ТҮРКИЯДАҒЫ «МАРМАРА ГРУПП» ҚОҒАМЫНДА ҚОНАҚТА

Сұхбат Қоғам
25 Views


Жақында халықаралық «Еуразия экономикалық саммитін» ұйымдастырып, 11 мемлекеттің ел басшыларын, 300-ге жуық саясаткерлер мен дипломаттар, ғалымдар мен дін өкілдерін Ыстанбұл қаласында бір шаңырақ астында жинаған «Мармара групп» қоғамында қонақта болдық.
Қоғам басшысы белгілі журналист, дипломат Аккан Сувер мырза алғашқы Қазақ консулы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркиядағы өкілі Ержан Уәйіске ыстық қонақжайлық танытып, қоғамның жұмыстарымен таныстырды.

А.Сувер 1998 жылдан бері қоғамның басшысы болып қызмет атқарып келеді. Сол жылдан бері, А.Сувер басшылығында 28 жыл халықаралық «Еуразия экономикалық саммитін» ұйымдастырғанын жеткізді. 2008 жылдан 2019 жылға дейін Черногория мемлекетінің құрметті консулы атағына ие болды. А.Сувер қоғамдық жұмыстардан тыс 2001 жылда Әзірбайжан университетінде, 2010 жылда Бішкек университетінде және 2013 жылы Румыниядағы Констанцада Теңіз мемлекеттік университтетінде құрметті профессор атағын алған болатын.
Түркиядан бастап, халықаралық алаңдарда бейбітшілік тақырыбында ұйымдастырған диалогтар мен жобалардың нәтижесінде А.Сувер мырзаға 2007 жылы Рим папасы Бенедикт XVI тарапынан «Құрмет медалі», Әзірбайжан үкіметінен «TERAKKİ» медалі (2006) және «Достық» ордені (2011), Моңғолия үкіметінен «Шыңғысхан» медалі (2006), «Күміс жұлдыз» медалі (2009) берілді. Осы жобалардың барысында АҚШ ескі президенті Билл Клинтон, вице-президенті Джо Байден, Еуропа елдерінің басшыларымен, сондай-ақ, Түркия елінің президенттері Сулеймен Демирель, Ахмет Неджет Сезер және Абдулла Гюлмен кездескені жайлы баяндап, кішігірім фотокөрмесімен таныстырды.
А.Сувер қоғамның жобаларында әрдайым өмірлік серігі, академик Муджган Сувермен бірлікте жұмыс атқаратынын тілге тиек етті. Ұлы Бора Сувер Германия мемлекетінде инженер болып қызмет атқаратынын, ал қызы Озлем Чухадар болса Мармара университетінде Түркі тарихы факультетінің профессоры болып жұмыс атқарады.
«Мармара Групп» қоғамы жоғарыда аталған саммиттер өткізу арқылы әлемде туындаған саяси, эконмоикалық және әлеуметтік мәселелерді талқылап, түрлі мемлекеттер басшылары мен дипломаттарды тек диалог арқылы шешуге шақырады.
Алғашқы Қазақ консулы Ержан Уәйіс те А.Суверге өзінің Түркі әлемінің мәдени байланыстарын жетілдіру жолында атқарып жатқан жұмыстарын баяндады. «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас кеңесшісі қызмет шеңберінде, Ыстанбұл қаласында түрлі мәдени шаралар өткізіп, Түркияда өмір сүріп жатқан Түркі ұлттарын бір шаңырақ астында жинау мақсатында еңбек ететінін жеткізді. Сонымен қатар, Ыстанбұл қаласындағы Қазақстан мәдениет және сауда орталығының басшысы ретінде Алаш арыстары, белгілі тұлғалар Абайдың, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сатпаев, Бердібек Соқпақбаев, Шыңғыс Айтматов және Кемел Тоқаевтың кітаптарының түрікше аудармаларының осы орталықта тұсаукесері өткізілетінін тілге тиек етті. А.Суверді Қазақстан мәдени және сауда орталығына қонаққа шақырды.
Кездесу барысында Е.Уәйіс Қазақтың ұлттық дәстүріне сай А.Сувер мырзаның иығына шапан жапты. А.Сувер өзіне көрсетілген құрметке рахметін айтты. Өзінің Сүлеймен Демирел жайында жазған кітабы мен мемуарын Ержан мырзаға тарту етті.
Сөз соңында, Е.Уәйіс жақында өткен «Еуразия экономикалық саммиті» шарасына шақырғаны үшін, сол шара аясында Нобель сыйлығының лауреаты профессор Азиз Санджар, белгілі тарихшы Илбер Ортайлы мен Түркия Республикасының бұрынғы президенті Абдулла Гүл, Түркия Парламентінің бұрынғы төрағасы Хикмет Четинмен кездесуіне себепкер болғаны үшін А.Суверге алғысын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Түркі әлемінің бірлігі мен берекесіне кішкене де болса үлес қосу жолында бірлікте жұмыстар атқаратына сөз байласты.

Ер Убайдин,
Ыстанбұл қаласы,
Түркия

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *