатымыз жетеді. Елбасымыз Оңтүстік туралы үнемі жақсы пікірлер айтып келеді. Біз соған сай болуымыз керек. Соңғы уақытта бұған күмәнім болып жүр.

Солтүстікте қаншама жыл қызмет атқарғандықтан, қазақтың қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрлерді сақтап, тілді құрметтеп жүрген оңтүстік халқы екеніне көзім жетті. Ауылдық жерлерде спортты дамыту туралы осы уақытқа дейін айтылып жүрген мәселе. «Қазақ барысы» неге ауылдан шықпайды? Бізден бір барыс емес, ондаған барыс шығатын мүмкіндігіміз бар. Даладан шыққан даналардың ұлылықтары мен өнегелі істерін болашаққа дәріптеуіміз керек. «Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз бар. Көптің арасынан таланттар шығады. Ұлттық спорт мәселесінде айтарым осы.

«Қазақ даласы – түркі әлемінің бесігі» дегенді Елбасы жайдан-жай айта салған жоқ. Ол осы сөзді де тікелей бізге қатысты білдірді. Түркістан десе, елең етпейтін түркі де, мұсылман да жоқ. Түркістанды бәрі біледі, құрметтейді. Қазіргі кезде жастарымыз, ұл-қыздарымыз түрлі ағымның жетегінде жүр. Бұл өте үлкен, күрделі мәселе. АҚШ ғалымдары кез келген елді әскери күшпен емес, мәдениетпен бағындыру керек екенін жалықпай айтып келеді. Олардың сөзіне сенсек, сырттан келген мәдениетке еліктеген ел ешқашан бас көтермейді. Біз ғасыр шетелден, Еуропадан келіп жатқан жағымды-жағымсыз нәрселердің бәрін талғамай қабылдап отырмыз. Сондықтан да ұлттық қасиетімізді ұмытып барамыз. Осыған орай біз тасқын суға қарсы тұрғандай, қарсы тұра білуіміз керек. Осыны жақсы түсінген Елбасы Домбыра күнін өткізді. Бірінші шілдені Домбыра күні деп жариялап, киелі ұлттық аспабымызды дәріптеді. Көптеген облыстар домбыраның ескерткішін жасап та қойды. Біз, Шымкенттіктер әлі күнге дейін домбыраға ескерткіш қою есімізге кірмейді Ұлттық құндылығымызбен мақтанумыз керек.

Ұлы Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» дегендей, осының бәрін жастарға жеткізу басты міндетіміз. Ал, жастар соны бойына сіңіріп, алға қарай ұмтылуы керек. Елімізді дамытып, көркейту үшін ерен еңбектер атқаратын уақыт келді. Достықтың, ынтымақтың, бірліктің қуатын қандай болатынын танытып та жүрміз ғой, әлемді таң қалдыратын істерге көшетін уақыт келді.

Ғылымның, білімнің бастауы – кітап. Мектепке арналған сый-құрметім ретінде әдебиет, тарих, салт-дәстүр туралы кітаптар мен қазіргі таңда атқарылып жатқан істердің дәйегі ретінде шығатын «Мағжан», «Ақиқат» журналдарын сыйға тартамыз. «Мағжан» журналы сонау Солтүстік Қазақстаннан шығады, мен соның редакция алқасының мүшесімін, соған атсалысамыз. Ардагерлер үйіне де осы журналды беріп отырамыз. «Мағжан» журналының мұқабасында тұрған қос атты байқаған боларсыздар, өткен жылы үлкен тарихи конференциялар өтіп Шарапханада осындай ескерткіштерді орнаттық. «Мағжан» журналының алғашқы бетінде осы туралы да әңгіме бар. Қазақта «Елім-ай» деген жыр бар, «Ақтабан шұбырынды» болып қазақтың үштен екісі қырылып, тоз-тоз болып кеткен заман болған. Сонда біздің ұлы үш биіміз бүкіл қазақтың ханын да, сұлтанын да бәрінің басын біріктіріп Ордабасы жиынын өткізген. Осы үш би жазған «Жеті жарғы» деген заңдар жинағы бар. «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы» енді оған «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деген қосылып жатыр. Соны дәріптейтін, «Елім-ай» жырының авторы Қожаберген жырауға мен басқарған қор «Қожаберген қоры» Солтүстік Қазақстанда ат үстінде Қожаберген ескерткіші қойылды. Бұл біздің тарихымызды, еліміздің зар заманын бүгінгі ұрпаққа дейін жеткізген шығарманың авторы. Қазақ өзі руға, жүзге бөлініп жатады. Ұлы Абай айтқан «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» ол қыз алысып, қыз берісуге болмаса, адамзаттың бәрі бір-бірімізге бауырмыз. Ұлы бабаларды ұлықтау ұрпақтың парызы.Бәрімізге белгілі, сіргелі деген ру бар. Сол сіргелі елінің ардақ тұтатын үлкен азаматы Жабай әулеті, Жабай батыр. Биыл осы батырға арнап ас беріліп, үлкен ғылыми-конференция өтеді. Сол Жабай батырға арналып «Ақ тулы сіргелі Жабай батыр» деген кітап шықты. Бұл кісі Сарыағаш ауданы Дарбаза мен Жылғаның тұсында «Жабай әулие» деген үлкен кесене бар, сол жерде жерленген. Осы істі бастап жүрген ұлағатты азамат Талғат Айтбаев. Жуырда ғана ақын Ханбибі Есенғараеваның сиясы кеппеген он томдық кітабының тұсаукесері болды. Атақты Ілия Жақановқа арналған Шымкент қаласы «Жұмат Шанин» атындағы театрда үлкен жиын өтті. Сол жерде Сәуле Жанпейісованың Ілия Жақановтың шығармашылығына арналған дискісі бар. Осы құнды, қасиетті кітаптарды мектепке тапсырамын.

Зиялы қауым өкілдері хабардар жуырда ғана «Казахстанская правда» газетінде «Великие люди Казахстана» деген мақала шықты. «Егемен Қазақстан» газетінде де жарық көрді. Бұл «Великие люди Казахстана» деген мақалада Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Абай Құнанбаев, Шоқан Уалиханов, қазақтың үш ұлысы. «Казахстанская правда» газеті осы үш кітаптың суретін беріп төбесіне «Великие люди Казахстана» деп кітаптың мазмұнын жазды. Ал, біздің бас баспамыз «Егемен Қазақстан» газеті «Танымал тұлғалар» деп мақала жазды. Сонда, «великий» деген сөзді мына үш адамға, өзіміздің қазағымыз қимай отырмыз ба? Самат Мұса деген журналист жазған. Журналисттің өрісі төмен болса да оны басқарып отырған, редактор басшылық бар. «Казахстанская правда» газетінде қарасаң олар ұялмай «Великие люди Казахстана» деп жазды. Ал, біздің баспа «Танымал тұлғалар» деді. «Великий» деген ол басқа сөз, өзімізге өзіміз «Ұлы» деген сөзді қия алмай отырғанымыз менің ішімді ашытты. Мен оқыған бойда көзіме түсіп, редакцияға хабарласып, әлем «великий» деп отырған тұлғаларға қия алмай отырсыңдар ма, сонда қалай болғаны?,– деп ренішімді жеткіздім. Міне, біздің талғаусыз, таңдаусыз ат-үсті қарайтынымыздың арқасы. Осы мәселеде біз дауыс көтеруге, сын айтуға хақымыз бар. Түзелу үшін сын керек, сынсыз ештеңе түзелмейді. Осыны ескерсін деп, осындай кітап дүниеге келді. Бұл кітап Москвадан «ЖЗЛ» («Жизнь Замечательных люди») деген баспадан келді. Мен осы кітапты алдырттым. Бізге бірініші рет аз ғана данасы келді. Астанада осыны мақтан тұтып газетке жазады, бірақ «Ұлы» деген сөзге қиғылары келмейді.

Бәрімізге ортақ Шарапханада үлкен кесене тұрғызылды. Ұлы бабалар ұлықтап, батыр бабалар мемориалды кешені бар. Соған байланысты арнайы жасалған қабырға суреті мектепте ілініп тұрса деп, мектепке сыйға тартамын. «Қазақстанның жалпы ұлттық нысаны» деген үлкен екі кітап шықты . Осыған орай «Киелілер кесенесі» деген кесене бой көтеріп жатыр. Ол кесененің ішінде Қожа Ахмет Яссауидан бастап, Арыстан баб басқа да жиырмадан аса кесенелердің суреттері ілініп тұрады. Ұлы Жібек жолы бойында туризмді дамытатын осындай нысандар болуы керек. Қазір «Цифрлы Қазақстан» деп жатырмыз, осы кесенеге барып цифрлы жүйені басып қалсаңыз барлық тарихы алдыңызға сарт етіп шыға келеді. Жастардың барып тәлім-тәрбие алатын орны болса екен деп, осыны істеп жатырмыз.

Келесі кезекте, «Қазығұрт – алтын қазық» қоғамдық қорының төрағасы Байділдә Қонысбеков Елбасы мақалалары жайында сөз қозғап, Бекет Тұрғараевтың берері мол ақпараттар мен жастарға өнеге-өсиет болатын баяндама жасағанын сөзіне тиек етіп, алғысын жаудырды. Киелі Қазығұрттың қазақ жерінде болғаны үшін мақтануымыз керек. Қазақ болып туылып, осы қазақтың жерінде тұрып, қазақи рухты сезінгеніміз үшін Аллаға алғыс айтуымыз керек,–дей келе Рахматулла Жамашев мырзаға осындай игі іс істеп, келешек ұрпаққа жасаған қамқорлығын атап өтіп, ұзақ ғұмыр тіледі. «Жебе» баспасынан шыққан «Ардақты ардагерлер мен билер» деп аталатын кітапты және осы баспадан шыққан журналдарды мектеп директорына табыстады. Осы жиынға басты себепкер болып отырған Қазығұрт ауданының құрметті азаматы Рахматулла Жамашев мырзаны «Қазығұрт – алтын бесік» атты белгімен марапаттап, арнайы куәлікті төсбелгімен қоса табыстады. Өз кезегінде Түркістан облыстық ардагерлер кеңісінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов Рахматулла Жамашев мырзаны «Ел ағасы» деп аталатын төсбелгімен марапаттады. Облыстық кәсіподақтар комитеті төрағасының орынбасары Барлыбай Сапарәлиев облыстық кәсіподақ атынан Жүнісбай Әсина Садықбекқызын, Айдынкүл Шырманқызын, Рахманқұл Гүлсім Тұрарқызын «Еңбек даңқы» алтын медалімен марапаттады.

Жиын соңына қарай Рахматулла Жамашев азаматтардың барлығына алғысын айтып, мектеп директорына құнды кітаптарды сыйға тартты. Мектеп директорына және Қазығұрт ауданының құрметті азаматына арналған сый-сияпаттар толассыз ағылып жатты. Қорытынды сөзде директор мектептің тыныс-тіршілігін, жас ұрпақты біліммен сусындатуда атқарылған іс-шаралар мен ұйымдастырылып жатқан бастамалар туралы сөз қозғап, осы игілікті іске арқау болған барша азаматтарға алғысын жаудырды. Білім беру жүйесінің мақсаты – жан-жақты білімді, шығармашылық қабілеті және танымдық белсенділігі жоғары тұлғаны қалыптастыруы үшін жаңа үлгідегі мектептің ашылуы өзінің сүбелі жемісін берері сөзсіз.

Әділ ҚЫРАН.

Түркістан облысы,

Қазығұрт ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *