ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ АЯҚ КИІМ ДЕ ТІГЕДІ

Қоғам
445 Views

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылының тұрғыны Кенбай Игенбаев аяқ киім тігетін кәсібін ашты. Бүгінде оның қолынан шыққан аяқ киімге деген тапсырыс берушілердің де қарасы артып келеді. Аяқ киім тігу шеберханасына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы барып, талабы таудай азаматтың ісіне ризашылығын білдірді.

– Біздің тарапымыздан қолдау болады. Шеберханаңды кеңейтіп, қасыңа көмекші балдарды ал. Бизнес-жоспар жаса. Жұмыспен қамту орталығы арқылы қайтарымсыз грант беруді қолға аламыз, – деп ақыл-кеңесін берді.

Кәсіпкер жігіт бұған дейін түрлі салада жұмыс істеді. Қолөнерге ебі бар Кенбай 2017 жылдан бері көрші-қолаң мен ағайын-туыстың кішкентай балаларына аяқ киім тікті. Осылай аяқ киім тігудің қыр-сырын меңгерді. Ғаламтор арқылы ізденіп, шеберлігін шыңдады. Өткен жылы аяқкиім тігу ісіне біржолата бет бұрды. Әуелі аяқ киім саласындағы нарықты терең зерттеді. Әріптес досы, жеке кәсіпкер Мадияр Тулеев те қолдау білдіріп, өзінің «ТорланСтрой» ЖШС цехының бір бөлмесін берді. Шебер қазіргі таңда маусымдық сұранысқа сай спорттық аяқ киімін тігіп жатыр.

– Аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы шеберханама келіп танысты. Өзіне екі пар аяқ киімге тапсырыс берді. Қолдау болатынын айтты. Аяқ киімге қажетті материалдарды Алматы қаласынан алдырамын. Аптасына 10-12 жұп аяқ киім тігуге мүмкіндігім бар. Тапсырыс берушілер де көбейіп келеді. Алдағы уақытта ісімді жолға қойып, дүкен ашу ісін жоспарлап отырмын. Аяқ киімнің кез-келген түрін тігемін. Бағасы – 15 мың теңге шамасында. Ұлттық нақыштағы аяқ киімге де тапсырыс қабылдаймын, – дейді Кенбай Игенбаев.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *