ҚАСИЕТТІ ҚАРАШАҢЫРАҚТЫҢ ТОРҚАЛЫ ТОЙЫ

Мерей
21 Views


Биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай Арман қала – Алматыдағы «Rixos» қонақүйінде мерейтойлық салтанатты жиын өтті. Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов модераторлық жасады.
Алғаш болып сөз алған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Тынымбайұлы Қарин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, табыстады.

Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынға қатысушыларға

Қадірлі қауым!
Сіздерді Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл толуымен құттықтаймын!
Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі. Бұл ұйым қаламгерлердің кәсіби қауымдастығы ретінде төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге және оны әлемге танытуға зор ықпал етіп келеді. Сөз өнерінің қарашаңырағын ұлттық бірегейлігіміздің берік тұғыры деуге болады. Ақын-жазушыларымыз ұлтты ұйыстыру жолында қалтқысыз қызмет етіп жүр. Аға буын негізін қалаған осы ұлағатты дәстүр үздіксіз жалғасып келеді.
Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына. Оны заман талабына сай дамыту – қаламгер қауымның ғана емес, мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі.
Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып жатырмыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқаруы керек.
Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеп жүрген барша қаламгерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін.
Сіздерге бақ-береке, толайым табыса тілеймін!
Халқымыздың рухын көтеріп, танымын ұлғайтатын туындыларыңыз көп болсын!

Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.

Мемлекеттік кеңесші Е.Т.Қарин де өзінің жүрекжарды ізгі тілегін айта келіп, Қазақстан Жазушылар одағының бұрынғы және бүгінгі төрағалары – Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин, Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет, Мереке Әбдешұлы Құлкеновтың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева, жазушы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Султан Раев, қазақтың көрнекті қаламгерлері – Н.М.Оразалин, Ұ.О.Есдәулет құттықтау сөз сөйледі. Сырқаттанып жатқан Олжас Омарұлы Сүлейменовтің құттықтау хаты оқылды.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы М.Ә.Құлкенов:
–Заманауи жабдықталған кітапханалар жыл сайын көбеюде. Тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларымен де Қазақстан мақтана алады. Нарық заңдарына сай кітап шығару ісінде нағыз бәсекеге лайық орта пайда болды. Ресми деректерге сүйенсек, егемен елімізде жылына 4000-5000 кітап жарық көреді. «Әдебиет – ардың ісі» десек, ақша билеп кеткен кезеңде әдебиет – бардың ісі болып кеткенін де жасыра алмаймыз. Сол үшін кітап нарығын жайлап кеткен халтурамен күрес жүргізу – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бұл мәселеге қатысты нақты қадам ретінде біз Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы барлық секциялардың жұмысын қайта қарап, жандандырдық. Беделді ақын-жазуышылардың, әдебиет сыншыларының жаңа туындыларға берген бағасы оқырманға жетіп жатса, макулатура тасқынынан тезірек құтыламыз. Біздің ойымызша халтурадан құтылудың бір жолы – Қазақстан Жазушылар одағының жанынан арнайы сараптама комиссиясын құру және мемлекет қаржыландыратын арнайы Көркем әдебиет баспасын ашу деп ойлаймыз. Шынын айту керек, қазіргі әдеби процестің ақсап тұрған саласы – кәсіби әдеби сынның өзі сын көтермей тұр. Осы жанрдың бойына қайтадан қан жүгіртіп, сыншылардың әділ бағасына оқырман құлақ асып, қорытынды шығаратындай деңгейге жетсек деген жоспарымыз бар. Ең бастысы – бізде кітапты таңдап сатып алатын, әдеби үрдістен хабары бар, көкірегі ояу, көзі ашық, талғампаз оқырман қалыптасып келеді.
Соңғы үш жылда Қазақстан Жазушылар одағына мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп келеді. Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігімен стратегиялық әріптестік бойынша үш ауқымды жоба жүзеге асырылған. Олардың біріншісі – «Қазақстан жазушысының әдеби панорамасы» деп аталады. Осы жоба аясында 20 жас жазушы егемен еліміздің түкпір-түкпірінде ұзақмерзімді шығармашылық іссапарға аттанды. Оның қорытындысында 20 жаңа кітап жарық көрген. Екінші жоба – қазақстандық жазушылар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің мұрағаттарында жұмыс істей отырып, маңызды тарихи оқиғаларға арналған 16 кітап шығарды. Үшінші жоба – «Жас жазушылар мектебі» деп аталды. Он күн бойы жас жазушылар Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында қалам шеберлерінің дәрістерін тыңдауға мүмкіндік алды, – деді.
Жазушы, драматург Дулат Исабеков «Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығы туралы» баяндама жасады. Мерейтойға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Швеция, Ресей Федерациясы (Татарстан, Башқұртстан, Саха (Якутия), Чуваш) келген қадірменді қонақтар қатысты. Салтанатты жиынға арнайы келген Қырғыз Республикасы президентінің кеңесшісі Арслан Койшиев Президент Садыр Жапаровтың құттықтауын жеткізді.
Айтулы шарада Түркия Жазушылар одағының төрағасы, профессор Муса Казым Арыжан, Еуразия Жазушылар одағының президенті Уфук Тузман, Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы Анар Рзаев, Қытай Халық Республикасы Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Акбар Мажит, швед жазушысы, әдебиет зерттеушісі Павел Фриест, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркаил Рафаилович Зайдуллин, Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, шайыр Гайрат Мажит, Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының төрағасы Каныбек Иманалиев, Саха (Якутия) Жазушылар одағының төрағасы Гаврил Андросов, ресейлік жазушы Андрей Кокарович Рейзвих, Башқұртстан Жазушылар одағының төрағасы Айгиз Баймухамедов, Чуваш Республикасы Жазушылар одағының мүшесі Василий Захаров, Әзербайжан Жазушылар одағының хатшысы Рашад Мажитов, Өзбекстанның халық жазушысы Усманкул Азимов құттықтау сөз сөйлеп, Мереке Әбдешұлына ұлттық ерекшеліктерін айқындайтын кәде-сыйларын ұсынды.
Басқосу барысында Алматы қаласының әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы тағайындаған әрқайсысы 5 миллион теңгелік «Асыл сөз» сыйлығы проза саласы бойынша әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай мен поэзия саласы бойынша ақын Байбота Қошым-Ноғайға табыс етілді. Жазушылар одағының төрағасы М.Ә.Құлкенов Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Султан Раев, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан қаламгерлері Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен, 11 қаламгерді «Қазақстаның Құрметті жазушысы» төсбелгісімен марапаттап, олардың бәріне қазақтың дәстүрімен шапан жапты.
Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Уфук Тузман құттықтау сөз сөйлеп, жазушы Мереке Әбдешұлы Құлкенов, ақындар, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары – Ғалым Қалибекұлы мен Қасымхан Сейітханұлы Бегмановтың аталмыш одақтың мүшелігіне қабылданғанын хабарлап, арнайы куәліктерін тапсырды. Сонымен қатар М. Ә.Құлкеновтың алғысөзімен шыққан, жазушы, сазгер, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов, Ғалым Жайлыбай, Ерлан Жүніс, Ғайни Әлімбек, Жанайым Ауғанбай, Гүлманат Әуелханқызы, Сайлаухан Жоланов секілді қазақ қаламгерлерінің туындылары жарияланған «Қардаш қаламгерлер» журналының бірнеше данасын ұсынды.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Султан Раев
жазушы М.Ә.Құлкенов пен ақын Қ.С. Бегмановты Түркия Жазушылар одағының «Алтын қалам» сыйлығымен, ал ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Бауыржан Өміржанұлы Жақыпты «Қырғыз Республикасының Құрметті жазушысы» төсбелгімен марапаттады. Өз кезегінде М.Ә.Құлкенов 16 меценатқа «Атымтай жомарт» медалін табыс етті.


Қазақ қаламгерлерінің Алматыда өткен мерейтойлық салтанатты жиынына егемен еліміздің Үшінші мегаполисінен Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Момбек Әбдәкімұлы, жазушы, драматург, Қазақстанның Құрметті журналисі, Түркістан облысындағы Ордабасы ауданының Құрметті азаматы Захардин Қыстаубайұлы, жазушы, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы Бекшүкір Қаршалов, фантаст жазушы Сарманбай Исақ, сатирик жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сабырбек Олжабай, жазушы, филология ғылымының кандидаты Зылиха Жантасова, Қабыл Дүйсенбі қатысып қайтты.

Ә.ҚАҢТАРБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *