ТЕХНИК-БАҒДАРЛАМАШЫ МАМАНДЫҒЫН МЕҢГЕРІҢІЗДЕР

Білім
2 884 Views

Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар ерекше қарқынмен дамуда. Осыған орай өзімнің мамандығымның маңыздылығы мен қажеттілігін атап өткім келеді. Бағдарламашы болу өмірдің әр саласында сұраныс тудыруда. Ол ғылым мен техниканың заманауи талаптарға сай өркендеуіне жол ашты. Бұрынғы уақытқа қарағанда қазір еңбек күшін адамдар емес, технологиялар алмастырып, соның нәтижесінде өнімділік күрт артты. Ал оларды іске қосу бағдарлама аясында жүзеге асады. Жер беті мен асты түгіл, ғарыштық зерттеулер жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасау осы мамандардың арқасында жүзеге асырылады.

Шымкент қаласы білім басқармасының политехникалық колледжі есептеу техникасы және бағдарламалық қамсыздандыру бөлімінде техник-бағдарламашы мамандарын дайындайды. Техник-бағдарламашы біліктілігін бітірген түлектер дербес компьютермен жұмыс жасайтын кез келген мекемеде қызмет атқара алады. Сонымен қатар ДЭЕМ операторы, қолданбалы бағдарламала мен бухгалтерлік бағдарламалар жұмысын, мессенджерлер, бейне және аудио бақылаушы бағдарламаларын қамтамасыз ету, өрт қауіпсіздігі тетіктерінің жүйесін, операциялық жүйелермен жұмыс, желілік әкімгерлер жұмысы, үлкен және орта мәліметтер қорымен жұмыс, серверлерді орнату және олармен жұмыс, қосымша сыртқы және ішкі құрылғылардың жұмыс істеуін қадағалау, компьютерді сыртқы және желілік вирустардан қорғау, Web бағдарламашы, компьютер дизайнері және жобалаушысы, үлкен және кіші компьютерлік кластарды жабдықтаушы, кез келген көлемдегі бағдарламалар құрушы және сайт жасаушы қызметін атқара алады.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Бағдарламашылар апталығына» кафедраның оқытушылары мен студеттері белсене қатысады. Апталыққа I-IV курс арасында түрлі қызықты іс-шаралар өтеді.

Сонымен қатар бөлім оқытушылары мен студенттері облысаралық іс-шараларға және республика деңгейіндегі үлкен жобаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып отыр. “Цифрлық технология” бағдарламасының негізінде Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен “Хакатон” хакерлер марафонында колледжіміздің арнайы пән оқытушысы Алия Тасбулатова және 142 тобының студенті Самат Байдан жүлделі үшінші орын иеленді.

Бағдарламашы – арнайы математикалық модельдеудің көмегімен компьютерлік бағдарламаларды және алгоритмдерді құрастыратын маман.

Оларды салаларға байланысты үшке бөліп қарауға болады. Қолданбалы бағдарламашылар көбіне ойындар, есептеу бағдарламалары, редакторлар мен мессенджерлерді қамтамасыз ететін бағдарламаларды жабдықтаумен айналысады. Олардың саласындағы жұмыстарға тағы да жүйелі бейне және аудио бақылаулар орнату, өрт өшіру жүйелері мен дабыл беру жабдықтарын енгізуге болады. Жүйелік бағдарламашылар операциялық жүйелерді, желі платформаларын, интерфейс жабдықтарын, әртүрлі ақпарат орталықтарын жинақтайтын ғаламтор беттерін жасаумен айналысады. Бұл саланың маманын жоғары төлемақыға ие бола алатындар қатарына қосамыз. Сонымен қатар, олар бағдарламалық қамту жүйелерін (сервис), есептеуді қамтамасыз ететін блоктарды (процессор, коммуникациялық және перефириялық құрылғылар) да жасайды. Web-бағдарламашылар да желімен жұмыс жасайды. Дегенмен, олардың негізгі міндетіне ғаламтормен жұмыс істеу кіреді. Олар сайттардың бағдарламалармен қамтылуын, динамикалық веббеттерді және дерекқормен жұмыс жасайтын web-интерфейстерді жасаумен айналысады.

Бағдарламашы өте жылдам дамып отырған технологияларға бейімделе білуі қажет. Сол себептен, өзін-өзі оқыту ең басты қасиеттерінің бірі болуы тиіс. Әйтпесе, бірнеше жылдың көлемінде маманның маңызы кетіп, жұмыстан шығып қалуы мүмкін. Техникалық құжаттарды оқи алатын дәрежеде ағылшын тілін білу – ең маңызды талаптардың бірі. Аталған маман иелері топпен жұмыс істей алуы керек. Үлкен жобаларда біріге, жұмыла жұмыс жасай алатын мінездің болғаны да артықтық етпейді.

Бағдарламалаудың қай кезде және қалай мамандық ретінде қалыптасқанын нақты айту қиын. Тұңғыш есептеу құрылғысы болған аналитикалық мәшинені компьютер атасы – Чарлз Бэббидж жасап шығарған. Ең алғашқы есептеу компьютеріне (1941 жылы) арналған Планкалкюль бағдарламалау тілін неміс инженері Конрад Цузе құрастырған. Алғашқы кәсіби деңгейде жұмыс істей алатын бағдарламаларды жасаған бағдарламашылардың есімдері белгісіз. Олардың есімдерінің тарихта қалмауының себебі ол кезде бағдарламалау екінші сатылы жұмыс болған.

Жарас МАТИЕВ,

Шымкент қаласы білім басқармасының политехникалық колледжі бөлім меңгерушісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *