БАСПАНА МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ ТАБЫЛДЫ

Экономика Қоғам
303 Views

Түркістан облысындағы барлық аудандарда жаңа жобадағы қолжетімді тұрғын үйлер салына бастайды. Баспана мәселесін шешу үшін жүзегеасатын бастама жайлы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданытұрғындарымен есепті кездесуде мәлімдеді. Жылдар бойы баспана тауқыметінтартқан аудан тұрғынының сұрағына жауап берген облыс әкімі баспана мәселесіншешудің тиімді жолын түсіндіріп берді.

Бұл бастама Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінде жүзеге аса бастаған. Жеке кәсіпкер есебінен 70 га жерде 22 тұрғын үй салынуда. 22 үй “Отбасы банк” арқылы беріледі. 50% банктен, 50% бюджеттен 0,1% қайтарымды негізде қаржыландырылады. Пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы 250 мың теңгеден аспайды.

Облыс әкімі Д.Сатыбалды бұл жобаны өзге аудандарда жүргізуге болатынын атап өтті.

– Баспана мәселесі қашанда өзекті. Сондықтан оны шешудің тиімді жолы ретінде жаңа бастаманы аудандарға енгізуге болады. Жергілікті әкімдіктер тарапынан тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға тапсыруға болады, – деді облыс әкімі.

Төлеби ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа баспаналар жыл соңында беріледі.

Көксәйек, Зертас, Бірінші Мамыр, Қаратөбе, Қайнар ауылдарында тұрғын үй салуға 217 гектар жер телімдерін беру үшін инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 1 мыңнан астам жер телімі беріледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Ленгір қаласында 20 пәтерлі 9 тұрғын үй салынып, 180 отбасы баспаналы болды.

Ескірген су жүйелерін жөндеп, ашық су көздеріне су тазалағыш қондырғыларын орнату жұмыстарына биыл 1,2 млрд. теңге бөлініп, 9 нысан бойынша жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде аудан халқы 100 пайыз ауыз су жүйесімен қамтылады.

Ленгір қаласындағы өзекті мәселенің бірі – кәріз жүйесі. Жаңадан салынып, кәріз жүйесіне қосылған үйлердің саны артуына байланысты бұрынғы кәріз жүйесінің күші жетпеуде. Осыған орай, заман талабына сай келетін «Кәріздік тазарту қондырғысының» (КОС-3) құрылыс жұмыстары басталды. Жоба құны – 2,6 млрд. теңгені құрайды.

Табиғи газға 21 мың абонент (115 366 адам) қосылып, қамтылу деңгейі 93 пайызды құрады. Биыл Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас, Кеңесарық елді мекендерінде газ құбырының құрылысы аяқталады. Нәтижесінде аудан халқы табиғи газбен 100 пайыз қамтылады.

Облыстық бюджет есебінен 29 елді мекеннің 73 көшесіне электр желісін жүргізуге және трансформатор орнатуға 989 млн. теңге бөлінді.

– Біздің мақсатымыз – облысымыздың әрбір елді мекенін дамыту. Тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау біз үшін өте маңызды. Жергілікті әкім, өз кезегінде, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеруге бар күш жігерін жұмсау керек. Жаңа инвестицияларды тартуға, кәсіпорындарды ашу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Бұл биліктің немесе әкімшіліктің міндеті деп қарамай, ортақ игілік жолында бүкіл ел болып мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, жұмыла жұмыс істейік. Барлықтарыңызды, ауданды дамыту жолында аудан әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Соңда ғана жоғары нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Ауданда жыл басынан бері 5 ірі туристік нысан ашылды. Осы бағыттағы жұмыстарға күг салу керек. Сіздер осы аймақтағы ең маңызды деген, өзекті болып тұрған мәселелерді жақсы білесіздер. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуде бірлесе жүйелі шаралар қабылдайық, – деді облыс әкімі Д.Сатыбалды.

Биыл ауданда 200 орындық мектеп, Ленгір қаласында 80 орындық оқушылар үйі салынуда. Зертас елді мекеніндегі Шомшақты мектебіне 150 орындық және Көксәйек елді мекеніндегі саз мектебіне қосымша ғимарат құрылыстары жүргізілуде. Зертас елді мекеніндегі мектептің қосымша ғимаратымен Ленгір қаласындағы оқушылар үйі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қаратөбе елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде

«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасымен 4 мектептің құрылысы жоспарлануда. Жалпы, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, оның ішінде турникет жүйесімен, бейнебақылаумен, дабыл кнопкасымен, күзетпен қамту үшін 407 млн. теңге бөлінді. Ыстық тамақпен 1-4 сыныптарының оқушыларын қамтамасыз ету үшін 399 млн. теңге бөлінді. Яғни, биыл бірінші рет осы мақсатта 806 млн. теңгеге жуық бөлініп, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталып отыр.

2024 жылға Төлеби ауданы бойынша 5 медициналық нысан салу жоспарланған.

Аудан тұрғындарына мәдени және ойын-сауық қызметін көрсету мақсатында 15 мәдени нысан, 31 кітапхана жұмыс жасайды. Бірде-бір мәдениет нысандары жоқ Аққұм, Киелітас ауылдық округтерінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында тиісті қаржы бөлініп, мәдениет үйлерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Кездесуде облыс әкіміне Төлеби ауданының тұрғындары түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтты, өтініштерін жеткізді. Сонымен бірге жеке қабылдауда да өзекті мәселелер көтерілді. Әрбір сұраққа жауап беріліп, хаттамаға енгізілді. Облыс әкімінің халықпен кездесулері басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.

СЕГІЗ МЫҢНАН АСТАМ АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ ГАЗҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Мемлекет басшысының Қазақстан аймақтарын газдандыру жөніндегі тапсырмасы аясында Сауран ауданындағы Ибата ауылы көгілдір отынға қосылып, тұрғындардың қуаныштары еселенді. Айтулы шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зулфухар Жолдасов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев қатысты.

– Бүгінгі таңда Ибата ауылының 8 мыңға жуық тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Сауран өңірінің Ойық, Бершінтөбе және Шоқтас елді мекендерін газға қосу жоспарлануда. Нысанның құрылысы мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында жүргізілді. Енді қыс басталғанға дейін газды үйге кіргізуді қолға алу қажет. Газ негізінен экологиялық таза отын, алдағы уақытта елді мекен халқының әл-ауқатын дамытуға серпіліс береді деп ойлаймын, – деді Зулфухар Жолдасов.

Ибата және Ойық елді мекендерін табиғи газбен қамту үшін 2020-2021 жылдары құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілген. Мердігер мекеме – «Күмбез Констракшн» ЖШС. Жоба бойынша 44 көшеге газ құбыры тартылған. Ауданында 36 елді мекен болса, оның 8 елді мекені газбен қамтылған.

ҚЫС МЕЗГІЛІНЕ ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРУДЕ

Облысқа жылыту маусымына қажетті көмірдің жалпы көлемі – 1 млн 21,3 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік ұйымдарға – 140,2 мың тонна; жылу беретін кәсіпорындарға – 129,7 мың тонна; жеке тұрғындарға – 468,5 мың тонна; жылыжайларға – 282,9 мың тонна. «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ-ң мәліметі бойынша, осы жылдың 1 мамыр-14 тамыз аралығында облысқа 178 мың тонна көмір жеткізілген. Көмір вагондары аймаққа тұрақты түрде келуде.

Өңірлік операторлардың ақпаратына сәйкес, қазір сақтау қоймаларында 134,3 мың тонна көмір қоры бар. Бүгінгі таңда Шұбаркөл көмірінің орта бағасы сортына (фракциясы) қарай тоннасы – 15-20 мың теңге аралығында. Ал алшақ елді мекендерді жеткізу құнымен есептегенде көмір бағасына тоннасына 18-24 мың теңгеге дейін барады.

Коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалдаумен облыста 16 өңірлік оператор айналысады. Өңірлік операторлар аудан, қала әкімдіктерімен анықталған. Ескерте кететіні, баға арзан әрі қажеттілік аз кезде алдын ала қамданып көмірді алып алған жөн. Себебі, күз-қыс айларында көмірге қажеттілік күрт өсіп, алып-сатарлар бағаны шарықтатып жіберуі мүмкін.

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Фаритұлы Айнабеков 2023 – 2024 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын үйлестіру мақсатында құрылған Жетісай аудандық штабының отырысын өткізді.

Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде қазіргі уақытта аудандағы мектептер мен мәдениет ошақтарындағы қажетті көмір көлемін сатып алу деңгейі төмен болып отырғанын атап өтті. Осы ретте көмір отынымен қамтамасыз ету шараларын тездету керектігін жеткізді

— Жылдағы жағдай бойынша күз-қыс айларында көмірге қажеттілік күрт өсуінің әсерінен делдалдар тарапынан бағаны спекулиятивті түрде көтеріп жіберу қауіптері туындайды. Бұл ауданда көмір тапшылығына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан, қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын алдын ала аяқтауымыз керек. Алдағы қыста былтырғыдай 10 күндік аяз болады деген болжам бар, — деді.

Штаб төрағасының мәліметінше аудандағы 73 жалпы орта мектептің 9-ы қалада орналасқан. Кенттер мен ауылдық округтердегі 64 білім ошағының 54-нің жылу жүйелері мен қазандықтарында сәуір айында ақаулар анықталғанымен әлі күнге дейін жойылмаған. Оларға қажетті 6650 тонна көмір де жеткізілмеген. Одан бөлек, аудандағы 32 мәдениет ошағының 14-і де қыстық отынын алмаған.

Жиын соңында Марат Фаритұлы тамыз айының соңына дейін қажетті қатты отын көлемін толықтай алуды, көмір сақтау қоймаларының техникалық және өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды тапсырды.

Сонымен қатар, жылу жүйесінде кемшіліктері бар салаларға қазан айының бірінші жартысында қысқы маусымға толық дайын болу керектігін ескертті.

ҚАРАҚИЯ ТОЛЫҒЫМЕН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Бүгінде Төлеби табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылы елді мекен ішіндегі жобадан қалып қойған тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосу ісі жалғасып жатыр.

Осы орайда аудандағы Қарақия елді мекеніне орта қысымды құбырға газ жіберіліп, іске қосылды. Бұл жүйеден жалпы 14 абонент газды тұтынады. Қазіргі кезде, елді мекендерді газдандыру ісі аудан аумағында кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Айта кетсек, Қарақия елді мекенінде 62 абонент (үй), 343 тұрғын тұрады.

Қазіргі таңда аудандағы 55 елді мекеннің 51-і орталықтанған табиғи газбен қамтылса, 4 елді мекенде әлі де құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, аудандағы 55 елді мекен 100 пайыз орталықтанған газбен қамтылатын болады.

«ХАЛЫҚ АУЫЗ СУСЫЗ ҚАЛМАУ ҮШІН АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫН КҮШЕЙТУ ҚАЖЕТ»

Түркістан облысы Шардара су қоймасындағы су деңгейі төмендеп барады. Өзекті мәселе туралы облыс әкімдігі стратегиялық нысанға жауапты Су ресурстары комитеті мен Экология және табиғи ресурстар министрлігін дер кезінде хабардар еткен. Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5 млрд. 200 млн текше метр болса, қазіргі судың көлемі бес есе аз. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты сала басшыларымен су айдынының бүгінгі жағдайымен танысты.

Мамандардың мәлімдеуінше, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін судың деңгейі азайған. Министрлік тарапынан көрші елдермен келіссөздер жүргізіліп, шектік деңгейге жеткізбеудің амалдары жасалуда. Соның нәтижесінде қыркүйек айында судың мөлшері көбейеді, деген болжам жасауда.

Облыс әкімі Шардарадағы отыз мыңнан аса халық ауыз сусыз қалмау үшін алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бүгінде су таситын көліктер алдын ала дайындалған. Себебі шағын шаһардың тұрғындарына тіршілік нәрі су қоймадан тазартылып беріледі.

Шардара су қоймасының түбін тазарту жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмыстары аясында су қоймасының түбінен сынақ материалдары алынып, шөгінділердің арақатынасын анықтау үшін зертханаға жіберілді. Ал шөгінділерді өңдеп, материал ретінде кәдеге жарату жаңа технологияларды қажет етеді. Айта кету керек, мұндай жұмыстар біздің елімізде алғаш рет жүргізілуде. Бұл оңтүстік өңірлердегі су тапшылығын жою үшін жаңа серпін болмақ.

Айта кететіні, су қоймасы 1966 жылы салынған және көлемі бойынша елімізде үшінші орында. Шардара су қоймасының соңғы батиметриялық түсірілімі (тереңдіктегі бірдей сызықтар туралы деректерді жинау процесі) 1977 жылы жүргізілген, сол кезеңдерде су қоймасының көлемі 5,2 млрд.м3 құраған екен. Уақыт өте келе су қоймасының түбі біртіндеп шөгінділерге толып, су қоймасының көлемінің өзгеруіне әкеліп соққан (соңғы 55 жылда шөгінді тұнбасының көлемі шамамен 20% құрайды). Жаңа батиметриялық түсірілім су қоймасының нақты көлемін анықтау үшін жүргізілді.

Облыс әкімі Шардара қаласындағы «Шардара су электр станциясы» акционерлік қоғамына барды. Мұнда шығарылатын электр энергиясының 100% ішкі сұранысқа бағытталған. Өндірістік аумағы 2 гектар болатын кәсіпорын Қазақстан Республикасының оңтүстік аумағын электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ете алады.

«Шардара су электр станциясында» 158 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 537 млн. кВт.сағат электр энергиясын өндіру жоспарланған.

САПАЛЫ АУЫЗ СУ ЖҮРГІЗУ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Бадам ауылдық округіне сапары барысында Дербес елді мекені Дайрабай көшесінде, Бадам ауылы Төле би көшесінде жүргізіліп жатқан ауыз су жүйесінің құрылыс аумағын аралап көрді.

Сондай-ақ, аудан басшысы Ордабасы ауылындағы Ұзын бұлақ, Қылыш бұлақ, Баян бұлақ, Таңба бұлақ елді мекендеріне ауыз су тарту жұмыстарымен танысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты.

Аудан тұрғындарын сапалы, таза ауыз сумен қамтамасыз етуге жауапты «Таза су» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан қолға алынған су құбырларын жүргізу, су сақтау қондырғыларын орнату жұмыстарын тексерген Азат Әбідғалиұлы жауапты мекеме басшыларына ауыз сумен қамту жұмыстарын өз деңгейінде аяқтауды атап өтті.

САПАЛЫ АУЫЗ СУ – АУЫЛДАРҒА

Еліміздің барлық елді мекенінде таза су қолжетімді болуға тиіс – бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Ел Президенті Қ.Тоқаев 5 жылдың ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Халықты таза ауыз сумен қамтуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысы біздің ауданымызда да жіті бақылауда.

Биыл Жібек жолы тұрғындарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін тозығы жеткен ауыз су құбырларын ауыстыру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бүгінде Жібек жолы ауылында «Ауыл – ел бесігі» атты бағдарламасы аясында ағымдағы жылға 100,0 млн. теңге бөлініп, мердігер мекеме «Универсал Строй Сервис» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Алдағы айларда құрылыс жұмыстарының нәтижесі – ауыл тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Айта кетсек, жоғарыда аталған жұмыстар аудандағы инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі ғана. Аудан тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында инфрақұрылымды жақсарту бұдан ары жалғасын таппақ.

ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛАДЫ

Созақ ауданында құрылыс, спорт нысандары, ауыз су, облыстық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің ішкі көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары және көшелерді жарықтандыру, абаттандыру сынды инфрақұрылымдық жобалар қарқынды іске асуда. Бірқатар елді мекендердің ішкі көшелеріне 100 пайыз асфальт жол төселіп, көше жарықшамдары орнатылды. Бұған қосымша биыл Сызған, Басбұлақ, Саржаз, Балдысу, Қарабұлақ елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары басталады. Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Сызған ауылдық округі тұрғындарымен өткен есептік жиында баяндады. Сондай-ақ ауылдық округте атқарылар жұмыстарға тоқталып өтті.

Биылғы жылы Сызған ауылдық округіне қарасты Қозмолдақ елді мекенінің Төреханов, Берістемұлы көшелерінің 2,6 шақырымына, Басбұлақ елді мекенінің Басбұлақ-1 және Басбұлақ-2 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары қыркүйек айында басталады. Қозмолдақ елді мекенінің Момбеков көшесіне көше жарықтандыруы жүргізіліп, іске қосылды. Қайнар елді мекенінің Қайнарбұлақ көшесіндегі электр бағаналарын ауыстырып, күре жол бойына көше жарықшамдарын орнату үшін қаржысы қаралды.

Жиында тұрғындар алдыңғы кездесулерде айтылған өтініштерінің аяқсыз қалмай, тиісті жұмыстар жасалып жатқанын айтты. Бұл үшін алғыстарын жеткізіп, бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады. Аудан басшысы айтылған әрбір мәселені назарға алып, шешу жолдарын талқылап, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Ұлы Отан соғысының ардагері Мырзахмет Жылысбаев ақ батасын арнап, аудан басшысының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

«БАСТЫ ТАЛАП – САПАЛЫ ЖҰМЫС»

 Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен аппараттық өткен мәжілісте атқарылған жұмыстар сараланды. Күн тәртібіне сәйкес, қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов бюджеттің және индикаторлардың орындалу жайын баяндады. Сонымен қатар мәжілісте облыс және қала әкімі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде есеп ұсынылды.

 Шаһар басшысының тұрғындармен кездесуі нәтижесімен жыл басынан бері 252 тапсырма беріліп, оның 226-ның орындалуы бойынша мәліметтер ұсынылды, өзгесі жоспарлы түрде жүзеге асатыны баяндалды.

 Жылыту маусымына дайындық туралы «Жылу» МКК басшысы Ерғазы Рысбеков есеп берді. Баяндамашының мәлімдеуінше кәсіпорын тарапынан қаладағы І-ІІ мөлтекауданы, Мәдени-рухани орталығы, Отырар мөлтекауданы және Әкімшілік-іскерлік орталығындағы көпқабатты үйлер мен ғимараттарға жылу беріледі. Жалпы 75 қазандық арқылы көпқабатты 222 тұрғын үй жылу энергиясымен, оның ішінде көпқабатты 55 үй ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Жүктемелік өндіру – сағатына 65,06 Гкал, жылу жүйесінің ұзындығы 55,46 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда жылу құбырларын қысымдау және шаю жұмыстары бөлісу шекарасына дейін толық жасалып, акт түзілген.

– Салғырттықтың салдары белгілі. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ақталумен айналысудың пайдасы жоқ. Маған өзекті мәселені мерзімінде көтеріп, алдын алуға жұмыс істейтін мамандар керек. Сіздерден осы талап етіледі. Заң аясында шұғыл әрекет етіп, шешім қабылдауға машықтаныңыздар. Егер бөлімде нақты жоспар, сауатты сараптама, сапалы жұмыс, ұтымды ұсыныс болмаса ол басқа бөлімдердің тірлігіне де әсер етеді, зардабын тигізеді, – деп Нұрбол Әбдісаттарұлы бірқатар бөлім басшыларына ескерту жасады.

 Мәжіліс қорытындысымен жаңа тапсырмалар жүктеліп, орындалуына мерзім белгіленді. Қадағалау ұйымдастыру-инспекторлық бөліміне тапсырылып, нәтижесімен жауапсыздық танытқан мамандарға шара көрілетіні ескертілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *