АРЫС АЖАРЛАНЫП КЕЛЕДІ

Қоғам
1 406 Views

Арыс қаласының тарихы тым әріде. Өткен ғасырдың басында Қазақстанда алғашқылардың бірі болып салынған теміржол құрылысы арыстықтардыбүкіл одаққа танытты. Шәмшінің «Арыс жағасында» әнін тыңдамайтын қазақкемде-кем. Атақты Арыс қаласының бүгінгі кескін-келбетін,әлеуметтік-экономикасын дамыту мақсатында жүрген қала басшысы Гүлжан Мамытқызы жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп жүр. Гүлжан Құрманбекова белгіліэкономист, көптеген жылдар Шымкент қаласының экономика саласында қызмет еткен. Сол саланың жілігін шағып, қала әкімінің орынбасары ретінде мегаполистің гүлденуіне үлес қосқан, кейін Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтыңэкономика жөніндегі кеңесшісі болған Гүлекең қазір Арыс қаласының әкімі. Бұлүлкен сенім. Облыс әкімі ер-азаматқа бергісіз Гүлекеңе жауапты посты жүктей келе, облыстағы гендерлік саясатқа маңыз беріп отырғанын, әрі кадрды тап басып тани білетінін аңғартқандай. Орайы келгенде қарбалас сәтке қарамай біз ГүлжанМамытқызын сұхбатқа шақырып, өңір туралы әңгімелестік.

ҚАНША ҚИЫНШЫЛЫҚ КӨРСЕ ДЕ, АРЫСТЫҚТАР ҮДЕРЕ КӨШПЕДІ

– Гүлжан Мамытқызы, өткен жылдардағы апат ошағы болғанАрыс пен бүгінгі Арысты салыстырар болсақ, жаңа қаланың бойына қан жүгіргендей. Көпшілік қызығатын, көз тоймас мекенге айналған. Бүгінгі күні қай саладаілгерілеушілік бар?

– Арыс өзіндік ерекшелігі бар қала. Аумағында Қазақстандағы ең үлкен теміржол торабы, қала және алты ауылдық округ орналасқан. Қаламен іргелес жатқан әскери гарнизон 1930 жылы қоныстанса, шаһарымыздың іргетасы 1900-жылдары теміржол салынуына байланысты қалана бастапты. 1915-жылы Арыс-Шымкент теміржолы салынып, торабтық стансаға айналады. 1920 жылы болыстық комитет, 1928 жылы аудан құрылады. Орталығы Арысқа – 1932 жылы поселке, 1956 жылы 31 шілдеде аудандық бағыныстағы қала, яғни шаһар атанғанына биыл 65 жыл толуда. 1965 жылы 10 қарашада облыстық бағыныстағы қала дәрежесіне ие болған.

Қала шежіресі еліміздің тарихымен сабақтас. Дегенмен, әскери гарнизондағы 1944, 2009, 2013, 2014 және 2019 жылдардағы бес жарылыстың зардабын арыстықтар тартудай-ақ тартқан.

2019 жыл 24 маусымда Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдың салдарын жою мен қаланы қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарылған. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Маминнің төрағалығымен 2019 жылдың 26 маусымы күні өткен жиынның хаттамалық тапсырмасына сәйкес, Арыс қаласының аумағы 17 секторға бөлініп, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарға бекітіліп, жауапты әкім орынбасарлары белгіленген. Түркістан облысының барлық аудан әкімдері, Арыс қаласы әкімдігінің қызметкерлері тиісті секторға жауапты болып бекітіліп, қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, 7866 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 477 үй жаңадан салынған.

Төтенше жағдай кезінде тұрғын үйлерінің мәселесі шешімін таппаған 20 үй иесімен сөйлесіп, бүгінде тиісті азаматтардың мәселелері түбегейлі шешілді.

Бірақ, қанша қиыншылық көрсе де, арыстықтар жайлы тыныш тұрмыс іздеп басқа жаққа үдере көшпепті. Туған жерге деген сүйіспеншілік осындай болса керек! Тұрғындар, негізінен еңбекқор, барға қанағат ететін, алға ұмтылатын, «Басымыз аман, бауырымыз бүтін» дейтін иманды халық.

Айта кеткен жөн, Арыс аумағында сонау б.з.д. ҮІІ-ІҮ ғасырлардан бастау алған адамдардың алғашқы тұрақтары, алғашқы қалашық салынған терең тарихы бар қала екен.

– Облыс әкімінің тапсырмасы – қала, ауданның потенциалын ескере отырып, халықты жұмыспен қамту болатын. Арыстағы 80 мыңға жуық халықтың хал-ахуалы қалай, жұмыспен қамту, еңбекке баулу сонымен қатар қалада кәсіпорындар ашу, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету, орындалу барысы қалай?

– Арыс қаласына әкім болып тағайындалған күннен бастап бөлімдер жұмысымен жеке-жеке танысып, қала мен елді мекендерді араладым. Басты мақсатым жер-жердегі мәселелермен танысып, қала, облыс, республика бюджетінің есебінен шешуге болатынын анықтау еді. Оларда қандай зәрулік бар екені белгіленіп, мүмкіндігінше тиісті шараларды қолға алудамын. Алғашқы күндерде ардагерлермен, іскер әйелдермен, жастармен, қоғамдық ұйымдармен, имамдармен, зиялы қауыммен кездесу өткізіп, оларда айтылған мәселелерді, ұсыныстарды іске асыру бойынша жылдам іс-шаралар жасаттырып, орындалу барысын бақылауымда ұстап отырмыз.

Жұмыспен қамту саласы бойынша айтар болсам, еліміздегі еңбек нарығындағы қалыптасқан проблемаларды шешу және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдау мақсатында Мемлекет басшысының 2016 жылғы 9 қыркүйекте Үкімет алдына жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру және жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі қойылған міндетін орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі 2016 жылдың 29 желтоқсанындағы №919 қаулысымен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасын, кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысымен Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілгені өздеріңізге мәлім.

Бағдарламаның мақсаты халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады.

2021 жылдың 1 мамырына Бағдарлама шеңберінде жалпы 1135 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты.

Бағдарламаның еңбек нарығының сұранысына сәйкес кәсіби оқытуды ұйымдастыру бағыты бойынша техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға 9-11 сынып бітірушілер қатарынан оқуға жолданатын болады.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жергілікті бюджет есебінен 10,224 миллион қаржы сұралған, өңірлік комиссия шешіміне сәйкес 50 адам ағымдағы жылдың маусым-тамыз айларында оқу курстарына оқыту жоспарлануда.

Ал, екінші бағыт Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Бастау-Бизнес» жобасы аясында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен 105 адамға кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолдама берілді.

Кәсіпкерлікті ынталандыру яғни, жеке ісін ұйымдастыру мен кеңейту мақсатында 6 пайыздық жеңілдетілген несиені 7 жылға дейінгі мерзімге берілетін болады. Бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 70 адамның бизнес идеялары мақұлданып, сәуір айында жоспарланған 30 адамға 17 млн. 502 мың теңге төленді. Жалпы ағымдағы жылға 40 млн. 838 мың теңге мемлекеттік грант қаражаты қаралған.

Енді үшінші бағытты айтайық, бағдарламаның халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша әлеуметтiк жұмыс орны – халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт негізінде жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшiн олардың жалақысын (35%) субсидиялау арқылы жұмыс беруші құратын жұмыс орны.

Әлеуметтік жұмыс орындарына ұйымдастыру бойынша 16 жұмыс берушілермен келісім шарттар түзіліп, жұмыссыз 55 адам уақытша жұмысқа жолданды.

Жастар практикасы – алдыңғы үш жыл ішінде оқуын аяқтаған және жиырма тоғыз жасқа толмаған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жұмыссыздарға арналған жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі.        Жастар практикасына жұмыссыз 145 жас маман 68 мекемелерге 6 айға жолданып уақытша жұмыспен қамтылды. Қоғамдық жұмыс орындары – халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын, жұмыскердiң алдын ала кәсiптік даярлаудан өтуiн талап етпейтiн, олардың уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшiн әлеуметтiк пайдалы бағыттағы еңбек қызметiнiң түрлерi.

Ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жұмыссыз 427 адам (жоспар 450 адам) уақытша жұмыспен қамтылды.

БОЙЫНДА АРЫСТЫҢ…

– Адамдардың өмір сапасын жақсарту бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Арыс қаласының әкімі болып тағайындалған соң, ең бірінші арыстық ардагерлермен кездестім. Сонда ардагерлер жиылып бас қосатын арнайы орын бөлу туралы өтінішін ескере отырып, Ұлы Жеңіс күні қарсаңында бұрынғы «Қазақстан» салтанат сарайын қайтадан жасақтап, «Ардагерлер орталығына» айналдырдық. Ашылу салтанатына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, бір топ ардагерлер қатысты.

Өмірзақ Естайұлы облысымызда алғашқы «Ардагерлер орталығының» Арыста ашылғанын, жасы үлкен ағалар мен апаларға демалуына, баспасөз материалдары мен кітап оқуына, спорт пен дене шынықтырумен шұғылдануына толық жағдай жасалғанын ризашылықпен атап өтті. Алдағы Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап ардагерлерге, арыстықтарға ізгі тілегін білдіріп, лентаны қиды. Бұл біздер үшін үлкен абырой, әрі алдағы тірліктерімізге тың серпін береді.

Өмірзақ Естайұлы Ақдаладағы қызанақ өсіріп, Ресейге жіберіп отырған Р.Кенжебековтың жылыжайында да болып, жұмысына оң баға берді. Аталған кәсіпкер жылыжайын бес гектарға дейін ұлғайтуға жұмыс жасауда. «Құтты қонақ келсе, қой егіз туады» дегендей, Өмірзақ Естайұлы қаламыздың «Көктем» шағын ауданындағы пайдалалануға берілген 36 пәтерлік үш үйге ат басын тіреді. Бүгінде қаламыздағы коммуналдық пәтер кезегінде тұрған 108 отбасы пәтерлі болды.

– Бюджеттің негізі экономика болса, ол бізде әр түрлі салаларды қамтиды. Соның бірі —ауыл шаруашылығы. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасының бірі Көксарай су қоймасының потенциалын пайдаланып, суармалы жер көлемін 13000 гектарға арттыруда қандай тірліктер қолға алынуда?

– Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тапсырмасына сәйкес Көксарай су қоймасы аймағын пайдалану бойынша «Түркістан Агро KZ» ЖШС 10 мың басқа дейін ірі қараға арналған бордақылау алаңын салуды және 4000 га аумаққа жаңбырлатып суғару әдісімен жем-шөп өсіруді қолға алуда.

«Қазына Жер ЛТД» ЖШС сүтті-етті бағытттағы асыл тұқымды ірі қара мал басын көбейтуге әрекет етуде. Жем-шөп өндіруге 2816 га суғармалы жерді игермекші.

«KAZPLEMZAVOD» ЖШС асыл тұқымды ірі қара малды өсіріп, көбейту үшін тірлік етуде. Қазіргі кезде Ресейден 2050 бас ірі-қара мал әкелініп, күтіліп – бағылуда. Жұмыс жалғаса береді.

«Қамқор Қазақстан» АӨК-і құрама жем-шөп шығаратын зауытын биыл пайдалануға бермекші.

«Таңсари ТрейдингА» ЖШС ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін зауыт салуды қолға алуда.

Байқап отырғаныңыздай, аталған жобалар негізінен инвесторлар қаражатымен іске асырылатын болады.

Байырқұм және Жиделі ауылдарындағы каналдарды жөндеу қолға алынуда. Қожатоғай ауылына үй іргелік су жеткізілмекші. Дермене ауылдық округінің Теміржолшы елді-мекені аумағында үйрек, қаз асырайтын, балық өсіретін тоған суды, Орманшы елді мекен аумағында алма бағын қалпына келтіруді ойластырудамыз.

Аталған мәселелердің орындалу барысын ұдайы бақыланып, тиісті шаралар қолға алынуда.

«АРЫСТЫҢ ДАМУЫНА БАР КҮШ-ЖІГЕРІМДІ ЖҰМСАЙМЫН»

– Елді табиғи газбен, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, инфрақұрылым мәселесі қалай шешілуде?

– Арыс қаласының Жиделі ауылдық округіне қарасты Аққала және Байырқұм ауылдық округіндегі Көкжиде елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, ауыз су құбырының құрылысы пайдалануға берілді. Нәтижесінде, қала тұрғындарының 99,1 пайызы орталықтандырылған ауыз суымен қамтылды. Орманды елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары биылғы жылы жүргізілетін болады.

Арыс қаласы бойынша 32 елді мекен бар, оның ішінде Арыс қаласы мен 24 елді мекенін табиғи газбен қамту жоспарланған, ал қалған 8 елді мекен шалғайда орналасқан елді мекендер қатарында. Жоспарға сәйкес Қызыл көпір елді мекені 2019 жылы табиғи газға қосылған.

Үлкен тірліктің бірі қалаға табиғи газ әкелу еді. Көшелерге газ құбырлары тартылды. Енді үйлерге кіргізу – үй иелерінің жұмысы. Дегенмен, қала әкімдігі тарапынан бүгінгі таңда табиғи газға қосылу мәселесі түсіндірілуде. Бүгінде қала әкімдігі жанынан штаб құрылған, табиғи газбен қамту, қаладағы мекемелермен қатар қала тұрғындарын қыс маусымына дайындығын пысықтау мақсатында жүйелі жұмыстар жасалуда.

Қала мен Онтам, Сырдария елді мекендерін газбен қамтамасыз ету үш кезеңге бөлініп, қазіргі таңда 2-3 кезең нысандарының құрылысы аяқталған. 1-кезеңнің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың II-тоқсанында аяқталады, жалпы үш кезең бойынша 2021 жылы қала мен Онтам, Сырдария елді мекендеріндегі 9868 тұрғын үй, немесе 51826 халық (68,3%) табиғи газбен қамтылады.

Аққала, Жиделі, Байырқұм, Көкжиде елді мекендеріне табиғи газ жүйлерінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген, мемлекеттік сараптама қорытындылары алынған соң 2021-2022 жылдарға құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджетке қажетті қаржыға өтінім берілетін болады. Сондай-ақ, қалған 17 елді мекенді газдандыру бойынша жобалау және зерттеу жұмыстарының cметалық құжаттамалары және сәулет-жоспарлау тапсырмалары әзірленіп, тиісті қаржы қарауға бюджетке өтінім ұсынылды.

Республикалық «Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде Байырқұм, Көкжиде елді мекені бойынша 11 көшенің орташа жөндеу және жарықтандыру жұмыстарына 306,0 млн.теңге қаржы бөлініп,мемлекеттік сатып алу үрдістері жүргізілуде. Арыс қаласы аумағында автомобиль жолдары саласының дамуын арттыру мақсатында 2021 жылы жергілікті бюджеттен жалпы 165 млн 655,5 мың теңге қаржыға 16 көшеге, атап айтқанда Қожатоғай ауылдық округінде – 2, Дермене ауылдық округінде – 2, Ақдала ауылдық округінде – 1 және Арыс қаласында – 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

– Әлеуметтік-мәдени саланы да қамтып өтсеңіз?

– Қала тұрғындарының өсіміне байланысты оқушылар орындары жетіспеушілігі байқалады. Алатау, Оңтүстік, Отырар, Наурыз ықшам аудандарында бастауыш мектептер, Әуезов мектебінің оқу шеберханасын салуға әрекет жасаудамыз. Құжаттамалары дайын, жері белгіленген аурухана мен емхана құрылысы таяу арада басталады. Ақдала, Дермене, Жиделі және Аққалада клуб салу мәселесін де қолға алудамыз.

– Қала мен елді-мекендерді көріктендіру бойынша қолға алынған жұмыстар бар ма?

– Сәулеттендіру жөнінде қалалық жұмысшы тобы құрылды. Алғашқы отырысында 20-дан жобалар мақұлданып, іске асыруға тірліктер жасалуда. Олар қаламызды ажарландыруда, абаттандыруда жаңа белес іспетті.

Қаламыздың кіре берістеріне төлқұжаттары мен аркалар орнатылып, ықшам аудандарда сквер, саябақ, спорт және балалар ойын алаңшалары, тұрғындардың серуендеп демалуына қолайлы жағдай жасалып жатыр.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар биыл айтулы дата Арыс қаласының 65 жылдығы келе жатыр? Дайындық қалай жүргізілуде?

– Аталған мерекелерге әзірлік жұмысын жүргізу үшін комиссия құрылып, іс-шаралар жасалынып, жүзеге асырылуда. Қала күніне орай қала тұрғындарының өміріне жаңалық енгізетін, қаланың келбетін ашатын бірнеше нысандарды салып ел игілігіне ұсыну жоспарымызда бар. Атап айтқанда тұрғын үй мәселесін шешу үшін көпқабатты 4 үйдің құрылыс жұмыстары бастау алмақ, қала және ауылдық округтерде 10 ойын алаңшалары мен спорт алаңшаларын пайдалануға бермекпіз. Қала тұрғындарының бос уақытын өткізетін заман талабына сай етіп «Орталық саябақты» қайта жаңғыртып қала күніне орай пайдалануға береміз. Жоғарыда атап өткенімдей, 20-дан аса нысанды салып, қала тұрғындарына ұсынамыз.

Сөзімнің соңында айтарым, Арыс қаласына әкім болуым мен үшін үлкен әрі зор жауапкершілік. Бар күш-жігерімді, біліктілігім мен білімімді және қызметтік тәжірибемді қаламызды дамытуға, көркейтуге тұрғындардың әл-ауқатының артып, тұрмыс жағдайының жақсаруына жұмсайтын боламын.

– Құрметті Гүлжан Мамытқызы, мазмұнды әңгімеңізге үлкен алғысымды білдіріп, ісіңізге толағай табыстар тілеймін!

Байсалды, қарапайым, парасатты да көшелі, экономикалық мәселелердің нағыз маманы Гүлжан Мамытқызы қала өркендетудегі ауқымды тірліктерді іске асыратынына сеніміміз мол.

Сұхбаттасқан Әділ ҚЫРАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *