МҰЗБАЛАҚТЫҢ ҰЯСЫ

Қоғам
149 Views

Ұя бұзған оңбайды,
Түбінде бір сорлайды.
Автор.

«Әділет. Рухани жаңғыру» республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газетінің биылғы 20 ақпандағы №5 (255) санында жарияланған журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі Әбдісаттар Әліптің «Не шықса да Шымкентке қызметке келгендерден шығады» немесе Үшінші мегаполистің идеологиясы неліктен ақсап тұр?!.» және ақын, жазушы, Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, «Парасат», «Барыс» ордендерінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ханбибі Есенқарақызының Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбековтың назарына ұсынған «Сәрсеннің сәтсіз істері» деп аталған сыни мақалаларын зер сала оқып шықтым. Онда Шымкент қаласы әкімінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек жетекшілік жасайтын білім, мәдениет салаларындағы кемшіліктер жайлы кеңінен жазылыпты. Меніңше, спорт саласында да қаржы мәселесіне 0атысты олқылықтар аз емес сыңайлы. Енді ол 12000 қол жинап, кәнігі кәсіпкер Анарбек Орманов басқаратын «Су ресурстары – маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекетке қайтару ісі бойынша бел шеше белсенді жұмыс жүргізіп отырған көрінеді.
Осыдан 15 жыл бұрын Шымкент қаласының тұрғындарына тұрмыстық қызмет көрсететін, тағы басқа да заттар өндіретін «Су ресурстары – маркетинг», «Энергопоток», «Арнайы автокөлік», «Стандарт цемент» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамы, «ҚазТрансГаз» АҚ Оңтүстік Қазақстан өндірістік бөлімшесі, «Қазақтелеком» АҚ ОҚО Телекоммуникациялар дирекциясының, тағы басқа да ұйымдардың жалпы жағдайларына, тұтынушылар мен алымсақтарға қызмет көрсету сапасына, тарифіне (құнына), ақысын өндіруіне, ашықтығы, жабықтығы мен құпиялығына қатысты журналистік зерттеулер жүргізген болатынмын. Олардың нәтижелерін «Әділет» газетінің 2010 жылғы 28 шілдедегі №6 (6) санында «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау немесе қызмет хикаясы», 22 қыркүйектегі №10 (10) санында «Тұрмыстық қызмет қалай, халайық?» және 25 қазандағы №12(12) санында «Мұзбалақтың ұясы» атты мақалаларымды жариялағанмын.
Әлгі кәсіпорындар көрсететін қызметтерінің (тауарларының) саны мен сапасына алынатын ақысына және оны өндіру тәсілдеріне қызығушылық танытатындар болса, газеттің сол сандарын тауып оқуларына немесе өздері арнайы сұраным хаттармен шығып, қазіргі жағдайларын білулеріне болады.
Солай бола тұра газет оқырмандары мен қала тұрғындары – тұтынушыларға түсініктілеу болу үшін 2010 жылғы зерттеу нәтижесі мен бағасы жайлы қысқаша мәлімет беруді жөн көрдім.
«3-Энергоорталық» АҚ тұтынушыға берілген жылу тасымалдаушы судың берілу және кері қайту температурасы мен қысымы Қазақстан Республикасы мен мемлекетаралық стандарттар мен қалыптармен анықталған көрсеткіштерден әлдеқайда төмен болған. Ол тұтынушылардың наразылықтарын туындатып, орталықтандырылған жылу алудан бас тартып, жаппай дербес – автономды жылыту жүйесіне өтулеріне себеп болған…
Осы уақытта ол қызмет қала әкімдігіне қарасты болса керек, «3-ҚуатЖылтуОрталық» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны беретін жылудың сандық пен сапалық көрсеткіштері тиісті деңгейге көтерілді деп айта алмаймын (мен тұратын көпқабатты үйлер аумағында).
Жоғарыда аталған кәсіпорындардың көпшілігі сұратылған ақпараттарды коммерциялық құпия, статистикалық есеп жүргізілмейді деп бермеді. Тек «Су – ресурстары — маркетинг» ЖШС ғана толыққуатты анықтамалық ақпараттарды ұсынды. Қосымша тексеру-талқылауда, халыққа таза су жеткізу мен ол үшін ақы өндірудің қиын да күрделі кезеңдерден өткеніне қатысты растау құжаттарына дейін берген еді. Сол және басқа да оң істері үшін «Мұзбалақтың ұясы» атты мақаланы жазуға тәуекел еткен болатынмын. Онымды сол жылы 15 қыркүйекте Абай аудандық әкімдігінде қаладағы тұрмыстық қызмет көрсететін барлық монополия субъектілерінің, әкімдіктің өкілдері мен үй комитеттерінің төрағалары, басқа да мүдделі азаматтар мен мамандар қатысқан жиында бірауыздан: «Су ресурстар – маркетинг» ЖШС жұмысына сын жоқ. Оларға тек рақмет айтамыз», – дегені оған берген бағамның шынайылығын растаған тұғын.
Содан бері 14 жыл өткенде, яғни 2024 жылы сол мекемені мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қала әкімінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Сәрсен Абайұлы Құрманбектің бастамасымен жиі-жиі көтеріліп, ресми түрде екі тыңдалымы өткен. Оларға қатысқан 12 000 адам қуаттап, қолтаңбаларын қойыпты (қалалық «Шымкент келбеті» газеті). Реті келгенде оларға дәлелді тыңдалым хаттамалары мен қолтаңбалары қойылған тізімнің түпнұсқаларымен де танысармыз.
Сол мәселені 2024 жылы 30 желтоқсанда залы адамдарға лық толған «Жастар сарайындағы» кезекті үшінші тыңдалымына қатыстым. Ондағы айтылған пікірлерді зерттеп, зерделеп, тиісті органдарға ұсыныс жасайтын «жұмысшы топтың» 12-сі әкімдіктің таңдап ұсынғандары, тек үшеуі ғана «петицияны» қолдаушылар екені анықталды. Бұл қала әкімдігінің қалауы мен мақсатының аталған мекемені мемлекет меншігіне қайтаруға бағытталғанын аңғартты. Жағдай шынында солай болды.
Әкімдіктің алдын ала жасаған тізімі бойынша алғашқы сөйлегендердің барлығы «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС ұзақ жылдарға қызметін, оның басшысы Анарбек Ормановтың атқарған ұйымдық-техникалық еңбектерінің жетістіктерін «жоққа» шығару бағытында баяндады. Өздеріне сөз кезегі берілмеуі мүмкіндігін байқаған залда отырған адамдар қатарынан кезектен тыс мінбеге көтерілгендердің көпшілігі аталған мекеменің осы кезге дейін тек үлгілі жасалған жұмыстарын жалғастыра бергені дұрыс әрі бұл –тұтынушылардың таңдауы мен ұсынысы екенін айтты.
Олардың көпшілігі, сондай-ақ Анарбек Орманов, Дүниежүзілік Банктың сарапшылар тобы Қазақстан Үкіметі үшін еліміздегі сумен жабдықтау және су бұру сапасын жақсарту бойынша «Жол картасын» дайындауда, Шымкенттегі «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС өте жоғары нәтиже көрсеткендегі іс-тәжірибелеріне назар аударып, негізге алғандарын өздерінің сөздеріне тиек етті…
Ал, ондай жақсы пікірлер мен ұсыныстарды аталған Банктің «Жол картасын» дайындаушылар қатарындағы жетекші маманы Судипто Саркар, кеңесші-сарапшы Штефан Прейнстофер, республикалық үйлестіруші Ілияс Жүкенов, республикалық және шымкенттік жауапты қызметкерлер мен білікті мамандар да, бұрындары болған талдау-талқылауларды айтқан тұғын. «Қазақстан тұрғын үй – коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» ұйымының қызметкері Н.Солтамбеков: «…Егер компания қалыпты жұмыс істесе, оны жалғастыра берсе, оған кім кедергі жасайды?!.» – депті.
Алғашқы екі тыңдалымдағы 12 000 адамның аталған мекемені мемлекет меншігіне қайтару туралы қол қойғандарын қайдам, соңғы үшінші тыңдалымға қатысқандар «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС мен оның басшысы Анарбек Ормановтың осы саладағы республика түгілі, басқа да көршілес және алыс-жақын шетелдік мемлекеттерге танымал білікті маман, сауатты да салауатты ұйымдастырушы, жетекші кадр екенін айрықша атап өтті. Бұл істің заң аясында әділ әрі халықтың қалауы мен мүддесіне оң қызмет ететіндей етіп шешілетініне сенімінің барын білдірген.
Алайда, солай бола тұра Сәрсен Абайұлының аталған мекеменің ұзақ жылдардағы атқарған және кезінде тұтынушылардың «жұмысына сын жоқ» деген бағасын алғанын білмегендіктен болса керек, өзі айтқандай ата-бабаларымыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған «Кең даланың» Оңтүстігіндегі жер астының таза тұщы суын айдап сыртқа шығарып, тұтынушы – халыққа жеткізудің қыр-сырын жетік меңгерген Анарбек Ормановтың жеке басынан қандай кінә тапсам екен деп, «күндіз қолына шам алып, соңына түскені қалай?!» – дегендер де болған.
«Әділет. Рухани жаңғыру» республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газетінің 2025 жылғы 20 ақпандағы №5 (255) санындағы Әбдісаттар Әліптің «Не шықса да Шымкентке қызметке келгендерден шығады» немесе Үшінші мегаполистің идеологиясы неліктен ақсап тұр?!.» және Ханбибі Есенқарақызының «Сәрсеннің сәтсіз істері» атты сын мақалалары – әділ билігі мен жоғарғы парасаттылығы үлгіліктің эталоны деуге болатын, «Қарлығаш би» атанған Төлеби бабаның әруағын «бір аунатып түсірудің» алғышартын қалады. Ол қаншама жылдарға созылған жоңғар-қалмақ қақтығыс-соғыс жылдарының бірінде ел отырықты жерінен үдере көшкенде үйінің босағасындағы қарлығаштың сарыуыз балапандарының ұясын бұзбай, олардың қанаттанып ұшып кеткенін көрейін деген ниетпен, жұртта жалғыз қалғанының арты аңызға айналған тарихи тағлым болғаны еді….
Жалпы, әлемде орын алған және өзім өмір сүрген ортам мен қоғамда кездестірген, барлық тіршілік иелерінің өсіп-өнген/өнетін илеуін, ұясын және/немесе үйін арам пиғылда бұзған адамды олардың киесі ұрғанын, түбінде отауының ойраны шығып сорламаса да кеудесін керіп қаздиып тұрған жерінде омақаса құлап, сұстана сөйлеген биік мінберінен «сүмірейіп» түсіп, жер шұқылап қалғандарды есітіп, көріп, білгенмін деуге негіздерім бар… Артық кеттің демеңдер. Бәріміз бірдей, тең құқықты әрі мүмкіндікті пендеміз. Сондықтан да осыларды ойлаңдар, әсіресе бөгделердің еңбегін еш етіп, тыныш шаңырағын шайқалтып, жылы-жұмсақ ұясын бұзуға құмар, құныққан ант ұрғандар?!

Аманқұл КҮМІСБЕКҰЛЫ,
«Әділет. Рухани жаңғыру» республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газеті ақпараттық қамсыздандыру және қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі.
Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *