ТҮРКІСТАНДА 630 ОРЫНДЫҚ АУРУХАНА САЛЫНУДА

Денсаулық Қоғам
736 Views

Түркістан қаласында 630 орынға лайықталған көпсалалы облыстық аурухананың қабырғасы қалануда. Медициналық орталықтың жалпы көлемі 156 мың шаршы метрден асады. Нысанның құрылысы 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған. Заманауи аурухана толықтай іске қосылса, 1500-ге жуық маман жұмыспен қамтылады.

Жоба бойынша амбулаторияда 44 жедел жәрдем бөлімі жұмыс жасамақ. Сонымен қатар, ғимаратта жүрек-қан тамырлары реанимациясы, Коронарлық реанимация, IDDIN және күйікті емдеу бөлімдері болады.

Одан өзге, жаңа ауруханада 16 ота жасау бөлмесі, 13 жоспарлы және 3 жедел медициналық көмек көрсету бөлімдері, 34 жалпы дәрігерлік амбулатория тұрғындар үшін қызмет көрсететін болады.

Көпсалалы облыстық аурухананың құрылыс жұмыстарын «KAZPACO» компаниясы жүргізуде. Ол үшін мердігер мекеме 1000-ға жуық жұмысшы жұмылдырған. Құрылыс екі ауысымда жүргізілуде.

КОРОНАВИРУС ИНФЕКЦИЯСЫН АНЫҚТАЙТЫН ЖАҢА ЗЕРТХАНА АШЫЛДЫ

Түркістан облысында коронавирус инфекциясының ықтимал белең алу жағдайлары ескеріле отырып, емдеу мекемелерінде жұмыс жоспары бекітілген. Жалпы, медициналық ұйымдарда 6000-ға жуық төсек орны қарастырылған. Облыстағы медициналық мекемелердің пандемияның болуы мүмкін екінші толқынына дайындық барысымен танысу мақсатында БАҚ өкілдеріне арналып пресс-тур ұйымдастырылды.

Айта кетерлігі, аудан-қалалардағы ауруханалардың материалды-техникалық базасы жақсартылып, өкпені жасанды желдету аппараттар саны 65 пайызға артқан. Сонымен қатар, 80 оксиген аппараты алынып, оттегі концентраторларының саны 900 бірлікке жеткен. Бұдан өзге, аурухана аймақтарынан салынған оттегі станциялары екі есеге артқан.

Емдеу мекемесін толығымен оттегімен қамтамасыз ететін станцияның бірі Кентау қалалық орталық ауруханасында орнатылған. Аурухана жаңадан ашылған гемодиализ орталығы, компьютерлік томография, сандық рентген аппараты, жаңа үлгідегі УДЗ мен зертханалық диагностикалық аппараттарымен жабдықталған.

«Індеттің бірінші толқынында орын алған кемшіліктерді болдырмау үшін бүгінде барлық тиісті жағдайлар жасалуда. Атап айтсақ, 2-3 айға жететін ауруға қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті деңгейде алынды. Енді облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметі жыл соңына дейін қосымша 120 көлікпен қамтылатын болады. Шалғай ауылдарға 12 жылжымалы медициналық кешен алынуда», – деді облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов.

Сонымен қатар, Арыс қалалық орталық ауруханасында да Covid-19 инфекциясымен күрес жұмыстары қолға алынған. Медициналық ұйым жеке қорғаныс киімдері мен дәрі-дәрмектің екі айлық қорымен қамтамасыз етілген. Жансақтау бөлімінде 9 өкпені жасанды желдету аппараты, қосымша оттегі оксигенераторлары және басқа да қажетті медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Сондай-ақ, коронавирус инфекциясымен күреске жұмылдырылған 19 мобильді топ халыққа қызмет көрсетуде.

Ал Ордабасы аудандық орталық ауруханасында коронавирус инфекциясын анықтайтын зертхана іске қосылған. ПТР сынамасы бойынша анықтайтын зертхана тәулігіне 500-ге жуық тест қабылдауға мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта Арыс қаласы мен Бәйдібек аудандарынан сынама қабылдау жоспарлануда. Түркістан облысы бойынша мұндай 12 зертхана жұмыс істеуде. Сонымен қатар, ауданда ескі аурухана ғимараты толық күрделі жөндеуден өткізіліп, 100 төсек орынды провизорлық, 10 орынды обсервациялық бөлім ашылған. Қазіргі таңда емдеу мекемесі жеке оттегі станциясы, 23 өкпені жасанды желдету аппаратымен жасақталған.

Айта кетейік, аймақта бүгінде жалпы 23 429 медицина қызметкері бар. Оның 5000-нан астамы дәрігерлер, қалғандары орта буын мамандары. Ақ халатты жандардың ерен еңбегінің арқасында өңірде қауіпті індетті жұқтырған 3338 науқас толық жазылып шыққан. Жалпы, пандемия белең алғалы облыста Covid-19 инфекциясы расталған 3400 жағдай тіркелді. Олардың 2355-де ауру симптомсыз өткен.

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА КҮРДЕЛІ ЛАПАРОСКОПИЯЛЫҚ ОТА ТҮРІ ЖАСАЛДЫ

Түркістан облысы Төлеби аудандық орталық ауруханасында алғаш рет лапароскопиялық әдіспен ота жасалды. Аудандық аурухананың ота бөлімінде облыстық клиникалық аурухананың хирург мамандарымен бірлесе екі науқастың өт қабы алынды. Шалғай аудан тұрғындары бұған дейін облыстық клиникалық ауруханаға жолданатын. Емдеу мекемесіне биылғы жылы арнайы медициналық құрал-жабдық алынып, тұрғындар сапалы емді аудан ауруханасынан қабылдай алатын болды.

Төлеби аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Қарлығаш Омарованың айтуынша, бұл тәсілмен бүйрек, бауыр ауруларының көптеген түрін емдеу жоспарлануда. Дәрігерлер осы мақсатта біліктіліктерін арттырып, тәжірибе алмасқан. Қазіргі таңда ота бөлімінде орта және кіші буын қызметкерлерін қоса алғанда 26 медицина қызметкері жұмыс істейді. Биылғы жылдың өзінде мұнда 400-ге жуық ота жасалған. Бөлімшеде өт қалтасындағы тасты алу, жарыққа және кеуде мен асқазанды емдеуге арналған ота түрлері жасалады.

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркістан облысында коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы шепте болған 33 медицина қызметкері «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Төсбелгілерді табыс еткен облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қауіпті індет жұқтырғандарды емдеп, өз денсаулықтарын қатерге тіккен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Сіздер әлемдік пандемия қыспаққа алғанда алдыңғы шепке шығып, халықты қауіптен аман алып қалуға тікелей атсалыстыңыздар. Өз бастарыңызды тәуекелге тігіп, елдің амандығын алдыңғы орынға қойған сіздерді бүгінгі күннің батырлары десек жарасады. Біз осындай ынтымақ, бірлігімізбен және шынайы жанашырлығымызбен бұл сынақтан да сүрінбей өтетінімізге кәміл сенемін», — деді Сәкен Қалқаманов.

Қошеметке ие болғандардың бірі – Ленгір қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Шындос Әбдіқалықов. Адам жанының арашасы болып жүрген азамат індет өршіген кезде инфекциялық бөлімге жетекшілік етіп, тәулік бойы жұмыс орнынан табылған. Өзі де вирусты пневмонияға шалдығып, өкпесінің 80 пайызға жуығы зақымданған.

«Жансақтау бөліміне ауыр халде түстім. Оған еш өкінішім жоқ. Науқастарды емдеп, өмірлеріне араша болу дәрігерлік адал борышым, деп білемін. Алдағы уақытта да барымды салып, күресуге бармын. Қызметімізді елеп, қошемет көрсетіп жатқан облыс басшылығына алғысымды білдеремін», — дейді Шындос Әбдіқалықов.

Медицина қызметкерлерінің ерен еңбегінің арқасында өңірде қауіпті індетті жұқтырған 3340 науқас толық жазылып шықты. Бірінші толқын кезеңінде COVID-19 коронавирусымен күрес аясында эпидемияға қарсы іс-шараларға 6 мыңға жуық медицина қызметкері тартылды.

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯМЕН ОТА ЖАСАЛДЫ

Жүрек ырғағы мен өткізгіштің бұзылуы, жүрек-қан тамырлары ауруларының ішінде жетекші орын алады және өзін жеке нозологиялық немесе асқыну ретінде көрсетіп, өмірге қауіп төндіреді. Заманауи интервенциялық аритмология – бұл кардиология саласының қарқынды дамып келе жатқан бағыты.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы мен Түркістан облысы 3 миллионнан астам халық мекендеген республикалық маңызы бар аймақ екенін ескерсек, жүрек ырғағының бұзылуына хирургиялық араласу қажеттілігі жыл сайын 3000-нан асып келеді. Қазіргі уақытта Шымкент қаласының Денсаулық Сақтау Басқармасының қалалық кардиологиялық орталығы – Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жүрек ырғағының бұзылуына ота жасайтын жалғыз орталық.

Кардиологияның жаңа бағытын дамыту және аритмологиялық қызметке жаңа технологияларды енгізу үшін 17 қазан күні Шымкент қалалық кардиологиялық орталығында Қазақ аритмотологтар қоғамының президенті, Нұр-Сұлтан қаласындағы «ҰҒКО» АҚ-ның аритмология бөлімінің меңгерушісі, ҚР ДСМ бас штаттан тыс аритмологы, м.ғ.д., профессор Аян Әбдірахмановтың қатысуымен мастер-класс өтті. Мастер-класс барысында үш науқасқа МіҒі катетерін қолдану арқылы ота жасалды (Іntellа Тip МiFi).

«Жүрекпен ауыратын науқастар өте көп. Дүниежүзінде 1 ші орында жүрекпен ауыратын науқастар тұрады. Солардың әр бір үшіншісі аритмияға шалдығады. Қазақстанда да одан аз болады деп ойламаймын. Ондай науқастар көп. Сондай-ақ, бұл ота түрі микроэлектродтар экспозиция тиімділігі туралы нақтырақ анықтауға және егжей-тегжейлі ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл отаның тиімділігін айтарлықтай арттырады және рецидивтердің уақыты мен жиілігін азайтады» – дейді отаны жасаған белгілі дәрігер.

Осындай шеберлік сыныптары бүкіл кардиология және аритмологиялық қызметті дамытуға көмектеседі. Дәрігерлер хирургиялық араласудың жаңа әдістерін қолдану және өз тәжірибесінде жаңа технологияларды қолдану тәжірибесін жинақтайды.

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ МАМАНДАРЫ ЖАППАЙ АТТЕСТАЦИЯДАН ӨТУДЕ

COVID-19 коронавирустық инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындық бойынша жедел медициналық көмек көрсету станциясының қызметкерлері ауқымды аттестациядан өтуде.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аттестациядан барлығы 900 медицина маманын өткізуді жоспарлап отыр екен.

«Бүгіннен бастап медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында жедел жәрдем станция қызметкерлерін жаппай аттестациядан өткізудеміз. Яғни, алғашқы көмек көрсету және науқастардың төрт дәрежесін (жеңіл, қосымша ауруы жоқ орта, қосымша ауруы бар орта және ауыр) анықтау бойынша оқытылады. Бұл аттестацияның маңызы зор. Себебі осы арқылы мамандардың біліктілігін анықтап, одан әрі дамыту барысын бағамдай аламыз», – дейді Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндеті атқарушысы Бақытжан Позилов.

Сондай-ақ, бұл шаралар эпидемиямен күресу кезінде алғы шепте қызмет ететін жедел жәрдем қызметкерлерінің мамандары үшін аса қажет екенін жеткізді.

Айта кетейік, біліктілікті арттыру аттестациясы бір уақытта тоғыз жедел жәрдем бекетінде өтіп жатыр.

ҮШ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМҒА КОМПЬЮТЕРЛІК ТОМОГРАФИЯ АППАРАТЫ САТЫП АЛЫНДЫ

Пневмонияға шалдыққан науқастарды медициналық тексеруден өткізу үшін 3 компьютерлік томография аппараты сатып алынды. Бұл туралы бүгін ақпараттық-комуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, жаңадан сатып алынған аппараттар қалалық инфекциялық аурухана, №2 және №3 қалалық ауруханаларына орнатылған.

«Компьютерлік томография аппараты өкпесі қабынған науқастарды емдеуде зор септігін тигізеді. Жаңадан сатып алынған аппараттар тәулік бойы қызмет көрсететін үш медициналық ұйымға арнайы орнатылды. Бұған қоса Денсаулық сақтау министрлігінен 156 өкпені жасанды желдету аппараттары жеткізілілген. Аппараттар медициналық ұйымдарға орнатылып, диагностикалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде», — дейді Бақытжан Позилов.

Айта кетейік, үш оттегі станциясын орнату бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Оттегі станциясы қалалық инфекциялық аурухана базасында және №3 қалалық ауруханада орнатылды. Медициналық ұйымдардағы 717 оттегі нүктелерін қосу және сұйық оттегіге арналған 9 цистернаны орнату жұмыстары жүргізілуде.

Бетті дайындаған Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *