ҚАЗАҚСТАНДА ТҰРҒЫНДАРДЫ ЕМХАНАҒА ТІРКЕУ НАУҚАНЫ АЯҚТАЛДЫ

Денсаулық
687 Views

Қазақстанда тұрғындарды емханаға тіркеу науқаны аяқталды. 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өткен шара барысында 300 мыңға жуық адам медицина ұйымын еркін таңдау құқығын пайдаланған. Оның ішінде, Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша 114 000 тұрғын медицина ұйымын еркін таңдау құқығын пайдаланған. Өткен жылы тіркеу науқаны барысында емхана таңдау құқығын 25934 тұрғын пайдаланған.

«Науқан кезінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласы, Алматы қаласы, Қарағанды және Алматы облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының тұрғындары белсенділік танытқан. Шара нәтижесі бұл бастаманың Астана, Алматы сынды ірі қалалар үшін ғана емес, аймақтар үшін де маңыздылығын көрсетіп берді», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиал директоры Асхат Бейсенбаев.

Науқанға қатысқан тұрғындардың басым бөлігі емханаға өздері барып тіркелсе, 61 egov.kz порталы арқылы онлайн қызметті таңдаған. Алдағы уақытта емхананың тіркеу бөлімдері арқылы тіркелу тоқтатылады. Бұл шешім жүйелі проблемаларды жойып, қызметін асыра пайдалану және фальсификация фактілерінің алдын алу мақсатында қабылданып отыр.

«Бұған ешқандай алаңдаудың қажеті жоқ. Біріншіден, тіркелу үшін емханаға аяқтай барып үйренген азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне жүгіне алады. Аталған орталықтарда Connection Point бөлімшелері бар, олар egov порталына қосылған. Сол жерде арнайы кеңесшілер отырады. Екіншіден, Egov.kz жуырда Telegram ботын іске қосты. Смартфонның көмегімен осы бот арқылы бірер минутта тіркелуге болады. Үшіншіден, қазір өзіңізді ғана емес, балаларды да онлайн режимде тіркеуге мүмкіндік туды. Жүйе барлық мәліметтерді қысқа мерзім ішінде, автоматты түрде шығарып береді. Бұл процесті барынша жеңілдетеді әрі артық құжат талап етілмейді», – деді Асхат Бейсенбаев.

Биылғы тіркеу науқанына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 74 ұйым қатысып отыр. Соның ішінде, 39-ы жекеменшік. Аталған емханалар келер жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде халыққа қызмет көрсетпек.

Жалпы, тіркеу науқаны – емхана ауыстырудың жалғыз жолы емес. Қазақстандықтардың жылына бір рет емхана ауыстыруға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар қоныс аударғанда, емхана жабылып қалса немесе МСҚ-мен келісімшартты бұзса, жақын маңнан жаңа емхана салынса, емхана қызметіне қатысты шығындарды жабатын ерікті медициналық сақтандыру келісімшартын бекіткен жағдайда басқа емханаға ауысуға болады. Тіркеумен айналысатын емханалардың толық тізімін Медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтынан табуға болады.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша филиалдары.

Байланыс телефондары: + 7 (7252) 955874, + 7(778) 1653428.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *