ҚАЛАНЫҢ ҚАҚ ОРТАСЫНДАҒЫ АЯЛДАМА ҚАЙ ДӘУДІКІ?

Мәселе
648 Views

Адамнан жасырғанды Құдайдан жасыра алмаймыз, Қазақстанда қарапайым адамдар кәсіп ашып, өйтіп-бүйтіп күн көріп кете алады, бірақ мықты бизнесмен болып кетуі қиын. Ондай қарапайым адамдардың ірі бизнесмен болуы – өте сирек оқиға. Бизнесің мықты жүруі үшін әкім болуың керек немесе прокурор, сот болуың керек, әйтеуір бір ықпалды адам болуың керек. Тағы да айтамын, қарапайым адамнан мықты бизнесмен боп кету – мыңнан бір кездесетін оқиға.

Мына сіздер суретте көріп отырған нысан (Шымкент қаласы, Иляев көшесінің бойында) бір қарағанда, қарапайым аялдама сияқты болып көрінеді. Негізі, аялдама деген – аты, бұл нысан – ірі сауда нүктесі. Айналасының барлығы – оқу орны ғимараттары, жатақханалар, тұрғын үйлер, сауда тілімен айтқанда, клиент үзілмейтін жер. Енді бұл нысанның бағасын өзіңіз есептей беріңіз! Мұның шын иесі құжаттағы иесі болмауы да мүмкін, кім біледі, енді… Шіркін-ай, қай дәудікі екен?

«Шіркін-ай, қай дәудікі екен?» деп жайдан-жай таңғалып отырған жоқпыз. Қалаға Әйтенов басшы боп келгелі, аялдамалардың түгелге жуығы ауыстырылды. Ал сіздер көріп отырған аялдама сол міз бақпаған күйі тұр. Егер бұның қожайыны шынымен қарапайым адам болса, қаш-ш-ш-ша-а-ан сүріліп кетер еді ғой. Сүріліп кететін себебі, мұнда көріп отырсыздар, құрылыс нормалары сақталынбаған. Құрылыс талаптары бойынша аялдаманың жанынан дүкен салынбайды, салынса да, жеңіл конструкцияларды пайдалана отырып салынады. Шамалауымызша, қызыл сызықтың үстіне түскен бұл сауда ғимараты іргетас құйылып салынған. Мұндай нысан күрделі құрылысқа жатады дейді білетіндер. Оның үстіне сауда нүктесі болған соң, орталықтандырылған су кіріп, канализация жұмыс істеуі керек. Бұл болмаса, ол санитарлық норманы бұзу болып табылады. СЭС санитарлық норманы бұзған нысандардың қожайындарының шәйләсін Шәйқорғаннан тігіп жіберетінін білесіздер. Ал мына нысанға кіріп тұрған су да, шығып тұрған канализация да байқалмайды. Соған қарағанда, нысанның шын қожайыны СЭС-тің өзінің шәйләсін Шәйқорғаннан тігіп жіберетін біреу емес пе екен? Біздің елде СЭС-тің шәйләсін жалғыз прокуратура мен әкімдік-ақ тіге алады, меніңше. Құрметті Мұрат Дүйсенбекұлы, елдің ойында жүрген осы күдікке нүкте қоймасаңыз, мына жұрт мына мәгәзіннің иесі сіз деп ойлап қалуы ғажап емес қой. Мешкей деген жақсы ат па, біздікі – сіздің абыройыңыз түспесін деген ізгі ниеттен туған ой. Бұл бойынша сізді негізі орынбасарларыңыз, басқарма басшыларыңыз, жалпы сіздің командаңыздағы адамдар сақтандыруы керек еді. Демек, сақтандырмағаны ғой. Қолға қалам алуымыздың негізгі себебі – осы.

Мұрат Дүйсенбекұлы, қаланы жарлының киімін киіп алып, жалғыз аралайтын Бейбарыс сұлтанның заманы өткен. Сізді бүкіл шымкенттіктер Бейбарыс сұлтаннан кем көрмейді, бірақ ол кісі сияқты қаланы аралайтын уақытыңыз жоқ қой. Бейбарыс сұлтанның сізден бақытты бір жері, оның сізге қарағанда уақыты көп болған-ау. Ол кез – қазіргідей ақпарат заманы емес. Қазір сізді I Komeк пен АКО-дан кеп жатқан ақпараттар-ақ тыпыр еткізбейтін болуы керек. Азатжан мен Заңғардың әрбір ақпаратына реакция беру бір емес, бірнеше адамның ғұмырын жеп қояды ғой. Бірақ қанша жерден сіздің жұмысыңызды ауырлатса да, мына бір мәселені айтпай тұра алмаймын: Сіз басқаратын мегаполистің Байтұрсынов дейтін көшесіндегі #10-шы үйге қонаққа барғаннан гөрі Америка Президенті Байденнің үйінен түстік ішіп келген оңайырақ. Себебі осы үйдің үй комитетінің төрайымы Күнсұлу Ешенқұлова аулаға кіреберіске шлагбаум орнатып қойған. 200 теңге бермесеңіз, әрі қарай 2 метр жүре алмайсыз. Сонда қала әкімдігімен тікелей жұмыс істесетін үй комитеттері басшыларына Қазақстанда бөлек заң бар ма? 200 теңге алғанына беретін түбіртегінің өзі күмән тудырады. Екінші, бұл адамдардың конституциялық құқын шектеу емес пе? Біз бұл үйдегі адамдарға қонаққа бару үшін Күнсұлу ханымға неге 200 теңге төлеуіміз керек? Көпқабатты тұрғын үйдің ауласын ақылы автотұраққа, яғни кәсіпкерлік нысанына айналдыруға кім рұқсат беріп отыр? Айтқан жерден аулақ, осы тұрғын үй массивінде төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда, не өрт сөндіру машинасы, не жедел жәрдем көлігі кіре алмайды. Өйткені аула үй комитеті төрайымының ақылы автотұрағына айналып кеткен. Күніне 1000 машина демей-ақ қояйық, 500 көлік кіріп-шықса, 100 мың теңгені шытырлатып санап аласыз. Он күнде бір миллион, бір айда үш миллион. Адамдар мұны да бір дәудің бизнесі деп есептейді. Ал қалада сізден асқан дәу жоқ. Әйтпесе тұрғындардың шағымымен осы мәселені жарыққа шығармаған бұқаралық ақпарат құралдары кем. Түк қыла алмады! Соған қарағанда, мұның да «крышасы»… Көрдіңіз ғой, Мұрат Дүйсенбекұлы, ақ қағаздай аппақ арыңызға кір жабысамын десе, демде. Жұрттың күмәнді ойларын сейілтпейсіз бе!

Тағы да айтамын, біздікі сізге жақсы болсын деген ниеттен туған тілек. Сонда Шымкент қаласының полициясы қайда қарап отыр? Айтқан жерден аулақ, міндетті түрде бір бақытсыз оқиға болғанын күтіп жүрсіздер ме?! Көрдіңіз ғой, біз сізді бәле келмей тұрып сақтандырып отырмыз. Ал командаңыз сізге бәле келгенін күтіп отыр ма?

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *