ЕҢБЕГІМІЗ ЕЛГЕ, ҚҰРМЕТІМІЗ ЕЛБАСЫҒА БОЛСЫН!

Денсаулық Ел және Елбасы Қоғам
1 617 Views

Жасан Зекейұлы – Халықаралық «Жас-Ай» үздік клиникасының бас директоры, бас дәрігері, медицина ғылымының докторы, профессор, академик, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Халықаралық Сократ орденінің иегері, Халықаралық Шығыстық емдеу академиясының академигі, Ресей медицина ғылымының докторы, Вена Халықаралық университетінің Құрметті профессоры, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, Оксфорд Академиялық одағының және Еуропа медициналық қауымдастығының докторы әрі Құрметті профессоры, Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін», «Астанаға – 10 жыл», «Қазақстан халық емшілері қауымдастығына – 15 жыл», Өтейбойдақ, Гиппократ медальдарының иегері, «Нұр Отан» партиясы «Жас-Ай» бастауыш партия ұйымының төрағасы, Қазақстан Республикасы Ардагерлер Орталық Кеңесінің мүшесі, «Жас-Ай» медициналық ғылыми-сараптамалық және танымдық журналының бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Отандастар» мемлекеттік қорының мүшесі, «Ел-шуақ» қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы, WORLDCOB Халықаралық сауда палатасы бекіткен 2017 жылғы «Бизнес әлемінің үздігі», төрт медициналық ресми оқулықтың және көптеген ғылыми-медициналық, қоғамдық-саяси кітаптардың, 500-ге жуық ғылыми-зерттеу мақалалар мен ғылыми еңбектердің авторы, медицина саласы бойынша екі патенттің иегері.

І. РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ДӘУІР ТАЛАБЫ

– Жасан Зекейұлы, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өзіңіз басшылық жасайтын медициналық орталық арнайы жоба жасағанынан хабарымыз бар. Сол жайлы бізге кеңінен таратып айтып берсеңіз.

– Дәуір талабына айналып отырған – рухани жаңғыруға жете мән берілуде. 2017 жылы 13 қыркүйекте біздің Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығымыз Астанада «Рух жаңғырығы» атты Халықаралық ақындар айтысын өткізген. Оны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, республикалық «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалымен бірге ұйымдастырған едік. Бас жүлде игеріне «темір тұлпар» сыйлағанбыз. Өзге де қомақты сый-сияпаттарымызды үлестіргенбіз. Айтысты үш мыңдай көрермен тамашалаған. Бұл – біз ұйымдастырып өткізген әрі демеушілік жасаған алғашқы ірі жоба болатын.

2018 жылғы 13-16 маусым күндері «Халықаралық үздік клиника» атағын иеленген біздің Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығымыз Астананың 20 жылдық мерейтойына тарту ретінде «Байырғы медицина, Шығыс, Тибет медицинасы, Классикалық және комплементарлық медицина, жасыл технологиялар. Назарымызда Қазақстан» деп аталатын Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткіздік. Оған 18 елден келген 350-дей ең жоғары санатты мамандар, Халықаралық ұйымдардың егемен еліміздегі аса беделді жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, сондай-ақ үлкен ғылыми орталықтарының өкілдері де болды. Басқосуды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргіздік. Бұл – біз ұйымдастырып өткізген әрі демеушілік жасаған екінші ірі жоба болатын.

Қадірменді қонақтардың арасында Астананы мүлде көрмегендері де бар екен. Олар Қазақстанның соншалықты дамып, осындай дәрежеге жеткеніне айрықша таң қалысты. Медицинасы ғана емес, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, мәдениеті қандай боп өскенін өздерінің көзімен көрді. Қазақстанның ұлттық медицинасы, байырғы медицинасының қалай дамығанын оларға осылайша паш еттік. Бес бірдей маманымыз шеберлік сыныбын өткізіп, өздерінің науқастарды қалай емдей алатынын көрсетті.

2018 жылғы 1-10 қазан күндері «Түркістаннан – Ұлытауға дейін» атты айрықша акция өткіздік. Бұл – біздің орталығымыз ұйымдастырып өткізген әрі демеушілік үшінші ірі жоба болатын.

Кезінде Дала Парламентінің ордасы атанған Мəртөбе – қазақ тарихының алтын қазығы. Дəл осы тарихи орыннан бастау алған арнайы жоба Ұлылардың мекені – Ұлытауға дейін жалғасты. Қасиетті жерлердің маңыздылығын аша түсіп, ішкі туризм мен жаңғырудың жасампаздығын жалғаған танымдық бағдарлама барысында бірқатар туристік орындарда болуды назарға алдық.

Делегацияның құрамында менен өзге Елбасымен Украинада бірге оқыған курстас досы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Аманəлі Əбдіраманов, Халықаралық «Жас-Ай» клиникасы Шымкент филиалының директоры Марат Әбілхайыров, Қазақстан Республикасы Сəулетшілер одағының мүшесі Мұхит Көшенов және Шымкент қаласындағы әл-Фараби аудандық орталық мешітінің имамы Əділбай Тойшиев болды.

Мәртөбе – қазақ халқының тағдырына қатысты талай мәселе шешімін тапқан мекен. XVIII ғасырдың екінші жартысында елдің ішкі саяси өміріне қатысты мәселелерді шешу үшін Мәртөбе жотасына үш жүздің игі жақсылары мен жайсаңдары жыл сайын мәслихатқа жиналып отырған. Онда ел тыныштығын сақтау, жаудан қорғану, көші-қон тәртібі, қоныстарды бөлу, реттеу, тайпа, ру араларындағы дауларды бітістіру мәселелері қаралып, талқыланған.

«Түркістаннан – Ұлытауға дейін» деп аталған акцияның мақсаты — өзіміздің тарихымызбен танысу, ұлттық код мәселелеріне тоқталу болатын. Тіліміз, дініміз, тегіміз қайдан шыққан? Ата-бабаларымыз қандай жолдан өткен? Өзіміздің туған жерімізге деген құрметіміз қандай? Міне, осындай сан салалы сауалдарға жауап іздеу еді.

Сапарымызды алдымен Мәртөбеден бастадық. Бұл – қазіргі Дала Парламенті, қазіргі Сенат іспеттес болған қасиетті төбе. Сол төбеде тұрып, рухқа тағзым етіп, Құран бағыштап, тілектер айтып, маңайдағы жағдайларды ұрпақтарға көрсеттік.

Ордабасы ауданындағы Қажымұқан Мұңайтпасовтың кесенесіне тәу еттік. Темірлан ауданындағы Күш атасынның мұражайын аралап, ондағы құнды жәдігерлермен таныстық.

Сайрам ауданындағы Ибрахим ата мен Қарашаш анамыздың қабірінің басында мал сойып, Құран бағыштадық. Олар – Қожа Ахмет Ясауидің ата-аналары болып табылады.

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне барып, Ислам дінінің негізін салушы бабамыздың асқақ рухына тәу еттік. Жаңадан құрылған облыс орталағындағы тарихи-мәдени орындарды аралап көрдік.

Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесіне тағзым еттік. Отырартөбені, Отырар мұражайын араладық.

«Ұлт рухы» жобасына қатысушылар 1 қазан күні Қызылордадағы тарихи-танымдық орындарды аралады. Қазақстан мемлекетінің Орынбордан кейінгі екінші астанасы болған Сыр бойында тарихи-мәдени орындар, ондағы құнды жәдігерлер көп-ақ. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде киелі жерлерді аралап қана қоймай, оның маңызы мен мәні туралы халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтпаса да түсінікті. Сонда ғана ішкі туризм дамып, шалғайдағы шетелдердің орнына туған еліміздің әлеуетін танытпақпыз. Бүгінімізді бағамдай алсақ, болашаққа деген қадамымызды нықтай аламыз. Бұл тұста – Қызылорданың мәні мен маңызы ерекше екені даусыз.

Біз барған күні қызылордалықтар өздерінің сүйікті қаласының 200 жылдық мерейтойын тойлап жатыр екен. Бізді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жылы шыраймен қабылдады. Мені «Қызылорда қаласына – 200 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.

– Елбасының таяудағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын барынша арттыру мәселесі кеңінен сөз болғаны белгілі. Осы орайда өзіңіз жетекшілік жасайтын медициналық орталығында қандай жұмыстарды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын білсек дейміз.

– Таяуда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жария етті. Көпшілік оны теледидардан тыңдаумен қоса-қабат газет арқылы етене танысты.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауы биылғы 5 қазан күні жарияланды. Мәртөбеден Ұлытауға жетіп келген делегацияның сапары Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы жолданған күнге тұспа-тұс келді. Осындай тарихи сәтті делегация мүшелері – Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығының басшысы Жасан Зекейұлы, Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығы Шымкент қалалық филиалының директоры Марат Әбілхайыров, мәдениеттанушы Сейітзада Әсембек киелі Ұлытау жерінде аудан әкімінің идеология және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Бағдат Тілеуұлы Байжантаевпен және жергілікті халықпен бірге тыңдаған. Жиылған көпшілік жиын соңында «Елбасы Жолдауы — дағдырысты еңсерудің тиімді жолы» деп тарқасқан.

Мемлекет басшысы 2014 жылы 25 тамызда Ұлытау төрінде өткізген алқалы жиында: «Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер өте көп. Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа», – деген болатын. Қазақ халқының басын біріктірген хандар мен билер Ордабасы мен Ұлытауда, Мәртөбе мен Күлтөбеде келелі кеңес құрған. Бірлікті басшылыққа алып, орталыққа ұйысқан сайын берекелі халқымыздың бірлігі нығая түскен. Бұлар – сол тұстағы еңселі елдіктің ерекше белгілері іспеттес.

Сәті түсіп, Ұлытау ауданына келдік. Бізді аудан әкімінің идеология және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Бағдат Тілеуұлы Байжантаев есімді жігіт күтіп алды. Содан Ұлытау ауданы әкімдігінің мәжіліс залында үлкен монитордан 200-дей белсенді азаматтарымен бірге Елбасының Жолдауын тыңдадық. Ондағы айтылған әңгімелер өте ерекше дер едік. Бұл жерде құр сөз емес, нақтылы, дәйекті іске көшу туралы көбірек айтылды. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы» 80, 81,82, 83 медицинаға бағытталған қадамдар бар. Соған байланысты осы Жолдауда медицина мамандарының өте жанкешті жұмыс жасап жатқанын, олардың көбінде кадр мамандарының жетіспеушілігі, сонымен қатар күн мен түнді жалғап жұмыс істейтіні сөз етілді. Сонда да олардың ерен еңбегі дұрыс бағаланбайды. Айлық жалақыны 30 пайызға көтереміз деп айтып өтті. Сонымен қатар дәрігерлердің мәртебесін көтеру, атқарған жұмысына қарай дұрыс баға беру, халыққа жақын ету жайына айрықша тоқталды. Халыққа жаны ашитын, басы ауырып, балтыры сыздағанда жәрдем сұрап келгендерге көмегін аямайтын дәрігерлерге қолайлы жағдай жасалуы керек деді.

Нақтылай айтқанда, біздегі мемлекеттік емханалардың көбі жоғары технологиялық аппараттармен қамтылған. Бірақ, ауылдық жерлерге жетпегендері бар. Елбасы электронды цифрлық технологияға көшу туралы сөз етті. Халық өзі мекен ететін жерінде тіркеліп, клиникаларда кезек күтіп отырмайды, электронды түрде кезекке тұрады, сол бойынша дәрігердің қабылдауына келеді. Осы жері бізге қатты ұнады.

Дамыған елдердің көпшілігінде медицинаны жеке секторлар құрайтыны баса айтылды. Соған байланысты жекеменшік медициналық орталықтарға жағдай жасап, олардың мемлекеттік тапсырыс алуларына пәрменді көмек беру жөнінде де ескертпелер келтірілді. Қайткенде біз медицина саласының жұмысын жақсарта аламыз? Адамның өмір сүру жасын орта есеппен қалай 75 жасқа апарамыз? Бұрын бұл көрсеткіш – 72,5 жас еді. Бұл жерде мамандардың өз отбасының жағдайын ойлап, ғылым-білімге мән бермей, ізденбей кетуі себеп болып тұр. Жұмысқа деген белсенділігін арттыру үшін жалақыларын көбейту керектігі айтылды. Тұрмыс жағдайы жақсарған маман өзінің көп уақытын ғылымға арнайды. Олай етпесе отбасын асырау үшін қосымша жұмыс істеп, өзінің негізгі жұмысында белсенділігі төмендейді.

Қазақстан Ұлттық медицинасын дамытқанымыз дұрыс. Табиғи ресурстарымызды пайдаланып, өзімізден шығатын брендтерді көбейтуіміз керек. Табиғи шөптерімізді пайдаланып, халықтың шипалы ем алуына мүмкіндік жасағанымыз жөн. Ауырмаудың өзі – еліне деген құрмет. Шетелде сырқат жанды – мәдениетсіз адам деп есептейді. Оларды Үкімет қана мойнына алуы дұрыс емес. Ауырған адамның бүйрегін, жүрегін ауыстыру миллиондаған қаржыны талап етеді. Сол үшін салауатты өмір салтын берік ұстануымыз керек. Тұрғындарды салауаттылыққа, аурудың алдын алуға үйретуіміз керек. Халыққа заманауи техниканы көбірек жеткізуіміз керек. Таза сумен, дұрыс жолмен емдеуіміз керек. Медицинаны дамытуымыз қажет. Елбасы үздік Халықаралық стандартқа жету керектігін баса айтты. Қазақта «Елдің атын ер шығарар, ердің атын еңбек шығарады» деген сөз бар. Сол айтпақшы, ғылым дамыса – ел көркейеді. Бүгінде Еуропа медицинасы, әлемдік дамыған медицинаның өзі адамның өмір сүру деңгейін 80 жастан асыра алмай отыр. Әлем бойынша үздік деп саналатын жапондық методикалар бар. Солардың барлығын ортақ деп санап, іске асыру көзделіп отыр. Адамзат дамуынан бері келе жатқан, әбден зерттеуден өткен үздік деп саналатын медицинаны қолданайық. Ғалымдар адам жасын 90-ға жеткізуге болады деп отыр. Сол жүйеге біздің Шығыстық медицина кіруі керек деп ойлаймыз. Денсаулығы мықты елдің әлеуеті де мықты болары сөзсіз.

Елбасының Жолдауында денсаулық саласы – Ұлттық стратегиямыздың маңызды бір бөлігі делінген. Адамдардың сау-саламат болуы, ұрпақтарының өсіп-өнуі, әлем ұлттарының алдында қуатты болуы, ұзақ жасауы, тұрмыс жағдайының жақсы болуы, осының барлығы ең алдымен денсаулық арқылы көрінеді. Дені сау ұрпақ – Отан қорғаушысы, ұлттың болашағы. Олардан үлкен ғұламалар шығады. Осындай ұрпақтарымыз көбейсе, мемлекетіміз де көркейеді. Мемлекеттің байлығы – адам күші. Әлемге атақты ғалымдарымызбен таныламыз. Сол ғалымдарға қолдан келгенше жағдай жасауымыз керек. Жолдауда әлеуметтік сақтандыру жүйесін құру туралы айтылды. Бұл жүйе өркениетті елдерде бұрыннан дамыған. Мұнда мемлекет пен жұмыс беруші адам береді және жұмыс алушы да төлейді. Содан ортақ қор пайда болады. Ауыр сырқатқа ұшыраған кезде жалғыз Үкіметке қол жайып қарап отырмай, сол ортақ қордан алып ем алуға болады. Бұл жүйе өте дұрыс. Қолдауға тұрарлық.

Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің 300-дей студент жастарымен кездесу өткізілді. Еліміздің келешегі – жастар үшін бұл басқосудың маңызы өте зор болды. Жастармен сұхбаттасу басқосуын университеттің «Рухани жаңғыру» бөлімінің жетекшісі Арман Кенжебеков жүргізді.

Профессор Жасан Зекейұлы өткені мен бүгінін білмеген адамдарды өз бағытын білмейтін кеме секілді тасқа соғылатынын, сондықтан да рух пен ар-намыстың бірінші орында тұруы шарт екенін ескертті. Ал, ақша мен мансап қуған жанның болашағы бұлыңғыр екенін айта отырып, «Мәңгілік Ел» боламыз десек, ұлтқа адал қызмет ету керектігін баса айтты. Шипагер Мемлекет басшысының «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бағдарламасындағы 80 және 82 қадамдарында айтылған «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» жүйесіне де тоқталып өтті. Жұмыс беруші қарамағындағы жұмысшыларының денсаулығына жауап берсе ғана қолға алған шаруасы алға басатынын тілге тиек етті. Дәрігер жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, дұрыс тамақтану жолдарын да түсіндірді.

Бұдан соң студенттер өз сұрақтарын қойып, шара соңы сұхбаттасу форматына жалғасты.Университет қабырғасында «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім алып жүрген жастармен аталмыш жоғары оқу ордасының алдында фотосессия ұйымдастырылды.

Халықаралық «Жас-Ай» клиникасының «Ұлт рухы» жобасы аясында Сарыарқаның мысты өңірі – Жезқазғанға келіп табан тіреді. Қалалық «Нұр Отан» партиясының ғимаратында Халықаралық «Жас-Ай» клиникасының құрылтайшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы студент жастар және қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Әйгілі дәрігермен бірге Халықаралық «Жас-Ай» клиникасы Шымкент қаласындағы филиалының басшысы Марат Әбілхайыров, мәдениеттанушы Сейітзада Бибатырұлы болды. Кездесуді қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова жүргізіп отырды.

Мінбеге шыққан Жасан Зекейұлы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының мән-мағынасын жастарға қарапайым өмірдегі оқиғалармен байланыстыра отырып түсіндірді. Төрткүл әлемге танылған дәрігер Елбасының «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» және «Ұлттық код» стратегиясы жүзеге асыру жолдарын саралап, болашаққа жастардың нық қадам басуға шақырды. Кешегісі мен бүгінін білген адамның болашаққа деген көзқарасы жарқын болады. Бұл сөзді бүгінгі жиынға келген әрбір жан жете түсінді дей аламыз.

Басқосу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Жиналғандар өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарына нақты жауап алды. Көпшілікті қызықтырған тақырып Шығыс-Тибеттік медицинасындағы ине салу терапиясы болды. Сұрақтарға дәрігер нақты дәлелдер арқылы тұщымды жауап берді. Осы орайда ол болашақ дәрігерлерді ата-бабамыздан келе жатқан халық емі мен қазіргі медицинаны байланыстыра отырып, халықты дұрыс емдеуге шақырды.

Жасан Зекейұлы Елбасы Жолдауындағы «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» жобасы туралы өз ойын жеткізді. «Мемлекет, жұмыс беруші, азамат арасындағы байланыстың қаншалықты маңызды екенін көрсете білді. Мәселен, шетелге барсаңыздар, ауырған адамды мәдениеті төмен адам деп санайды екен. Егер еліңді, жеріңді сүймесең, сен мемлекетіңе масыл адамсың. Ал, бұл жол дұрыс бағыт емес екені баршамызға белгілі. Салауатты өмір салтын сақтаған адам – өз елінің патриоты бола алады. Сондықтан, Елбасы әрбір азаматтың мойнына жауапкершілік жүктеп отыр», – деп нақты сөздерімен көпшілікке ой салды.

Жезқазғанда «Рух жаңғырығы» жобасы бойынша «Нұр Отан» партиясының жиналысына қатыстық. Үлкен тәжірибе алмастық. Ғалымдармен таныстық. Көптеген студеттердің сұрақтарына жауап бердік. Әсіресе рухани байлық, денсаулықты сақтау жөнінде кеңінен әңгіме қозғадық.

– Жолдауда білім ордаларындағы бос тұрған спорт ғимараттарын тиімді пайдалану, үй ауласын қажетті спорттық жабдықтармен жарақтау мәселелері сөз болды. Осы жөнінде Сіздің ойыңыз қалай? Бұл мәселе өркениетті елдерде қалай шешілген?

– Елбасының Жолдауында білім ордасын былай қойғанда, мемлекеттен қомақты қаржы бөлініп, спорттық ареналар ашылғаны айтылды. Тіпті, көптеген елдердің өзінде мұндай жағдай жасалмаған. Осындай ареналар бар болса да олар көбінше қаңырап бос тұрады. Елбасы осыны қатаң ескертті. Мұны бизнес көзі етіп алуға болмайды. Бұл халықтың мүддесі үшін салынған дүниелер ғой. Қалта көтермейтіндей ақылы етіп қойса, оған кім барады? Еліміздің көк туын желбірететін саңлақ спортшылар қайдан шығады? Қолжетімді лайықты ақшасын алса ғана адамдар барады. Елбасымыз осының барлығын көріп, біліп отыр. Сарайдың көркі – адамымен. Адам барған жерде періште келеді, бос тұрған жерде сайтан жүреді. Бос тұрып тез тозып, үйіндіге айналғанша пайдаға жарату керек. Игілігін қазақстандықтар көрмегенде, кім көреді? Билік басындағылар болсын, қарапайым халық болсын, балалары барып бір-бірімен, жай қарапайым жұртшылық жаттығу керек. Солардың ішінен талай мықтылар шығады. Талай балалар ауылдарда өздерінің шамасы келгенше айналысып жүр ғой. Дамыған елдердегідей үйіміздің ауласына арзан ғана спорттық алаңдар дайындап, адамдар сонда шынықса, олардың өмірге деген құштарлығы артып, ұрлық-қарлық, наша шегу сияқты сан түрлі қылмыстар азаяр еді. Көп уақытын спортқа арнайтын болар еді. Бір-бірімен жақын араласқан соң қылмыс жасауға дәті бармай тұрады. Ондағылар темекі шекпейді, арақ ішпейді. Елбасы осындай ойын алаңдарын да, фитнес клубтарды да, спорт ареналарын да барынша тиімді пайдалану керек деп айтып өтті.

– Елбасыға, оның соңынан ерген елге айтар тілегіңізді білсек дейміз.

– Біздің барлығымыздың тілегіміз бір ғой. Осы міне, Сізбен сұхбат жасап отырғанымыздың өзі тәуелсіздігіміздің арқасы. Шаңырағымыз шайқалмасын. Аспанымыз ашық болсын. 27 жыл бойы осы күнге жеткізіп келе жатқан Көшбасшымыз біреу болсын, қалғанымыз қосшы ретінде оған тіреу болайық. Сөйтіп, дамыған үстіне дами берейік. Елбасының Жолдауларында «Тәуелсіз ел атанудың өзіндік жауапкершілігі бар, ал оны қорғау одан да қиын» дегендей пікірлер жиі айтылады. Сондықтан халыққа аманатым – тәуелсіздікті қорғап қалайық. Тәуелсіздік мәңгілік болса, біздің бәріміз де бақытты боламыз. Мына өмірдегі ең үлкен бақыт – адамдарға көмектесу мүмкіндігі дер едік. Еңбегіміз елге, құрметіміз Елбасыға болсын! Осындай бай-қуатты ел болып жүруді Алла тағала бәрімізге нәсіп етсін дейміз. Сол себепті Елбасының жаңа Жолдауын жүзеге асыруға белсене атсалысайық, ағайын!

 

ІІ. ДЕНСАУЛЫҚ  САЛАСЫ – ҰЛТТЫҚ СТРАТЕГИЯМЫЗДЫҢ МАҢЫЗДЫ БӨЛІГІ

– Жасан Зекейұлы, салауатты өмір салтын ұстанып, халықтың денсаулығын нығайту, өмір жасын ұзайту мақсатында қарапайым жұртшылыққа қандай ақыл-кеңес берген болар едіңіз?

– Ұлттық стратегиямыздың маңызды бөлігі – денсаулық саласына жете мән беріліп келеді. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ұстанымым бар. Бұл жерде адамдарды қарапайым, қарапайым емес деп бөлуге болмайды. Өзім олай етпеймін. Өйткені, Алла тағала бәрімізді бірдей етіп жаратқан. «Адамның жаманы болмайды, тәрбиенің жаманы болады» деген сөз бар. Сол тәрбиеге байланысты адамдардың мәртебесі білінетін шығар. Халыққа адал қызмет етуіміз керек. Елбасымыздың өзі кабинеттеріңнен шығыңдар, халықпен араласыңдар деп айтып отыр. Халық рухани шөлдеп қалған. Соған байланысты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынды. Халықтың көзін ашуымыз, рухани байлығын көтеруіміз керек дейді. Осының бәрін халыққа жеткізе алатын, ісімен дәлелдей алатын ғалымдар болуы тиіс. Біз өмір сүру салтымызда ізгі дәстүрлерден алыстап кетпеуіміз керек. Бұрынғы ата-бабаларымыз таңертең тұрып, атын жетектеп, бірнеше шақырым жаяу жүріп барып, бұлақтан аққан таза судан ішіп, түнімен ішекте жиналған улы шлактарды тазартқан. Содан соң барып таңғы аста қолдың сары майын нанға жағып отырып шай ішкен. Тамақ сіңіріп, 15 минуттан соң барып шай ішу керек. Таңертеңгі тамақты сумен бірге тойып ішіп, түскі асты патшадай ішу керек, кешке жеңіл тамақтану керек.

Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығы ашылғалы бері 15 жылда ана мен баланың денсаулығын сақтауда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. Осы жылдар ішінде ұзын-ырғасы 90 000 науқасты емдеген. Соның ішінде 800 миллион теңгеге тұрарлық 15 000 сырқат адамға тегін ем көрсеткен. 5000 отбасына сәби сүю бақытын сыйлаған. Осылайша ерлі-зайыптылар бедеулік пен белсіздіктен арылған. Сонымен қатар инсульт алған 4 000 адам сауығып шықса, 7000-ға жуық сал ауруына (ДЦП) шалдыққан балаларды сауықтырған. 14 жыл бойы тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға егемен еліміздегі ең беделді жоғары оқу орындарына оқу грантын бөліп келеді.

Медициналық орталықта қолданылатын ем түрлері:

  1. Тамыр соғуы арқылы ауруды анықтау (Пульсодиагностика).
  2. Алтын ине терапиясы – Акупунктура (Иглотерапия).
  3. Пульт қою (Пультирование).
  4. Инені емдік шөппен қыздыру (Прогревание травами, обладающими целебными свойствами).
  5. Магниттік Хассы «алтын» банкі қою (Магнитные золотые банки – Хассы).
  6. Қан алу (Хиджама), қан тазалау (Баночные кровопускание – Хиджама-очищение крови).
  7. Аяқ массажы (Аппарат для массажа ног – Зывишин).
  8. Денені табиғи таспен қыздыру – Каудиян (Физиолечение натуральным камнем – Каудиян).
  9. Нүктелі және классикалық массаж (Точечный и классический массаж).
  10. Косметология (бетке ине салу, бет массажы, маска, бет тазалау – иглотерапия, чистка, массаж лица, маска)
  11. Арықтату емі: арықтату аппараты, инемен емдеу, диетолог маманы. Процедура для похудения: аппарат для похудения – Миостимулятор, иглотерапия, консультация диетолога.
  12. Омыртқа, мойын, бел созу аппараты (Растяжение поясницы и шей – Aппарат ТМ-400).
  13. Түрлі шөппен булап емдеу аппараты (СПА процедуры ,фитобочка).
  14. Жыланның уы және 80 түрлі емдік шөптер негізіндегі май жағу (Лечебная мазь на основе змеиного яда и 80 видов трав, обладающих целебными свойствами).
  15. Зертхана (Лаборатория – Общий анализ крови, общий анализ мочи, биохимические анализы).
  16. УЗИ-аппарат Aloka prosound-6 (Обследование внутренных органов, щитовидной железы, мочевого пузыря, органов малого таза, коленного сустава, тазабедренного сустава, нейросонография, молочной железы, поверхностных узлов).
  17. Магниттік жасарту аппараты (Магнитный аппарат для омоложения организма).
  18. Электрокардиограмма MEDIANA.
  19. Стационар және күндізгі стационар (Стационар и дневной стационар).
  20. ЛФК аппараттары (Буын және аяқ-қан тамырларын емдеуге, бұлшық ет қызметін қалпына келтіруге арналған аппарат, қуық безі қызметін қалпына келтіруге арналған аппарат, инсульттан кейін қол-аяқ қызметін қалпына келтіруге көмектесетін жылжымалы құрылғы, ишемиялық цереброваскулярлық және зақымдалған ми қызметін қалпына келтіруге арналған аппарат). (Для лечения суставов и кровеносных сосудов ног, аппарат предназначенный для восстановления желез мочевого пузыря, средство, помогающее восстановить функционирование рук, ног, аппарат для восстановления функции повреждённого мозга).
  21. Кардиолог, невропатолог, ЖПД, травматолог-ортопед, гинеколог, психолог, терапевт кеңесі (Консультация кардиолога, невропатолога, терапевта, ВОП, травматолог-ортопед, гинеколог, психолог).

– Енді Астана мен Алматыдағы медицина орталықтарының жұмысы жайында айтып өтсеңіз.

– Біздің медициналық орталығымыз алдымен Алматыда 2004 жылы ашылған. 15 жылдай уақыт болып қалды. Ал 2015 жылы Астанада, 2018 жылы сәуірде Шымкентте ашылды. Жалпы 200-дей маман жұмыспен қамтылып отыр. Бұл орталықтардың ерекшеліктері мұнда емделуге көп күш кететін, асқынған науқастар келеді. Инсульттар, бел омыртқаның грыжалары, отаға барғысы келмейтін науқастарды емдейміз. Сонымен қатар балалардың мешел аурулары көп. Төрт мыңдай ДЦП балаларды емдеп жаздық деп айта аламыз. Көбінше тегін ем көрсеттік. Бүкіл адам денесіндегі қан-тамыр жүйесіндегі аурулар, қан қысымы жоғары болып жүретін адамдар алдымен бізге келеді. Солардың тамырындағы қанын инемен жүргізіп, тамырын жасартып, химиялық дәрісіз қысымын түсіреміз.

Сонымен қатар отбасылардың жылдар бойы бала сүйе алмаулары үлкен проблемаға айналған. Осындай алты мыңдай жастарға бала сүюге көмектесіп, алғысын алып отырмыз. Жеті мыңдай инсультті қарадық. Бірінші Алланың арқасында. Ауруды берген Құдай оның шипасын да береді. Солардың ішінде 99 пайызы бұрыннан бергі алапес ауруларының жүйкелерін инемен оятып, емдеп жазамыз. Олардың үйленіп, бала-шағалы болып, батасын беріп кетіп жатқандары қаншама. Ұйқысыздық, остехондроздан жүйке жүйелерінің шаншуы, буын шаншу, беті қисайған неше түрлі науқастарды емдейміз. Басқа жерге барып ем табылмай, соңында бізге келетін жағдайы жоқ науқастардың әлеуметтік жағдайына қарап, қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Барлығы 90 мыңдай адамды емдеп жаздық. Үш орталықтың барлық базасы орталықтандырылған, ортақ сайт жұмыс жасайды.

– Дәрігерлер мен медбикелердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары, алатын айлық жалақылары, демалыс, тынығулары мен біліктілігін арттыру шаралары қалай жүзеге асырылуда?

– Әлеуметтік жағдайына ұйыммен бірге өздерімен ақылдаса отырып ерекше мән-маңыз береміз. Кейбір дәрігерлер мен мейірбикелердің түскі тамағы өзімізде тегін беріледі. Егер де демалыс күндерде қосымша жұмыс істейтін болса, үш-төрт айда бір рет сол еңбекті бағалау ретінде сыйақы беріліп тұрады. Көбісінің жалақысы стандартқа сай, категориясына қарай ішкі бағалауымызбен беріледі. Емтихан тапсырып отырады. Сол бойынша да өздерінің жасаған еңбектеріне қарай жалақы алады. Айлықтары төмен емес. 100 мың теңгеден 350 мың теңге аралығында. Жаңадан келген мейірбикелер сынақ уақыты ретінде бір жыл көлемінде ай сайын 70-80 мың теңгелік жалақымен жүреді. Жақсы жұмыс істеуге талпынады. Сол дәрежеге қарай ұмтылады. Біз Халықаралық стандарттағы жапон, қытай методикаларын тиімді пайдаланып келеміз.

Категорияны мемлекеттік тұрғыдан көтеретіндері бар. Сертификатын алады. Ал Шығыстық, Тибеттік медицина бойынша біздің өзіміздің ассоциациялық Халықаралық медицина ұйымдары, Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінің медицина орталықтарымен біріккен бірлестікте тест тапсырады. Сол жерден өтсе, бізден өздеріне тиісті категорияны алады.

Қызметкерлер заңды түрде кезекті демалысқа шығады. Арнаулы рухани сауығу, көкке шығу, туған күндеріне байланысты дастарқан жаюды өзіміздің тілде музыкалық терапия дейміз оны. Сол жұмыс жасап жүрген жерінде өзіндік орны бар адам екенін сезіне білу керек қой. Туған күндері ішімдіксіз атап өтіледі. Өйткені, кңүнделікті жұмысқа кедергі келтірмеуі керек.

Өздері ізденіп, ине терапиясын оқығым, массажды үйренгім келеді деп жатса, біз қаржы шығарып, оқуға жіберіп тұрамыз. Жақында екі адамды оқуға жібердік. Біреуін Мәскеуге, онда шөптермен әрлендіруді үйретеді екен. Екіншісін Гонконгқа, ине терапиясы бойынша үйреніп келуге жібердік. Біліктілігін арттыру жүйесі бойынша біріншіден, оларға мақала жазуға тапсырма береміз. Мақаласы комиссиядан өтсе, біз оны журналдарға жариялаймыз. 15 адамнан құралған комиссия бар. Сапасы дұрыс боп жатса, әлемдік журналдарға да шығаруына мүмкіндік жасаймыз. Жастардың үздіксіз дамуына, ізденуіне мүмкіндік тудырып отырамыз. Жасы келген егде адамдарға да қартайдың, қалайда зейнетке шық демей, тәлімгер ретінде олардың екінші тынысының ашылуына көмектесеміз. Мамандығын өзгертеміз немесе мамандығының екінші жолын көрсетеміз. Тәжірибесіне қарай диагноз қою, адамдармен әдепті сөйлесу, иненің созылмалы ауру түрлеріне өзі ине салу сияқты тегін курстарға тартамыз. Соны оқып шыққан адамдарға арнайы сертификаттар береміз. Мемлекеттік Білім жетілдіру институты мен Халықаралық «Жас-Ай» клиникасы бірігіп оқытамыз. Сол курс аяқталған соң емтиханнан сүрінбей өтсе, арнайы құжат береміз.

Жылына екі рет қана жарық көретін «Сократ альманахы» журналының 2018 жылғы алғашқы саны «Халықаралық үздік клиника» атағын иеленген Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығына, оның басшысы – Жасан Зекейұлына арналды.

Жасан Зекейұлы – «Тәуелсіздік – тағдыр сыйы», «Акупунктура», «Бел- омыртқа аурулары», «Бел омыртқа ауруларының диагнозы және тиімді емдеу жолдары», «Жас-Ай жылнамасы», «Денсаулығың – сенің меншігің», «Зергер зейін, зерек зерде», «Кәделі жаһан» (соңғысын этнограф-жазушы Жанат Ахмадимен бірге жазған) атты кітаптардың авторы. Мемлекеттік тілде жазылған осындай бес оқулығым бар. Қалғандары қытай және латын тілдерінде жарық көрген.

Өз кезегінде білімді де білікті дәрігер Жасан Зекейұлы жайында «Шығыс-Тибет медицинасының шипагері», «Жарқырай бермек Жасан әлемі», анасы Шәрипа Казезқызының «Сөнбес сәуле», «Ізгіліктің ізі бар», этнограф-жазушы Ж. Ахмадидің «Тектілік тегеуріні», Айдын Ырысбекұлының «Тау тұлға», «Академиктің Семейге келуі» деп аталатын кітаптары баспадан шыққан.

– Шетелдердегі өздеріңіз сияқты жекеменшік мекемелермен байланыс орнатқансыздар ма?

– Өте жақсы байланыстамыз. Мәскеуден келген және алыс-жақын 18 шетелден келген «Комплементарлық медицина, классикалық медицина. Назарымызда Қазақстан» атты ғылыми-теориялық конференцияда сол елдердің сегізімен келісімшартқа отырдық. Біреуі – Мәскеудегі ассоциациялық медициналық ұйым. Тәжірибе алмасуға адам жібердік. Олар да өздерінің адамдарын осында жіберіп, бізге шеберлік сыныбын өткізуге ниеттенуде. Сосын жақында өзім көмекшілерімді алып, Гонконгқа барайын деп отырмыз. Оксфорд университетінің медицина қауымдастығы төрткүл әлемдегі медицина өкілдерінің басын қосатын үлкен ғылыми-теориялық конференцияға шақырып отыр. Соған бізден басшылық қызметтегі үш адам баратын болады. Онда төрт-бес төраға жұмыс істейді. Лекциямды мемлекеттік тілде жасаймын. Соған қатысамын деген ұйымдар келуі керек. Аудармасымен лекция біткен соң оқып таныса алады. Өйткені, ұлтжандылық қасиетім баяғыда қалыптасқан.

«Жас-Ай» медициналық, ғылыми-сараптамалық және танымдық журналының ақылдастар алқасының құрамына ғалым, академик, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының президенті, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұрат Жұрынов, ғалым, медицина ғылымының докторы, профессор Аман Нұрмақов, ғалым, медицина ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Төрегелді Шарманов, ғалым, медицина ғылымының докторы, Ұлттық нейрохирургия орталығының президенті Серік Ақшолақов, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, академик, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері Әділ Ахметов, ғалым, философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, жазушы, Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ақан Бижанов енген. Екі айда бір рет жарық көретін бұл журнал 5000 дана таралыммен тарайды.

«Жас-Ай» журналын ашқалы 15 жылдай уақыт болды. Оны тек қазақ тілінде ғана шығарамыз. Осы уақытта неге орысша шығармайсың деген адамдар көп болды. Мемлекетіңді, рухты ұстау үшін кез келген адам өзі үшін қазақ тілін үйренуі керек. Елбасымыздың өзі қазақпен қазақ қазақша сөйлесіңдер деп талап етіп отыр ғой. «Адам жанының саулығы – тілдің саулығынан бастау алады» деген мақалам бар. Барлық рухани байлықты өз ана тіліңмен аласың. Кішкентайыңнан сол тілмен рухани дамымасаң, ақпаратты, емді сол тілде алмасаң, сенің емделгеніңнің бәрі бекер. Сол үшін алдымен тіліңді сауықтырып алуың керек. Сол себепті көп азаматтардың тілдерді шұбарланып келіп, кейіннен қазақша сөйлеп кетіп жататыны содан.

Жазылмайтын ауру жоқ, жазылмайтын адам бар (Тибет даналығы).

Үлкендердің арасындағы көсемдік пен көрегендіктің азайып, пендешіліктің ұлғайып бара жатқаны жүрегімді ауыртады. Кейбір жастарымыздың мақсатсыздығы мен Отанға деген сүйіспеншілігінің таяздығы қабырғамды қайыстырады (Жасан Зекейұлы).

– 15 жылдан бері «Жас-Ай» ұйымын ашып, 90 мыңдай адамға өмір сыйлапсыздар. Осы уақыт аралығында мемлекеттен ешқандай тапсырыстар алмай жұмыс істеп жүргендеріңізді де жақсы білеміз.

– Тәуелсіздікпен бірге өстік. Қазақ елі бізге сенім артып отыр. Туған елмен қайта қауыштық. Қазір қуса да кетпейміз. Мемлекетке қолымызды жайған жоқпыз. Ешқандай тапсырыстар алмадық. Өз еңбегімізбен өстік. Үш орталық аштық. Мекеме ашамыз дедік, мемлекет рұқсат берді, кадр аламыз дедік, рұқсат берді. Орден-медальдар, мәртебелі атақтар алып отырмыз. Негізі ел үшін еткен еңбектің әділ бағасын халық қана беретіні белгілі.

Бұрынғы сақ, ғұн дәуірінен бері аман келдік, қазақ ұлты атандық. Қазақтар – қиыншылықты көп көрген халық. Қолдан жасалған ашаршылықты көрді. Сонда бес миллион халық қырылды. Одан кейін Ұлы Отан соғысын көрді. Қазір тәуелсіз қазақ еліне келіп жалғастық. Елбасының Жолдауында айтылғандай, қазақтың Мәңгілік Елі болып қалуымыз керек. Халық болып қалыптастық, өзіндік идеологиямыз бар. Осының бәрін ұрпақтың бойына сіңіретін болсақ, олардың санасында қазаққа керек екенмін ғой деген ұлтжандылық ой туындайды.

– Әсерлі сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Әбдісаттар ӘЛІП.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *