«11-ші ҚАЛАМҰШТЫҢ» АВТОРЫ

Мерей Тұлға
113 Views

«11-ші ҚАЛАМҰШТЫҢ» АВТОРЫ
немесе университетте бірге оқыған ғылыми жетекшім туралы ой-толғам

Құймақұлақ курстас

Журналистиканың бақшасынан жеміс теріп, абырой асқарына көтерілгісі келетін шығармашылық адамына екі қасиет ауадай қажет. Біріншісі – еңбекқорлық, екіншісі – ұқыптылық. Осы қос қанатыңыз мығым болса, медиакеңістіктің емен есігі сізге айқара ашық. Бұның ақиқаттығына журналистикада жасын ойнатып, оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген ақпарат өкілдерінің өмір тарихынан қанықтық, қазір де көріп жүрміз. Ондай майталман мамандар көп те емес, жоқ та емес. Бұл санатқа салалық журналистикамен ғана шектелгендерді емес, жалпы осы кәсіптің классикалық форматын жетік игеріп, аудиториясын алымды һәм шалымды дүниелерімен тамсандырып жүрген, оқылымды материалдар жазып, тек өзіне ғана тән стилімен, тілімен, көркемдік әлемімен оқырман қауымды тамсантқан әріптестерді жатқызып отырмын.
Солардың бірі һәм бірегейі – Бауыржан Омарұлы. Кезінде ҚазМУ-дің қалашығында қара нанды қақ бөліп жеген курстас досымның бүгінгі шыққан биігі мен үшін ұлы даладағы тастардың жиналып-жиналып, тау болып тұра қалғанындай елестейді. Ерекше еңбекқорлығы мен ұқыптылығының арқасында Жаратқан бойына дарытқан талантын ұдайы шыңдап, ұштаған ол абырой асқарына көтерілді.
Рас, бүгінгі таңда ең көп оқылатын журналистердің алдыңғы шебінде келе жатқан Баукең журналист деген мамандыққа үлкен дайындықпен келді. Студент кезімізде Баукеңнің қолынан кітап түспеді. Сол тұстағы аты дүркіреп тұрған ақындардың жырларын жадына тоқыды. Тоқып қана қоймай қажет кезінде орнымен қолданып, өзінің өзгеше қабілетін сездірді. Реті келгенде атойлап ақындар айтысына қатысты. Жай қатыспай ұтқыр, көркем шумақтарымен Алматының түкпір-түкпірінен келген ақындарды ықтырып, қанжығасын жүлдемен майлады.
ҚазМУ-дің қалашығындағы №5 жатақхана өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында мини-шығармашылық зертхана, шығармашылық үй еді ғой. Ару қаланың жоғары оқу орындарында оқитын, ақындығы бойына сыймай жүрген замандастарымыз жатақханамызға келіп, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей, өлеңдерін шабыттана оқу арқылы буларын шығарып, иық тірестіруге талпыныс жасайтын. Қайсыбірі журфактың арқалы ақындарының отты жырларынан қаймығып, айтысқа бел бумай, жәй жыр шумақтарын оқығанына риза болып қайтатын.
Бауыржан сол студент кезімізде білім мұхитының тереңіне сүңгіді. Оқығанын миына тоқыды. Нағыз құйма құлақ болды. Баукеңнің есте сақтау қабілеті сұрапыл. Университет профессорының дәрісін тыңдады дегенше, оның миындағы мыңдаған файлдардың біріне тап-тұйнақтай болып жазылып қалды дей беріңіз. Оны айтасыз, осыдан 20-30 жыл бұрынғы әлдебір оқиғаны санасына қаттап алып, айы-күніне дейін айтқанда таң қаламыз ғой.
Әсіресе сессия жақындағанда оны айналшықтайтындар қарасы көбейе түседі. «Ана жері қалай еді?», – деген курстастардың сұрағына ойланбастан жауап бере салады. №5 жатақханадағы Баукеңмен бірге жатқан біздің 505-бөлменің маңайында «қызыл бұрыш» атанып кеткен бір шағын кабинет болушы еді. Емтиханға бір-екі күн қалғанда қыдырудан қолы тимеген, стипендиядан қағылып қалудан сақтанған курстастарымыз «ұйымшылдықпен» сонда жиналатын. Сол күндерде Баукең мен «кітап кеміргіш» Тәкең («Егеменнің» қазіргі бас редакторының орынбасары, белгілі журналист Талғат Батырхан) сол бөлмедегі ерекше сұранысқа ие спикерлер болып тұрар еді.
Негізі өзімізден де бар. Профессорлар сабағын мұқият түсіндіретін. Сондағы айтқандары оң құлақтан кіріп, сол құлағымыздан шығып жататын еді ғой, анда-мұнда алаңдап отырып. Ал Бауыржан болса манағы жазғанымдай, миындағы әлдебір «флешкаларына» тап-тұйнақтай етіп жазып алатын. Емтиханға дайындалып жатып, «Ана бір сюжет қалай аяқталатын еді?», – деп сұрасаң, баяу жымиып «Соны да білмейсің бе?», – дей салатын. Қоймай сұрасаң, бәлсінбейді, «Ол былай ғой», – деп бастап, санаңа ұмытпастай етіп құйып береді. Бір қызығы, Баукең біз құсап тыңдаған дәрісті лыпылдатып жаза бермейтін. Шағын дәптерінің шет тұстарына сызықшамен басталатын қысқа-нұсқа тезистерді ғана тізіп қоятын. Онысы логикалық байланыстарын есте сақтауға ғана арналса керек. Ал қалған айтылғандар «супер флешкада» (Әрине ол заманда флешка деген сөзді де естіген жоқпыз ғой).
ҚазМУ-дегі бір республиканың маңдайына біткен жалғыз журфакқа түскендер ең алдымен мықты журналист болуға ұмтылатын. Университетте оқып жүргенде астанадан шығатын негізгі үш-төрт басылымға мақала шығару оңай-оспақ тірлік емес-тін. Кейбіреулері жалқаулықпен ол жаққа бас сұқпаса, бірқатары жазғы өндірістік практикада сол тұста жүздеген мың таралымымен дүркіреп тұрған «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстанда», болмағанда облыстық «Жетісу» яки «Алматы ақшамында» тәжірибеден өтіп, мүйізі қарағайдай журналист аға-апайлармен жүздесіп, үлкен ортаға бой үйрету арқылы сол басылымдардың бірінде қалып қоюға талпынса, көпшілігі өз туған жерлеріндегі облыстық газеттер мен телеарналарда бағын сынайтын.
Студенттік шақта әлгі айтылған басылымдардың алғашқы екеуіне барғыштап, біраз мақалаларымызды шығарғанымыз бар. Бөлмеде бірге жататын курстастарымды бірге баруға үгіттесем, «өзің бара берсейші» (студенттік кездегі бір оқиғадан алынған әзіл тіркес) деп маңайлатпады. Бірде сабағына тиянақты Бауыржанға ұсыныс тастайын: «Жақсы жазасың, газеттерде жарияланған ойлы дүниелерің бар ғой, «Лениншіл жасқа» бірге барып қайтсақ қайтеді. Ол жердегілердің сені бірден бағалайтыны айдан анық». Келесі күні редакцияларға барарда ұстайтын сөмкемді дайындап, «қылқиып» Баукеңе қарап едім, ол ойымды бірден түсінсе керек, «Кеттік, барсақ барайық», – дегені. Салып отырып орталықтағы «Баспасөз үйінің» 7-ші қабатындағы «Лениншіл жас» газетінің редакциясына келдік. Есімде қалғаны, Баукең Жарылқап Бейсенбаев ағамыздан адамгершілік тақырыбында материал жазып әкелуге тапсырма алып, оны бір-екі күнде дайын етті. Сабақтан қайтып келе жатқанымызда: «Тоқтағазин, «ЛЖ»-ға барамыз ба?», – дейді. «Әрине, – дедім қуанып кетіп, – мақалаң уже дайын ба?». «Дайын болғасын айтып тұрмын да».
Жатақханаға келе жатқанда жолай орналасқан студенттік асханадан тамақтанып алдық та, көп кідірместен «Редакциялар үйіне» тартып отырдық. Автобуста бара жатып, дәптер парағына жазылған мақаласын оқып, риза болдым. Әсіресе маржандай тізілген қолтаңбасы тәнті етті. Үш беттік материалында бір ауыз артық жол жоқ қой. Әрбір ойы логикалық тұрғыдан мұқият өріліп, кішкентай әріптермен әдіптелген мақала жолдары түп-түзу қатарласа қалған. Ол заманда машинканың өзі қат.
