ТҰЛА БОЙЫ ТҰНҒАН ӨНЕР

мәдениет Өнер
87 Views

Нұрғиса Тілендиевтің туғанына – 100 жыл

ТҰЛА БОЙЫ ТҰНҒАН ӨНЕР

Неше ықылым заманнан бері қазақтың ұлы даласындағы ата-бабаларымыз ән әуезі мен күй күмбіріне бөленіп, содан рух алып, жүректеріне мейірім ұялатты.
Кеудесі шежіре – сырға толы Алатаудың Майтөбе атты жайлауында жартасқа таңбаланған домбыра суреті табылып, бұл үлкен жаңалық болды. Оны белгілі этнограф, өлкетанушы Жағда Бабалықұлы деген ағамыз тауып, баспасөзге жариялады. Ғалымдар зерттей келе бұл домбыра суреті үш мың жыл бұрын тасқа қашап салынған деген байламға келді. Сонау көне қола дәуірінде қазіргі домбыраның арғы тегі – күмбірлете күй төккен, туындыларын, жан сырын қос пернеде төгілткен ғой… Қазір бұл тастағы сурет Ықылас атындағы ұлт аспаптар музейінде сақтаулы.
Міне, жазиралы жайсаң Алатаудың осы өлкесінде тура осыдан бір ғасыр бұрын өрен өнерімен қазақ атын әлемге паш еткен біртуар тұлға Нұрғиса Тілендиев дүниеге келді.
Нұрғисаны Алатау самалымен әлдилеп, Каспий толқынымен толғатып, Сарыарқа жусанды бесігіне бөлеп, Алтайдың сыңсыған орманы ән салып өмірге әкелген біртуар перзентіміз.
Ұлы өзендердің басы – мөлдір бұлақтан басталады. Нұрағаң да – батырлар мен ақындар елінде туды. Титтейінен жырдың пірі – Сүйінбай бастаған қара ормандай әнші-ақын, жыраулардың ән-жырын, ертедегі қисса-дастандарды естіп өсті.
Күллі қазақтың абыз ақыны Жамбыл ата тізесіне жас кезінде еркелей отырып, қарт жыраудың домбыра қағысын үйренді.
Әкесі – Тіленді, жақын бауырлары Шортанбай, Қыдырқожа, Өмірәлі, Шаштайлар аспандағы аққу үнін күйіне қосқан асқан күйші, шетінен жүректі үзілдіретін сыңқылдаған шертпе күйлердің шеберлері еді. Нұрғиса осындай әнмен оянып, күймен бөленіп, уызында қазақ өнері бойына дарыған бірегей тұлға.
Ұлыны ұлы таниды. Сұңқарды сұңқар парлап ұшқан қанат қағысынан, тұлпарды тұлпар жер тарпыған шалқар шабысынан таниды.
Иә, бас жасында Қарақыстақтан Алматыға көшіп келген әке-шешесі жұмысқа шығып кетеді де үйде жас бала жападан жалғыз қалады. Осы күнгі екінші шойын жол вокзалы тұрған орында бәкене, тоқал тамның үстіне шығып алып, Нұрғиса ертеден қара кешке дейін қалақтай үшқат домбырасын құшақтап, өзі үйренген күй сарындарды тарта береді, тарта береді.
Жолай ары-бері өткіншілерден портфель көтерген бір кісі тоқтап, ылғи тыңдап тұрады. Сол кісі бір күні бұған бұрылып келіп:
– Жүр, сені мен оқытайын, — деп жетектеген күйі Чайковский атындағы музыкалық мектепке алып келеді. Мектеп басшылары салған жерден:
– Жасы жетпейді. Тәртіпті бұза алмаймыз. Келесі күзде болмаса, — дейді.
Ахаң көп сөзге жоқ, істің адамы. Ауырлап, бір сұрланып, бір қызарып отырып:
– Немене, мен сендерге көшеде ит қуып жүрген біреуді әкеліп отыр дейсіңдер ме? Қой әрі, болашағы бар, екі ішектен күй төккен домбырашыны оқытыңдар, сауатын ашып, музыкалық білім берсін деп келіп отырмын. Кейін дейсіңдер, кейін кеш болады, – деді.
Сосын ары бері өтіп жүріп, домбыра тартып отырғанын жиі көретінін және өзінің ықылас қойып сырттай тыңдайтынын жасырмай айтты. Артынша ол бір күй тартып беруді қалады. Өжет мінезді бала киіз қаптан домбырасын алып, әкесінің «Аққу» күйін тартып берді. Тыңдағандар таң-тамаша қалып, бастарын шайқады. Сөйтіп оқуға қабылданады. Бұны ертіп келген кісі – атақты Ахмет Жұбанов еді.
Нұрғиса өнердің де, білімнің де әліппесін осында ашады. Ән-күйге іңкәр бала 1934-1940 жылдары Алматыдағы №18 мектепте, кейін №12 мектепте оқиды.
Бүркіт қыран болар балапанын құзар-шың басындағы ұясынан бүріп, шырқау көкке алып шығып, төмен тастап кеп жібереді екен. Сонда нағыз қыран болар от жүректі, болат қанаттысы ғана тез ес жиып, өжеттеніп, туу биікке қайта самғай көтеріліп, қайсарланып, қасқайып ұшып шыға келеді. Сол ғана көк әлемнің дүлдүлі, алқара аспанның ардағы – мұзбалақ қыран болады. Қырандар шыңға қонады, ешуақ төмендемейді, ғұмыр бойы биіктей береді, алыс-алыс шалқар әлемге самғай береді.
Атақты ұстаздары Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Бақытжан Байқадамов сияқты қазақ өнерінің корифейлері бала Нұрғисаны барынша баптады, әлінше әлпештеді.
Өнерге талпынған Нұрғиса он екі жасында Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде домбырашы, он төрт жасында шәкірт дирижер болды. Мектептегі оркестрді басқарып, республикалық, Бүкілодақтық сайыстарға қатысып, жүлдегер атанып жүрді. Мәскеу төрінде де өнер көрсетіп қайтты.
Ал, 1943 жылы ел басына нәубет төнген кезде өзі сұранып қан майданға аттанды. Польша, Чехославакияда соғысқа қатысып, неміс жеріне аяқ басқанда соғыс бітуге екі ай қалғанда қысқа мерзімді демалысқа туған жеріне жібереді. Ахмет Жұбанов қоярда-қоймай сол кездегі республика партия ұйымының бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке алып барып:
«Жеңістің төбесі көрініп тұр, домбырашыға қатпыз, Нұрғиса ауадай қажет болып тұр», — деп қолқа салады. Ж.Шаяхметов Түркістан әскери округінің бас қолбасшысымен тікелей сөйлесіп, майданға қайтып жібермей алып қалады.
Кезінде Ахмет Жұбанов Нұрғиса ағамызды осылай әспеттеп, әлпештесе Нұрағаңның жақын бауыры, дарынды әнші Ақан Әбдуәлиев Жұбанов атындағы мектеп алдына Ахмет Жұбановқа ескерткіш орнатты. Бұл, ұлы ұстаз, өнер саңлағы Ақаңның, Ахмет Жұбановтың қазақ еліндегі тұрғызылған тұңғыш ескерткіші еді.
Атақты Мұқан Төлебаевтың қолдауымен Мәскеуге, атынан ат үркетін Москваның консерваториясына оқуға түсіп, кіл сайдың тасындай өнердің қабат-қабат, қатпар-қатпар қыр-сырларын терең меңгерді.
Ол кез жайлы Қалтай Мұхаметжанов былай деп төгілтіп естелік жазыпты:
«Әлі есімде, Нұрғиса Мәскеу консерваториясына оқуға келгенде сондағы әр салада оқып жүргендердің рухани көсемі, ұстаз ағасы болдың. Қолыңдағы қоңыр домбыраның өкпесін қабынта, өңешін суыра ел көшкендей аңырата жөнелгеніңді әп-сәтте бізді бір басқа әлемге алып кететінсің. Пернесінен от шашып, шанағында найзағай ойнаған қоңыр домбыра бар ма, жоқ па кім білсін? Бірақ, сенің дүлей темпераментіңе қай домбыра шыдап қарық болды дейсің. Ол түгіл пианиноның өзі саусағың тие бергеннен-ақ сарнап қоя беретін. О, заман-ай? Ол да бір сенің шойын шайнап, шоқ бүркіп жүрген шағың еді-ау сабазым! Оқуыңды тамамдап, опера театрынан бастап, Жамбыл атындағы филармонияның бас дирижері болған кезіңде тұғырға қонысымен қыран қанатыңды бірде жайып, бірде бауырыңа алып, бүкіл оркестрді жез бұйдалы тайлақтай жетелей жөнелгеніңде жауырыныңа дейін жыр төгіп тұрушы еді-ау. Алпыс екі ағзаң күйге айналып, кей аспаптан жетім шыққан дыбыстың мыңнан бір мөлшерін қалт жібермейтін қалқан құлағыңда қандай қияпат-құдірет бары тек Алланың өзіне аян… Мұның барлығы сенің ұлылық сапарындағы шарқ ұрған шағың болатын.
«Нұрғисаның әні, Нұрғисаның күйі» деген ұғым әбден етек алғанда құм құндағында қалған Отырарды ояттың. Арғы заманда атаусыз қалған қаншама музыкалық аспаптарға жан бітіріп, қан жүгірттің. Олар иесін тапты, сен киесін таптың, көсегесін көгертіп, өркенін жайдың. Сен сол Отырарыңмен күллі әлемге халқыңның музыка мәдениетінің інжу-маржанын шаштың» — дейді Қалағаң. Бұдан артық қандай теңеу керек?!
Иә, Нұрғиса 1952-61 жылдары опера және балет театрының дирижері, одан кейін үш жыл қазақтың халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, ал 1968-81 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы музыкалық редакциясының бас редакторы болып қызметтер атқарды.
Н.Тілендиевтің атын аспанға шығарған, даңқын әлемге танытқан 1981 жылы өзі ұйымдастырып, көркемдік жетекшісі болған «Отырар сазы» оркестрі қазақ өнерінде ерекше құбылыс болды. Сыбызғы, қылқобыз, шертер, сазсырнай, нарқобыз, жетіген, дабыл, асатаяқ, даңғара, дауылпаз тағы басқа көне ұлттық аспаптарымызды зерттеп, зерделеп, өң-рең беріп, тірілтіп, оркестрмен сахнаға алып шықты.
Халық ата-бабаларының қазақтың кең сахарасында жауһардай сақталған күмбір-күмбір, күңгір-күңгір үн қатқан әуез-әуенді сағынып қалыпты, дүр сілкініп, зор тебіреніспен қарсы алды. Ғажап дирижер, құдіретті күйші, қайталанбас композитор екендігін танытты осы жылдары Нұрағаң. Жалпы Нұрғиса Тілендиев қазақ өнерінің сан-саласын, көкжиегін кеңіткен сан қырлы, жойқын, сұрапыл дарын. Еш қалыпқа сыймайтын өр талант!
Ол «Алтын таулар» операсының (1961, Қ.Қожамияровпен бірге), «Достық жолымен» балетінің (1958, Л.Степановамен бірге), «Ортеке» балет-поэмасының (1957), «Менің Қазақстаным» (1959) кантаталарының, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты увертюралардың, 500-ге тарта ән мен романстың авторы. 19 көркем фильмге музыка жазды. Қанша шәкірттер тәрбиеледі. Атақты композитор Шәмші Қалдаяқовты жетектеп алып, Д.А.Қонаевқа алып кіріп, жағдай жасауын өтінген де Нұрағаң еді. Әсет Бейсеуовтің өзіне де, шығармашылығына да үнемі қамқор болып жүрді. Қаншама өнерпаз шәкірттеріне Алматыдан пәтер алып берді, қаншама талантқа атақ, марапат әперді.
Оның әндеріне Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев бастаған қазақтың көптеген атақты ақындары сөздерін жазды.
Әлем мойындап, күллі дүние жүзі қол соқты, өнері мұхиттардан, мемлекеттер шекараларынан асып кетті. Мәселен анау-мынауға таңқала қоймайтын Кореяға 94 мемлекеттен өнер тарландары жиналып, үлкен фестивальда сайысқа түсті. 9 жүлденің алтауын жеңіп алды. Кенеттен кәрістер Нұрғисаға 4 бөлімді «Корей халқының жұлдызы» атты симфониясын орындайтын 126 адамдық мемлекеттік симфониялық оркестріне бас дирижерлік етуді ұсынды. Бұл симфонияның партитурасын бір түнде қарап, кейбір жерлеріне түзетулер енгізіп, келесі күні таңғы репетициядан кейін сахнаға шықты. Ең соңғы концерттің бірінші бөлімін «Отырар сазы» оркестрі аяқтап, сол концерттің екінші бөлімін орындауға Кореяның мемлекеттік симфониялық оркестріне дирижерлік етуімен шыққандағы толқынысы шексіз еді. Симфониялық оркестр ұжымының таңданысында шек болмады.
Кәрістер дүр көтеріліп, ұзақ уақыт қол шапалақтап тұрып алды. «Махамбетті» орындағанда тіпті дүркіреп шалқып кетеді. Міне, өнер құдіреті деген осы.
Неміс Клаус Шнайдер 1978 жылы былай деп жазды:
«Бұл адамның, осынау алқынып, терін сүртіп тұрған адамның тұла бойы толған музыка ма дерсің. Мен оны музыкадан жаралған жан деп атаған болар едім. Ол деген оркестрмен бірге атта шауып бара жатқан секілді, ноталардың үстімен, аспанда, тауда, даламен құйғытып бара жатқандай».
Үнді жігіті гитарамен «Құстар әнін» сызылтты.
Нұрағаң өнері әлемді шарлап кетті, биіктеп кетті; әлемді мойындату – ұлы іс, жанкешті еңбек, төгілген тердің төлеуі, асқан дарын жемісі. Егер Нұрағаң жазған әрбір ән-күй, шығармасы жайлы айта берсек, оның әрқайсысы бір-бір том монографияға лайық байтақ дүние.
Н.Тілендиевтің өнері мен өміріне, еңбегіне әділ баға беріледі. «Халық қаhарманы» атанған Нұрғиса Қарасай бабасының 400 жылдығына арналған салтанатта шабыттана өнерін паш етті.
Бұл ұлы жүректің соңғы сәттерінің бірі еді, сахнаға соңғы шыққаны еді.
Сол жазда Нұрағаң туған өлкесін сағына аралады. Мені ертіп, Атабай атты сайды көріп, мөлдір бұлағын су ішіп, кәусар ауасымен кеуде кере дем алды. Соңғы кездері «Жамбыл ата, Жәкем жарықтық жанынан екі құлаш жер беріңдер, Жәкеңнің қарауылы боп жатайын» — дегенді талай естіген едік.
Бірінші сәуір – құстар жылы жақтан көктемгі қанатынан ілестіріп келе жатқан көкмұнар шақта туып, қоңыр күзде – құстар шуылдап, сыңсып қайта қайтқан шақта бұл дүниеден озды қайран әз Нұраға.
Жамбыл ата мавзолейі жанына ән-күй жүректі ұлы тұлға мәңгілікке қоныстанды.
Нұрғиса ағам көзі тірісінде айтқан өсиетнамасы бар:
«Қазақты мендей сүйетін адам болса, қазақ жаман болмас еді. Мен қайтқанда халқым жоқтау айтпайды, әнмен шығарып салады. Мен елдің рухын көтеріп кетуім керек. Сол үшін де жаратылғанмын».
«Отырар сазы» оркестрі Нұрғисаны Жамбыл ата мавзолейі жанына жерлеп жатқанда «Отырар сазы» күңіреніп, күймен қоштасып тұрды. Ғажап құбылысты ұлы тұлғаны жоқтап, Алатауда өз күйлерін зарлатты.
«Ат тұяғын тай басады» демекші «Отырар сазы» оркестрінің бүгінгі жетекшісі, бас дирижері Дінзуһра Нұрғисақызы Тілендиева.
Дінзуһра Н.Тілендиевтен қалған жалғыз тұяқ. Оның анасы Дариға Тілендікеліні де өнерде өз орны бар белгілі актриса, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, домбыра тартып, ән салатын. Міне, осындай талант иелері отбасында дүниеге келген Дінзуһра жастайынан музыка әуенімен тербетіліп, музыкамен оянып, саф өнерді бойына сіңіріп өсті, терең білім алды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзуһра басқарған «Отырар сазы» оркестрі әлемнің талай-талай жерлеріне сапар шегіп, өнерлерімен қазақ елін таныстырып, риза етіп жүр.
Нұрағаң қаншама әнші, күйшілердің бағын ашты. Өзі шығарған ән-күйлерін арнайы өнерпазды лайықтап өзі таңдап, орындатып, аттарын шығарды. Қазір тоқсанға келіп отырған Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжановтың орындауындағы оның әндері қазақ өнерінде алтын әріптермен жазылып қалары хақ.
Н.Тілендиев қазақ киносына да өлшеусіз үлес қосты. Досы Сұлтан Қожықовтың өтінішімен «Қыз Жібек» фильміне музыка жазды. Ыдырыс Ноғайбаев, Кененбай Қожабеков сынды аса дарынды актерлермен дос-жаран болып сырласып, араласты. Режиссер Абдолла Қарсақбаевқа жан-жақты шығармашылық көмек көрсетіп отырды.
«Гүл өскен жерде гүл өседі» демекші Нұрағаң өсіп-өнген өлке өнер дарындарын бүгіндері де алтын құрсағымен дүниеге әкелуде. Әлемнің көзқарықты зейінділерін таңдай қақтырған тума талант Рахат-би Әбдісағинді бүкіл шартарап түгел қошеметпен қарсы алып, өнеріне жоғары баға беруде. Аса дарын иесі оны бүгіндері «Қазақтың Моцарты» деп атайды. Ол көптеген құнды классикалық музыкалар шығарған шалқар дарынды композитор. Рахат-би Әбдісағин Нұрғиса атасының бүгінгі ұрпағы, екеуі де киелі бір топырақтан шыққан.
Нұр-ағаның қасиетті өнердегі нұрлы да сырлы жолы жалғаса береді.
Біздің елде Жамбыл баба айтыпты деген мынандай бір тәмсіл ба: «Енді менен кейін қызыл шұбар жолбарысым Тілендінің қалқан құлақ баласына ереді» депті абыз әулие ақын.
Биыл ЮНЕСКО көлемінде ғасырлық мерейтойы өтіп жатқан Нұрғиса – елінің мәңгі жүрегінде.
«Отырар сазы» – елдің ақ тілеуінде.
Қараңыздаршы:
– Құстар ән салып барады,
– «Нұрғиса, Нұрғиса» деп әлемге жар салып барады.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының
құрметті профессоры, жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *