Бронхит — бұл өкпеге ауа баратын тыныс жолдарындағы немесе түтікшелердегі инфекция. Бронхит болғанда жөтелде шуыл болады, көбіне сілекей немесе қақырық түседі. Бронхит әдетте вирустан пайда болады, сондықтаноған антибиотиктер беруге болмайды. Антибиотиктерді егер бронхиттен оңалудың белгілері болмай бір аптадан артыққа созылған жағдайларда, өкпе қабынуының белгілері білінсе немесе өкпеңізде созылмалы аурулар болған жағдайларда ғана пайдаланыңыз.
Бронхитпен ауырған адамның қақырығында пневмококк, стрептококк, т.б. микроорганизмдер болады. Бронхит, негізінен, тұмау, көкжөтел, қызылша, т.б. аурулардың салдарынан пайда болады. Ауру көктем мен күзде күшейеді. Бронхиттің жедел және созылмалы түрі бар. Жедел Бронхитпен ауырғанда науқас тоңады, жиі есінейді, басы ауырады, даусы қарлығып, кеңірдегі жыбырлап, әуелі құрғақ, кейін қақырық араласқан жөтел жиі пайда болады. Дене температурасы көбіне қалыпты жағдайда сақталады. Жедел Бронхит негізінен 1 — 3 аптада толықтай жазылып кетеді. Жас балалар мен қарияларда Бронхиттің жедел түрі өте ауыр өтеді, тез ем қолданбаса, созылмалы түрге айналады. Созылмалы Бронхит — ұзақ уақыт шаң-тозаң, улы газ жұтқаннан, темекі тартқаннан, созылмалы өкпе ауруларының әсерінен өкпеде көп уақыт қан ұйып қалуының салдарынан дамиды. Науқас үнемі жөтеледі, кейде құрғақ, кейде сарғыш-жасыл түсті қақырық түседі. Жөтелдің жиілігіне байланысты кеуде шаншиды. Дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болады. Ауру асқынған кезде жатып емделу керек, науқас жатқан бөлменің ауасы құрғақ, таза әрі жылы болуы қажет. Дәрігерлердің нұсқауымен науқастың арқасына банка, кеудесіне қыша қағазын қояды; антибиотиктер, қақырықты түсіретін дәрі-дәрмек ішу қажет және физиотерапевтік, емдік гимнастика жүргізіледі. Науқас C витаминіне және ақуызға бай күшті тағамдармен тамақтанып, ащы тағамдарды, түрлі соустарды пайдаланбағаны жөн.
СОЗЫЛМАЛЫ БРОНХИТТІҢ БЕЛГІЛЕРІ
• Сілекейлі жөтел болады, ол айларға немесе жылдарға созылады. Кейде жөтел күшейіп, ыстық көтеріледі. Осындай жөтелге шалдыққан адам, егер онда туберкулез немесе демікпе сияқты созылмалы аурулар болмаса, созылмалы бронхитпен ауыратын болуы керек.
• Бұл ауру көбіне темекіні көп шегетін қарт адамдарға тән.
Созылмалы бронхит эмфиземаға соқтыруы мүмкін, ол өте ауыр, жазылмайтын дерт, мұнда өкпенің ұсақ ауа қалташалары істен шығады. Эмфиземамен ауыратын адамдардың дем алысы ауырлайды, әсіресе жұмыс істеп, қимылдағанда қиналады, оның кеудесі үлкен қапшыққа ұқсап қалады.
Эмфиема созылмалы демікпеден, созылмалы бронхиттен немесе темекі шегуден болуы мүмкін.
ЕМДЕУ ТӘСІЛІ
• Темекі шегуді тоқтатыңыз;
• Құрамында эфедрин немесе теофиллин бар демікпеге қарсы қолданылатын дәрілер қабылдаңыз;
• Созылмалы бронхитпен ауыратын адамдар әр салқын тиіп немесе тұмау болып температура көтерілген сайын ампициллин немесе тетрациклин ішуге тиіс;
• Егер науқас адамға қақырығын түсіру қиынға соқса, ол су буымен дем алуы керек және сонан соң оған айтылған әдістер бойынша қақырықты түсіруге көмектесіңіз.
Егер сізде созылмалы жөтел болса (немесе оның алдын алғыңыз келсе) — ТЕМЕКІ ШЕКПЕҢІЗ.
Ж. Е. СЕРІКБАЕВА,
Облыстық фтизиопульмонология орталығы емхана бөлімінің медбикесі