ҚР Мәдениет жәнеспорт министрі Асхат Оралов алдағы бірнеше жылда жүзеге асатын еліміздің туризмсаласын дамытуға арналған жоспарларымен бөлісті. Министрдің мәлімдеуінше, туризмді елдің экономикалық дамуының басым бағытына айналдыру және осы саладағыжұмыспен қамтылған азаматтарымыздың санын 800 мыңға дейін, ал саладағы жалпықосымша құн көлемінің өсімін 6 трлн, теңгеге дейін ұлғайту қажет. Қонақ үй жәнетамақтану қызметтеріндегі инвестиция өсімін 260 млрд, теңгеге дейін арттыружоспарланып отыр.
Тиісті көші-қонды бақылау eQonaq электронды жүйесі және арнайы мобильді қосымшаларды енгізу арқылы іске асады. Сондай-ақ, уәкілетті органдармен бірлесіп, визалық, көші-қон саясатын либерализациялауға байланысты тәуекелдердің алдын алу жөнінде іс-шаралар қабылданады. Салынған қаражаттың тиімділігін бағалау үшін туристік инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірлердің ұлттық рейтингтік бағасын енгізу жоспарланып отыр. Рейтинг Қазақстанның туристік картасына енгізілген басым бағыттар мен ТОП-50 дестинацияны қамтитын болады.
«Өңірлік туризм саласындағы шағын, орта және ірі «зәкірлік» инвестициялық жобаларды іске асыруға жеке капитал тартылады. Бұл жобаға Маңғыстау облысы, Түркістан облысы, Алматы тау-шаңғы кластері және басқа да орындар басым аймақтар ретінде қаралады. Туризмді дамыту шеңберінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда АҚШ, Австралия және Грузия сияқты елдердің тәжірибесі қолданылады. Қазақстанның маңызды табиғи нысандарын сақтау үшін инвесторлар тартылады, ал мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің инфрақұрылымын дамыту жалғасады. Сонымен қатар, Қазақстанды ілгерілетудің бірінші кезеңінде инфрақұрылым және туристік ұсыныстар тұрғысынан неғұрлым дайын өңірлерге назар аударылмақ. Астана қаласы және Ақмола облысы, Алматы қаласы және Алматы облысы, Шымкент қаласы және Түркістан облысы, сондай-ақ Ақтау қаласы», – деді министр.
Одан бөлек, туризм саласында кадр даярлау жүйесін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар іске асырылады. Оның ішінде қонақ үй менеджерлерін, туроператорларды және «Болашақ» бағдарламасының түлектерін оқыту мен диплом жұмыстарына басшылық етуге тарту мүмкіндігі, сондай-ақ оқыту бағдарламаларына қысқа мерзімді курстарды енгізу мүмкіндігі қаралады. МСМ бағынысты Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті Францияның Vatel меймандостық институтымен бірлескен білім беру бағдарламасымен жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта қазақстандық университет Польша, Қытай, БАӘ, Сингапур, Австрия, Түркия және Анже университетінен оқу орындарын қоса алғанда, 29 шетелдік жоғары оқу орнымен келісімшартқа отырған.
Сонымен қатар елімізде мәдени-танымдық туризм, агротуризм, әлеуметтік, медициналық, экологиялық, іскерлік, балалар-жасөспірімдер және туризмнің басқа да түрлері дамитын болады. Агротуризм саласында да болашағы зор орындарды анықтау және ауыл тұрғындары үшін оқыту іс-шаралары жүзеге асырылатын өңірлерге барып далалық зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ, этнографиялық туризмді дамыту осы салада шағын бизнесті жүргізу мүмкіндіктері туралы ақпарат тарату, Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлерімен байланысты қазақ аңыздарының иллюстрацияланған жинақтарын шығару, сондай-ақ қолөнершілікті дамыту арқылы жүзеге асырылатын болады.
Сондай-ақ, кемпингтік туризмді табысты дамыту мақсатында олардың санатына қарай кемпингтерді жобалау және олардың қызметі стандарттарын әзірлеу, сондай-ақ рекреациялық көліктің ыңғайлы жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін жол қозғалысы ережелері жетілдіріледі. Ең танымал автомобиль жолдары бойында кемпингтер, трейлер парктері мен этноауылдар желілері құрылады. Бұдан бөлек, балалар мен жасөспірімдер туризмін одан әрі дамыту инфрақұрылымдық және заңнамалық кедергілерді еңсеру, балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету, жазғы лагерьлер үшін тиісті мамандарды даярлау бойынша нақты шаралары бар Жол картасы әзірленеді.
Министрдің пікірінше, емдеу-сауықтыру және медициналық туризмді табысты дамыту үшін шипажай-курортты рекреациялық, сауықтыру қызметтерінің сапасын арттыру жөніндегі шаралар іске асырылады. Медициналық және шипажай-курортты ұйымдар сапалы емдеу-сауықтыру қызметтерінің санын арттыру мақсатында туроператорлармен ынтымақтасатын болады. Қазақстанның медициналық туристік өнімдерін шетелде таныту және ілгерілету бойынша жұмыс басталады.
Жоғарыда аталған барлық бағыттар бойынша белсенді жұмыс 2030 жылға қарай ішкі туристер санын 11 млн адамға, ал шетелдік туристер санын 4 млн адамға дейін арттыруға септік етеді. Қазақстанның орналасу орындарында төсек-орын санын 280 мың бірлікке дейін жеткізу жоспарланып отыр. «Саяхат» жіктемесі бойынша қызметтер экспорты 5,5 млрд. АҚШ долларына дейін өседі.
ҚЫТАЙ ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН ТӘЖІРИБЕ АЛМАСЫП, КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы мамыр айында Қытайдың Сиань қаласындағы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысып, қытайлық іскерлік орта өкілдерін серіктестікті нығайтуға шақырып, өзара, оның ішінде өңіраралық ынтымақтастықты түрлі деңгейде жандандыру қажет екенін атап өткен болатын.
Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыстық басқармаларға, аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру бағытында нақты тапсырмалар жүктелді.
Биыл 1-8 шілде аралығында Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен, басқарма басшысы Н.Мырзахметовтың басшылығымен Келес, Сарыағаш, Жетісай, Шардара, Мақтаарал аудандарының әкімдері, «Turkistan invest» ЖШС өкілдері және кәсіпкерлер бастаған делегация Қытай Халық Республикасына іссапармен барды. Сапардың негізгі мақсаты – облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашуға инвесторларды тарту және халықтың әл-ауқатын арттыру.
Бағдарлама бойынша облыстық делегация өкілдері Үрімші қаласындағы (Шыңжан-Ұйғыр автономиялық республикасы) өндірістік кәсіпорындармен танысты. Бірінші «Хи Ки Джи» зауытында (ҚХР-ғы ең үздік 500 компанияның бірі) болып, зауыт өкілдері өндірілген биологиялық тыңайтқыштың технологиялық мүмкіндіктерімен, оның көмегімен тіпті тропикалық жемістерді құмды топырақта да өсіру жолымен және «ақылды жылыжай» технологиясымен таныстырды. Одан кейін Түркістан өңірінің делегациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және буып-түю құрал-жабдықтарын шығаратын және жеткізіп беретін зауытпен танысты. Бірнеше кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында техника сатып алуға ниет білдіріп, өзара байланыс орнатылды. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыт жұмысы көрсетілді.
Түркістандықтар Боро-Тала қаласындағы «Шонши Хэ» зауытында болып, тұқым өндіру, мақта өсіру және оны өндеу, жіп шығару технологиясымен танысты. Зауыт басшылығы Мақтаарал ауданына инвестиция салуға ниет білдірді.
Делегация Чжэнджоу қаласына шаһар басшылығымен екіжақты кездесу өткізіп, Түркістан облысына келуге шақырды. Оған қоса өндірістік компаниялармен танысты. Атап айтқанда, «Zhengzhou New Rural Vegetable Food Co. ltd.» компаниясының өндірісін аралап, технологиясын көрді. Бұл компания соя шығару және жеткізу бойынша танымал. Жүн мен былғары өңдеп, олардан автомобиль орындықтарын, автомобиль кілемшелерін және басқа да интерьер заттарын шығаратын «Henan Nile Industria» компаниясының жұмысы да сараланып, тәжірибе алмасылды.
Түркістаннан барған топ «Цифрлық экономика «Бір белдеу, бір жол» тақырыбындағы «The 10th Zhengzhou Logistics Exhibition» көрмесіне қатысты. Онда логистикалық қызметтер, техникалық жабдықтар, сақтау, тасымалдау және басқа да жаңа технологиялар салаларынан 300-ден астам компанияның көрмесін тамашалады. Делегация өз кезегінде көрмеге келушілер мен қатысушыларды Түркістан облысымен, оның инвестициялық, туристік және көліктік әлеуетімен таныстырды. Осы ретте көрмеге қатысушы 20-дан астам компания басшыларымен G2B кездесуі өтіп, оларға өңірімізде өндіріс орындарын ашу жөнінде ұсыныс берілді.
Бағдарлама бойынша облыстық делегация өкілдері 5-6 шілдеде Джоукоу қаласында болды (Хенань провинциясы). Мақта өңдеу, жіп шығару және тігін өнеркәсібі бойынша үш кәсіпорынмен танысты. Атап айтқанда:
1. «Alben Clothing Co., Ltd., Shengtai Textile» ірі брендтік компаниялардың киім тігумен айналысатын тігін фабрикасының жұмысымен кеңінен танысты. Нәтижесінде компания басшысы Түркістан облысына келуге ниет білдірді.
2. «Henan Zhoujiakou Food Co.», ет және қосалқы өнімдерді терең өңдеумен айналысатын компания жұмысымен танысты.
3. «Shangshui Senshan Youpin Co» жиһаз өнеркәсібінің технологиясымен танысып, «Shangshui County Wanrui Wood Products Processing Factory» ағаш өңдеу зауытын аралады.
4. «Shangshui Bestone Building Materials Co.» компаниясының кварц құмынан арнайы гранит тақтайшаларын шығаратын өндірістің жұмысын тамашалады. Сондай-ақ Джоукоу қаласының индустриалды аймағында орналасқан өзгеде өндірістік кәсіпорындарымен танысып, қала әкімдігімен екіжақты кездесулер өткізді.
«Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде кәсіпкерлер үшін жабдық өндірушілермен байланыс орнатылды. Шегелер мен жабдықтар өндірісі, жылыжай жағдайында пайдалануға арналған жіптер өндірісі, тұрмыстық бұйымдар өндірісі, балалар ойыншықтарын шығару, пластмассаны қайта өңдеу жабдықтарын сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілді.
6-7-шілдеде Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі М.Қарабаевтың төрағалығымен қытайлық инвесторлармен екіжақты кездесулерге қатысты.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов Қытай Халық Республикасының «Office of International Trade Chaina National Textile & Apparel Councill» мақта қауымдастығымен кездесу өткізді. Қауымдастық тәжірибе алмасу мақсатында тығыз байланыста жұмыс істеуге ниетін білдірді.
Іссапар нәтижесінде Түркістан облысына тігін, тоқыма, мақта өндеу және ет өнімдерін терең өңдеу бағыттарына инвесторлар тартуға қол жеткізілді.
САЙРАМДА МАЛ ҚАЛДЫҚТАРЫН ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТТАР САЛЫНАДЫ
Сайрам ауданындағы мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстары қадағаланып, ретке келтіріледі. Малдың қаны мен сүйегін ретсіз тастаудың жолы кесіліп, санитарлық талапқа сай болуы бақыланады. Сонымен бірге малдың қанын, сүйегін, ішек-қарнын, терісін терең өңдейтін зауыттар ашылады.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылына арнайы барып, кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Санитарлық салаға жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдары басшыларына жұмысты ширату жөнінде ұсыныс берді. Жергілікті әкімдік пен басқармаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
– Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі берген ұсыныстарыңыз бойынша жұмыс жүреді. Қолдаймыз. Бірақ, қазір бірінші кезекте санитарлық жағдайды ретке келтіріп, қоғамда талқыланып жатқан мәселені реттеуіміз қажет. Малдың қанын арыққа ағызу, қоршаған ортаны ластау мүлдем дұрыс емес. Тоқтатылады. Ауылдағы әрбір мал сою бекеті, кәсіпкерлер, мал саны толық есепке алынып, тіркелсін. Жұмыс тобы құрылсын. Жауапты басқарма мен аудан, ауыл әкімдігіне осы мәселені шұғыл шешуді тапсырамын. Бірінші кезекте малдың қалдығын тастайтын арнайы шұңқыр дайындалады. Оған жер бөлініп, тиісті жұмыс жүреді. Жауапты мекемелер осы шаруаны жүзеге асыруға күш салуы тиіс. Бірақ бұл жүйелі әрі түбегейлі шешу үшін мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттар салған жөн. Қалдықтардан балық, құс шаруашылығына қажетті азық әзірлеуге мүмкіндік мол. Осы бағытта біз шетел инвесторларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Малдың қанын, ішек-қарнын, терісін, сүйегін өңдейтін кәсіпорындар ашамыз. Дегенмен, осы кәсіпорындарды өздеріңіз ашқандарыңыз ұтымдырақ болады. Егер өзара келісіп, зауыттар ашатын болсаңыздар алдымен сіздердің ұсыныстарыңызды қолдаймыз. Өздеріңіз ақылдасып, бірігіп, араларыңыздан үйлестіруші азаматтарды сайлап, осы бағыт бойынша ұсыныс беріңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Еркін форматтағы кездесуде аудан кәсіпкерлері мал сою бекеттерін дамыту, мал қалдығынан балық шаруашылығына қажетті азық дайындау, кондитер өнімдерін шығару, кәсіпкерлікке сертификат беру, инфрақұрылыммен қолдау көрсету және өзге де жобалар бойынша ұсыныстар берілді. Бұл өтініштер бақылауға алынып, жұмыс жүргізіледі.
Жұмыс сапарында облыс әкімі Қарабұлақ ауылындағы мал сою бекетінің жұмысымен танысты. 30 адам жұмыспен қамтылған бекетке 200 млн. теңге инвестиция салынған. Жобаның қуаттылығы – тәулігіне 100 бас мал. Өңір басшысы кәсіпкердің ұсынысын тыңдап, ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БАЛЫҚ ӨНДІРУДЕН КӨШ БАСТАП ТҰР
Мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Облыста жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары. Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсірумен 154 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Осы ретте Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы баспасөз турын ұйымдастырды.
– Бағдарламада бекітілген тауарлы балық өндіру көлеміне қол жеткізу мақсатында 2023-2025 жылдары аудан, қала әкімдіктері кесіндісінде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспарланған. Ал акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, қаржы толық игерілді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға Республикалық бюджеттен 226,0 млн. теңге қарастырылған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 88 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген, – деді басқарманың бөлім басшысы Данияр Сейітов.
Журналистерге мемлекеттік бағдарлама аясында субсидия алып, балық шаруашылығын өркендетуге өз үлестерін қосып жүрген шаруалардың жұмысы таныстырылды. Соның негізгі ошағы Шардара ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Соның бірі – Сүткент ауыл округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығы. 40 га аумағы бар тоғанды балық өсірумен айналысатын шаруа қожалығы 2021 жылы іске қосылған. Мұнда жайын, тұқы, сазан, ақ амур, дөнмаңдай балық түрлері өсіріледі. Арнайы күтіммен өсірілген балықтар Ресей еліне экспортталуда. Өткен жылы 160 тонна балық өндірілсе, биыл 300 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. «Болашақ» шаруа қожалығы директорының орынбасары Мұхтар Байқошқаров 28 млн. теңге субсидия берілгенін айтып, биыл шаруа қожалық өнімін арттыру үшін мемлекеттен 250 млн. теңге жеңілдетілген несиеге өтініш бергенін жеткізді.
Шардара ауданындағы келесі нысан – Қоссейіт ауылдық округіндегі «Ахмет» балық шаруа қожалығы. Мұнда табиғи және шарбақта үш түрлі балық өсіріледі. Кәсіпкердің жеке инвестициялық салымдары есебінен ашылған «Ахмет» шаруа қожалығы 2020 жылы іске қосылған. Аумағы 56 гектар жерді құрайды. Қуаттылығы – жылына 60 тонна. 6 метр тереңдіктегі шарбақта өсірілген балықтар жергілікті халықтың сұранысына ие.
«Ахмет» шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Бәкарыстанәлінің айтуынша, мемлекет тарапынан былтыр 29 млн. теңге берілген. Кәсіпкер тұқы, сазан, ақ амур басқа алдағы уақытта көксерке, ақмарқа, дөңмаңдай секілді балық түрлерін қосуды жоспарлауда.
Айта кетейік, 2023-2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде. Олар Шардара (ЖК «Жалғасбаев Т») және Отырар ауданында («Созақ балық өнімдері» АӨК) ашылмақ. Бүгінгі таңға дейін барлық аудан, қалаларды аралап, балық шаруашылығын дамытуға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Түркістан облысында 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, ал биыл 6640 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осы ретте облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында облыстың аудан, қала аумағынан балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары бекітіліп, балық өсіру шаруашылығы санын 126-дан 217-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.
«ЖЫЛЫНА 400 ТОННАҒА ДЕЙІН БАЛЫҚ ӨНДІРУГЕ МҮМКІНДІК БАР»
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген болатын.
Жоспарға сай, биыл өңірде I тоқсанның қорытындысы бойынша 2559 тонна өндірілді. Бүгінде балық шаруашылығымен айналысушыларға мемлекет тарапынан тиісті жеңілдіктер, субсидиялар беріліп отыр. Осы орайда Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен бір топ БАҚ өкілдері Келес ауданындағы «Көшім» шаруа қожалығының жұмыс барысымен танысты.
Аудандағы Ақтөбе ауылдық округі, М.Горький елді мекенінде орналасқан шаруа қожалық 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде қожалықта балық өсіру және балық етін өндіру қызметтері жүзеге асып жатыр. Жоба құны – 100 млн. теңге.
– Балық шаруашылығымен жеті жылдан бері шұғылданамыз. Инвест жоба аясында балықты қайта өңдеу, кептіру жұмыстарын қолға алдық. Одан бөлек, бүгінде 19 гектар жерімізде 13 тоғанды көл бар. Мұнда балықтың сазан, ақ амур және тағы да басқа түрлері бар. Осы шаруашылық үшін мемлекеттен үлкен көмек алдым. Конкурстан тысқары мемлекеттік қолдау шарасы аясында қожалыққа 76,2 гектар жер учаскесі берілді. Одан бөлек, қайта өңдеу цехын салу үшін 8 млн. 800 мың теңге төмен пайызды несие алдым. Биыл 515 млн. теңгеге үлкен жобамды ұсындым. Бүгінде ол қаралу үстінде. Мақұлданып жатса, өңірдегі тоғанды дамытуға әрі қарай өз үлесімді қосып, 28 көлге жеткізу жоспары тұр. Ол іске асып жатса, жылына 400 тоннаға дейін балық өндіруге мүмкіндік бар, – деді шаруа қожалық басшысы Райс Тастанов.
Кәсіпкердің мәліметінше, жоба толық іске қосылса, тағы 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда цехта 6 адам жұмыс істейді. Шаруашылық басшысы өз сөзінде Қазақстандағы тоғанды көлді қолға алып, дамытуға ұсыныс білдірді. Бүгінде жаңа кәсіпті игерген шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау бар. Сонымен қатар аудандағы қожалықтарда балыққа берілетін жемнің 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Қазіргі таңда Келес ауданында 4 ірі шаруашылық балық шаруашылығымен айналысады.
Бүгінде облыста жоспарға сәйкес, жаңадан 28 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4 кәсіпкер үйіргелік аулада ашылып, жұмыстар жалғасып жатыр. Атап айтсақ, Бәйдібек – 3, Түлкібас – 5, Кентау – 2, Сауран – 3, Сайрам – 3, Ордабасы – 3, Жетісай – 1, Қазығұрт – 1, Төлеби – 1, Шардара – 6. Сонымен қатар балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын өткізген. Оның ішінде 4 шаруашылыққа 1,6 млрд. теңге несие беру қарастырылып жатыр.
Жалпы облыста қуаттылығы жылына 15 мың тоннаға жететін 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Атап өтсек, Шардара ауданы – «Хамит» АӨК, ЖК «Жалғасбаев», «Шардара балық – 1» ЖШС, «Саодат» ЖШС, «Бәйтерек БММ» ЖШС, Сайрам ауданы – «Көмеш балық» ЖШС, Түлкібас ауданы – «First Fish Company» ЖШС.