«Біздің бәріміз Парламент депутаты бола аламыз, тіпті республика Президентібола аламыз. Бірақ, ешқайсымыз өнер адамы бола алмаймыз. Осылай болғандықтан да өнер адамы біздің емес, біз өнер адамының қолынан сүйеміз».
Мұстафа Кемал Ататүрік,
Түркияның Тұңғыш Президенті.
Күншуақты Оңтүстікөңірінен талантты өнер тарландарын көптеп кезіктіре аласыздар. Солардың біріһәм бірегейі – Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драматеатрының ақсақал актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Құрметті азаматы Сапарбай Өтемісовдесек, әсте жаңылыса қоймаспыз. Біз бүгін сексеннің сеңгіріне шыққан қазыналықария жайында аз-кем әңгіме өрбіткенді жөн көріп отырмыз.
Тағдыр деген қызық та қатал ғой. Өтеміс пен Гүлжанның отбасында туған тоғыз баланың бәрі әртүрлі дерттен бірінен кейін бірі шетіней беріпті. Оныншы перзент болып дүние есігін ашқан сәби Сапарбай есімін иеленеді. Ата-анасы оның сапары оң, ғұмыр жасы ұзақ болсын деген шығар, бәлкім. Сұрапыл соғыстың орта тұсы. 1943 жылғы 3 қаңтарда (кейбір деректерде 3 мамырда) сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бостандық ауданының Бассай (Главасай) ауылында кішігірім шілдехана өтеді. Қуанышқа жиналған жұртшылық бұл шаңырақта бұдан былай уайым-қайғы болмауын тілеп тарасады. Алайда, арадан бір жыл өтер-өтпесте момын мұсылман әрі ақынжанды отағасы Өтеміс қария намаз үстінде бақилыққа аттанған екен.
Әжесі Комусты – қырғыз қызы еді. Тамылжыта ән салатын. Қобыз тартып, күй шертетін. Әкесі Өтеміс те қаражаяу емес, өнер десе ішкен асын жерге қоятын ақынжанды азамат-тын. «Тау баласы тауға қарап өседі» дегендей, Сапарбай да жастайынан өнер-білімге айрықша құштар болып ер жетеді. Батырлар жыры мен ғашықтық дастандарды жата-жастана оқитын. Домбыра тартып, әуелетіп ән шырқайтын. Ауылдастарына «әнші бала» атанған ол биге де кетәрі емес-тін. Шымған тауының ғажайып әсем табиғатына, флорасы мен фаунасына таңқала тамсанатын. Қырлары мен сайларын шарлап кезуден әсте шаршамайтын. Достарымен бірге Шарбақ су электр стансасы мен оның маңайындағы бес-алты адамның құлашы әзер жететін алып шынар ағашының жанында жиі сауық-сайран құратын. Шыршық өзеніне шомылып, сылдырап аққан мөлдір кәусар бұлақтардан шөлі қанғанша су ішетін. Өзінің осындай керемет жерұйықта туғанын мақтаныш, мерей тұтатын.
Аудан орталығы – Ғазалкент қаласындағы Абай атындағы №1 мектеп-интернатты ойдағыдай бітіріп шығады. Сол тұста шымкенттік театр ұжымы Бостандық ауданына гастрольдік сапармен барып қалады. Олар қойған «Айман – Шолпан», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» спектакльдерін тамсана тамашалаған бозбала сахна саңлақтарымен қоян-қолтық араласып кетеді. Айша Абдуллина, Жұмабике Серікбаева, (Қыз Жібек), Мұхтар Өтебаев (Төлеген), Жүсіпбек Тұрсынов (Бекежан), Жұмат Шаниннің туған інісі – Әкіш Шанин (Базарбай), Отызбай Жұмабеков (Шеге), Сейіт Досмағамбетов, Хадиша Сазантаева, Еркін Садықбаев сынды санаткерлермен етене танысады. Театр әртістерімен бірге ауыл-аймақтарды аралаған Сапарбай келешекте солардай актер болуды армандайды. Осы мақсатпен Шымкент шаһарындағы облыстық біріккен драма театрына жұмыс іздеп келеді. Бұл 1959 жылдың қоңыр күзі тұғын.
Жас жігіт үш жылдай уақыт сахна қызметшісі – реквизитордың көмекшісі болып жұмыс істейді. Гримеркада қонып жүреді. Театр директоры Исаак Михайлович Берещук пен ГИТИС-тің түлегі, театр режиссері, Қазақстанның халық әртісі Ғайнижамал Хайруллина оған шынайы қамқорлық пейіл танытады. Сөйтіп, көпшілік болып массовкаға қатысумен қоса-қабат арагідік кішігірім рөлдерде ойнай бастайды. Осылайша реквизитордың көмекшісі ретінде 30 сом, сахнаға шыққаны үшін 30 сом, барлығы – 60 сом айлық жалақы алып жүреді. Театр труппасымен бірге Қазақстанның облыс, аудан, қалаларымен қоса-қабат Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстанға гастрольдік сапарға шығады.
1961 жылы театр ұжымы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын қойған. Сонда классик жазушы Жұмабике Серікбаева (Қарагөз), Мұхтар Өтебаев, Отызбай Жұмабеков (Асан), Раушан Досжанова (Мөржан) секілді сахна саңлақтарына өзіндік бағасын берген. Басқосудан кейін шай үстінде жарықтық Мұқаңның жүгіріп қызмет істеп жүрген Сапарбайға қарата: «Жақсы жігіт екенсің», – деп айтып, оның басынан сипап, арқасынан қаққаны бар.
1962 жылдың мамыражай мамыр айында театрға атақты режиссер Асқар Тоқпанов келген. Қайырымды Ғайнижамал әпкесі жас жігітті аты аңызға айналған тұлғамен таныстырып, одан оқуға түсуіне көмектесуін сұранады.
Арнайы жоғары кәсіби білім алудың қажеттігін аңғарған Сапарбай 1963 жылы арман қала – Алматыға аттанады. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының (кейіннен Алматы театр және көркемсурет институты, Алматы театр және кино институты деп аталған, қазіргі Темірбек Қараұлы Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы) актерлік факультетінің студенті атанады. Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, Қазақстанның халық әртісі, профессор Асқар Тоқпановтың класында тәлім-тәрбие алып, сахна өнерінің қыр-сырына әбден қанығады. Сол себепті актердің «Тоқпановтың тоқпағынан» тосылмай өткенін жиі тілге алатыны бар. Ол жоғары оқу орнын бітірген жас актерді Мұхтар Әуезов атындағы театрға қызметке қалдырады.
Алайда, 1967 жылы актер мамандығын меңгерген жоғары білімді жас маман анасының денсаулығына байланысты күншуақты Оңтүстік өңіріне оралған. Облыстық біріккен драма театрында еңбек етеді. Сол жылғы 15 қарашада Шымкент облыстық мәдениет басқармасының бұйрығымен актерлік шеберлік пен шығармашылық қызметті одан әрі дамытуды қамтамасыз ету мақсатында облыстық біріккен драма театры қазақ және орыс драма театрлары болып екіге бөлінген. Бірақ, қазіргі Шымкент қалалық орыс драма театры орналасқан ғимаратта бірге қызмет істеуді жалғастыра берген.
Сөйтіп, жас маманның қиын да қызықты өмірі мен өнер жолы басталады. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дәуірінде салынған бұл ғажайып театр ғимаратының маңында Василий Андреевич Ливенцов пен Жамалбек Шаймерденов сынды облыс басшылары отырғызған қос шынар жапырағын кең жайып, жайқалып өсіп тұратын. Сол бір талшыбықтар бүгінде құшақ жетпес биік бәйтерекке айналған. Сапарбай Өтемісов те қазір әлгі шоң шынарлардай толысып, шыңдала түскен тұлға.
Театр тарланы өзінің өмір, өнер жолында сахнада 200-ден астам сан алуан кейіпкерді сомдаған. Соның ішінде ол ойнаған кейіпкерлеріне тоқталатын болсақ, Мұхтар Әуезовтің «Абайында» – Абай, «Еңлік – Кебегінде» – Кебек, Абыз, «Қарагөзінде» – Сырым, Нарша, «Таңғы жапырағында» – Бақтығұл, «Айман – Шолпанында» – Әлібек, Көтібар, Жұмат Шаниннің «Арқалық батырында» – Арқалық, Қабанбай, Бейімбет Майлиннің «Шұғасында» – Әбіш, Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов бірлесіп жазған «Амангелдісінде» – Петр Логинов, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында» – Ақан сері, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» – Қарабай, Тахауи Ахтановтың «Антында» – Сауран, Әбжаппар Әбішевтің «Мәдиінде» – Мәди, Берқайыр Аманшиннің «Жақиясында» – Жақия, Бәкір Тәжібаевтың «Ана жүрегінде» – Арман, Асқар Сүлейменовтің «Кегінде» – Сері, Мұхтар Шахановтың «Сократ түнінде» – Сократ, Нұрлан Оразалиннің «Шырақ жанған түнінде» – Сағыш, Мархабат Байғұт пен Шойбек Орынбайдың бірлесіп жазған «Төле би – Қарлығаш әулиесінде» – Қаз дауысты Қазыбек биді сомдаған.
Республикамыздың басқа қалаларына гастрольге шыққан кезде әріптестерінің аузынан: «Талай Сырымды көріп едік, сенің Сырымың дауыл болды. Өрт боп өртеніп кете ме деп қорқып кетіп едік», – деген сөзді талай рет есіткен. Осылайша Сырымның бейнесі Сәкең үшін «Жұлдызды рөл» болып, «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағын алуына септігі тиген екен.
1982 жылы шаниндіктер «Ақан сері – Ақтоқтыны» сахналаған кезде оны тамашалауға Шымкентке арнайы келген осы драмалық туындының авторы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов: «Шәкен Аймановтан кейін Ақанымды көре алмай жүр едім. Міне, бүгін Ақаным тірілді ғой!» – деп тебірене тамсанғаны бар.
1987 жылы драматург, сценарист, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Михаил Филиппович Шатровтың (Маршак) «Сонда ғана жеңеміз» драмасын сахналаған режиссер Жақып Омаров басты рөлді орындаушы мәселесіне келгенде ойланбастан Сәкеңе тоқтаған. Сапарбай Өтемісов – кеңестік кезеңнің күн көсемін бедерлеген Қазақстандағы үш актердің бірі. Дүниежүзі пролетариатының көсемі Владимир Ильич Ульянов (Лениннің) рөлін сомдау үшін аянбастан тер төккен тұлға. 141 беттік театр туындысын сахналау үшін актерге алты ай уақыт демалыс берілген. Премьераға Мәскеуден бес рет арнайы келген театр сыншылары: «Сапарбай Өтемісов – құбылыс тудырған рөл. Өз көзімізге өзіміз сенбей отырмыз. Переферия театры МХАТ театрынан, Сапарбай Өтемісов танымал театр және кино актері, режиссер, РСФСР халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының қос дүркін лауреаты Александр Александрович Калягиннен асырып ойнады. Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек!» – деп таң-тамаша болған екен. Алайда, 1989 жылы В.И.Ленин рөлін сәтті сомдағаны үшін «Лучшие люди республики» деген алтын төсбелгімен шектеліп қана қойған.
Николай Васильевич Гогольдің «Үйленуіндегі» Подкелесинді сомдаған Сәкеңді мәскеулік театр сыншылары: «Ресей театрларында Сіздей Подколесинді кездестірмедік», – деген екен.
Алматыға жасаған гастрольдік сапарында күн көсем бейнесін бедерлеген актердің өнеріне тәнті болған ұстазы атақты Асқар Тоқпанов: «Шәкірті ұстазынан озды» деген осы екен ғой», – деп таңдай қаға тамсанған. Әріптесі Қадыр Жетпісбаев та асқан ризашылық пікірін аянып қалмаған.
1981 жылы облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі орынбасары Клара Төлендіқызы Әліпова оны театр директоры лауазымына ұсынып, бірер жылда облыстық мәдениет басқармасына басшы боласың деген екен. Алайда, Сапарбай Өтемісов бұл ұсынысқа қарсылық білдірген.
1982 жылы Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Қалмахан Есенбиев оны киелі өнер ордасына шақырып, төрт бөлмелі пәтердің кілтін ұсынғанда да актер сол кездегі астанаға бармай қалған.
1982-1983 жылдары қойылған Әлжаппар Әбішевтің «Мәдиін» тамашалаған автор Сәкеңе: «Мәди сендай-ақ болған шығар», – деп өзінің ризашылық пейілін білдіріпті.
Режиссер Мұхтар Қамбаров сахналаған «Қорғасынды дауыл» спектакліндегі өз бейнесін көрген Бауыржан Момышұлы: «Менің жас кезіме қатты ұқсайды екенсің», – деген ризашылық сезімін білдірген.
Кезінде аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров: «Жігіттер, Асанәлі Әшімов – КСРО халық әртісі болса, Сапарбай Өтемісов – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Бірақ, Сапарбайдың ойнаған Абай, Мәди, Сырымын Асанәлі ойнай алмайды. Оның артықшылығы – киносы. Ал киноға актер де, шахтер де, вахтер де, боксер де түседі. Өнердің әкесі – театр», – деп тамсанған тұғын.
Тағы бір көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов Сапарбай Өтемісовті «Шымкенттегі Шанин атындағы қазақ драма театрының ұлы актеріне, сахнаның пірі мен бақытына» балағаны бар.
1984 жылы театрдың 50 жылдық мерейтойы атап өтілетін тұста бір топ әртістер ұжымдағы жағдай жайлы жоғарыға арыз жазған екен. Онда Әлжаппар Әбішевтің «Мәди» спектаклін қоятын кезде театр директоры 5000 сом, режиссер Жақып Омаров 3000 сом жымқырды деп атап көрсетілген. Шымкент қаласындағы аудандық партия комитетінің мүшесі Сапарбай Өтемісовке қатысты ажырасқан әртістер мен өзінің туған-туысқандарын партия қатарына қабылдады. Сол себепті біз партияға өтпей қалдық делінген. Алайда, кейіннен бұл негізсіз жала дәлелденген жоқ. Осы арыздың кесірінен талай актер алғалы тұрған құрметті атақтарынан айырылып қалған. Бұл оқиғаға байланысты Ғабит Мүсірепов, Әлжаппар Әбішев, Нұрғиса Тілендиев өздерінің реніштерін білдірген.
Батыс, Шығыс, орыс классикалық театр туындыларының арасынан Вильям Шекспирдің «Юрий Цезарында» – Каско, «Асауға тұсауында» – Люченцио, Фридрих Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» – Президент (облыстық орыс драма театрында), Николай Васильевич Гогольдің «Үйленуінде» – Подколесин, Антон Павлович Чеховтың «Шие бауында» – Лопахин, Бертольдт Брехтің «Кавказдың бор шеңберінде» – Аздақ, Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың «Бетпе-бетінде» – Смайыл, «Арманым – Әселімінде» – Ілиясты бедерлеген.
Танымал театр тарланын әсіресе, Абайды айрықша айшықтаған актер ретінде орынды бағалаймыз. Сәкең Абай болып халқымыздың даналығы мен ұлылығын барынша танытты. Сырым болып махаббат биігіне шықты. Ақан болып ойшыл серінің адалдығын паш етті. Мәди болып әділет үшін аянбай күресті.
Сапарбай Өтемісов – өзіндік үні мен түрі, сөзі мен қимыл-әрекеті үндестік тапқан абыз актер. Оның сахнада бейнелеген кейіпкерлерінің көрермен жадында ұзақ сақталып қалуының сыры да осында. Қашанда ерен еңбек ескерусіз қалмайды. 37 жасында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының еңбек сіңірген әртісі атанған. Сәкең «Парасат» орденімен, Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін мерейтойлық медалімен марапатталған. Халықаралық, Бүкілодақтық, республикалық деңгейдегі театр байқауларының бірнеше дүркін дипломанты атанған. 1990 жылы Ташкентте өткен гастрольдік сапарында Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.
Сапарбай Өтемісов шығармашылығын бірқатар ақын, жазушы, сыншылар өз еңбегіне арқау еткен. Людмила Ивановна Богатенкованың «Услышать и понять человека», танымал театр сыншысы Әшірбек Сығайдың «Сахна саңлақтары», Т.Өтебаевтың «Театр сыры», театр режиссері, Қазақстанның халық әртісі, профессор Маман Байсеркеновтың «Қойылым және қолтаңба», жазушы Серік Жанәбілдің «Сахна сардары» кітаптары – солардың санатында.
Театр тарланының ғұмырнамасында әсіресе, ұлы Абай бейнесінің алатын орны айрықша екені ақиқат. Ол сценарийін Бикен Римова жазған «Абай – Әйгерімде» (1982) бала Абайды, жазушы, драматургтер – Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Леонид Сергеевич Соболевтің «Абай» трагедиясында дара Абайды, Иранбек Оразбаевтың (Иран-Ғайып) «Мен ішпеген у бар ма?!» драмасында жүрегі тілімделген дана Абайды дәріптейді. Жалпы, Сәкең – Абайды сахнада сомдау үшін 30 жылдан астам уақыт сарп еткен актер. Осы орайда оның төрткүл әлемге танылған қазақтың кемеңгер классик жазушысының «Абай жолы» роман-эпопеясын кезең-кезеңімен алты рет оқып шығуға тура келгенін тілге тиек етейік. Өзінің «Мен ішпеген у бар ма?» драмасын тамашалаған Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып): «Міне, менің Абайым!» – деп актерге алғыс айтқан. 2012 жылы Астанада өткен Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндерінде осы қойылымды көзімен көрген танымал театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Гений! Ұлысыз!.. Жер қойнына кеткен актер ағалардың әруағы кешірсін! Сахнада Сізден асқан Абай болған жоқ. Сапарбай Өтемісов – дарындардың ішіндегі дарыны, сиректердің ішіндегі сирегі. Сапарбайдай саңлақ актерді сақтайық», – деген болатын.
Өзі ұзақ уақыттан бері тапжылмай еңбек етіп жүрген төл театрының ұйымшыл ұжымы, шырайлы Шымқала, облыс пен республика жұртшылығы арасында үлкен сый-құрмет пен абырой-беделге бөленген жан. Ұлы данышпан ақынға арналған үлкенді-кішілі іс-шаралардың басы-қасында ұдайы жүретін оны жұртшылық «Бүгінгінің Абайы» деп дәріптейді.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде (қазіргі ОҚУ) студенттерге актерлік шеберлік жайлы дәріс оқыған. Кейіннен университет ұжымы ұсынған қызметтен де бас тартқаны бар.
Киелі өнер өкілі өмірінің көлеңкелі тұстары да аз емес. Өзінің айтуына қарағанда, оған әріптес ағалары бірнеше мәрте қастандық та жасаған көрінеді. Бірде Алматыдан қайтқан кезінде ішімдікке әлдебір улы зат қосып беріп, бір өлімнен қалғаны бар. Пойыздан түскен соң аялдамада 14 сағат бойы ұйықтап қалыпты. Кездейсоқ көріп қалған таныстарының бірі оны үйіне әкелген. Мұны кім істегенін актердің іші сезген сыңайлы.
Осы оқыс оқиғадан кейін Сапарбай аға әріптестерін дәмханаға шақырып, ізеттілік көрсеткен. Өкінішке орай, әріптес ағаларының бірі оң жақ көзіне әлдебір қатты затпен ұрған. Сол соққыдан кейін көзіне төрт рет ота жасатқанымен, бәрібір бір көзі көрмей қалған. Қаскүнемді сотқа бермей, іштен тынған. Ол кісі Сәкеңмен өле-өлгенше қастасып, ұстасып өткен.
1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Жезқазғанда өткен республикалық театрлар фестиваліне Шымкенттегі Шанин атындағы қазақ драма театрын қоспай қойған. Театрлар фестивалін тамашалауға барған Сапарбай Өтемісов сол кездегі Қазақстан Республикасының Мәдениет министріне: «Театр фестивалінен бізді неге шеттетіп қойдыңыздар? Сізге министр орынтағы лайық емес деп есептейміз!» – деп айтқан. Сол себепті де болса керек, Сәкеңе алайын деп тұрған «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы берілмей қалған.
Актерде арман таусылған ба?! Сәкең Гамлет, Отелло, Король Лирді сахнаға алып шықпағанына іштей өкінеді.
Жаңа ХХІ ғасырдың басында астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың іргесін қалаған Жақып Омаров та Сәкеңді қызметке шақырған. Бірақ, ол бұл жолы да өзіне ұсынылған төрт бөлмелі пәтердің кілтінен бас тартқан. Күншуақты Оңтүстіктен салқындау Солтүстікке ауысқысы келмеген шығар, бәлкім.
Біздің бүгінгі әңгіме етіп отырған кейіпкеріміз киелі өнерде ғана емес, өмірде де өнегелі жан. Алпыс жылдан астам уақыт отасқан зайыбы – Сара Нығметқызы екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, олардан бірнеше немере сүйіп отырған ғазиз жандар. Қызы Айнұр – скрипкашы, немересі Жанель – Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінің түлегі. Сәкең қолы селт еткенде немерелерін жетектеп, қала саябақтары мен демалыс орындарын аралағанды жаны қош көреді. Бұған қоса-қабат ол кісі төрткүл әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі саналатын футбол десе делебесі қозатындардың қатарында. Қызуқанды жанкүйер ретінде шымкенттік «Ордабасы» кәсіби футбол клубының жеңісіне қуанып, ұтылса мұңайып қалады. Оның сүйікті командасы былтыр өз тарихында тұңғыш рет ел чемпионы атанып, айды аспанға бір-ақ шығарған.
Тарихы бай театрда кезінде Хадиша Бөкеева, Әмина Өмірзақова, Айша Абдуллина сынды танымал өнер майталмандары еңбек еткен. 1972 жылы бұл өнер ордасына режиссер, драматург, театр қайраткері Жұмат Тұрғынбайұлы Шаниннің есімі берілген. 1984 жылы театр ұжымы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. 2014 жылы театр «Нұрсәт» шағынауданындағы жаңа ғимаратқа көшірілген. 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрына «академиялық» мәртебесі берілген. 2018 жылы қалалық өнер ұжымына айналған. 2021 жылы 10 желтоқсанда театр ғимаратының алдына Жұмат Шаниннің ескерткіші орнатылған. Бүгінде бұл театр егемен еліміздегі елеулі өнер ұжымдарының бірінен саналады.
Театр тарланының осыдан он жыл бұрынғы 70 жасқа толған мерейтойы сән-салтанатпен атап өтілгені жадымызда. Шымқаланың бас театрында өткен шығармашылық кеште айтулы актер өзінің әріптестерімен бірге сахналық қойылымдар қойған. Абайдың өлеңдерінен монолог оқып, «Желсіз түнде жарық ай» әнінің әуенімен тыңдармандарға керемет көңіл-күй сыйлаған. Енді бір кезде Ақан сері болып үкілі домбырасымен әуелетіп ән шырқаған. Шығармашылық кеште көрермендер назарына «Оңтүстікфильм» студиясы түсірген «Шыршықтың шынары» деп аталатын деректі фильм ұсынылған.
Мерейтойлық салтанат барысында құттықтау сөз сөйлеген сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Әли Әбдікәрімұлы Бектаев оған Ресей, Украина, Беларусь, Қазақстан елдерінің үлкен Халықаралық «Үздік адамдар» энциклопедиясының Дипломы мен медалін табыс етіп, естелік сыйлық ұсынған. Алматыдан арнайы ат терлетіп келген Әшірбек Сығай мен Дариға Тұранқұлова тәрізді танымал өнертанушы ғалымдар жүрекжарды ізгі тілектерін жеткізген. Оңтүстік өңіріндегі барлық театрлардың өкілдері де той иесін жарыса құттықтаған. Өнерсүйер қауым да қарап қалмай, айрықша сый-құрмет көрсетіп, айтулы актердің құшағын гүлге толтырған. Ағайын-туыстарының атынан «темір тұлпар» тарту етілген. Мерейтойлық рәсім «Нұра» тойханасында одан әрі жалғасып, онда да ізгі тілек айтушылардың қатары көп болған.
Былтыр 80 жасқа толған мерейтойы атап өтілді. Шымқаладағы театр мен кітапханаларда шығармашылық кештері өтті. Иығына шапан жабылып, сый-сияпат көрсетілді.
Алайда, біз әңгіме арқауы еткен «Бүгінгінің Абайы» атанған Сапарбай Өтемісовтей актерге «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағының берілмей жүргені мәдениет майталмандары мен өнер өкілдерін ғана емес, қарапайым жұртшылықты да алаңдатып отырғаны анық. Айтпақшы, театр мен кино саласында ерен еңбек етіп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құпия Рахымбердиева да дәл осындай жоғары құрметті атаққа әбден лайық жан. Ал, «Құрмет» орденді актер Мұхан Шәкіров, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері – Еркін Шымырқұлов пен Ғазиза Әсенованы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағына неге ұсынбасқа?
Жалпы алғанда, егемен еліміздің үшінші мегаполисіндегі «академиялық театр» деген дардай атағы бар айтулы өнер ұжымында бірде-бір «халық әртісінің» болмауы өкінішті-ақ. Бұл өткір де өзекті мәселенің түйіні театрдың биылғы торқалы тоқсан жылдығын тойлайтын кезеңде шешіліп қалатын шығар, бәлкім. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Абайұлы Бектенов, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков шырайлы шаһардағы танымал өнер өкілдеріне орынды сый-құрмет көрсетеді деген ойдамыз.
Әбдісаттар ӘЛІП,
журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер
және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.
Шымкент қаласы.