Журфактағы бір-екі машинканы сабақ үстінде тықылдатып басқанымыз болмаса, ондай «дефицитке» қол жеткізу қайда?! Редакцияға келген соң ол Жарылқап ағаны жағалап кетті де, мен тілші Баян Болатханова апайдың кабинетіне кірдім. Кезекті мақаламды қабылдап алған апайым ойлы көзбен қарап алып; «Мұратжан, жазуға төселгеніңді білеміз, нақты тақырыбы айқындалған арнайы бір бетті дайындауға қалайсың?», – деді. Ол заманда «ЛЖ»-ның бір бетін дайындау үлкен жауапкершілікті талап ететін. Оның үстіне екі күнде дайын болуы керек. Мұндай тәуекелге сақа журналистердің өзі бара бермейтін. Мен ойланбастан «Жарайды», – деп жібердім де, артынша қобалжығанымды байқадым. Сосын бір ой келді: «Баукеңмен бірігіп дайындасам ше?». Редакциядан шығып бара жатқанда онымен ақылдасып едім: «Мен дайынмын, қай бөлігін жазайын?», – деп тұр ғой. Мойнымнан жүктің біраз бөлігі түскеніне қуанып кеттім. Түнімен ұйықтамай, материалды жазып бітірдік. Сөйтіп, студент жастарға арналған арнайы бетті уақытында дайындап, газетке тапсырғанымызда Баян апай риза болды-ау. «Өздерің дайын журналиссіңдер ғой, жазда практикаға осында сұраныңдар», – деп мерейімізді өсіріп тастады. Осыдан бастап «Лениншіл жас» Бауыржан екеуіміздің жиі келетін мекемемізге айналды. Оның үстіне үлкен ағайлармен бірге ай сайын қаламақы алып тұрамыз. Кейде түлкіқұрсақ болып жүретін студентке бұдан артық не керек?!
Кейіннен мен «Социалистік Қазақстанда» практикадан өтетін болдым да, Баукең «Лениншіл жасқа» судай сіңіп, тастай батты. Көлемді мақалалары газет бетінде көсіліп жататын болды. Соңғы курста қызметке алынып, университетті бітірген соң осы басылымға біржола келді. Одан кейінгі журналистік жолы қалың оқырманға жақсы мәлім деп ойлаймын. Өйткені «ЛЖ»-дағы қаламгерлігі хақында Баукеңнің эсселері мен мақалаларында жеткілікті жазылды.

Қос қанатты қаламгер

Журналистика тарихында бірнеше саланың сайыпқыраны болғандар сирек ұшырасады. Журфакты бітіргендер әдетте бір газеттің немесе телеарнаның құлағынан ұстап, қатардағы қызметкерден басшысына дейінгі қызметтік баспалдақтардан өтетіні көпке мәлім. Ал бірқатары медиакеңістіктегі дәстүрлі қызметімен қатар кәсіпкерлікті қатар алып жүреді. Қазіргі нарық экономикасының дәурені жүріп тұрған тұста бұл аса таңданарлық жағдай емес, тіпті бұл кейбір әріптестеріміздің үйреншікті өмір салтына да айналып кеткен.
Ал екінің бірінің қолынан келе бермейтін – журналистика мен ғылымды әрі үлкен қызметті қатар алып жүру сиректеу ұшырасатын жағдай. «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас алаш») шақыртуымен қызметке кіріскен Баукең үшін ол іргелі басылымда журналист ретінде қалыптасу оп-оңай бола қалды деу артық, әрине. Сейдахмет Бердіқұловтай жазуға қатаң талап қойған бас редактордың көңілінен шығу қиынның қиыны екенін сол заманда ағаларымыз айтып отыратын. Әсіресе тақырып қоюға келгенде ол кісінің талапшылдығы, кірпияздығы, тапқырлығы өз алдына бөлек әңгіме. Егер мақаланың мазмұны мен көтерілген мәселе тереңнен қозғалса, саңлақ редактор аса көп кідіртпей, ұстамай, жұтынған тақырыпты өзі қойып, теруге жібере беретін болған.
Баукең осындай талғамы таудай басшының қарамағында жұмыс істеп, журналистік шеберлік мектебінде шыңдалды. Қатардағы тілші, аудармашы, аға тілші, бөлім меңгерушісі болды. «ЛЖ-ның» әрбір бөлім меңгерушісі өз алдына бір төбе болып, редакцияға келгендерді мысы басып тұратын. Баукең де сол ағаларының жолымен аталған басылымның жұрт мойындаған бөлім меңгерушісі болды, әріптестерінің алдында зор абыройға кенелді. Бұл айтуға ғана оңай. Шын мәнінде редакцияға дүркін-дүркін келіп жататын оқырман хаттарымен жұмыс істеп, қорытып, оның әрқайсысының тақырыбының сәтті болуын қадағалау, редакциялау маңдай терді көп төгуді талап ететін.
Баукең бұл баспалдақтан сәтті өтіп, кейіннен «Хабар» агенттігінде «Жеті күнді» ұршықша үйіріп жүргізді, «Ер-Дәулет» ақпарат агенттігінің бас редакторы ретінде шыңдалып, «Астана хабары» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Айқын» газетінің бас редакторы, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры ретінде медиақұрылымдарды басқарып, қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосты.
Әсіресе «Айқынды» басқарған тұста қабілет-қарымын барынша көрсете білді. Бұл енді Сейдағаңнан дарыған шығармашылық қасиеттер деуге болар. Баяғыда «Лениншіл жастың» айдарлары «шақырып» тұратын еді. Қатардағы оқырман «Бәсе-ау, бұл жерде не бар екен?», – деп бірден арбалатын. Ал Баукең «Айқынның» тізгінін қолына алғанда «Президент пен перзент», «Танымал әннің тарихы», «Не боп кетті өзі…», «Осы ғой енді…», «Ел білетін есім», т.б. айдарлар дүниеге келіп, оқырмандардың назарын аударды. Мынадай рубрикалар самсап тұрғанда қай оқырман оқымайды дейсіз?! Солай болды да…
Бауыржанның бір қанаты – журналистика болса, екіншісі – ғылым. Ол өзіне тән еңбекқорлығымен бұл бағытта мақсатты қадамдар жасады. 1993 жылы кандидаттығын, 2001 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Оның жетекшілігімен 8 ғылым кандидаты, бір философия докторы (PhD) дайындалды.
Ол үлкен қызметтерде жүрсе де жоғары оқу орындарымен байланысын үзбеді. Педагогикалық бағыттағы жұмыстарын тоқтаусыз жалғастырды. Журналистика факультеттерінің студенттеріне мамандығымыздың қыр-сырын үйретуден жалықпады. Кезінде оның ҚазМУ-де оқытқан шәкірттері еліміздің іргелі басылымдарының басшылары деңгейіне жетті. Бүгінгі таңда Еуразия ұлттық университетінің телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры ретінде жас әріптестерін журналистік шеберлікке баулиды.
Баукеңнің ақын Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығын зерттегені, қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымын, түпсіз тұңғиық ежелгі әдебиет мәселелерін тереңдеп зерделегені ғылыми ортада кеңінен мәлім. Бұл бағыттағы ғылыми зерттеулері көлемді монографиялары мен басқа да ғылыми еңбектерінде жан-жақты қамтылғандықтан оған тоқталмай-ақ қоюды жөн көрдім. Қазіргі зерттеушілікті ниет еткен кез-келген докторант яки магистрант зар заман поэзиясы тақырыбын төңіректесе, Баукеңнің ғылыми еңбектерінен айналып өте алмайды. Бұдан асқан қандай жетістік болуы мүмкін?! Оның үстіне Бауыржанның ғылыми мақалалары Scopus, Web of Science сияқты деректер қорында индекстелген ғылыми журналдарда жиі жарияланып тұрады.
Баукеңнің адами қасиеттері өз алдына бір мақалаға жүк боларлық десем, артық айтқандық емес. Қарапайым, мақтанбайды, өзгенің мақтағанын қаламайды. Жамандық атаулыдан аулақ жүреді. Ұстамды. Адал. Абай атамыздың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген ұлағатын көкейіне берік түйгені анық. Кісі баласына жақсылық жасауға дайын тұрады. Журналистика мен ғылымға бейімі бар талапкерді көрсе, қанат бітіруге, талантының ұшқынын алауға айналдыруға асығады.

Жігері мол жетекші

Мені ғылымға жетелеген де Баукең. Бірде кешке қарай қыдырыстап жүргенімізде ол маған ой салды. Зерттеумен айналысу жөнінде кеңес берді. Әзілхан Нұршайықов шығармашылығына байланысты еңбек жазуды міндеттеді. «Ертең бар да Еуразия ұлттық университетінің аспирантурасына ізденуші болуға өтініш жаз, тақырыбыңды тағы да нақтылаймыз, іске кіріс», – деді Баукең жігерлі үнмен.
Еркін тірлікпен жүрген өмірім өзгеріп сала берді. Келесі күні университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, академик Рымғали Нұрғалиға жолығып едім, ол кісі бірден қолдады. Сөйтіп, Баукеңнің бағыт сілтеуімен ғылым әлеміне қадамым басталып кетті. «Кітапхана – университет – Әзілхан аға» маршруты өмір салтыма айналып шыға келді. Арасында, әрине, жалқаулыққа салынып кететінім бар. Ғылыми жетекшім өзіме жайлы, бірақ көзінен тасалана алмайсың. Бақылап отырады.
Бір күні ұялы телефоныма хабарласып, «Не істеп жатырсың-ей?», – дейді. «Сол, кітапханадамын ғой», – деп өтірікті соғып жібердім. Өз тірлігіммен жүрмін десем, кеюі мүмкін. Бірақ ол біліп қойды: «Ар жағыңнан естіліп жатқан дыбыстар кітапханадағы дауыстарға ұқсамайды ғой». Қарқылдап күліп, бірден мойындадым: «Шұғыл шаруалар шығып қалып, бір мекемеге келгем. Бірақ Алматыға екі рет барып, Әзағаңмен асықпай әңгімелесіп, Ұлттық кітапхана мен Ғылым академиясы кітапханасының қорынан біраз материал жинақтадым. Әдебиеттермен жұмыс істеп, дәйексөздерді молайтып жатырмын», – деп жедел есеп беріп тастап едім, ол да сәл басылып, бір ауыз сөз айтты: «Енді тапжылмай отырып, жинақтағандарыңды жүйелеп жазуға кіріс».
Хош, 2010 жылы кандидаттықты қорғап, келер жылы Баукеңнің қолдауымен Еуразия университетіндегі жаңа қызметіме кірістім ғой. Сөйтсем, Қазақстанның Болон жүйесіне кіруінің алдында соңғы вагонға секіріп мінгендей болыппын ғой. Сәл кешіккенде үлгермей қалғандай екенмін. Бұл да болса жалқаулығым кері тартып тұратын маған деген Бауыржан достың бір шапағаты еді.
Мен Баукеңнің қорғатқан сегізінші кандидаты екенмін. Алдыңғы қорғағандар Ұлттық Ғылым академиясы мен еліміздің түрлі университеттерінде ғылыми және оқытушылық қызметтерде көрінеді. Біразының монографиялары жарық көріп, ғылыми мақалалары беделді ғылыми журналдарда жарқырай жарияланып жатты. Ғылыми жетекшім университеттегі доценттік қызметке кіріскенімде тағы бір ақылын айтсын: «Әй, Тоқтағазин, дәріс оқыған дұрыс қой, бірақ жұрт құсап Скопус базасында мақала шығаруға кірісіп, ғылыми деңгейіңді көтер енді».
Бұл мәселеде өзім қызмет ететін Баспасөз және баспа ісі кафедрасындағы әріптестерімнен там-тұмдап естігенім бар. Бірақ силлабус жазудың әуресімен жүріп ол жаққа мойын бұруға мұршам болмаған. Ғылыми жетекшімнің кезекті қамшылауымен бір айдай зерттеп, кезекті бір сенбі-жексенбіде тапжылмай отырып мақаланы жазып тастап, оны орысшаға аудартып, шетелге жолдап жібердім. Алайда ондағылар асықпайтын көрінеді. Хат жазсам, «Рецензенттерге жібердік, жауабын күтіп отырмыз», – дейді. Арада жарты жыл өткенде жақсы хабар жетті-ау. Кейін ол жақтағы азуы алты қарыс ғалымдардың қатаң талаптарын ескере отырып, бірінен кейін бірін жазып, квартилі жоғары импакт факторлы Web of Science, Scopus базасына кіретін алты журналда ғылыми мақалаларымды жарияладым-ау. Арасында Баукеңнің де құнды ақыл-кеңестерін, ғылыми-әдістемелік бағыттауларын қаперде ұстағанымды атап көрсеткенім әділдік болар деймін.
Ал Баукеңнің жоғарыда айтылған медиақұрылымдарды басқарудағы жетістіктерінен бөлек, оның оқырмандар алдында мерейін өсірген дүниелер –журналист әріптестері туралы жазған эсселері мен мақалалары. «Астана хабарында» бірінші орынбасар болып жүрген кезі. Бірде біздің үйде шәй ішіп отырғанбыз. Ол пәлендей ештеңе айтпастан менің журналистік жолымдағы кейбір ақпараттарды білейін деген мағынада сұрақтарын жайлап қоя бастады. Оған мен де тым мән бермей, емен-жарқын әңгімелестік. Арада көп уақыт өтпей «Астана хабарында» мен туралы бір беттік «Ақпараттың ақмылтығы» деген эссе жарқ ете қалды. Сөйтсем, бұл Баукеңнің ірі медиажобасындағы экспериментінің бірі екен ғой. Мұның алдында осы басылымға өзімізбен бірге оқыған белгілі журналистер – Қайрат Мұсақұлов пен Нұржамал Байсақалова туралы портреттік эсселерін ұсынған-ды. Кейіннен есімі елге әйгілі журналистер туралы эсселер мен портреттік мақалалар циклы республикалық басылымдарда, әсіресе «Ана тілінде» бірінен кейін бірі жарқырап шыға бастады.

Медиа мінезді менеджер

2010 жылы Бауыржан жазған эсселер «11-ші қаламұш» деген атпен «Алты Алаш» баспасынан 1000 дана таралыммен жеке жинақ болып шықты. Жарық көрген бойда оқырман қауым қыл үстінен бөліп әкетті. Дәлірек айтсам, кітапты оқуға құштарларға Баукең тегін таратып берді. Астана мен Алматыдан бөлек, елдің түкпір-түкпірінде жатқан журналистер аттай қалап сұратып алып жатты. Кейбіреулері маған хабарласып, «Курстас досыңның ана кітабын алу құрметіне ие болсақ», – деп «құда түссін» келіп. Көзі қарақты, республикалық басылымдардан сол эсселерді оқығандардың өзі «Кітапханамыздың төріне қойып, көрмей қалғандарымызды түгел қарасақ деп едік», – деп қиылды-ай келіп. Менің журфактағы студенттерім қоймаған соң ішіндегі ең жазғыштарының бірнешеуіне сыйлық ретінде ұсынып, бірнеше данадан елордадағы басты кітапханаларға апарып бердім.
Бір таңқалғаным, біздің университеттің ғылыми кітапханасына тапсырылған даналарына біршама студенттер кезекке тұрыпты. Баяғыда Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарына» сұмдық сұраныс болғанын білуші едік. Енді Бауыржанның «11-ші қаламұшына» қып-қызыл «өшірет». Қаламгер үшін бұдан артық қандай марапат, мерей керек?! Тіпті кейбір студенттерімнің артқы орындыққа жайғасып алып, сабақ аралығындағы үзіліске шықпай, осы кітапты шұқшия оқып отырғанын көргенде ішім жылып қалады.
Кітап оқылса оқылғандай-ақ. Тілі жеңіл, көркем, табиғи. Юмордың жылы лебі есіп тұрады. Кейіпкердің келбетін оның өміріндегі тұщымды детальдармен өрнектей жөнеледі. Ешқандай «официоз» жоқ. Әсіресе күлкілі сәттер әдіптелгенде журналистің өзгеге ұқсамайтын қырлары жарқырай көрінеді. Шамалы штрихтар мен сәтті детальдарды ойнатып жібергенде кітапқа «жабысып» қаласың ғой. Оны айтасыз, кітапқа алғы сөз жазған Қазақстанның халық жазушысы, миллиондаған оқырмандардың сүйікті қаламгері Әзілхан Нұршайықов бүй дейді: «Бауыржанның жазу стилінің өзгешелігіне, тілінің шұрайлы екеніне ешкімнің таласы бола қоймас. Ол көркем прозамен айналысқанда, сүбелі дүниелер тудыратындай мүмкіндігі бар екен».
Бұл – классик жазушының өзі жазғанындай, іні-әріптесіне берген бағасы. Баукеңнің эсселерінің тілі мен стиліне қатысты осыдан асырып айту да қиын болар. Ең бастысы, «11-ші қаламұшқа» енген 23 эссенің әрқайсысы оқылуға сұранып тұр. Бұл кітапты қолға алған оқырманның аяғына дейін қалдырмай оқитынына бек сенімдемін. Ерекше атап көрсетерлік деталь: кейде бір, кейде екі шумақпен келтірілетін «Студенттер фольклорынан», «Журналистік фольклордан» деген автордың өзі жазған жыр жолдарынан-ақ эссенің лейтмотивін бірден бағамдайсың. Тек өзіне тән мәнер-стилінен соңына қойылған қолына қарамай-ақ «мынаны жазған Бауыржан ғой» десіп жатқан оқырмандарды жиі ұшырастырдық. Ал эсселердің тақырыптары көз жаулайды ғой, бірінен бірі өтеді: «Қожакеев құбылысы», «Біз көрген Бердіқұлов», «Кәтепті қара нар», «Ұлт ұғымын ұлғайтқан», «Ақ парақ», «Аралдың ақжал толқыны», «Жалқы мерген»… болып тізбектеліп кете береді.
Бұл бергі жағы ғой. Эсселердің ішіндегі есіліп тұрған тақырыпшаларды қайтерсің, бірінен бірі асып, шеберлік деген осындай болады деп мысыңды басады. Бірақ соны көріп, сенің де мақала жазғың кеп, шабытың тасып кетеді. Бұл да болса Баукеңнің журналистік лабораториясының құпия қырларының бірі ме дейсің.
Арада алты жыл өткенде Бауыржанның тағы бір жинағы журналистер қауымын елең еткізді. Бұл жолы ақпараттық кеңістіктің «ауыр салмақтылары» бастап, біздің курстастар түйіндеген «Төртінші билік» тарландары мен арландары кітап бетіне қонжия қалыпты. Бірінен бірі өтетін, есімдері оқырман қауымға жақсы таныс сара сөздің сайыпқырандары. Кітапта орналасуына қарай тізіп шықсам, бұл галереядағы дүлдүлдердің «сен тұр, мен атайын» екенін екінің бірі түсіне қоятынына бәс тіге аламын. Кеттік: Әзілхан Нұршайықов, Тауман Амандосов, Жұмағали Ысмағұлов, Шерхан Мұртаза, Нұрмахан Оразбек, Сұлтан Оразалинов, Қуаныш Сұлтанов, Сауытбек Абдрахманов, Уәлихан Қалижанұлы, Намазалы Омашев, Несіп Жүнісбаев, Нұртілеу Иманғалиұлы, Қали Сәрсенбай, Жұмабек Кенжалин, Еркін Қыдыр, Ерлан Бекқожин, Бекен Нұрахметов, Амантай Шәріп, Ғалымжан Мелдешов, Әнуарбек Әуелбек. Әйгілі есім-сойларды тізіп шығудың өзі едәуір уақыт алады. Ал солардың әрқайсысымен тілдесіп, ой қорытып, ол ойларын жеңіл юмормен ойнақтатып жеткізген автордың шеберлігіне қалай риза болмайсың! Сөйтіп, «Ақпараттың ақмылтығынан» басталып, «Ақпараттың ақ «Волгасымен» түйінделген медиажоба мәресіне жеткенімен «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» әріптестеріміз туралы жазуын автор үзбейтінін мегзеп, «Жоба жинақталса да, жазу жалғаса бермек», – депті «Төртінші биліктегі» «Жаз, жаз, қалам, тер, қалам!» атты күрмеу сөзінде.

Жарқын ойлы жазбагер

Шағын естелік-эсседе қырық үш жыл дос болған адам туралы бәрін жазу әсте мүмкін емес екен. Бұл тақырып болашақта жалғасатын болады. Осы төрт онжылдықтан астам уақытта отбасымызбен жақын араласып, қызық-шыжықты бірге көрдік. Бір-біріміздің жетістіктерімізге балаша қуандық, көңілге қаяу түскен сәттерде бірге мұңайдық. Мен шығармашылық ауылынан алыстаған тұста Баукең үйірге қайта қосуға қамшылады. Сол үшін де оған алғысым шексіз.
Хош, мені қойшы, негізгі тақырып – Бауке бейнесіне ат басын бұрайын. Табиғатында Бауыржан мақтағанды суқаны сүймейді. Кейде оның көзінен мынадай ойды оқимын өзімше: «Мақтаудың малтасын езе бермесейші, кім екенімді өзім де білемін».
Енді досым алпыстың асқарынан асқанда оның жан дүниесін айшықтайтын жүрек түкпіріндегі ой-түйінімді сабақтап көрейін. Дін ғұламаларының пайымдауынша, Алла тағала ең алдымен адамның ниетіне орай игілік-берекесін беретін көрінеді. Ал Баукеңнің өмірлік кредосынан байқағаным, «басқаға болсын» деген ұстаным. Бұл оның өзін ойламайды деген сөз емес, әрине. Өзгеге көбірек жақсылық жасап, шын ниетімен тілеуін тілеу – оның табиғи қалпы, адами келбеті. Алла тағала да оның осы пейілін құп алып, абыройды да, құт-берекені де берген-ау деген ой келеді де тұрады. Кісі баласына қиянат жасамайды, керісінше, жақсы жағын көбірек көріп, мерейінің одан сайын өсуіне тілеулес болып жүреді.
Ана бір жылы Баукең Білім және ғылым министрлігі жанындағы Жоғары аттестациялық комитеттің президиум мүшесі болып жүрген тұсында Алматыдан белгілі бір ғалым хабарласып, өзіне ұнамай қалған аспирантын «құлатуын» сұрағанда, оған мәдениетті түрде: «Аға, кешіріңіз, мен қолдау жөніндегі маман едім», – деп жеңіл юмормен жауап қайтарыпты. Оның арғы жағында «танымайтын адамыма көпе-көрнеу қиянат жасамаймын» деген ой жатыр ғой. Басқа біреу болса пендешілікке барар ма еді…
Ал Баукең болса ірілігін, адамгершілігін ондайға былғамады. Өз өмірлік кредосында қалды. Жоғарыда жазғанымыздай, ол керісінше адамдардың бойынан иненің жасуындай болса да жақсылықты тауып алып, ал өзгеше қасиеттерін одан сайын көтермелеп, әріптестеріміз туралы жасындай жарқылдаған эссе, мақалаларын республикалық басылымдарда жаппай жариялады. «Жақсыны – көрмекке» дегендей, қаптаған сайттар мен порталдар автордың рұқсатымен өз платформаларында ол эсселерді жарыса көшіріп басып жатты.
Бауке-дос – қоғамдық өмірде ғана емес, өз отбасында да үлгілі әке, немерелері үшін сүйікті ата. Үш ұлы – Бақытжан, Дәурен, Дәулет өмірден өз орындарын тауып, жақсы қызметтерде жүр. Жан жары Тойған Баукеңнің бабын күйттеп, үй тірлігін ұршықша үйіріп, отағасының қамын ойлаудан шаршаған емес. Балалары мен немерелерін тынымсыз тәрбиелеп, аялай әлпештеуде. Досымның оқыстан ертіп келген қонақтарын құшақ жая қарсы алады, ақ дастарханы жиылмайды-ау қашан көрсең. Ер азамат үшін бұдан артық не керек?! Артында осындай мықты сүйеніші бар ол қызмет пен шығармашылықты шырқ үйірмей қайтсін?!
Бауыржан Омарұлы журналистер туралы көсіле жазып, шиыра төгілткенін хал-қадерімізше жазған болдық. Оның шығармашылығы туралы еліміздің түкпір-түкпіріндегі университеттердің бітірушілері жарыса дипломдық жұмыстар жазып, аузы дуалы алаш азаматтары бағаларын берсе, Фейсбуктегі жазылушылары ыстық ықыласқа толы ұзын-сонар комментарий-лебіздерін жаңбырша жаудыруда.
Біздің кейіпкеріміз мақтауға мұқтаж да емес. Басқасын айтпағанда, қазақ журналистикасының жампоздары туралы «11-ші қаламұш» пен «Төртінші билікті» қалың оқырманға ұсынып, «бағасын өздеріңіз берерсіздер» деген сыңайда жазуын одан әрі жалғастырып жүр. Қарапайым ғана шығармашылық қадамдарын жасап, әлеуметтік желіде кезекті туындысын оқырмандарына ұсынып қояды. Ал әр жазбаның соңында сүйсініс білдірген ондаған комментарийлер тағы да Баукеңнің журналистік шеберлігін айғақтап тұр.
Жазарың көбейсін, Бауке-дос!

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
Бас редакторлар клубының вице-президенті,
«Құрмет» орденінің иегері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *