Жаңа салық кодексі бойынша біркелкі тәсілдер: Шымкентте тәжірибе талқыланды

Заң Сот істері Қоғам
26 Views

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексін қолдану және салық дауларын шешу мәселелеріне арналған жұмыс кездесу өтті. Іс-шара қалалық сот тарапынан ұйымдастырылып, оған сот жүйесінің және қалалық, аудандық салық органдарының өкілдері қатысты.

Талқылауға Шымкент қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьялары, арнайы ауданаралық әкімшілік сот судьялары, сондай-ақ Шымкент қаласының Мемлекеттік кірістер департаментінің және аудандық бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.

Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының уақытша төрағасы Б. Насырдинов 2025 жылғы 18 шілдеде күшіне енген жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер салық іс-әрекеттерін қарау кезінде біркелкі тәсілдерді қалыптастыруды талап ететінін атап өтті. Ол заңның жаңалықтарын жан-жақты талдау нормаларды біркелкі қолдануға және сот тәжірибесінде қарама-қайшылықтарды азайтуға көмектесетінін айтты.

Шымкент қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің заң басқармасының уақытша басшысы А.Н. Бекасыл ескі және жаңа кодекстерді салыстыра отырып, салықтарды әкімшілендіру мен дауларды қарау рәсіміне байланысты негізгі өзгерістерге тоқталды.

Кездесу қатысушылары жаңа нормаларды қолдану кезінде туындайтын проблемалық мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынды. Іс-шара қорытындысында мұндай бірлескен талқылаулар салық дауларын шешудің ашық және болжамды жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ әкімшілік органдардың тиімділігін арттыруға септігін тигізетіні атап өтілді.

Қорытындысында Б. Насырдинов барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, жаңа Салық кодексінің нормаларын қолдану барысында әкімшілік рәсімдерді қатаң сақтау және қалыптасқан сот тәжірибесін ескеру қажеттігін ескертті.