2025 жылы Шардара ауданына негізгі капиталға 56,6 млрд теңге инвестиция тартылды.
Жеке кәсіпкерлер есебінен жалпы құны 14,9 млрд теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылып, 145 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл кәсіпкерлер қаражаты есебінен 3,4 млрд теңгеге 5 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында «SER-KUN» балық кептіру цехы, «Медина» ЖК-нің ет өнімдерін терең өңдеу және мал бордақылау жобасы, сондай-ақ басқа да өндірістік нысандар бар.
Өткен жылы ауданның өнеркәсіп өнімінің көлемі 26,2 млрд теңгені құрады. Негізгі бағыттар — балық, мақта және күріш өңдеу, сондай-ақ электр энергиясын өндіру.
Ауыл шаруашылығы саласында 58 мың гектар жерге дақылдар егілді. Жалпы 73,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Су үнемдеу технологиялары 6 070,1 гектар алқапқа енгізілді. Оның ішінде:
- 5 990,1 гектарға — тамшылатып суару;
- 80 гектарға — жаңбырлатып суару жүйесі.
Тұрғын үй құрылысы бойынша 55,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қазіргі таңда ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 411 азамат жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу» тапсырмасы аясында 1 161 жаңа жұмыс орны құрылды.
Инфрақұрылым бойынша аудандағы 22 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бозай және Бимырза елді мекендерінде халық санының аздығы мен шалғай орналасуына байланысты тұрғындармен келісім хаттамалары түзілген.
Табиғи газбен аудан тұрғындарының 98 пайызы қамтылған. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көшелердің үлесі 91,6 пайызға жетті.
