ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗГЕ — 30 ЖЫЛ

Білім Экономика
389 Views

Осыған орай ЕҰУ-де ҚР Ұлттық валютасының 30 жылдығына орайластыра жаңа оқулықтарды таныстыру шарасы өтті

Биыл теңгемізге 30 жыл толып отыр. Соған орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық валютасының 30 жылдығына арналған «Ұлттық валютаның тұрақтылығы мемлекеттің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету факторы ретінде» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Аталмыш шара барысында Еуразия ұлттық университеті ғалымдары шараға қатысушыларға қазақ тіліндегі «Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі» және «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін ұйымдастыру» оқулықтарын ұсынып, жиналған қауымға таныстырды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің бірінші төрағасы Ғалым Байназаров, экономика саласындағы сарапшылар, профессор-оқытушылар құрамы және жоғарғы оқу орны студенттері қатысты.

Конференцияға қатысушылар ұлттық теңгеміздің тарихы, Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің қазіргі жағдайы, жұмыс істеу мәселелері, елдің орнықты және табысты даму құралы ретіндегі ұлттық валютамыздың рөлі туралы баяндамалар оқыды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов сөз кезегінде : «Ұлттық валютаны енгізу еліміздің тарихындағы маңызды кезең болып табылады. Теңге – тәуелсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың символы. Үш онжылдықта қазақстандық валюта қалыптасу және даму жолынан өтті. Қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында Қазақстанның қаржылық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі теңгенің маңызды рөлін атап өту қажет. Конференция тәжірибе алмасып қана қоймай, қаржылық тұрақтылық, қаржы-несие саясаты және әлемдегі ұлттық валютаның рөлі туралы егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік береді деп санаймын», — деді.
Кештің келесі сөз тізгіні ҚР Ұлттық банкінің бірінші төрағасы Ғалым Байназаровқа беріліп, ол валютаның құрылу тарихы, қаржы жүйесінің қалыптасуындағы қиындықтар мен жетістіктер туралы сыр шертіп,ұлттық валютаның 30 жылдығы – халқымыздың өміріндегі елеулі оқиға екендігіне баса назар аудартты. «Өздеріңізге белгілі, — деді шешен, — 1992 жылы Қазақстан Республикасында ұлттық валютаны және нарықтық экономиканың құру басталды. Бұл жылдар ерекше болды, өйткені әлемдік негізгі үрдістер өзгерді, әлемдік жүйеде өзгерістер болды. Бұл уақытта елде нарықтық экономиканың классикалық теориясын ешкім зерттеген жоқ, ешкімнің жұмыс тәжірибесі болған жоқ, сонымен қатар 1992 жылы инфляция деңгейі 2 960% құрады. Сол кезде Ұлттық валюта болмаса, Қазақстан экономикасы дағдарыстан шыға алмас еді. Теңгенің болашағы керемет болады. Мен АҚШ доллары Қазақстан үшін инвестиция құралы емес, қазақстандық теңге болады деп сенемін», — деп сүбелі сөзін қорытындылады.
Ғылыми практикалық конференция Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиевтың ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау сөзін оқып беруімен жалғасты. Ол тарихи тұрғыдан алғанда, қазақстандық қаржы-несие жүйесі құрылған күннен бастап небәрі 30 жыл өткенін, бірақ осы кезеңде қаржы секторы экономикалық өрлеулерден, жаңа қаржы институттарының пайда болуы үшін қажетті дағдарыстар мен сынақтан өткенін атап өтті.
«Мерейтойды мерекелеу әлемдегі геосаяси жағдайдың, қаржы нарығының тұрақсыздығы мен құбылмалылығының күрделі жағдайында өтуде. Халықаралық платформаларда жаңа мүмкіндіктерді іздестіру кезінде қаржылық реттеушілерге осы қиындықтарды шешу қажет. Қазақстандық қаржы секторы жедел және нақты шешімдер қабылдай отырып, жүктелген міндеттерді орындауда», — деп түсіндірді спикер.
Сонымен қатар шара барысында, ҚР Ұлттық валютасының 30 жылдығы қарсаңында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі» және «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін ұйымдастыру» оқулықтарының тұсаукесері өтті. «Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі» оқулығын Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ экономика факультетінің ғалымдары дайындаған. Қазақ тіліндегі жаңа басылым Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің қалыптасуы мен дамуына арналған және 9 тараудан тұрады. Оқулықтың теориялық материалы бақылау сұрақтарымен, ұсынылған әдебиеттермен және глоссариймен толықтырылған. Еңбек көпшілік оқырман қауымға арналған. Ал, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін ұйымдастыру» оқулығында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ авторлар ұжымы мен Esil университеті Ұлттық Банктің қалыптасуы мен даму жолдарын қарастырады. Кітапта елдің ұлттық ақша жүйесін қалыптастыру ерекшеліктері туралы тарихи материалдар ұсынылған, ұлттық валюта – теңгені әзірлеу, жоспарлау және айналымға енгізу кезінде туындаған қиындықтар көрсетілген. Сондай-ақ, авторлар орталық банктің ақша-кредит саясатын жүргізу саласындағы тәжірибесін ұсынды. Бұл оқулықтар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірінші төрағасы Ғалым Байназаров пен экономика ғылымдарының докторы, ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, профессор Серік Мақыштың жалпы редакциясымен жарық көрді.
Конференция аясында ҚР Қаржы вице-министрі Эльдар Қазғанбаев, «ASTWA» ЖШҚ (Польша) Бас директорының орынбасары Артур Луневский және басқа да азаматтар сөз сөйлеп, төл теңгеміздің мерейтойымен құттықтап жылы лебіздерін білдірді.

Аяжан ЕРБОЛ,
Халықаралық Журналистер одағының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *