ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕН ЖЕЛТОҚСАН – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Қоғам
2 963 Views

Батырхан САҒЫНТАЕВ, Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі Оңтүстік Қазақстан облыстық және Шымкент қалалық филиалдарының төрағасы:

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТАУЫ

Елбасымыз қадап айтқандай, «Тәуелсіздік – халқымыздың бостандығы мен дербес дамуы жолындағы сан ғасырлық күрес тарихының нәтижесі» екені даусыз. Ежелден еркіндік аңсаған, осы жолда мың өліп, мың тірілген қазақ халқы не көрмеді дейсіздер… Данышпан Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз: «Біз – қазақ деген мал баққан елміз, бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз», – деп айтқан екен. Иә, қазақ – бейбітшіліксүйгіш момын халық, алайда, орынсыз өзі келіп тиіскен жауды аямайтын қайсар мінезі тағы бар.

Алматыда орын алған Желтоқсан оқиғасына (көтерілісіне) 31 жыл толып отыр. Мұның бәрі де Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Михаил Сергеевич Горбачевтің солақай содыр саясатының кесірінен болған жайт еді. 1986 жылғы 16 желтоқсанда өткен Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің ұйымдастыру мәселесін қараған V пленумы небары 18 минутқа ғана созылған. Ширек ғасыр бойы елді абыроймен басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың орнына қайдағы бір Қазақстанды танып-білмейтін, оның тыныс-тіршілігінен, тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен, республика тұрғындарының өзіне тән ерекшеліктері мен менталитетінен бейхабар Геннадий Васильевич Колбин дейтінді республика басшылығына әкелген сұрқия әрекетіне шыдамай бейбіт түрде наразылық білдіріп, әділет іздеген жастар Алматыдағы Леонид Ильич Брежнев атындағы орталық алаңға шығып, тоталитарлық режимге ашық қарсылық көрсетті. Сөйтіп, өздерінің ұлтжандылық, патриоттық сезімдерін паш етті. Қанды көтеріліс асқан қатыгездікпен аяусыз басып-жаншылғанымен, желтоқсаншы жастардың сол бір ерлігі қалың жұртшылық жадында жатталып қалғаны анық. Әсіресе, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев секілді жастардың есімдерін халқы мәңгілікке ұмытар емес.

1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жанынан құрылған «1986 жылғы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаларға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі» комиссияның анықтауы бойынша ұсталғандардың жалпы саны 8500 адамды құрайды. Ресми мәлімет бойынша олардың 275-і оқудан, 319-ы жұмыстан шығарылып, 99-ы (кей деректерде 102-103-і) сотталған, қаншамасы денсаулығынан айырылған. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1991 жылғы 12 желтоқсандағы №540 Жарлығымен Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтардың ақталып, әділет салтанат құрғанын Сіздердің бәріңіз жақсы білесіздер! Сөз орайы келгенде сол кезеңде жалғыз Алматыда ғана емес, республикамыздың жер-жерінде наразылық толқулары бой көрсеткенін де тілге тиек ете кетейік. Мәселен, Алматы облысында, Қаскелеңде, Шамалғанда, Жезқазғанда, Талдықорғанда, осы аттас облыста, Қарағандыда, Көкшетауда, Павлодарда, Арқалықта, өзіміздің Шымкентте де сондай оқиғалар орын алғанын тілге иек ете кетейік.

Бұл жайлы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскенін көрсетеді. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді», – деп айтқан болатын. 2006 жылғы 18 қыркүйекте Алматыда желтоқсан оқиғасына арналған «Бостандық шұғыласы» ескерткішінің ашылуы – оларға деген құрмет пен тағзымның ерен белгісі іспеттес.

Шынтуайтында, Желтоқсан оқиғасы – Тәуелсіздіктің, азаттықтың, демократиялық жаңғырудың бастауы болды. Бұл жас қыз-жігіттердің ар-намыс пен елдік рух жолында теңдікті талап еткен тегеурінді күш-қайратының тоғысқан шағы болатын. Ел мен ұлттың Тәуелсіздік құқығын қорғау үшін бас көтерген желтоқсаншы қыз-жігіттердің бұл қадамы шын мәнінде ересен ерлік еді. Кейіннен Сумгаитта, Ферғанада, Жаңаөзенде, Вильнюсте, Бакуде, Душанбеде, Тбилисиде, Ошта да кеңестік жүйеге қарсы дәл сондай толқулар орын алғанына хабардар болсаңыздар керек. Міне, сол қанды оқиғадан бес жыл өткеннен кейін ғана Қазақстан Тәуелсіздік алып, егемен ел атанды. Құдайға шүкір, бүгінде төрткүл әлем таныған, күн санап дамыған құқықты, зайырлы, демократиялық елге айналып отыр. Ертеңіміз бұдан да жарқын болары шүбәсіз.

Сіздердің жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға бақ, береке тілеймін! Бізге осындай бейбіт өмір сыйлаған желтоқсаншылардың даңқы арта берсін! Аман-сау жүрейік, ағайын!

Шымкент қаласындағы №28 жалпы орта мектебінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты «дөңгелек үстел» мәжілісі өткізілді. Мақсат – 1986 жылғы желтоқсанда бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарының ерлігін мәңгі есте сақтау, бүгінгі жас ұрпақтың бойында еліне, жеріне, ұлтына деген патриоттық сезімін қалыптастыру болатын. Іс-шараны аталмыш білім ордасы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рәзия Сағынтайқызы қысқаша кіріспе сөзбен ашып, одан әрі жүргізіп отырды. Алдымен көпшілік назарына «Желтоқсан жаңғырығы» атты бейнеролик ұсынылды.

Бұдан кейін қонақтарға сөз кезегі берілді. Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі Оңтүстік Қазақстан облыстық және Шымкент қалалық филиалдарының төрағасы Батырхан Сағынтаев:

– Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының екінші курсында оқитынмын. Бейбіт мақсатта алаңға шыққаным үшін жазықсыздан жазықсыз жапа шектім. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тарапынан басыма, бетіме қатты ауыр соққы алдым. Калинин аудандық ішкі істер бөліміне апарып қамап қойды. Прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тергеп, тексерудің астына алды. Ақыр соңында оқудан шығарып тынды.

Кейіннен қазақтың арда ұлы, айтулы ақын Мұхтар Шахановтың араласуымен Желтоқсан оқиғасының жай-жапсары айқындала бастады. Жазықсыз жапа шеккендер ақталды. Қазіргі таңда біздің облысымызда 300-ге жуық желтоқсаншылар бар. Қоғамдық бірлестік тарапынан оларға арнайы куәлік, естелік медаль, төсбелгі, мойынорағыш тапсырылуда. Айтпақшы, 2016 жылы Астанада Желтоқсан оқиғасына арналған Халықаралық конференцияда Қазақстанмен қоса-қабат Түркия, Ресей, Польша, Венгрия, Латвия, Украина, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия елдерінен келген айтулы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері төрткүл дүниені дүр сілкіндірген желтоқсанды оқиға емес, көтеріліс дәрежесіне дейін көтеріп кеткен болатын.

Бейбіт Төлеметов:

– Ол кезде Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының екінші курсында оқитынмын. Бір орыстың үйінде пәтер жалдап тұратынбыз. Таңертең сабаққа келсем, аудиториямыз боп-бос. Сөйтіп, үш күн бойы алаңға шығып жүрдік. Орынсыз таяқ жесек те бара бердік. Сол кезеңде біздің институттан 70 (кей деректерде 39) студент ұсталыпты. «Ешбір ұлтқа, ешбір тілге артықшылық берілмесін!» деген ұран көтергені үшін ІІ курс студенті Ерлан Бисембаев жеті, «Әр халықтың өз көсемі болсын!» деген плакатты көтерген Жәлел Әуезов бес жыл бас бостандығынан айырылған. Оның алдыңғысы 1986 жылғы 17 желтоқсанда студенттер шеруіне қосылып, «Ешбір ұлтқа, ешбір тілге артықшылық берілмесін!» деген ұран ұстап жүрді. Жаппай бұзақылыққа қатыспаған. Алматы қалалық соты (Е. Б. Канаданов) оған жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Жоғарғы соттың сот алқасы кассациялық жолмен (Жоғарғы соттың мүшесі Р. Б. Оспанованың хабарламасы бойынша) істі қарап, үкімді өз күшінде қалдырды. Бүгінде қамауда екі жыл отырып шыққан Е. Бисембаев ақталған. Ал екіншісі ұлттар арасына жік салғаны және жаппай бұзақылықты ұйымдастырғаны үшін (Қазақ КСР Қылмыстық істер кодексінің 60 және 65 баптары) қылмыстық жауапқа тартылды. Тергеуші     Н. М. Колянов Ж. Әуезовтің «Әр халықтың өз көсемі болсын!» деген плакат ұстап жүргенін оған қылмыс етіп жапсырған. «Сіз өзіңіздің алаңға шыққаныңызға сондай ризалықта жүрдіңіз, Сіздің фотосуреттегі жайдары жүзіңізден осыны аңғаруға болады», – деп әшкереледі тергеуші айыпқа тартылушыны. Осы «қылмыспен» бірге оған 16 автомобильді өртеп, 152-сін зақымдаған, көптеген адамдарға жарақат салған және 300 мыңнан аса сом материалдық шын келтірген деген айыптар қоса таңылды. Алматы қалалық соты (К. С. Қайырбеков) оны бес жылға бас бостандығынан айырған. Жоғарғы сот үкімді өзгертпеген. Кейінірек қылмысы жоқ деп табылып, ақталып шыққан. Сонымен қатар V курс студенті Қалдыбек Қамбаров бес, Қанат Түкенов пен Еркін Шәймерденов үш жылға сотталған. IV курс студенті Түлкібай Жасақбаевқа қаладан шықпау жөнінде қолхат берілген. 22 студент ішкі істер басқармалары органдарында есепте тұрған. Үш студент ауруханаға жатқызылған. Қарақұсынан жарақаттанған Өркен Өтеғалиев пен маңдайы жарылып, бас сүйегі зақымданған, миы шайқалған Жанат Қасымов №2 қалалық клиникалық ауруханаға, көкірек қуысы жарақаттанған Байзақ Таңатаров №4 қалалық клиникалық ауруханаға түскен.

1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін зоотехник инженерлер даярлайтын факультеттен Айдархан Ахметов, Жәлел Әуезов, Болат Есқараев, Нұрадин Жарылқапов, Гүлнар Кометова, Шәріпбек Саурықов, Ақшығанақ Нұрманов, Абдулла Сапарбеков, Бақытжан Байниязов, Қарғас Үмбетбаев, Қалдыбек Қамбаров, Марат Жарқыбасов, ветеринарлар даярлайтын факультеттен Әлжан Өтепов, Жақсылық Бөтебаев, Мұрат Малаев, Роза Хаджилипесова, Болатбек Қожақов, Эльбурс Беиспеков, Тілеуғазы Көлбаев, Ерлан Бисембаев, бәрі болып 21 студент оқудан шығарылған. Барахова деген татар оқытушы апай соңыма түсіп алып, қудалап қоймады. Сөйтіп, оқудан шығуға мәжбүр болдым. Абырой болғанда алаңға барғандардың арасынан Бауыржан Құрмансейітов, Бауыржан Бисенов, Тәжімұрат Кү-зенбаев, Серік Мамаев, Е. Құдайбергенов, Еркен Байченжин, Түлкібай Жасақбаев, С. Мамытжанов,     К. Жарқымбаев, Б. Жасымбеков, Е. Дөненов, Асқар Таубашев, Жұмагүл Шармұханова жазадан құтылып кеткен.

Роза Ерманова:

– Оңтүстік өңіріндегі Созақ ауданында жарық дүниеге келгенмін. Әкем Болысбек ұзақ жылдар бедерінде мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. Ата-анамыз бізді кішкентайымыздан өнегелі, тәртіпті, тәрбиелі болуға баулыған. Перзенттерінің бәрі жоғары оқу орындарында оқитынбыз. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматы халық шаруашылығы институтының қаржы және несие факультетінің екінші курс студенті едім. 17 желтоқсан күні таңертең біреулер бөлмеміздің есігін қағып тұр. Ашсақ, екі жігіт аптыққан күйде: «Осындай да осындай, кеше Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты қызметінен алып тастап, оның орнына Геннадий Васильевич Колбин деген орысты отырғызыпты. Қазақтың елі мен жерін неге орыс басқарады? Қазақ билеу керек қой. Қазақты орыстарға таптатпаймыз, алаңға шығып, өзіміздің наразылығымызды білдірейік», – деді. Сөйтіп, тұлабойларын Отанға деген асқақ патриоттық сезім мен шынайы махаббат билеген құрбы-құрдастарымызбен бірге Леонид Ильич Брежнев атындағы (қазіргі Республика) жаңа орталық алаңға бардық. Бейбіт жолмен қолдарына «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған!», «Қазақстан жасасын!», «Алға, Қазақстан!», «Ұлт саясатының лениндік принциптерін сақтауды талап етеміз!», «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!», «Колбин кет!» деген жазулар бар плакат ұстаған студент және жұмысшы жастар қол ұстасқан, қолтықтасқан күйі ұрандатып айқайлап ән шырқауда. Олар Орталық Комитет пленумының шешімімен келіспейтіндіктерін білдіріп, соған байланысты түсінік беру беруді ғана талап еткен болатын. Қалың топқа қосылған біз де ән шырқап, ұрандата бастадық. Аталмыш жоғары оқу орнындағы вокальды-аспаптар ансамблінің әншісімін. Осыны ескерген курстастарым қолыма бір бума қағаз ұстата салды. Ашып қарасам, «Қазақ вальсінің падишасы» атанған сырлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным», дауылпаз баба жырау Қожаберген Толыбайдың жыраудың атақты «Елім-ай» дастанын, өзімнің аттасым Роза Рымбаева шырқайтын «Жарылыстан көз ашпаған жерім-ай» әндерінің мәтіндері екен. Ақ қар, көк мұз. Қақаған аяз. Бейбіт шеру жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Өрт сөндіру мәшинелері мен арнаулы құралдар орнатылған мәшинелер пайдаланған әскерилер үстімізге мұздай су шашуда. Жендеттер кеспелтек таяқпен соққылап жүр. Жанарым жарылып, көзім көгеріп кеткен. Алматы көркемсурет және театр институтының, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының студент жастарымен бірге шерулеп келеміз. Осындайда Кир патшаның басын шауып тастаған Тұмар ханымның, кешегі Әлия, Мәншүк әпкелерімнің батырлықтары көз алдымызға көлбеңдейтіндей бейнебір кинолента көріп тұрғандаймыз. Отанға, туған ел мен жерге деген махаббат қақаған суықты да, үстімізге шашылған мұздай суды да елейтіндей халде емес. Шаштарым киіміме жабысып тұр. Бір аяғымдағы етігім шешіліп қалыпты. Аяқ киімімді іздеймін деп жүріп қолымдағы жүзігімді де жоғалтып алдым. Оны әкем Болысбек мектепті үздік бітіріп, өзім қалаған жоғары оқу орнына түсуімнің құрметіне тарту еткен еді. Қасиетті, қадірлі де қымбат сыйлық болатын. Енді бірде етігімді қолыма ұстатқан екі әскери жігіт аяп кетті-ау білем: «Исчезни!» деп қолтықтаған күйі шетке шығарып жіберді. «Өзінің ұлтын сүймеген адам елін де, жерін де сүймейді!» деген оймен қалың топқа қайта барып қосылдым. Түнжарымнан ауған сәтте бізді қол-аяғымызды ұстаған күйі жүк мәшинесіне тоғытып лақтыра бастады. Бір сәтте жолда мәшиненің кузовы ашылып кетіп, жерге домалап түстім. Далақтап, безілдеп жүгіріп келемін. Жан-жағыма бажайлап қарасам, Кіші Алматы өзеніндегі көпірдің жанында екенмін. Есімді жиып, жатақханамыздың бөлмесіне әзер жеттім. Бар көрген, баққанымыз осы болды.

Бізді алаңға апарған – ұлтжандылық, патриоттық сезім мен қазаққа деген ар-намыстұғын. Сол кездегі студент жастарда дәл осындай ізгілікті де игілікті қасиеттер басым болатын. Бойымызда қазақы қан болғандықтан, ұлтымызды ешкімге таптатқымыз келмей: «Қазақстанды қазақ қана билесін!», «Қазақстан жасасын!», «Қазақтар алға!» – деп ұрандаймыз. Кейін білсек, біздің жоғары оқу орнымыздан 49 студент (кейбір деректер бойынша 30 студент пен даярлау курсының бір тыңдаушысы) ұсталыпты. Институт ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор Нұрғали Мамыровтың 1986 жылғы 25 желтоқсандағы №31 бұйрығымен жоғары оқу орнындағы тәртіпті, социалистік жатақхана ережесін бұзып, сабақтан өз еркімен кетіп қалып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны үшін IV курс студенттері – Зәуре Сандыбаева, Г. Нұрғалиева,     Н. Малғождарова, Г. Әкімбаева, ІІІ курс студенттері – Сұлтанбек Тәжиев, М. Рамазанова, М. Жүнісбекова, А. Раисова, ІІ курс студенттері – Б. Жолболдин, К. Бейсембаев, А. Дүйсенов, І курс студенттері – Г. Садырбаева, Айша Аязбаева, Алма Жандәулетова секілді 14 студент пен даярлау курсының тыңдаушысы А. Жұманәлиева институттан шығарылды. Жауапкершіліксіз мінез-құлқы мен тәртіпсіз қылықтары үшін құқық қорғау қызметкерлерінің құрығына түскен IV курс студенті А. Серікова, ІІІ курс студенттері – Г. Райымбекова, Г. Раисова, С. Сағынтаев, Бақтыбай Қажияқпаров, ІІ курс студенттері – С. Берікқораев, Н. Бәйішев, Аб-долла Қайыров, Н. Құлтаев, Н. Молдақұлов, І курс студенттері – С. С. Кошкина, Жарас Нұсқабаев, С. Жақашбаев, Р. Садырбекова, Ж. Шагиров секілді 15 студентке қатаң сөгіс, ал студент С. Саргизовқа сөгіс жарияланды. Орталық алаңға барып, құқық қорғау қызметкерлерінің қолына түскен IV курс студенттері – Илмара Нұрғалиева, Гүлбақыт Айқымбаева, ІІ курс студенті Нұрлан Башнев, І курс студенті Эльмира Садырбекова, даярлау курсының тыңдаушысы Шара Үмбетова мұндай жазалаудан құтылып кеткен. Әбүйір болғанда өзім де осылардың бәрінен аман қалдым.

Арамызда медициналық көмекке мұқтаж болғандар да баршылық. Атап айтқанда, басының жұмсақ тканьдері жарақаттанған IV курс студенті Нахибек Бабашев пен миы шайқалып, қарақұсы жарақаттанған І курс студенті Сәлім Табулдинов, бас сүйек ми жарақаты мен миы шайқалған студент Сәлем Габулдинова №2 қалалық клиникалық ауруханаға, төменгі жақ сүйегі сынған І курс студенті Амангелді Дүйсекеев №5 қалалық клиникалық ауруханаға, ал басы мен денесі жарақаттанған студент Гүлзат Сүлейменова мен сол аяғының сіңірі тартылған студент Роман Адығалиев қалалық студенттер емханасына түскен.

Біздің институтымыздың ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор Нұрғали Мамыров та сол күні алаңда болған екен. Факультет декандары мен кафедра меңгерушілерін қасына алып, таңертеңнен кешкі сағат беске дейін ереуілшілердің арасында жүріпті. 2017 жылдың ақпан айында 11 жыл ректорат құрамында қызмет еткен ұлағатты ұстазымызды «іскерлік сапасы жоқ» деген желеумен ректорлық лауазымнан босатады. Сонымен қоса-қабат Әбдіманапов, Жарқынбаев, Исаев, Молдабаев, Нұрпейісов сынды оқытушыларымыз да жалған айыппен қамауға алынып, жөн-жосықсыз тергеп, тексерілді. Доцент Ізбасаров та түрткіге ұшырап, таяққа жығылды. Зертхана экономисі Алма Тасымова мен хатшы-мәшинкеші А. Нұрболысова да құқық қорғау қызметкерлеріне ұсталып қалған.

Бір сөзбен айтқанда, еліміздің білім мен ғылым саласы орасан зор зардап шекті. Өздеріне жабылған жалған жаламен Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Өмірбек Жолдасбеков, Алматы көркемсурет және театр институтының ректоры С. Дәрженов, Алматы шет елдер тілдері педагогикалық институтының ректоры Р. Әміров, Алматы сәулет-құрылыс институтының ректоры С. Байболов, Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтының ректоры Ш. Молдабеков, Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры М. Арынов та қызметінен босатылды.

Бүгінде Талғар қаласында әскери оқуда жүрген ұлым ұялы телефоныма бүгінгі жастардың сүйікті әншісі Қуандық Рахым әуелетіп шырқап жүрген бәрімізге өршіл рух беретін «Қазақ болып тумағанда қайтер ем» атты әннің мәтінін салып жіберіпті. Соны Сіздерге оқып берейін, – деп өзінің сөзін өлеңмен өрнектеді.

Балабек ЕРМАХАНОВ:

– Достарыммен бірге өзіміз оқитын Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына сабаққа барғанбыз. Үстімізде әскери киім болатын. Өйткені сол күні әскери ісі сабағы бар еді. Алаңға жеткенімізде қалқан жамылып, кеспелтек таяқтармен және саперлар күрегімен қаруланған әскерилердің қатты соққысынан бастары жарылып, көздері көгерген, үстері малмандай су болған қазақтың қыз-жігіттерін көрдік. Қанымыз қайнап кетті. Көпшілігі жастар болатын. Оларды мәшинеге жүк артқандай артып, жан-жаққа әкетуде. Міне, осындай қайғы-қасіретке толы Желтоқсанның қадір-қасиетін біле жүріңіздер, – деді.

Бұдан кейін «дөңгелек үстел» мәжілісіне қатысқан желтоқсаншылар оқушылар қойған сауалдарға жауап қайырды. 8 сынып оқушылары – Аружан Акбарова, Аружан Алихоз, Жанель Мырзабек, Мұқан Қорғанбай, 10 сынып оқушылары – Әйгерім Бейбіт, Диана Мырзабек, 11 сынып оқушысы Перизат Исламбек Желтоқсан жайында жазылған өлең-жырларды жарыса оқыды. Қыздар тобы «Қазақстан алға!» әнін орындаса, төртінші сынып оқушысы Ерасыл Үсен көпшілікке «Көк тудың желбірегені» әнін тарту етті. Әсерлі өткен басқосуға мектеп директоры Қарлығаш Құрманбекова ханым қорытынды жасады.

*   *   *

Абай атындағы қалалық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде де дәл осы тақырыппен Тәуелсіздік күніне арналған кеш болып өтті. Оны кітапханашы Ақбота Төленова қысқаша кіріспе сөзбен ашты. Желтоқсан оқиғасына қатысқан Сәбит Исабеков, Мұрат Шекербеков, Ғалимат Шомаева, Бейбіт Төлеметов, Ораз Сайлауов, Нұрғали Мырзақұлов сол бір қайғы-қасіретке толы күндер жайында өздерінің ой-толғаныстарын ортаға салды. Зейнеткер ұстаз, кітапхананың белсенді оқырманы Шырынкүл Көкішева өз сөзінде жастарды кітап оқуға, елі мен жерін сүюге шақырды.

Ақпараттық-инновациялық институтының студенті Мәншүк Қозтаева ақын Қалқаман Сариннің «Тәуелсіздік» өлеңі мен өзінің арнау өлеңін мәнерлеп оқып берді. Аталмыш жоғары оқу орнының тағы бір студенті Айым Ертаева да өз шығармашылығынан өлең оқыды. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті даярлық курсының шетел тыңдаушысы Бағашар Метербай, «Азимед» колледжінің студенттері – Гүлжайна Шәріпбай Желтоқсан оқиғасының жазықсыз құрбаны Қайрат Рысқұлбековтің жазған хатынан үзінді және «Кездесеміз әлі де» деп аталатын өлеңін жатқа оқыды. Осы арнаулы орта оқу орнының студенті Тілектес Базарбай Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Мен қазақ» және Мұқағали Мақатаевтың «Қазақстан» өлеңін оқыды. Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының жанындағы «Парасат» колледжінің, Манап Өтебаев атындағы Жоғарғы жаңа технологиялар колледжінің студенттері де күн тәртібіндегі тақырыпқа байланысты көркемсөз оқу шеберліктерімен көзге түсті. Кітапхананың өнер секторының меңгерушісі Гүлмира Сапарова халқымыздың дәстүрлі әндерін орындап, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.

Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы Раушан Сұлтанбек қорытынды сөз сөйлеп, кештің қадірменді қонақтарына естелік сыйлықтар табыс етті. Көркемсөз оқыған қыз-жігіттердің бәрі Алғыс хатпен марапатталды.

*   *   *

Шымкент қаласындағы №128 жалпы орта мектебінде де Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өткізілді. Онда ақын Әмзе Қалмырзаұлы, жазушы-драматург Захардин Қыстаубайұлы, ауыл ақсақалы Ергешбай қария сөз сөйледі. Аталмыш білім ордасының директоры Рәзия Бейсенбаева:

– Мектебіміздің ашылғанына небәрі төрт-ақ ай болды. Бәрін жаңадан жасақтап, жабдықтап жүрген жағдайымыз бар. 60 мұғалім 800-дей шәкіртті білім нәрімен сусындату жолында ізденімпаздықпен еңбек етуде. Осы орайда бізге 150 кітап сыйға тартқан ақын Әмзе Қалмырзаұлына шынайы алғыс сезімімізді білдіргіміз келеді. Педагогикалық жұмыста, оқуда, өнерде, спортта қол жеткізген табыстарымыз аз емес, – дей келе бір топ мұғалімдер мен оқушыларға Алғыс хат табыс етті.

Кітапханада өткен кездесуде алдымен мектеп шәкірттері Желтоқсан оқиғасы жайында шағын сахналық көрініс қойды. Ә. Қалмырзаұлы бүгінгі қазақ әдебиетінің жай-күйі және өз шығармашылығы туралы әңгіме өрбітті. Сан алуан жанрда сан түрлі тақырыпта үлкенді-кішілі елу шақты кітап шығарғанын тілге тиек етті. З. Қыстаубайұлы өзі қатысқан Желтоқсан оқиғасының жай-жапсары туралы әсерлі де мағыналы сөз өрбітті. Кездесу соңында қадірменді қонақтарға естелік сый-сияпат табыс етілді.

*   *   *

Шымкент көлік колледжінде «Менің елім – Тәуелсіз Қазақстан» атты мерекелік кеш өтті. Іс-шараны аталмыш арнаулы орта оқу орнының директоры Ережеп Тойымбетов қысқаша сөз сөйлеп ашты. Ол егемен еліміздің ең ұлық мейрамына бағышталып өткен апталық барысында түрлі тақырыпта тәрбие сағаты, сан алуан өнер және спорт сайыстары ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.

Желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысына қатысушылар – Батырхан Сағынтаев пен Роза Ерманова өздерінің көзбен көрген қайғы-қасірет жайында әсерлі әңгімелеп берді. Соңғысы сөзін «Қазақ болып тумағанда қайтер ем» атты өлеңмен өрнектеді.

Бір топ колледж студенттері Желтоқсан оқиғасы жайында сахналық көрініс қойды. Оны тамашалаған сол оқиғаның куәгерлерімен қоса-қабат жұртшылықтың жана-рына жас үйірілді. Айдана Тастанбек, Ақниет Жорабек секілді әншілер «Жаса қазағым», «Туған ел» әндерін шырқады.

*   *   *

Ізгілікті де игілікті іс-шара Ақпараттық-инновациялық институтында да өткізілді. Аталмыш жоғары оқу орнының ректоры Сандыбай Боранбаев, тарихшы ғалым Мүсір Ауанасов, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар – Батырхан Сағынтаев, Роза Ерманова құттықтау сөз сөйледі.

Басқосу барысында бір топ ұстаздарға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, Желтоқсан оқиғасына орайластырылған мерейтойлық медаль табыс етілді. Олардың арасында институт құрылтайшысы Файзулла Жүнісов, жаратылыстану факультетінің деканы Гүлбахрам Бейсенбаева, химия биология кафедрасының меңгерушісі Мұратбек Хайдаров, тағы басқалар бар.

*   *   *

Дәл осындай мерейтойлық іс-шаралар Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде, аталмыш жоғары оқу орнына қарасты колледжде, №24, 49 мектептерде, тағы басқа жерлерде де өткізілді. Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен қала жұртшылығы Шымкенттегі Қайрат Рысқұлбеков көшесінің бойындағы қазақтың қаһарман ұлының құрметіне орнатылған ескерткіш тақтаға алқызыл гүл шоқтарын қойып, оның асқақ рухына арнап Құран бағыштады. Иә, шынтуайтында да Тәуелсіздік пен Желтоқсан – егіз ұғым екені даусыз.

Әбдісаттар ӘЛІП,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *