ЕҰУ-да майдангерлердің мұрағат хаттарынан жинақталған кітаптың тұсаукесері өтті
Жеңістің 80 жылдығына орай Еуразия ұлттық университетінде майдандағы қазақ батырларының белгісіз мұрағат хаттары жинақталған «Хат жаздым қалам алып қан майданнан» атты кітаптың тұсаукесері өтті.







Шараға мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов, жазушы-публицист Сауытбек Абдрахманов, журналист-жазушы Жанат Елшібеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Иса мен Жанарбек Әшімжан, жазушы, ғалымдар, студенттер және т.б. қатысты.
Жинақта Ұлы Отан соғысының атақты батырлары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Әзілхан Нұршайықов, Әлия Молдағұлова сияқты белгілі тұлғалармен қатар аты беймәлім, 130 қазақ жауынгерінің майданнан жазған сәлем хаттары, өлең хаттары, әні мен әуені бар лирикалық хаттары топтастырылған.
Сонымен қатар, жинақта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз әкесінің майданнан қайтпай қалған туған ағасы Қасым туралы жан тебірентер естелігі берілген.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов өз сөзінде бұл жинақты Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары дайындағанын ерекше атап өтті.
«Бұл біздің университеттің ғылымдарының еңбегі. Кітаптың ерекшелігі сол, майданнан жазылған хаттарды жинақтап, жанұялардан сұрастырып, бұрын еш жерде жарияланбаған хаттарды енгіздік. Бұл еңбек әрі қарай жалғасын табатын болады. Себебі қазір көп жанұяларда, әр үйде сақталған хаттар жеткілікті. Миллиондаған хаттар әлі жарық көрмей жатыр. Соғыстың қасіретін, сұмдығын түсіну үшін мұрағаттағы кітап, құжаттар, естелік, кинофильмдер аздық етеді. Соғыстың шын мәнін аша алатын сол қан майданда жүріп, өзі сезінген дүниелерді елдегі туған туысқандарына жазған хаттар кеңінен бізге бере алады. Осы арқылы біз соғыстың терең, қатыгез бейнесін түсіндіру арқылы ғана бейбітшіліктің құнын біле аламыз», — деп атап өтті академик Ерлан Сыдықов.
Бұл жинақтағы хаттардың негізгі бөлігі Ұлттық Ғылым академиясының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан алынып, жарыққа шығып отыр. Кітаптың жалпы редакциясын басқарған – тарих ғылымдарының докторы, академик Ерлан Сыдықов.
Хаттарды сұрыптау барысында түрлі өмір талқысы, сөз саптау үлгілері, қаһарлы, ауыр жылдардағы халықтың өй-өресінің жалпы көрінісі кітапта толық орын алған. Жинақтың мақсатының бірі – хабар-ошарсыз кеткен қазақ жауынгерлерінің есімдерін солардың өздерінің хаттарымен тарихта қалдыру.
Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановтың айтуынша, бұл кітапты жайбарақат оқу мүмкін емес.
«Кітапты жайбарақат отырып оқу мүмкін емес, іші толған тағдыр мен тарих. Бұл жатқан үлкен қазына. Қазіргі жастар соғыстың не екенін, қандай соғыс болғанын білу үшін бұл еңбек өте құнды. Кітап жазу – инемен құдық қазғандай жұмыс. Тыныштық болсын. Соғыста құрбан болған аталарымыздың ерліктерін ұмытпайық», — деді спикер.
Сондай-ақ шарада жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сауытбек Абдрахманов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты Дархан Мыңбай, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, жазушы Шәрбану Бейсенова және тағы басқалар сөз сөйлеп, кітаптың ерекше құндылығы туралы айтты.
Ғалымдардың айтуынша, алдағы уақытта зерттеу жұмыстары сериялы кітап түрінде шығарылады.
ЕҰУ-нің баспасөз қызметі