«ОРДАБАСЫ» «ҚАЙРАТТЫ» ҚАПЫ ҚАЛДЫРДЫ

Спорт
895 Views

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін Шымкенттің «Ордабасы» клубының ойыны ала-құла болып тұр. Олар әсіресе үшінші айналымда бірсыдырғы өнер көрсете алмауда. Қызылордада «Қайсарға» 1:2 есебімен жол берді. Өз алаңында да онша жарытып ойнап жүрген жоқ. Оралдың «Ақжайығынан» 1:0 есебімен басым түскенде бір желпініп қалып едік. Артынша «Ақтөбемен» тең ойнады (0:0). Көш соңындағы Павлодардың «Ертісінен» 0:2 есебімен жеңіліс тауып, жанкүйерлерін тағы да жерге қаратты. Талдықорғанда «Жетісумен» кездескен жерлестеріміз 1:1 есебімен тең тарасты. Қостанайда «Тобылға» есе жіберді (0:1). Шымкентте Алматының «Қайратын» қабылдаған жерлестеріміз қарсыластарын 2:0 есебімен қапы қалдырды. Осылайша «Ордабасы» бесінші орынға көтерілді.

Турнир кестесіне көз жүгіртетін болсақ, әдеттегідей «Астана» көш басында келеді. Олар 28 ойында 70 ұпай жинауға жетіскен. Екінші орындағы Алматының «Қайратында» 28 кездесуден кейін 60 ұпайы бар. Үздік үштікті қорытындылап тұрған Қостанайдың «Тобылы» 29 ойында 46 ұпай топтаған. Төртінші орындағы Талдықорғанның «Жетісуы» 29 кездесуде 38 ұпай жинаған. Бесінші орындағы Шымкенттің «Ордабасы» клубы 29 ойынның 11-інде жеңіске жетіп, бес рет тең түсіп, 13 рет қарсыластарына жол беріп, 38 ұпайды місе етіп тұр. Доп айырмасы да өзгелерге қарағанда нашар (33 – 41 = -8). Алтыншы орындағы «Ақтөбе» 29 кездесуден кейін 36 ұпайға иелік етуде. Жетінші орындағы Қызылорданың «Қайсары» 29 ойында 33 ұпайды қанжығаларына байлаған. Сегізінші орындағы Петропавловскінің «Қызылжары» 28 кездесуде 31 ұпай еншілеген. Бажайлап қарасаңыздар, үздік үштіктің өзгелерге жол беретініне ешқандай шүбә келтіруге болмайтыны анық аңғарылады. Келесі үштіктен орын алуға әзірге бес команда дәмелі. Қарсыластардың бір-бірін өкшелеп тұрғанына қарағанда чемпионат мәреге жақындаған сайын тартыс тым қыза түсетін сыңайлы.

Енді бір сәт «Ордабасының» ойын кестесіне назар аударып көрелік. Олар 21 қазанда елордада «Астанамен», 27 қазанда өз алаңында Қарағандының «Шахтерімен», 3 қарашада Петропавловскіде «Қызылжармен», 11 қарашада Шымкентте «Атыраумен» кездесіп, биылғы чемпионатты аяқтайтын болады. Жерлестеріміз қалған төрт ойында қанша ұпай олжалай алар екен?!

Көгілдір көктемдегі футбол маусымы басталар тұста сол кездегі клуб президенті Бақтияр Байсейітовтің: «Биыл ең жоғары орындар үшін таласатын боламыз!» – деп көкігені жадымызда. Болгариялық бапкер Георги Дерменджиев доғарысқа кетіп, орнына грузиялық бапкер келгенде тағы да сол Бәкең: «Кахабер Джумберович Цхададзе «Ордабасыға» үшінші орын алып береді!» – деп жанкүйерлерді жұбатқанын да ұмытқан жоқпыз. Клубтың жаңа президенті қызметіне кірісерде балуан жігіт Нұржан Жолымбекұлы Қатаев та: «Бәрін қатырамыз!» – деген. Қоңыр күз келіп, «балапан санайтын» сәтте солардың бәрі бос сөз күйінде қалайын деп тұр. Былайша айтқанда, шымкенттіктердің жүлдесіз қалатын түрі бар. Өкінішті-ақ!

Ә. ДОСЫБЕК.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *