Футболдан Қазақстан кубогының бәсекелері мәреге жетті. Бастапқыда шешуші ақтық финалдық сайысты Шымкентте өткізу жоспарланған. Бірақ, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның ойын өткізуге дайын болмауы себепті бұл кездесу елордада өтті. «Астана Аренадағы» жасанды алаңға шыққан Алматының «Қайраты» мен «Атырау» арасындағы ойын тартысқа толы болды. Кездесудің төртінші минутында «Қайраттың» команда капитаны Бауыржан Исламхан пенальтиден мүлт кетті. Бұл жерде қақпашы Владимир Логиновскийдің тамаша сейв жасағанын айрықша айтып өткеніміз жөн. Алайда, арадан 12 минут өткенде Ғафуржан Суюмбаевтың ұтымды пасынан кейін Александр Соколенко доп соғып, есеп ашты. Сонымен ойын 1: 0 есебімен оңтүстікастаналықтардың пайдасына шешілді. Бір ғажабы, дәл осы есеп қос команда арасында былтыр өткен финалда да тіркелген еді. Кездесудің 70 минутында Александр Соколенкодан пас алған Жерар Гоу жеңіс голын соққан болатын. Сонымен, «Қайрат» тоғызыншы рет күміс кубок иегері атанып отыр. Олар бұған дейін 1992, 1996/1997, 1999/2000, 2001, 2003, 2014, 2015, 2017 жылдары осындай жоғары нәтижеге жетіскен.
Сонымен, келесі жылы «Астана» Еуропа чемпиондар лигасында, Алматының «Қайрат», Қостанайдың «Тобыл», Шымкенттің «Ордабасы» клубтары Еуропа лигасында өнер көрсететін болды. Өкінішке орай, шымкенттіктердің сапында Еркебұлан Тұңғышбаев Алматының «Қайратына», Мардан Төлебек Қостанайдың «Тобылына» ауыспақ ниетте екен. Өз кезегінде оңтүстікастаналықтардың сапында ойнаған жерлесіміз Ғафуржан Суюмбаев «Ордабасыға» қайта оралмақ көрінеді.
Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.