МЕШІТТЕ АҚСАҚАЛДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Дін Қоғам
49 Views

Дана халқымызда «Баталы құл арымас» деген нақыл бар. Астана қаласындағы Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінде қарияларға құрмет көрсетіп, батасын алу дәстүрге енген. Өз кезегінде ақылы дария ақсақалдар да жастарға тәлім-тәрбие беру бағытында мешіттің рухани іс-шараларына белсенді араласып, адамгершілік, азаматтық, имандылық тақырыптарында жастарға ақыл-кеңес айтудан жалыққан емес. Құлшылық ордасының қасиетті дініміздегі адамзаттық асыл қасиеттерді насихаттау бағытындағы жұмыстары жүйелі һәм кешенді жүргізіліп келеді.
Жақында қасиетті Шағбан айының құрметіне орай «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Руслан Нақыпбекұлының ұйымдастыруымен жыл сайынғы дәстүр бойынша мешіт ақсақалдарына лайықты құрмет көрсетілді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Адамдарға алғыс айтпағанның, Аллаға алғысы жоқ, яғни шүкірі жоқ» (Тирмизи) деген өсиетіне амал еткен құлшылық ордасының қызметкерлері қарияларға құрмет көрсетіп, батасын алды.
Бас имам ақсақалдарға арнайы алғыс хат пен сыйлықтар тарту етіп, құттықтау лебізін білдірді. Дініміздегі және дәстүріміздегі үлкендерді құрметтеудің сауабы мен әдебі турасында насихат айтты. Әрдайым осы мешіттің ішінен табылып, жастарды жұмылдырып, ақылшы болып жүрген аға буын мен қариялар өздерінің өнегелі әңгімелерін өрбітіп, тағылымға толы ізгі ойларын ортаға салды. Ізгі шара соңында мешіттің құрметті ақсақалдары бас имам мен мешіт қызметкерлеріне зор алғыстарын білдірді.

Материал «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің
ақпараты негізінде әзірленді

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *