ЕҰУ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ТАҒЫ БІР ҚАДАМЫ

Білім Экономика
335 Views

Қазақстандық кабельдің алғашқы легі  Өзбекстанға экспортталды

Оқу ордамыз зерттеу университетіне айналғалы зерттеушілеріміздің еңбектері еселене түсті. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдары өндірушілермен бірлесе фотоэлектр жүйелеріне арналған кабельдердің алғашқы қазақстандық өндірісін оң жолға қойды. Радиациялық модификацияланған оқшаулауы бар инновациялық өнімнің жаңа желісін сатып алуға келісім-шарт Өзбекстанмен жасалды. Күн батареяларының құрылысына арналған қазақстандық кабельдік-өткізгіш өнімнің алғашқы легі көрші елге жеткізілді.

Ғылым мен өндірістің сабақтастығы нәтижесінде Қазақстан нарығына алғаш рет радиациялық тігілген оқшаулағышы бар отандық кабельдік-өткізгіш өнімнің жаңа түрі шығарылды. ЕҰУ жанындағы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ ғалымдары фотоэлектр жүйелеріне арналған кабельдерді әзірлеу технологиясын жасап, оның пайдалану қасиеттерін, оның ішінде ыстыққа төзімділігін жақсартты. Инновациялық өнім баламалы энергия көздері саласында қолдануға арналған.

«Ядролық технологиялар паркі» АҚ жобалау тобының басшысы,«BETA IZOL» ЖШС директоры Азат Нұрқасымов былай деп атап көрсетті: «Біз бұрын Қазақстанда кабель өнімдерін өндіруде қолданылмаған радиациялық тігу технологиясын қолданамыз. Тотығу деградациясына жол бермеу үшін өңдеу инертті ортада жүргізіледі. Бұл өндіріс әдісі біздің елдеқолданылмайды. Біз ЭЛВ-4 электронды үдеткішінде қорғаныш ортада кабель өнімдерінің полимерлі оқшаулауын модификациялау жобасын «ҚазЭлектроМаш» ЖШС бірлесе жүзеге асырып жатырмыз. Қысқа тұйықталу кезіндегі термиялық тұрақтылықтың жоғары тогы, төмен зақымдану және төмен гигроскопиялық, кабельдік бұйымдардың үлкен құрылыс ұзындығы мен төмен салмағы, жұмыс режиміндегі оқшаулаудың рұқсат етілген температурасының жоғарылауына байланысты жүктеме қабілетінің жоғарылауы – бұл біздің өнімнің айрықша ерекшеліктерінің бір парасы ғана».

Фотоэлектр жүйелеріне арналған кабельді ЕҰУ жанындағы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ және «ҚазЭлектроМаш» ЖШС бірлесеқұрған «BETA IZOL» стартап-компаниясы шығарады. Жобалық қуаттылығы 15 мыңшақырымға дейінгі кабельдік-өткізгіш өнімдерді құрайды. Бүгінгі таңда көрші елдер отандық кабельді сатып алуға үлкен қызығушылық танытып отыр. Электрстанциясын салу үшін өнімді жеткізуге алғашқы келісімшартқа өзбекстандық компаниямен қол қойылды.

Айта кету керек, 2022 жылы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ ЕҰУ құрамына қосылды. Университет бірінші кезекте акционерлік қоғамды дамыту бағдарламасын қабылдады. Құжат «Ядролық технологиялар паркі» АҚ инновациялық өнімдерді коммерцияландыру алаңына айналдыруға бағытталған.

Жібек БОЛУСБЕК,

ЕҰУ-нің журналистика және

саясаттану факультетінің студенті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *