ЖАРЫЛЫС ГҮРСІЛІ БАСЫЛСА ДА, ЖҮРЕК ЛҮПІЛІ ЖАЛҒАСУДА немесе құрбақа құрлы болмағаны ма?

Қоғам
723 Views

Шымкент қаласының әкімшілік аумағы кеңейтілгенде, мен туып-өскен Төлеби ауданының Қазығұрт ауылдық округіне қарасты Елтай ауылының Еңбекші ауданының құрамына кіріп «Найзатас» аталған болатын.

Ондағы тұрғындардың тұрмыстық жағдайларын жақсарту жұмыстарының бірі ретінде, күніге тұрақты қатынайтын № 144 автобусы арнайы Елтай ауылына бөлінген екен. Соны пайдаланып, ата-анамнан қалған жердегі бау-бақшаның жағдайын көріп, ауылдастар мен ағайындармен шүйіркелесіп келейін деп, осы жылы маусым айының 24 күні таңертеңгі сағат 9-10 шамасында теміржол вокзалына барғанмын. Жоғарыда көрсетілгендей нөмірлі су жаңа автобустың алдыңғы әйнегінде, «Елтай» деген жазуы бар тақтайшаны көргенде, неге екенін білмеймін, жан дүниемді қуаныш сезімі билеп, көңіл-күйім көтеріліп сала берді.

Себебі, сонау 1961-1965 жылдары тұрмыстық қызмет түрлерінің бірі де жоқ Елтай ауылының тұрғындары «ильич» шаман сол жердің мал фермаларынан, көрші елді мекендер мен қалалардан көргені болмаса, күн батысымен тас қараңғыда жер сипалап, сүрініп-қабынып тірлік ететін. Ауыз суды да арықтан, «Тоғыс» су қоймасынан «Фосфор» ӨБ тартылған құбырлардан шығарып алып ішетін. Жолының топырағы тобықтан келетін. Қырдан сасық қурай, адыз, сиырдың жапасын теріп, қорадағы малының малағын илеп, тезекті отын етіп жағатын. Газды жағып, қазан асып, ас пісіруге болады деген ұғым болмайтын.

Сол электр жарығы, жол жағдайы, көгілдір газ бен ас судың рахатын көру үшін ауылдың естияр, жүректері ұлтым деп соққан, қандары халқым деп қызған азаматтарының арызданып, соңына түсіп қудалауларының арқасында, онда да тұрғындардың тегеурінді талаптарынан кейін 1966-1975 жылдары жеткізілген болатын.

«Елу жылда ел жаңа» дегендей, ел де, оның азаматтары да өзгерді. Еліміз егенмен болса, Елтай ауылы қала атанып, Шымкенттің құрамдас бөлігі болды.

Қаланың басшылары да ауысты және өзгерді. Оның қазіргі басшылығының тізгіні заманауи ілім-біліммен қаруланған, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінен дәріс алып, тәжірибе жинақтаған Әбдірахымов Ғабидолла Рахметоллаұлының қолына ұстатылды.

Содан бергі кезеңде, жалпы қай жағынан бола да қарқынды дамып, тұрғын үй мен жол құрылыстарының жүргізілуі, жолаушылар тасымалдау сапасының артқанын қаланың әрбір азаматы аңғаруда, айқын көруде және қуануда десем артық айтпағаным болар.

Соның нақты дәлелі, атқарылған ауқымы үлкен істердің, халық қамын ойлағандықтың үлгісінің бірі ретінде Елтай ауылына жіберген су жаңа автобустың бекітілген кестемен тұрақты қатынағанын келтіруге болады…

Кіндік қаным тамып, ата-анамның мейіріміне қанып, бауырларыммен бірге өткен балалық шақтан қалған ертегідей елестер, бейғам бақытты сәттерді туысқандармен еске алып, қайтарда мінген автобустың жүргізушісінен естіген – «Арыстағы әскери қоймада жарылыс болыпты. Қала өрт пен түтінге оранып, тұрғындар қашып шығуда екен» – деген суық хабар бірден қатты әсер етті.

Шымкентке келе жатқанымызда, оның батыс жағында аспанда қаптаған будақ-будақ бұлттай түтіндердің Келес-Сарыағаш, Бадам-Темірлан бағытында таралып жатқанын көрдік. Бұл сағат 11.30-12.30 аралығы болатын… Аспанға көтерілген бірнеше «қозықұйрықтардың» бірте-бірте ұлғайып, біртұтас бұлт сияқты жайылып бара жатқанын байқап, ойымыз бен бойымызды «не болып жатыр екен» деген қобалжу, қорқыныш пен үрей билеп, автобус жүргізушісі теміржол вокзалына, мен үйіме жеттім…

Темірлан тас жолы мен Манкелді көшелерінің қиылысында, № 50 А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясымен жапсарлас, «П» әрпі сияқты орналасқан үш үйдің ауласының кіре беріс жолына орнатылған, әдетте жабық тұратын шлагбаум ашық тұр. Оның жанында үй комитетінің төрағасы, мектеп мұғалімі Момбаева Үрзада Әбенқызының абыржулы ахуалын көрдім. Аула толған әртүрлі автокөліктер. Бейтаныс адамдар үй ауласы мен № 50 мектеп арасында, сапырылысып әрі-бері жүр. Майда бала-шағалар да көп.

Оған аса мән бермей, Үрзададан: «Шлагбаумды неге жауып қоймайсыңдар?» — дегеніме ол: «Арыстан көшірілген адамдар осы мектепке орналастырылыпты. Соларды тасымалдаған автокөліктердің келіп, тұрақтап, кері қайтуына жағдай жасадық» — деді. Сонда барып, ауылдан келе жатқанда естіген «жаман» хабар мен қазбауыр «қозықұйрықтардың» аспанға атылып, ондаған, жүздеген километрге таралғанының тегін еместігін түсіндім…

Үйге кіргенімде, бүткіл отбасы мүшелерінен аяныш пен үрейдің табын байқап, телеарнадан «Арыс» апатын қарап отырғандарын көрдім.

Өзім қызмет ететін «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің басшылығымен хабарласып, арамызда бетон шарбақ бөліп тұрған № 50 мектептегі Арыс апатынан зардап шеккен адамдармен кездесіп, оқиғаның қалай болғаны мен жалпы жағдайды өздерінен сұрап білетінімді айттым…

Мектепке жүретін жол мен ауласы толған автокөлік, топ-топ болып жиналып, көмек қолын созған жеке адамдар, мекемелер мен басқа да тұлғалар әкелген азық-түлік пен киім-кешекті бөлісіп алып жатқан адамдар.

Кірген жерде келгендерді тіркеуге алатын, бірінші дәрігерлік көмек көрсететін, үйінде қалып өртенген немесе жоғалған жеке бастарының құжаттары туралы дерек табуға көмектесетін, оларды электрондық базаға ендіретін қызмет көрсету топтары орналасқан екен. Олардың алдында кезекте тұрған апаттан зардап шеккен адамдар.

Келген адамдар мектептің асханасында, спорттық және акт залдарында орналасқан. Олардың едендерінде төселген матрастар, көрпешелер, адамдардың өздерімен алып шыққан азын-аулақ киімдері, қала тұрғындары әкеліп берген азық-түлік, сусындар… бар.

Кіре бере алғашқы сұхбаттауға әрекет еткен ер азамат: «Мен әскери адаммын. Отставкадамын. Ешқандай ақпарат бере алмаймын және бермеймін де», — деп аты-жөнін айтудан бас тартты.

Дәл осындай жауапты осы мектептің басқа залы мен асханасында, сондай-ақ кейіннен барып зерттеу жүргізген Шымкент қаласы бойынша «Бас штаб» орналасқан «Ақмешіт» мешітіне орналасқандар қатарындағы біраз ер адамдардан да естідім.

Маликов Марат Жұманәліұлы, 1988 жылы туылған. Мүгедек, отбасылы: «Әкемнен қалған ескі үйде тұратынбыз. Апат болғанда әйелім Ақерке Бертай сүйретпелі арбашаға отырғызып алып шықты. Кейіннен осы мектепке орналастырды. Үйіміздің не болғанын, енді қайда өмір сүретінімізді, алдағы жағдайымыздың қандай болатынын да білмейміз», — деді.

