ӨЛЕҢ-ЖЫРДЫҢ АЛДАСПАНЫ

Руханият Әдебиет
17 Views

Сүйінбай Аронұлы 1815 жылы 5 маусымда Алатаудың әсем бөктерінде Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарақыстақ ауылы – тарихи жер. Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан. Архео-лог ғалымдардың зерттеулері бойынша осы ауылдың жер астында 3 мың жылғы бұрынғы қала бар.
Ақындық тәңірдің адамзатқа берген үлкен олжасы, оны біреулер ұстай алады, біреулер ұстай алмайды. Жас кезінде Сүйінбай жайлауда қозы бағып жүргенде ұйықтап кетіп, түс көреді. Сақалы белуарына түскен ақсақал келіп: «Сүйінбай шырағым, өлең аласың ба, көген аласың ба?» – деп сұрапты. Сонда бала Сүйінбай: «Өлең! Өлең аламын ата! Өлең», – деп ояна кетіп, айқай салыпты. Сүйінбай атамызға өлең осылай қонған екен. Ол үлкенді-кішілі той-жиынның, алқалы мәжілістің ажары болып, өлең-жырларын төкті. Айтыстарға қатысты, дастан-қиссаларды айтты, толғау-дастандарымен ел-жұртын сүйсіндірді. Құлашын оңға сермесе Айға жетті, солға сермесе Күнге жетті.
Сүйінбайдың басқалардан ақындық ерекшелігі неде? Ол өмірінде айтыстан жеңілмеген ірі суырып салма айтыскер. Халықаралық айтысқа алғаш рет қатысып, атағы аспандап шыққан. Қырғыздың Қатағанмен айтысы – теңдесі жоқ жыр додасы.
Сүйінбай қазақтағы тұңғыш шежіре талдаған этнолог ақын. Осы айтыста ол қазақтың бар 42 руын рет-ретімен талдап, ондағы атақты батыр, би жақсыларын атап, ерекшелігін алғаш рет айтып берген атақты шежіреші. Менделеев элементтерді таблицаға қалай дәлме-дәл орналастырса дәл солай атап-атап көрсетіп береді. Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мұхамеджан Тынышбаевтан бұрын қазақ шежіресін жалпақ жұртшылыққа жайған – Сүйінбай.
Сүйінбай ірі эпик, дастаншыл ақын. Ол мәмі-легер, дипломат ақын. Кенесары, Наурызбай өлі-мінен кейін қазақ-қырғыз арасы ушығып, өзара дүрдараз болған жағдайда қырғыздың манаптары Жетісуды билеп тұрған Тезек төреге екі елді қалай татуластырамыз деп кісі салады. Ақылдаса келе қазақ-қырғыз айтысын өткізуге келіседі. Міне, бұл әйгілі айтыс екі елді татуластырып, ынтымақ, бірлікке шақырған айтыс болды.
Сүйінбай батырлықты, қаһармандықты, ел бірлігін жырлаумен бірге өзі де қоқан басқыншыларға қарсы күрескен, үнемі Сұраншы, Саурық жанында болған күрескер ақын.
Алматыдағы орталық архивтен табылған дерек бойынша Сүйінбай бабамыз өз дәуірінде Ұзынағаш болысында би болып сайланып, ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шамшырағы болғанын ел-жұрты аңыз ғып айтып отырады. Сүйінбай бауыры Жетісудың төбе биі Сарыбай Айдосұлымен бірге жан-жақтағы Екей елін атақонысына көшіріп әкеліп, қоныстандыруға ерекше күш салған қайраткер.
«Тұлпарды тұлпар таниды, сұңқарды сұңқар таниды» демекші, бала Жамбылға ә дегеннен бата беріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай жанына ертіп жүріп, үлкен ақындық әлемге алып шыққан ұлы ұстаз.
Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитованың құрастыруымен 1935 жылы «Сүйінбай ақын» деген тұңғыш жинағы жарық көрген. Оның алдында фольклорист-ғалым Әбубәкір Диваев, атақты ақын Сәкен Сейфуллин бірнеше өлең, айтыстарын жинап, жинақтарда жариялады. Сүйінбай Аронұлының шығармалары бірнеше мәрте жеке кітап болып шықты.
Сүйінбай 1898 жылы қайтыс болып, Қарақыстақ ауылының тау жақ бөктерінде жерленген. 1990 жылы бейіті басына әсем кесене-зират тұрғызылды. Бұл кесененің архитектуралық-жобасы Халықаралық байқауда ең әсем, сәулетті құрылыс кешені деп Гран-при – Бас жүлдесін жеңіп алған.
Ақын мұрасын әспеттеуде оның 175 жылдық мерейтойы үлкен табыспен өтті. Қарақыстақ ауылында үлкен айтыс өткізілді. Салтанатты жиналыста қазақтың айтулы ақын-жазушылары, ғалымдары мазмұнды сөз сөйледі. Алматыдағы үлкен ұзын көше Сүйінбай даңғылы деп бекітілді. Алматы облысындағы филармонияға Сүйінбай есімі берілді. Туған ауылында киіз үйлер тігіліп, бәйге өткізілді, аламан айтыс болды.
Ал Жамбылдың туғанына 150 жыл толған мерейтойы кезінде 1996 жылы Сүйінбай ақынның музейі ашылды.
Әсіресе, Сүйінбай атамыздың 200 жылдығы үлкен серпіліс әкелді. Осыған орай үлкен екі томдығы кітап болып басылып шықты. Қарақыстақ ауылында ақын кеудемүсіні (бюст) қойылған аллея ашылды. Үлкен мерекелік шаралар ұйымдастырды сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Бигелдиев, аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың ерекше еңбек сіңіргенін атап өтуіміз керек.
Осы кезеңде сол уақыттағы Түркиядағы Қазақстанның елшісі болып істеп жүрген Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың бастамасымен Сүйінбайдың шығармалары түрік тіліне аударылып, кітап болып басылып шықты. Тікелей елшіліктің ұсынысымен Анкарада Сүйінбай ақынның ескерткіші мен оның атындағы аллея ашылды. Халықаралық конференция, үлкен концерт өтіп, түркі жұрты асқан құрмет көрсетті. Бұл істе сол кездегі елшілік қызметкері жазушы, драматург, қайраткер, аудармашы Мәлік Отарбаев көп еңбек сіңірді.
Үш жылдан бері «Сүйінбай ақын ізімен» атты ғылыми-танымдық, әдеби-тарихи экспедиция жұмыс істеп келеді. Оның ұйымдастырушысы жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы, құрамындағы Қансейіт Әбдезұлы, Берекет Кәрібаев, Қуандық Түменбай, Алмасбек Мауленов секілді қазақтың ірі оқымысты тарихшы, әдебиеттану ғылымының докторлары, көрнекті ақын-жазушылар бірнеше тарихи жерлерге барып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп қайтты. Мәселен, Шоқан Уәлиханов музейі мен жерленген зиратына, Тезек төре сұлтан өмір сүрген Кербұлақ өңіріне, Кенен Әзірбаев музейіне, Өтеген батыр кесенесі, тағы басқа да жерлерде болып, бұл тұлғалардың ұрпақтарымен кездесіп, Сүйінбайға қатысты тың мағлұматтар жинады. Әсіресе Саурық батыр бекінісі, ол шайқасқан жерлерді зерттеуде көптеген жаңалықтар тапты. Бұл жөнінде саяхаттанушы жазушы Исмаилжан Иминов бірнеше құнды танымдық мақалалар жариялады. Бұл экспедиция биыл да жұмысын одан әрмен жалғастыра бермек.
Жуырда Сүйінбай Аронұлының туғанына 210 жыл толуына байланысты Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Сүйінбай атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде «Менің пірім – Сүйінбай» атты ғылыми-тәжрибелік конференция өткізілді. Оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы кіріспе сөзбен ашып, әрмен қарай жүргізіп отырды.
Аудан әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы сүйінбайтануда атқарылып жатқан келелі мәселелер жайлы айтып берді. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы «Сүйінбай ақынның дастандары мен жырлары», Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, жазушы Нұрдәулет Ақыш «Сүйінбайдың сатирасы», Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, академик, тарих ғылымының докторы Берекет Кәрібаев «Сүйінбай және ол өмір сүрген заманы туралы», филология ғылымының кандидаты, Дарын сыйлығының лауреаты, жазушы Нұржан Қуантайұлы «Сүйінбай жырларының көркемдік ерекшеліктері» атты тақырыптарда баяндама жасады.
Конференцияда облыстық музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов сөз сөйлеп, сүйінбайтануда алда атқарылатын игі істер жайлы айтып берді. Жиын соңында «Сүйінбай сазы» ансамблі мен мектеп ұжымы әзірлеген концерттік бағдарлама көрсетілді.

Ардақ КАКИМОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Жамбыл атындағы филологиялық зерттеулер ғылыми орталығының ғылыми қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *