Нұрсерік Шәріпов 2012 жылдың наурызында Президент Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облыстық сотына төраға болып тағайындалып, Шымкентте жұмысын бастаған болатын. Мен сол жылы Әділет министрлігі ОҚО Сот актілерін орындау департаментінен ауысып, облыстық соттың баспасөз хатшысы қызметіне кіріскен кезден бері Нұрсерік Кәрімұлын білемін. Бес жарым жылдай облыстық сотта қызметтес болдым, одан кейін Нұрекең Астанаға Жоғарғы Сот аппаратының басшысы болып ауысқан соң да байланысымыз үзілген жоқ.
Баспасөз хатшысы ретінде алғашқы 5-6 айда Нұрсерік Кәрімұлы өткізген он шақты жиналысқа қатысып, қызмет бабымен бірнеше рет алдына барып, өзімен сөйлесіп, пікірлескеннен кейін төрағаны әр қырынан танып, біле түстім. Содан бері 13 жыл өтіпті. Жылдар өткен сайын Нұрекеңді тек жақсы жағынан біліп келемін.
Жоғарғы Сот басшылығы тарапынан 2012 жылы облыстық соттың жаңа ғимаратының құрылысы толық бітіп, күзде облыстық сотты соған көшіру жоспарланғанын естіп, енді ғана бой көтерген ғимараттың алты айда салынып бітуі екіталай-ау дедік. Бірақ, «көз қорқақ, қол батыр» дегендей, төраға күн сайын кешке қарай салынып жатқан ғимаратқа барып, құрылысшылармен және басшыларымен кездесіп, оларға ақыл-кеңесін айтып, жұмысты жылдамдатып әрі жандандыруға шындап кірісті. Бірде төраға жаңа ғимараттың қас бетіндегі төбе жағына шығыс үлгісінде көк күмбез орнату жөнінде ұсынысын ортаға салды. Ғимарат құрылысын жүргізіп жатқан «Атамекен» корпорациясының басшысы Шерім Төлтебаев бұл ұсыныспен келісті. Екеуінің ойлары бір жерден шығып, егер осы ғимараттың үстіне көк күмбез орнатылса, Әділет сарайы Шымқаланың шырайын келтіріп, көркін аша түсетінін олар маман ретінде іштей сезініп, терең түйсінген еді.
Осылай сот ғимаратының көркем әрі зәулім және сапалы болып салынуына төраға бар білімі мен күш-жігерін жұмсап, өзі архитектор (сәулетші) әрі дизайнер ретінде, ұтымды ұсыныстарын айтып және оны жүзеге асыру үшін күнде жұмыстан кейін құрылыстың басы-қасында болғанын соттағы әріптестері жақсы біледі.
Талапшыл әрі талғампаз төрағаның тың идеясын құрылысшылар құптап, облыстық сот ғимаратының үстіне көк күмбез орнатып, сотқа кіреберістегі фойені де биік әрі зәулім етіп салды. Соның нәтижесінде, Әділет сарайы көпшіліктің көңілінен шықты. Нұрсерік Кәрімұлының бойындағы сәулетшілік, дизайнерлік қабілеті мен талантын іс жүзінде көріп, көз жеткізген кейін барша әріптестері, оның сегіз қырлы, бір сырлы төраға екендігін мойындайды.
2012 жылға дейін Шымкент қаласында қазақтың даңқты үш биінің сәулетті ескерткіші болмаған еді. Осы олқылықтың орнын жаңа төраға толтырып, облыстық сот ғимаратының алдына Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің ерекше ескерткішін орнатып, қала тұрғындарының алғысына бөленді.
Н.Шәріповтен өшпестей болып қалған көп іздің бірі – «Үш би» ескерткіші! Тағы сондай игі істің бірі – облыстық соттың құрылғанына 80 жыл толуына байланысты өткен ғасырда еңбек еткен және қазіргі кезде қызмет істеп жүрген судьялар мен сот қызметкерлері туралы «Тарихы терең – еңбегі ерен» атты кітап шығарғаны.
Сол жылы күзде Нұрсерік Кәрімұлының ұйымдастыруымен облыстық соттың 80 жылдығы зәулім әрі көркем көк күмбезді ғимаратта жоғары деңгейде аталып өтілді. Оған Жоғарғы Соттың Төрағасы Бектас Бекназаров, ардагер судьялар, әкімдер мен депутаттар, республикадағы барлық облыстық соттардың төрағалары, құрылыс басшылары және журналистер қатысты. Олар жаңадан ашылған соттың мәжіліс залдарын, кабинеттерді, асхана мен кітапхананы, мұражайды және Оқу орталығын аралап шығып, жан-жақты танысты. Олар мұражайдағы Кеңестер Одағының тұсында 1932-1937 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының тұңғыш төрағасы болған Омар Бейсеновтен бастап, еліміз егемендік алғанға дейін, 1987-1991 жылдары облыстық сотта төрағалық қызмет атқарған Марат Нұрбековты қосқанда, барлығы 18 төрағаның портреттерін көріп, риза болғандарын жасырмады. Ардагерлер мен қонақтар жақында қызметіне кіріскен Н.Шәріпов мырзаның, облыс соттарының 80 жылдық тарихын тірілткеніне куә болып, алғыстарын айтып, «Айналайын,іскер төраға екенсің, қызметің өсе берсін!» деп баталарын беріп жатты. Бұл төрағаның 7 айда атқарған жұмысының бір парасы ғана.
Кімге болса да баға салыстырмалы түрде беріледі ғой. Облыстық соттың баспасөз хатшысы болғанға дейін 1980-2000 жылдары Шыршық «Трансформатор», «Электрохимпром», Шымкент «Электроаппарат» зауыттарында цех бастығы, Шымкент қалалық әкімшілігінде басқарма бастығы, Ұлт саясаты жөніндегі комитеттің төрағасы қызметтерін атқардым. Соңғы он жылда облыстық Ақпарат, Ішкі саясат, Тілдерді дамыту басқармаларында, Мәдениет комитетінде қызмет істеп жүріп, талай басшылармен қызметтес болып, атқарған жұмыстарын көріп, олардың ұйымдастыру қабілеттерін де байқадым. Сол басшыларымды төрағамен салыстырып қарағанда, Нұрсерік Кәрімұлы бекзат болмысты, өзіндік ерекешелігі бар, ұйымдастыру қабілеті зор әрі өте іскер, еңбекқор, байсалды басшы және ұлтжанды төраға ретінде көрінді маған. Шындығында, Нұрекең қазақ дегенде, ұлт дегенде әрқашан қолдап, қорғап жүретін, қайсар мінезді және мемлекетшіл тұлға екендігі оның қолға алған әрбір игілікті ісінен анық байқалатын.
2013 жылы ОҚО сотының төрағасы Н.Шәріповтың ұсынысымен Ұлы Отан соғысының ардагері, 1960-70 жылдары даналық пен дарқандықты қатар ұстанып, Шымкент облыстық сотының төрағасы қызметін абыроймен атқарған, заңгер-жазушы Нығмет Төлендиевтің бұрынғы тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Ал, 2014 жылы Шымкенттегі аты жоқ бір көшеге заңгер-жазушы Н.Төлендиевтің есімі берілді. Бұл тірліктің әрбірін жүзеге асыру төрағаға оңайға түскен жоқ.
Сонымен қатар, төраға өзінің тікелей бастамасымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, 2015 жылы облыстық сот ғимаратының алдына ҰОС-на қатысқан 24 судьяның аты-жөнін алтын әріптермен жазып, «Даңқ тақтасын» орнатты. Гранит тақтада Кеңес Одағының Батыры С.Әшіров пен Т.Қауымбаев және И.Батыршаев пен көзі тірі ардагер судья А.Бекназаров, тағы 20 судьяның есімдері мен тегі көрсетілген.
Төраға Н.Шәріповтен Шымкентте өшпестей болып қалған көп іздің бірі осы – «Даңқ тақтасы». Бұл тақта – Нұрсерік Кәрімұлының ардагерлерді ардақтап, мейлінше қадірлейтін көргенді, тәрбиелі әрі текті азамат екендігінің жарқын дәлелі.
Нұрекеңнің жұрт біле бермейтін тағы бір қыры ол, сот жүйесінің болашағын болжай білетіндігі және айтқан болжамының дұрыс келетіні. Оған бір-екі мысал келтіре кетейін. 2014 жылы 14 мамырда облыстағы барлық Үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткізген үлкен жиында төраға: «Егер де интернетің болса, электрондық қолтаңба алсаң, үйіңізде асханада шәй ішіп отырып, соттасуға болады» деп айтқанда, кейбір басшылар мен журналистер таң қалып, сенбегендей түр танытқан. Арада алты жыл өткенде, 2020 жылғы ковид кезінде төрағаның айтқаны айдай келді. Егер ұмытпасам, шамасы он екі жыл бұрын шығар, төраға бір баяндамасында, «Елімізде жаңадан арнайы Әкімшілік сот құру қажет болады» деп айтқаны бар. Өздеріңізге белгілі, Президент Жарлығымен 2021 жылдың 1-шілдесінен бастап, республика бойынша барлық облыстарда жаңадан мамандандырылған Әкімшілік соттар құрылды.
Н.Шәріпов облыстық сотта төраға болып тұрғанда аудандық және қалалық соттарға жұмыс сапарымен барып, олардың жұмыстарымен жан-жақты танысып, тұрғындардың арыз-шағымдары мен мұң-мұқтаждарын тыңдап, айтылған ұсыныстар мен өтініштерді заң шеңберінде жедел түрде шешуге кірісетін. Сарыағашқа іссапармен барғанымызда Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соттың ғимараты болмағандықтан, өзге бір мекеменің кеңсесін жалға алып отырғанын көріп, көңілі жабырқады. Сол сәтте бірден қолына қалам қалып, оларды Сарыағаш аудандық сотының ғимаратының ішіне орналастыру жағын ойластыра бастады. Сөйтіп, «Сот ғимаратының бір бүйірінен жаңадан есік ашу керек» деп шешіп, әкімшілік сотты қай жерге және қанша бөлмеге қалай жайғастырудың архитектуралық жобалық сызбасын табан астында сызып бергені есімде.
Нұрекеңнің сызған эскизі бойынша облыс бойынша Соттар әкімшісінің тарапынан құрылыс жұмыстары жылдам жүргізіліп, ауданаралық Әкімшілік сот 2-3 айдың ішінде аудандық соттың ғимаратына көшіп, орналасқан еді. Сондай-ақ, 2015 жылы Шымкенттегі әл-Фараби аудандық сотына келушілер саны өте көп болғандықтан, судьялардың саны да екі есе артып, ескі ғимараттың жанынан 4 қабатты қосымша құрылыс салу ауадай қажет болды. Төраға бұл мәселені дереу Жоғарғы Сотқа айтып, оған сол кездегі Департамент басшысы Ілияс Испанов қаржы бөліп, қолдады. Содан кейін Нұрекең мен аудандық соттың төрағасы Маратәлі Бекназаров екеуі ауадай қажетті осы құрылыстың басы-қасында жүріп, тиісті мамандармен бірлесіп,шұғыл түрде қосымша ғимараттың архитектуралық жобалық сызбасын дайындатты. Содан кейін құрылыс жұмыстарының жедел жүргізілуін күндіз-түні бақылауда ұстап, бұл қосымша құрылысты 6 айда сапалы етіп бітіргені сот қызметкерлерінің есінде. Осылардың бәрін мен кезінде көзбен көріп, Нұрекеңнің сәулетші әрі дизайнер екендігіне тағы да куә болғанмын.
Н.Шәріпов облыстағы өңірлерге жұмыс сапарымен барғанда аудандық соттың 2-3 жылдық көрсеткіштерін алдыртып, оларды зерделеумен қатар, ол жердің табиғатының ерекшелігін, тарихын және халқының саны туралы, тағы басқа да мәліметтермен алдын ала танысып, аудан активімен кездесуге мұқият дайындалатын. Төраға аудандардағы соттардың жай-күйімен танысуға барғанда, қаладан журналистерді де ерте баратын.
Нұрекеңнің Қазығұртқа бір жолы түскенде аудандық соттың төрағасы Қанатбек Қоңырбаевқа «Ауданның тарихы мұражай ашуға болатындай терең екен» деді. Содан Қанекең төрағаның айтқан тапсырмасын орындап, аудандық сотта жаңа мұражай ашып және спорт алаңшасын да салды.
Соның ашылуына Н.Шәріповпен бірге барып қатысып қайтқан, белгілі журналист-жазушы Захардин Қыстаубаевтың «ЗАҢ газетінде» «Биікке бастаған жол» атты сот беделін көтеретін мәнді әрі көлемді мақаласы шыққан болатын. Талантты қаламгердің керемет мақаласын бір деммен қызығып оқығандар, оған риза болып, жанындағы әріптестеріне де мұны оқуға кеңес берген-ді. Бұл керемет мақала туралы сол кездегі Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Бектас Бекназаров естіп, Шымкентке іссапармен келгенде, менен «Әділет» газетінің бес данасын сұратып алған.
Сондай-ақ, 2014-2017 жылдары облыстық сот төрағасының игі бастамасымен рухани жаңғыру бағытында өткен дәстүрлі «Билерге тағзым» атты Шымкент – Ордабасы тауының, Шымкент – Түркістан қалаларының аралығындағы 180 шақырымды қамтитын, тағы басқа да бірнеше велошерулердің жыл сайын өтуі елді елең еткізген еді. «Билерге тағзым» атты велошерулер жергілікті халықтың тарихқа деген қызығушылығын тудырып, олардың есіне Ордабасыдағы билердің басқосуын түсіріп, рухани жағынан ерекше әсер етіп, тарихи-танымдық игілікті іс-шара халыққа рух берген болатын.
2016 жылы Сайрамдағы № 4 балалар үйі тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Алматау» демалыс аймағында Наурыз мейрамының ерекше форматта қызықты өткені, балаларды қатты қуантты. Содан кейін оларды тұрақты түрде қамқорлыққа алу туралы Нұрекеңнің ұсынысын Қазақстан Судьялар одағының облыстық филиалы қолдап, облыс соттары № 4 балалар үйін қамқорлыққа алған-тұғын.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында төрағаның ұйымдастыруымен желтоқсан айында өткен «Тәуелсіздік – тұғырым» атты іс-шара аясында облыс судьялары киелі Қазығұрт шыңына ақ қар, көк мұзда жаяу шығып, ту тіккені ел-жұртты тәнті етті. Қыстың күні таудың басына шығып, судьялардың ту тіккенін естіген жұрт, «Бәрекелді! Сот жасасын!» деп, риза болған.
Міне, осындай ауқымды әрі әсерлі және көпшіліктің көңілінен шыққан мәнді, маңызды бірқатар іс-шаралар жөнінде және төрағаның өңірлерге жұмыс сапарымен барғаны туралы аудандық, облыстық, республикалық теле-радиолардан қызықты хабарлар мен сюжеттер көрсетіліп, жиырмадан астам газет-журналда оқырмандар қызыға оқитын тартымды мақалалар шыққан еді. Сонымен қатар, осылар жөнінде арнайы бейнероликтер әзірленіп, олар әлеуметтік желілер арқылы және телеараналардан көрсетіліп, сайттар мен ютубқа салынып, оны сан мыңдаған адам көріп тамашалаған болатын.
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотына төрағалық еткен бес жыл жарым жылға жуық уақыт ішінде Нұрсерік Кәрімұлы түрлі мәдени, рухани, тарихи тақырыптарды қамтитын, елді бірлік пен ынтымаққа шақыратын, көпшілік қауымды жақсылыққа үндейтін, жас буын өкілдеріне үлгі-өнеге болатын 60-тан астам ауқымды іс-шаралар өткізді. Осы уақыт аралығында төраға өткізген барлық жиындарға және ауқымды іс-шараларға қатысып жүрген тілшілер, оның іс-шара өткізудің хас шебері екендігін әр кез айтып та, жазып та келеді. Біздің айтқандарымызды тыңдап, жазғандарымызды оқып жүрген оқырмандар мен журналистер, зиялы қауым өкілдері мен сот қызметкерлері Н.Шәріповті «Бойында көп өнері, іс-шара өткізудің нағыз шебері» деп өлеңдетіп те айтатындары баршылық. Жылдар өткен сайын Нұрсерік Кәрімұлының алғырлығы мен тапқырлығы, бастамашылдығы мен болжағыштығы, көшбасшы ретінде жұмысты жүйелі әрі жоспарлы түрде жедел жүзеге асыратын ұйымдастырушылық қабілеті, өзекті мәселені кешеуілдетпей заң шеңберінде шеше алатындығы, қазақ және орыс тілдерінде шешен сөйлейтіндігі, барлық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып-өткізу шеберлігі және сәулетшілік-дизайнерлік өнері, тағы басқа да қырлары ашылып, көпшілікке жылдан-жылға кеңінен таныла түскен еді. Жалпы, бұл жөнінде болашақта бір роман жазуға болады.
Н.Шәріпов Оңтүстік Қазақстан облыстық сотын 5 жылдан астам абыроймен басқарып, артында қаншама өшпестей із қалдырғанын талай танымал ардагерлер мен журналистер жақсы біледі.
Ол ОҚО сотының төрағасы болып тұрған тұста бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін тоқсан сайын шақырып, оларға жергілікті соттарда атқарылған жұмыстар және сот жүйесіндегі соңғы жаңалықтар жөнінде жан-жақты айтып беретін. «Ашықтық болған жерде әділдік те болады» деген қағиданы басшылыққа алып, Нұрсерік Кәрімұлы, аудан, қала және облыстық соттарда ашықтық пен жариялылықты және сотқа деген қолжетімділікті іс жүзінде қамтамасыз еткен қайраткер-төраға. Онымен бір күн болса да дәмдес-тұздас болып дидарласқан адамның зердесінде Нұрекең туралы өн-бойыңда жағымды әсер, көңілді көтерер келелі пікір қалатыны туралы журналистер бұрын да айтқан және жазған, қазір де айтып та, жазып та жүр. Сонымен қатар, төрағаның ерекше ұйымдастырушылық қабілеті мен сегіз қырлы бір сырлы марқасқа азамат екендігі жөнінде оңтүстіктің ардагерлері мен соттардың қызметкерлері әлі күнге дейін жыр ғып айтады.
2015 жылы қазан айында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Бас редакторы Абай Балажанға берген сұхбатында: «Шәкiрттерiмнiң сүрiнбеуi үшiн де алаңдаймын» дегені есіме түсіп отыр.
Н.Шәріпов ұзақ жылдар бойы еліміздің бірнеше облыстары мен қаласында судьялық, төрағалық қызметтерде болып, ерен еңбегіңмен, тындырымды әрі өнегелі ісімен қатар, көптеген жақсы шәкiрттер тәрбиелеп өсірген ұлағатты ұстаз. Солардың ішінде, Н.Шәріповтың мен білетін шәкiрттерi күн сайынғы сынақтардан сүрiнбей өтiп келеді. Олардың қатарында Атырау облыстық сотының төрағасы М.Парменов, Түркістан облыстық сотының төрағасы А.Сұлтанов, Түркістан облыстық сотында алқа төрағасы Н.Биболов және Шымкент қалалық сотының алқа төрағасы лауазымында абыройлы жұмыс істеп жүрген Б.Дүйсебеков, Л.Такишева, Г.Қыдырбаева тағы басқалар бар.
Төрағаның бастамасымен облыстық сот пен жергілікті 6 жоғары оқу орындарының арасында өзара Меморандум жасалып, судьялар Жетісайға, Түркістанға және Шымкенттегі университеттерге барып, лекциялар оқыды.
Нұрсерік Кәрімұлы республикамыздың екі бірдей Оңтүстік Қазақстан облыстық және Қарағанды облыстық соттарының ғимараты ішінен кітапхана ашқанын білемін. Шымкентте 2012 жылы жаңадан ашылған облыстық соттың ғимаратында кітапхана ашып және ондағы кітаптың санын 2000-нан асырғанын азаматтық деуге болады.
Нұрсерік Кәрімұлы 2015 жылы Түркістанда «Есімханның ескі жолы» – ауызша қағидалар жиынтығының озық үлгілері» атты аймақтық ғылыми конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізіп, оның материалдарын жинақтап, кітап етіп шығарды.
Мен білетін Н.Шәріповтың кітапқұмарлығы туралы бір-екі дерек келтіре кетейін. Ұмытпасам, 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында өткен іс-шараға бірнеше ақын-жазушылар мен тарихшы ғалымдар қатысқан болатын. Солардың қатарында талантты жазушы, тарихшы әрі шежіреші Момбек Әбдәкімұлы да бар еді. Жиыннан кейін Мәкең өзінің «Сүлеймен қарақшы» деген кітабын төрағаға сыйлаған-тұғын. Сол кітапты Нұрекең қызығып оқып, жұма күні кешке бастап, дүйсенбіге дейін бітіріп тастағанын айтқаны есіме түсіп отыр.
Шындығында, адамның жан дүниесі, асыл қазынасы, рухани байлығының өлшемі, оның ақыл ойының көрінісі – кітап. Нұрсерік Кәрімұлы ОҚО сотында төраға болып тұрғанда жұмыс үстелінің үстінде Абайдың «Қара сөздер» кітабы жататын. Ол Абай шығармаларын қайталап оқудан жалықпайтын. Нұрекеңнің бойында бекзаттық пен адам қызығарлық адамгершілік, жауапкершілік және талғампаздық, өнегелік сынды жақсы қасиеттің барлығы да осы ақын, ағартушы, данышпан, би Абайдың кітабын оқып, зердесіне тоқудан келген-ау деп пайымдаймын.
Осы ретте тағы бір қоса кетпегім, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында судья болып, құрметті демалысқа шыққан белгілі заңгер, ардагер судья Ыбырай Мәтібаев ағамыз: «Кітап оқымайтын, кітапханаға бір рет болса да басын сұқпаған судьяларды Н.Шәріповтің қатты сынға алатын» десе, ал 2018-2019 жылдары Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы болған Нұрсұлтан Байтілесов бауырымыз: «Нұрсерік Кәрімұлы, әрқашанда үлгілі бастаманың жаршысысыз. Сіз ашқан кітапханалар сот ғимараттарында мәңгілік мұра болып қалары сөзсіз.» деген болатын.
Мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде басшыларымыздың көпшілігі жоғарғы жақтан әлдебір нұсқаулар күтетіні жасырын емес. Яғни, өзі істеуге тиісті тірлікті басқа біреулер жасап беретіндей психологиядан арыла алмаушылық бар және ол әлі де жалғасуда. Бірақ, мұндай жағдайдың Нұрсерік Кәрімұлына қатысы жоқ. 2012 жылы сот актілерін мемлекеттік тілде сапалы жазуға қатысты облыстық сотта өткен бір отырыста Н.Шәріповтің тым қатал басшы екен аңғардым және қазақ тілінің мәселесіне келгенде, бұл өте дұрыс талап еді. Осы жиын барысында төрағаның бойында қазақ тіліне деген жанашырлық, ұлтжандылық, мемлекетшілдік қасиеттерінің зор екендігін сезіндім. Мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты түрлі жиналыстар мен конференцияларда Нұрсерік Кәрімұлын тыңдай жүріп, оның қазақ тіліне деген шынайы жанашырлығын байқай түстім.
Н.Шәріповтің қатысуымен өткен брифинг, баспасөз мәслихаты, түрлі кездесулер мен конференция, семинар, тренинг және «дөңгелек үстел» мәжілістері, тағы басқа да түрлі іс-шаралардың тізімі тым ұзақ.
Бір жиында сол тізімді көріп қалған бір журналист, менен «Сот төрағасы осылардың бәріне қалай үлгереді?» деп сұраған. Сонда мен «Өз ісіне шынайы берілген және жұмысын жетік білетін, өте еңбекқор әрі іскер, сонымен қатар «Құрметті заңгер» деген атағы бар, талантты басшы бәріне де үлгереді ғой» деп жауап бердім. Журналист жігіт сәл ойланып қалып, шындығында да «Бұл кісі өте білімпаз әрі жан-жақты төраға деп білемін. «Құрметті заңгер» атағы да өз адамын тура тапқан екен» деп, қуанғандай дауысы саңқ ете қалған.
Нұрекең, 2015 жылғы 12 қазанда «Оңтүстiк Қазақстан» газетіне берген «Оңтүстiкте жүрегi жылы адамдар тұрады» деген сұхбатында: «Мысалы, бiрнеше жыл Алматыда еңбек еттiм. Алматы – мемлекеттiң астанасы болған мегаполис қала. Ондағы өмiрдiң ағымы да, ырғағы да басқа. Айталық, кейбiр кездерде облыстарда, шалғай аудандарда адамдар белгiлi бiр жағдайларға кәдiмгiдей бас қатырып жатса, алматылықтар үшiн ол проблема түк те өзектi емес. Төрт жылдан астам уақыт батыста қызмет атқардым. Алдымен, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, кейiнiрек Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы болдым. Халықпен көп кездестiм. Жаңаөзенде жұртшылықпен жүздесiп, еңбек дауын қараумен айналыстым. Жұмысымды халық дұрыс қабылдады. Жалпы, батыс өңiріндегi ағайынға ризамын. Сiздiң iсiңiздi ұнатып, әрекетiңiздi, сөзiңiздi, ойыңызды дұрыс деп тапса, Сiз туралы пiкiрiн ешқашан өзгертпейдi. Сондай мiнез бар. Турашылдықты сүйедi. Әңгiменi алыстан орағытпайды, өтiң жарылып кетсе де бетiңе тiке айтады. Ал, оңтүстiктiң орны мен үшiн алабөтен. Студенттiк шағымызда да Шымкентке талай жолым түскен. Жора-жолдастарым бар. Оңтүстiктiң адамдарындай жүрегi жылы адамдарды жердiң өзге бұрышынан кездестiру қиын» деп ағынан жарылыпты.
Бір адамға немесе басшыға баға беру үшін оның сөзі мен ісіне қарау керек. Өзім білетін Н.Шәріповтің сөзі мен ісі әрқашанда бір жерден шығады. Төрағамен талай сөйлесіп, талай пікірлестім. Әр сөйлескенде бір демалып қаламын. Оның көзінде мейірім, сөзінде мәйек, ал ісінде береке барын жақсы білемін. Ал, іскерлігінде мін жоқ. Бір қарасаң, сот залында процесте отырады, бір қарасаң, мәжіліс залында ардагерлермен, адвокаттармен, жастармен, зиялы қауыммен немесе өзге ұлт өкілдерімен, медиаторлармен жиын өткізіп жатса, енді бірде аудандарға барып, активтермен кездесіп жүргені. Тағы бірде балалар үйінде тәрбиеленушілерге сыйлық тапсырып, кейде журналистерді құттықтап, марапаттап жүрсе, енді бірде табиғат аясында спорттық шара өткізіп жүргені. Қайырымдылық жасаудан қалыс қалмайды және оны тек өзі біледі. Шын мәнінде, Нұрсерік Шәріпов адамдық пен адалдықты, әділдік пен ізгілікті, кішілік пен кісілікті тұла-бойына сыйдыра білген, ардагерлерді ардақтап, құрмет көрсетумен ерекшеленіп жүретін елге сыйлы төраға.
Ел Президентінің 2023 жылғы 16 қазандағы Жарлығына сәйкес, заңдылықты қамтамасыз етуде және азаматтардың құқықтарын қорғауда қол жеткізген табыстары үшін Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріповке «Парасат» орденін тапсырғанын Жоғарғы Соттың сайтынан және әлеуметтік желіден оқып, қуанып қалдым.
Сонда өзімнің аккаунттағы парақшама «Парасат» ордені шын иесін тапқан марапат болды!» деп, мынаны жазған едім: «Бұл мемлекеттік награда Нұрсерік Кәрімұлына ұзақ жылдар бойғы бірнеше облыстар мен қалаларда атқарған жемісті әрі мінсіз қызметі мен сот жүйесін дамытуға қосқан салмақты үлесі және елімізде 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заңды сотқа келген дауласушы тараптарға түсіндіріп, көптеген азаматтарды татуластыру арқылы оларды келісімге келтіріп, Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын сақтауға қосқан зор үлесі үшін, сонымен қатар, Алматы мен Астанада, Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында сот төрағасы болып істеген жылдары қазақстандық патриотизмді нығайту мақсатында өзі бастама көтеріп, бірқатар игі іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізгені үшін берілгенін іштей толық сезіндім. Әрине, еңбектің еленгені жақсы және елі үшін ерінбей еңбек еткен азаматтың қуанышқа бөленгені қандай жақсы!».
Осыдан он жыл бұрын оңтүстіктің жұрты Нұрсерік Шәріповке: «Адамдармен тез тіл табыса алатын көсемдігі мен сөзге шешендігін және қандай қысылтаяң шұғыл шаруа болса да оны дер кезінде орындауға бар күш-жігерін аямай жұмсайтын мемлекетшіл басшы. Сонымен қатар, кез келген күрделі істің көзін тауып, түйінін шешу арқылы көптің құрметіне бөленген ұлтжанды, парасатты және қайраткер төраға» деп баға берген болатын. Мұндай абыройлы әрі жақсы атаққа Нұрсерік Кәрімұлы, облыста бес жылдан астам адал еңбегімен, әділ төрелігімен және нақты іс-әрекеттерімен жеткен нағыз сұңғыла басшы деп есептеймін.
Биыл асқаралы 60 жасқа толып отырған сот саласының сардары Нұрсерік Шәріпов, шын мәнінде, өте білімді әрі білікті, сот жүйесінің майталманы. Жоғарғы Соттың алқа төрағасы Н.Шәріпов әлі де тың идеяларымен елімізді қуанта береді деген толық сенімдемін.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
«Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері, журналист-жазушы