Базарәлі Сманұлы, 1956 жылы туған. Отбасылы, зейнеткер. Отбасы мен туысқандарымен бірге барлығы қырық адамдай бірге келдік. Сағат 9-дарда жантүршігерлік «хлопок» болды. Қарасам ракеталар жан-жаққа ұшып барады. Тура бір 1941-1945 жылғы соғыстағыдай көрініс. Телевышкаға қарай қашқан адамдар. Ештеңеге қарамаңдар деді. Үйінен қашқандардың барлығы сол телевышкаға жиналдық. Тұрғандары, отырғандары, шаршап жатқандары, қорыққанынан жылағандары бар. Төбемізден снарядтар ұшып өтуде. Оның артынан алаулап будақтаған қып-қызыл от келеді. Ол оттардың қызуынан айналадағы биіктігі 30 сантиметрдей шөп жанып, айналамыз өртене бастады. Сондықтан біз басқа жаққа қарай бет бұрдық. Жолай снарядтар түсіп жатыр. оның түскен жерін де өрт шалуда. Біз 41 разъезге жетіп, біреу тастап кеткен үйге кіріп, су ішіп, ары қарай жылжыдық.

Малдар, ит-құстар да басының ауған жағына қашып барады. Топ-топ болған 40 шақты адамдарды 5 әскери автокөлікпен осында жеткізді. Бәріміз аман-есенбіз. Адасып қалған адамымыз болмады. 5 айлық нәрестеміз де осында.

Әйел заты. Аты-жөнін айтпады. Бар бәле сағат 9.30 шамасында басталды. Үйіміздің төбесіне снарядтар түсті, өртенді. Есік-терезелер қирады, қабырғалар қарс-қарс айырылды. Снаряд түсіп талқандаған автокөліктерді көрдік. Өзіміз қашып кеттік. Малдар қалды. Осы уақытта ол малдардың әрқайсысының өз егелері тұрған үйлеріне келіп, не оларды, не ішетін су таба алмай сандалып жүр дегенді айтады. Олардан обал болды.

Қалдықан Момбеков. Отбасында 5 адам бар. Оның ұлы Нұрдәулет, С.Қожанов атындағы мектептің 8-сынып оқушысы: «Аспанда снарядтар ұшып жүр. Олардың біреуі Мақсат деген көршіміздің үйіне түсті. Шатырын тесіп өтіп жарылды. Үйдің қабырғалары қирап, көшеге шашылып кетті. Емхана жанындағы дүкенге екі снаряд түсті. Олардың жарылғанынан көтерілген шаң мен түтіннен, көшенің арғы бетінде такси күтіп тұрған ағам көрінбей қалды. Ағамның әскерлесінің көлігімен Шымкентке қарай шықтық. Жолда снарядтардың түсіп жарылып жатқанын, жердің өртке оранғанын көрдік. Қазір бір нәрсе «тарс» ете қалса, селк етіп, қорқып кетемін», – деді.

№ 50 мектепке алғашқы күні 600-дей адам келіп тіркелген. Кейіннен олардың көпшілігі Шымкент қаласы мен басқа елді мекендердегі туысқандарына кетіп, 280-дей адам қалған.

Саржанов Құрманкүл басшылық ететін осы мектепте «штаб» құрылған. Оған «Мирас» университетінің оқытушысы Анарбек жетекшілік етеді екен.

Оған мектеп директорының орынбасарлары: Құрбанбаева Үрқия, Байзақ Баян, Кәрібаева Бағила тәулік бойы кезекшілікпен, барлық мұғалімдер мен кіші техникалық қызметкерлері көмектеседі.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлының тікелей тапсырмасымен Абай аудандық әкімдігі мен білім басқрамасының жауапты қызметкерлері де жиі-жиі келіп, апаттан зардап шеккендердің ішім-жемдері мен жататын орындарының жағдайын біліп, қажетті көмектердің жеткізілуін қадағалауда деді олар.

Бас дәрігері Рахымбаева Райхан Миятқызының жетекшілігіндегі № 2 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Баймұқанқызы Эльмира, Қалменова Рахат Артықбайқызы, Керімқұлова Зәуре Жақсыбекқызы, балалар дәрігері Дё Алена Михайловна, медбикелер Керімқұлова Құралай Болатқызы, Түгел Ақмарал Сәбитқызы, Мамашева Айша Нәбиқызы, Абдикеримова Гүлзат Боранбайқызы, Башкатова Татьяна алғашқы дәрігерлік көмек көрсету қызметін қалтқысыз атқаруда. Мұқтаж адамдардың қысымдарын өлшеп, қажетті дәрі-дәрмек беріп, ақыл-кеңестерін айтуда.

Бұлардың ішінде, мектептің тәжірибелі медбикесі Қарабаева Мейрам Нарбекқызы оларға қолқабыс етуде.

Жалпы, осы мектепке орналасқан арыстықтардың айтулары мен мектеп басшыларының түсіндірулеріне қарағанда, сондай-ақ өзім көргендей, көмек қолын созғандар толассыз келіп, қолдарынан келген қайырымдылық істерін көрсетуде. Әрі беріден кейін, тегін тасымалдайтын таксистер, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенттері мен осы мектептің өз түлектері де қызметтерін ұсынуда.

Мен мектеп директорының кабинетінде, осы жағдайға байланысты сұхбаттасып отырғанымда, үш жас жігіттер келіп: «…Апай, бізден қандай көмек керек? Май, шай, күріш, макарон және тағы басқа азық-түлік керек болса айтыңыз. Қазір жеткізіп береміз» — деді. Апайы оларға: «…Рахмет, әзірше сендерсіз де берілген көмектер жеткілікті», — деді де маған қарап: «Біздің мектепті биыл бітірген түлектеріміз ғой» — деді.

Мен ішімнен, осындай шәкірттерді тәрбиелеген мектептің ұстаз-мұғалімдеріне, сынып жетекшілері мен олардың ата-аналарына іштей алғысымды айттым. Олардың мықты азамат болатындарына сендім де, аман-сау болып, бақытқа кенелулерін тіледім.

Абай ауданының халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері мен Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушылары Мұханқызы Әсел, Әшім Дилан да ақпараттарды орталықтандырылыған электрондық базаға кіргізумен айналысуда.

Енді кетіп бара жатқанымда, түрлі-түсті киімдердегі бір топ адам автокөліктен түсті. Сөйтсем, олар Шымкент қаласының «Қуыршақ және жасөспірімдер» театрының ұжымы екен. Осындағы балалардың көңіл-күйлері көтеріліп, психологиялық ахуалының орнығуына септігі тиер деген ниетпен, өнер көрсетуге келген екен.

Басқа жағдайларды біліп, қосымша ақпарат алу мақсатында, Абай полиция басқармасы мен төтенше жағдай департаментінің кезекшілерімен тілдестім. Олардан білгенім бойынша, Шымкент қаласындағы осы іс бойынша «Бас штаб» орналасқан «Ақмешіт» мешітіне бардым. Мешіттің сырты толған арнайы автокөліктер, алаңдары, есік алды мен ішкі бөлмелерінде құжынаған адамдар.

Мешіт төңірегінде, онда қоныстанғандарға азық-түлік, киім-кешек пен көрпе-төсектер жеткізгендер мен әлі де тасымалдаушылардың легі № 50 мектептегіден бірнеше есе көп. Қап-қап болып үйіліп жатқан бақша өнімдері мен басқа да азық-түліктер.

«Бас штабқа» жетекшілік ететін Шымкент қаласының әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының өкілдерінің жиынға кетіп қалғандарына байланысты, олармен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түспеді.

Жалпы, мұнда жасалған жағдай туралы, Арыстан келіп қоныстанған адамдардың барлығы шымкенттіктерге, әсіресе қала әкімі Ғ. Әбдірахымов пен оның аудандардағы басшылығына, басқа да ұйымдарға, жеке адамдарға ризашылықтарын білдіруде.

Олар қаладағы 15 мемлекеттік және 3 жекеменшік мектептерге орналастырылған. Ақмешіттегілердің біраз бөлігін, оларға қарай автокөліктер тасымалдануда.

Шарбақ ішіндегі ағаштар көлеңкесінде демалып жатқан адамдардың көңіл-күйлерін білуге бет бұрдым.

Омарова Қарлығаш, 1979 жылы туған. Отбасылы, 5 перзенттің анасы. Таңғы саған 7.30 да тұрып, балаларымды бақшаға, мектепке апарып, одан соң жұбайымды жұмысына шығарып салдым. Сағат 9-дар шамасында тарсыл-гүрсіл басталып, бомбалардың жарылғаны естіле бастады. Оттай қызыл үлкен «қозықұйрықтарды», ракета сияқты ұшып бара жатқан снарядтарды көрдім. Үйдің есік-терезелері сықырлап, тербетіле бастағанда далаға қашып шықтым. Есіме түсе қалғандықтан, қайтадан үйге кіріп, жеке басымызды, мүлкімізді және басқаларын куәландыратын құжаттарымды алып шықтым. Сөйтіп, жұртпен бірге қашып жүрген біздерді осында жеткізді.

Әмірбеков Бақтыбек Талжанұлы, 1958 жылы туылған. Отбасылы. Сағат 6.20 да Арыстан 24 шақырымдай жердегі қарбыз егістігіме барғанмын. 9.30 шамасында Арыс жақтағы түтінді көрдім. Қалың немесе жиналған шөп өртенген болар дедім. Артынша «қозықұйрық» тәрізді қып-қызыл шоқ көрдім. Адам түршігерлік дыбыс естідім. Тез жиналып, көлігіме мініп, үйге қарай бет алдым. Алдымнан 40-50 метрдей жерге снаряд түсіп жарылды. Мен тез кері бұрылып кеттім. Жол-жөнекей осында бақша өнімдерін егуге келген 10-15 өзбектердің улап-шулап қашып бара жатқандарын көрдім. Оларды автокөлігіме мінгізіп алып, Бадам стансасына әкелдім. Олардың қайда кеткендерін білмеймін. Ондағы туысқанымнан 5 мың теңге алып, солярка құйғызып, Шымкентке жеттім.

Осында бала-шағаларымды таптым. Арыстағы адамдар малдары мен егістіктерін, жұмыстарын тастап қашып кетті. Мені «Техникалық қызмет көрсету стансасындағы» жұмысымнан іздестіріп, шақырды. Ал мен онда бара алмай , бала-шағаммен осында отырмын», — деді.

Жомарт Асқарбек. Е.Молдабеков атындағы мектептің 4 сынып оқушысы. Бомбалардың жарылғанынан қорықпадым. Өзіміздің атымыздағы КамАЗға мініп, осында жеттік. Қазір де тарсылдаған дыбыстардан қорықпаймын» — дегенді мақтанышпен айтқандай болды.

«Ақмешіттегілерге» Шымкент қаласының №3 емханасының дәрігер-эпидемиологы Сатқұлова Айгүл Дамирқызы, бір хирург пен төрт медбике «алғашқы дәрігерлік көмек көрсету» қызметін атқаруда…

Кеңес үкіметінен қалған аса қауіпті қару-жарақтың ұзақ мерзім сақталуынан және оны жоюдың қауіпсіздігін жоғары деңгейде сақтамағандықтан, Арыстағы жағдайдың бұдан бұрын да орын алғанын, оның қала сыртындағы қауіпсіз қашықтыққа көшіру туралы ұсыныстардың 2009 жылдары болғанын, бірақ оның ескерілмегенін мамандар мен жоғары лауазымды қызметкерлер, депутаттар өкіне айтуда. Бірақ, амал не – Арыс апаты кезекті рет және жойқын күшпен орын алып аса ауыр шығындарға ұшыратты…

Жарылыстар гүрсілі басылды, өрт сөндірілді немесе қалай да басылады және сөндіріледі. Бірақ, оның сондай жауапсыздық пен сауатсыздықтан деуге болатындай апатынан суылдап қалған, жастар түгілі қарттардың жүректерінің «тарс» ете қалатын дыбыстан лүпіл қағуы басылып, біржолата құтылар ма екен?

Осы орайда, сол кеңес үкіметінің кезінде бізде және әлемдегі ғылыми-зерттеу мекемелерінде жүргізілген мына бір тәжірибені еске алып, елдегі биліктің тізгінінің түбінен тұқырта ұстаған басшылардың, әскери қолбасшылардың, әртүрлі деңгейдегі депутаттар мен әкімқарлардың, құқық қорғау, жоғарғы қадағалау, сот және ұлттық қауіпсіздік органдарының назарына ұсынғым келеді.

Қосмекенді құрбақаны ұстап алып, шыныдан жасалған жәшікке отырғызып, бір апта тамақтандырмай ашықтырады. Сөйтіп бал араның инесі мен қанатын алып тастап, құрбақаға бір аптадай береді. Ол өз қалпына келіп, семіреді.

Тағы бір апта ашықтырып, дәл осындай бал арасын табиғи қалпында – инесі мен қанатымен, бақаның жәшігіне жібереді. Ондай жылы-жұмсақ, қорғансыз, залалсыз асты тілімен орап, алған кезде, бал арасы оны шағып алады. Тілінің ұшына уын кіргізген бал арасын бақа лоқси құсып, аузынан шығарып тастайды.

Оны үшінші рет ашықтырып, ине-қанаты жұлынған араны тағы да құрбақаның жәшігіне жібереді. Оны көрген құрбақа бір аптадай ашыққанына қарамай, ол жорғалап жақындаған сайын артқа шегіншектеп, бұрышқа тығылып, оны қорқыту үшін қарнын қампитып, бүкірейіп тұрып алады.

Бақа «залалсыздандырылған» әсел арасын одан кейінгі бірнеше күндей жәшігіне жібергенімен, оны жеп уынан зардап шегіп немесе өліп қалмас үшін, тығылған бұрышында бүгілген қалпынан қозғалмай, ашықсам да бір күн болса да артық өмір сүрейін деп отыра береді.

Оны зерттеген ғалымдар, тек бақа емес, жалпы барлық жануарлар, ит-құстар мен басқа да жәндіктердің өмірінде бір рет жіберген қателігін, бүткіл ғұмырында ассыз аш қалса, сусыз шөлдеп жатса да инстинкті түрде екінші рет қайталамайды екен деген тұжырым жасаған.

Сондықтан, олар алапат апаттың немесе адамның қанкөзділігінен саны азайтып немесе біржолата жойылып кетпесе, мыңдаған, миллиондаған жылдан бері бастапқы қалыптарын сақтап, піл піл күйінде, қолтырауын қолтырауын күйінде, арыстан арыстан күйінде, құзғын құзғын күйінде өзгеріссіз өмір сүруде. Егер олар біздің Арыстағыдай қателіктерді әрбір бес-он жылда бір қайталаған болса, онда олар әлдеқашан-ақ нақты бір түр мен топ ретінде жойылып біткен болар еді.

Ал адам ше? Олардың бәрі болмағанымен кейбіреулері, әсіресе билік басы мен «алтын астау» қасындағылар, ақыл-ойы, күш-қуаты, билігі мен сауаттылығына сеніп, күнде болмаса да «сәтті түнде» Арыстағы мен басқа да жағдайдағыдай апатты, адамдар қасіреті мен қырғынына соқтыратын қателіктерді қайталай беретіні өмір тәжірибесінен белгілі.

Осы ретте Арыс қаласындағы әскери қойма қызметкерлерінің құрбақа құрлы болмай, бір қателіктерін көп ұзатпай бірнеше рет қайталағанын қалай түсінеміз?

Ондағы сақтау мерзімдері өткен қатерлі қару-жарақтарды басқа орынға көшіру мен сақтау барысында қауіпсіздіктің сақталмауы мен басқа да себептермен осындай апаттың қайталанбауына кепілдік бар ма? Жоқ, «тарс» еткен нәрседен шошып, жүрегіміз лүпілдеп жүре береміз бе?

Аманқұл КҮМІСБЕКҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *