«ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ЕҢ АЛДЫМЕН ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚ ЖАҚСЫ БІЛЕДІ»

Қоғам
288 Views

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан тұрғындарымен есепті кездесулері Мақтааралауданында басталды. Кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, ел дамуындағы жаңа бағдарламалардыңнегізгі бағыттары түсіндірілуде.

— Сіздердің ой-пікірлеріңізді естіп, ауданның әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысу біз үшін өте маңызды. Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Сондықтан күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуын өздеріңізбен бірге атсалысамыз. Осыған дейін өткен кездесуде маңызды мәселелерді көтерген едіңіздер. Оларды жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында Мырзакент кентінде спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде (881,4 млн. теңге), кешен пайдалануға осы тамыз айында тапсырылады. Атакент кентінен дене шынықтыру, сауықтыру кешенінің құрылысына 200 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталатын болады. Одан бөлек, Еңбекші және Жамбыл ауылдық округтерінен мәдениет және кітапхананың құрылыс жұмыстары басталып, осы жылы аяқталады. Бірлік ауылдық округі, Өркениет елді мекенінде 200 орындық мектеп құрылысына қаржы қаралып (970,1 млн. теңге), осы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Азаттық елді мекенінің ауыз су жүйесіне республикалық бюджеттен 341 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары басталды. Келер жылы ашылады, — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Аудан қайта құрылғалы бері 5 жыл уақыт аралығында жалпы ішкі өнім көлемі 2 есе өсіп, былтыр 81 млрд. теңгеге жеткен. 2023 жылдың 6 айының қорытындысымен бұл көрсеткіш 10 млрд. теңгені құрап, 10 пайызға өсіп отыр. Өсімдік шаруашылығы былтыр 841 млн.теңге, мал шаруашылығы 9,3 млрд. теңгені құрады. Нәтижесінде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 5,8 пайызға өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,8 есе өсіп, былтыр 9,7 млрд. теңгеден асты. Биыл жарты жылда 2 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды.

Былтыр негізгі капиталға 22,5 млрд. теңге инвестиция бағытталса, биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен 12 млрд. теңге инвестиция тартылды. Ауданда 2023-2025 жылдары 47 млрд. теңгеге 17 инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2022 жылдың 6 айында 5,3 млрд. теңгені құраса, 2023 жылдың тиісті кезеңінде бұл көрсеткіш 2,6 есеге артып, 14,4 млрд. теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 2022 жылдың 6 айында 3,6 млрд. теңгені құраса, ағымдағы жылы 3,5 есеге артып, 12,4 млрд. теңгеге жеткен.

Осыдан бес жыл бұрын жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 22,3 пайызды құраса биыл бұл көрсеткішті 78,5 пайызға жеткізу көзделген. Оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 жылда 117 көшеге 2 млрд. 757 млн. теңгеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы уақыт аралығында 100 шақырымнан астам жолға тас төселген.

Соңғы 5 жылда ауыз сумен қамтылған тұрғындардың саны 15,9 пайызға артып 97,1 пайызды құрады. 18 мың 477 абонент табиғи газға қосылған. 12 елді мекенде жүргізіліп жатқан жеткізуші газ құбырының құрылысы (1 млрд. 972 млн. теңге) биыл іске қосылады. «Мақтаарал» автоматты газ тарату станциясының құрылыс жұмыстары биыл аяқталмақ. Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы 9 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіліп, газбен қамту деңгейі 65,2 пайызға артады.

Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары салынып жатыр. Мектеп саны 51-ге жетті. Төрт елді мекенде 200 орындық мектептер салынып жатыр. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен облыста «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде аудан аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 1500, 900, 600 және 300 орындық 5 жаңа мектептің құрылысы жоспарлануда. Олар алдағы екі жылда пайдалануға беріледі.

Екі емхана, дәрігерлік амбулаториялар және фельдшерлік-акушерлік пункті пайдалануға берілді. 4 елді мекенде жаңа медициналық тірек салынды. 2023 жылы жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024 жылға Мақтаарал ауданы бойынша 5 медициналық нысандар салыну жоспарланып отыр.

Спорт саласын ары қарай дамыту мақсатында 2019-2022 жылдар аралығында Мақтаарал аумағында 12 кіші футбол алаңшалары салынған. Салынып жатқан спорт нысандарының арқасында ауданның спорт инфрақұрылымы жақсаруда. Премьер-лигада Түркістан облысы атынан ойын көрсетіп жүрген «Мақтаарал» футбол командасы жас ұрпақтың жан-жақты дамуымен бірге тәрбиесіне де ерекше әсерін тигізуде. Ауданда бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны 2023 жылдың 6 ай қорытындысымен 53 138 адамды құрап, аудан халқының 41%-ға жетті.

«МАҚТА ТАЛШЫҒЫН ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ»

Мақтаарал ауданында мақта талшығын өңдейтін зауытының құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Алдағы уақытта зауытта 50 жергілікті тұрғын үшін жаңа жұмыс орны ашылады. Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі, тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі зор. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданының тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.

— Жергілікті әкімдердің алдында тұрған басты міндет – жаңа кәсіпорындарды ашу, жаңа жұмыс орындарын құру. Осы жылы мамыр айында облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына барған болатынмын. Сол кезде бірнеше қалалардағы әлемге әйгілі ірі компаниялардың жұмысымен таныстық. Біздің басты мақсатымыз – экономикалық дамуы бойынша тәжірибе алмасып, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі, тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі зор. Бұл бағыттарды дамыту үшін облысымыздың оңтүстік аудандарының әлеуеті жоғары. Осыны ескере отырып, шілде айында аудан әкімі Бақыт Насырханұлын және облысымыздың оңтүстік аудандарының басшылары мен жергілікті кәсіпкерлерді Қытай мемлекетіне іссапарға жолдадым. Нәтижесінде, Мақтаарал ауданынан жеке кәсіпкер Қытайлық кәсіпкерлермен 2,5 млн. АҚШ долларын құрайтын келісімшартқа қол қойып, жылдық қуаттылығы 60 мың тоннаны құрайтын мақта талшығын өңдейтін зауытының құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Алдағы уақытта 50 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл бағытта жұмыстар әрі қарай өз жалғасын табатын болады, — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Мақтаарал ауданында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 5 жылда 80 пайызға өсіп, былтыр 10 мыңнан асты. Олармен 39 млрд. теңгеге өнім өндірілді. Биыл қосымша 1,5 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Аудан бюджетінің өзіндік кірістері артуда. Оның көлемі 2019 жылы 1,2 млрд. теңгені құраса, былтыр 3,4 млрд. теңгеге дейін жетіп, 3 есе артып отыр. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 1,6 млрд. теңгені құрады (жыл соңына дейін 3,6 млрд. теңге). Бұл түсімдер ауданның әрі қарай дамуына өз септігін тигізеді.

Жоғары оқу орнын бітірген жастарға мемлекет «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қолдау көрсетіліп, үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген несие беріледі. Осы бағдарламаның аясында 2019 жылы ауылдық елді мекенге жұмыс істеуге келген 420 маманға 327 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы көрсетіліп, бюджеттік кредиттер берілген. Соңғы 5 жылда бөлінген қаржы көлемі 169%-ға артып, осы жылы 480 маманға 552 млн. теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсету жоспарланып отыр.

Мақтаарал ауданы экономикасының негізгі драйвері — ауыл шаруашылығы. Биыл жергілікті диқандар 61 мың гектар жерге егін екті. Оның ішінде 36,3 мың гектары мақта дақылы.

Мақта дақылынан алынатын өнімділікті және сапасын арттыру мақсатында Өзбекстандық «Globаl Textile» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, «Намаган-77» тұқымдық шит егілді. Биыл бұл компания Мақтаарал ауданында өзінің мақта қабылдау пункттерін ашып, 10 мың гектар алқаптан шикізат қабылдау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта мақта қабылдау зауыттарымен қоса мақтаны терең өңдеу фабрикаларын салу жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы өнім көлемін арттыру және шаруалардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында 1 алқаптан 2-3 өнім алу жобасы аясында 300-ден астам аудан шаруалары ағымдағы жылы 1 мың гектар алқапқа ерте өнім беретін көкөніс дақылдарымен бірге мақта және бақша дақылдарын егіп, өнім көлемін арттыруда.

Мақтаарал ауданындағы суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдірудің 2 кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама аясында 220 канал ретке келтіріліп, 150 тік дренажды ұңғымалар жөнделуде. Жоба құны – 42 млрд. теңге.

Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 24 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 4 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылған. Қазіргі уақытта қосымша 2 жобаның іске асырылуы пысықталуда. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда тартылған инвестициялардың көлемі 5 млрд. теңгеге жетіп, 340 астам жұмыс орындары құрылады.

Ауданда жұмыспен қамту шаралары кенінен жүзеге асырылуда. «Еңбек» бағыты бойынша 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 746 жұмыс орындары ашылды. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

— Өздеріңіз білесіздер, облыс тұрғындардың басым бөлігі ауылды елді мекендерде тұрады, нақты айтқанда 80 пайызы немесе 1,6 млн. адам. 1 млн.-ға жуық ауыл тұрғындарының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Президентіміз ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Осыған орай, қазіргі уақытта іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы біздің облыс үшін өте маңызды.

Бағдарламаның аясында несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады. Атап айтқанда: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Мақтаарал ауданында бағдарлама Достық, Аязхан Қалыбеков, Иіржар, Жамбыл ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 76 жоба мақұлданып, 43,5 млн. теңгеге 8 жоба қаржыландырылды, 15 жоба кепіл шартын тіркеу сатысында тұр, — деген облыс әкімі халықты жаңа жобаның көмегімен кәсіп бастауға шақырды.

Кездесуде облыс әкіміне Мақтаарал тұрғындары түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтты, өтініштерін жеткізді. Сонымен бірге жеке қабылдауда да өзекті мәселелер көтерілді. Әрбір сұраққа жауап беріліп, хаттамаға енгізілді. Облыс әкімінің халықпен кездесулері басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.

САУРАНДА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Сауран ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары аясында ауданға қарасты қала, кент, ауылдық округ елді мекендеріндегі ескі су жүйелері жаңартылып, тозығы жеткендері толығымен ауыстырылуда. Бүгінде ауданда 12 ауылдық округке қарасты 36 елді мекеннің 88,9% (100,5 мың адам) орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген.

Осы орайда Сауран ауданында ауыз су тапшылығын шешу мақсатында 2023 жылы 268 тұрғыны бар Ойық елді мекеніне республикалық бюджеттен қаржы қаралып, ауыз сумен қамту құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысанның құрылыс жұмыстары 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлап отыр.

Одан бөлек, Ескі Иқан елді мекенінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Иқансу-Қытай кен орнының жерасты суларынан» Ø-250 мм магистральді су құбырын тартуға бір нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Нысанның құрылыс жұмыстарына қаржы бөлдіру үшін 2024 жылға Республикалық бюджетке ұсынылған.

Сондай-ақ, жобалаушы мекемемен меморандум арқылы аудандағы С.Қожанов, А.Үсенов, Мәшһүр Жүсіп, Еңбекші Дихан, Ораңғай, Абай елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз және құбырларын жаңартуға жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Бұдан бөлек, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетсек, ауданда 2023 жылы Ескі Иқан, Шорнақ, Қосмезгіл елді мекендеріне жаңадан қоныстанған және ауыз су құбыры жүргізілмеген аумақтарына бюджеттен қаржы қаралып, жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға жолданды.

ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 10 МЫҢ ТҰРҒЫН ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес елді мекен тұрғындарын көгілдір отынмен, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Жетісай ауданында 250-ге тарта тұрғын үйі бар тағы бір елді мекенге табиғи газ берілді. Бұл соңғы 5 жылда газға қосылған бірінші ауыл. Аудандағы Ш.Ділдәбеков ауылдық округіне қарасты Жаңа дала елді мекені тұрғындарына табиғи газ беру шарасына аудан әкімі Серік Мамытов қатысты.

2019 жылы құрылысы басталған газ өткізгішінің жалпы ұзындығы 18,8 шақырымды құрайды. Сметалық құны 239,6 млн теңге. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы аяқталғанымен табиғи газ қысымының жетіспеушілігінен тұрғындар табиғи газды пайдалана алмай келген. Сонымен қатар, өткен жылы Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм, Ақтөбе елді мекендері мен Абай ауылдық округінің Отан, Бейбітшілік елді мекендері, Ж.Ералиев ауылдық округінің Ғ.Мұратбаев елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстарына «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджеттерден жалпы 1,6 млрд. теңге қаржы бөлініп, өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Осы орайда жыл соңына дейін 6 елді мекендегі 10 мың тұрғынды табиғи газға қосу жоспарланып отыр.

Аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабековтың айтуынша ауданда тұрғындарды табиғи газбен қамту бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, көгілдір отынға деген сұранысты толықтай қанағаттандыру және газ тұтынушылар санын аудан тұрғындарының 60 пайызына жеткізу мақсатында жалпы сметалық құны 2,067 млрд. теңгені құрайтын жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Оның ішінде Қарақай ауылдық округінде «Жетісай» АГТС, Ынтымақ ауылдық округінде «Кирово» АГТС нысандарын салу жұмыстарына тиісті қаржылар бөлініп, мердігер «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алынған. Аталмыш 2 АГТС-тың қуаттылығы 100 мың текше метрді құрайды.

Айта кетсек, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға қоса Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Әбдіхалық, Мырзашөл, Атақоныс елді мекендерін газдандыруға республикалық бюджеттен 181 млн 709 мың теңге бөлініп, мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі.

ТОННЕЛЬДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БИЫЛ АЯҚТАЛАДЫ

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов мәлім етті.

– Түлкібас – таулы аудан. Қысы қатал, қар қалың түседі. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойында жерасты тоннелінің құрылысы 2013 жылы басталған болатын. 10 жылдан бері салынып жатқан тоннелдің құрылысы аяқталуға жақын. Мамыр айында облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы Түлкібас ауданына жұмыс сапары барысында осы Шақпақ баба ауылындағы жерасты жолының құрылысымен танысып, құрылысқа қатысты мемлекеттік орган басшыларына жобаны қадағалап, соңына дейін жеткізу керектігін айтқан еді. Жобаның жалпы құны – 8,5 млрд. теңге. Тоннельдің ұзындығы — 840 метр, ені — 13. «Тараз-Шымкент» бағытында бұрғылау-жару жұмыстары мен монолитті бетон құрылысы толығымен аяқталған. Жол төсемі мен дренаждық құрылғы үшін дайындық жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда электр жарығымен қамту жұмыстары атқарылып жатыр, — деді Нұржан Жақсылықұлы.

Жерасты жолы бұл жерге бекерден бекер салынып жатқан жоқ. Бұл — «Күйік асуы» секілді «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трассасының ең қауіпті тұсы. Тау жоталарының арасы үнемі азынап тұрады. Үскірік жел жеңіл көлік түгіл, ауыр техникаларды да бел ортасына дейін көміп тастайды. Тоннель осындай жол азабын жеңілдету үшін салынып жатыр.

Аудан әкімінің айтуынша, оң тоннель бойынша, яғни «Шымкент-Тараз» бағытында бұрғылау, сондай-ақ 345 метр монолитті бетон салу жүргізілген.

Жоспарға сәйкес, ауқымды жерасты тоннелінің құрылысы 2023 жылдың қараша айында толық аяқталмақ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *