Абай облысында «Қаладан – ауылға» атты өңірлік форум өтті. Форумның ашылуында алғашқы болып мінберге шыққан аймақ басшысы Берік Уәли Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалар аясында әзірленген жаңа Конституцияның маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, жаңартылған Ата Заң – жан-жақты сараланған, әлемдік озық тәжірибелерді ескерген, ұлттық мүдде мен адам құқықтарын қорғауға бағытталған сапалы құжат. Конституция жобасы жарты жылдан астам уақыт бойы қоғамдық талқылаудан өтті. Құжатты әзірлеумен 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия айналысты. Комиссия құрамына отандық заңгерлер мен сарапшылар енді.
Аймақ басшысы бұл үдерісті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі деп бағалап, жаңа Конституцияны шын мәнінде халықтық құжат деп атады.
Сонымен қатар, Ата Заңда бекітілген қағидаттарды ауыл өмірінде нақты жүзеге асыру басты міндет екені атап өтілді.
