ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжановтың қатысуымен брифинг өтті. Баспасөз жиынында туризм саласының даму көрсеткіштері мен инвестициялық мүмкіндіктерді арттыру бағытындағы негізгі бастамалар таныстырылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша туризм саласына салынған инвестиция көлемі 1 трлн 256 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 32 пайызға артты. Өсім жолаушылар тасымалы, қонақ үй және мейрамхана қызметтері, сондай-ақ мәдениет пен ойын-сауық бағыттарында тіркелді. Қазіргі таңда министрлік 328 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырды. Олардың қатарында ірі қонақ үй және курортты кешендер, жол бойындағы сервис нысандары мен ойын-сауық инфрақұрылымы бар.
Саланы қолдау мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары іске асырылуда. 2025 жылы 2,7 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Оның ішінде туристік нысандарды салу мен жаңғырту шығындарының бір бөлігін өтеу, туристік автобустар мен тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтарды сатып алуға субсидия қарастырылған.
Сонымен қатар туризмді дамыту тұжырымдамасын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Іс-қимыл жоспары елдің негізгі курортты өңірлерінде жалпы құны 600 млрд теңгеден асатын 136 инвестициялық жобаны іске асыруға жағдай жасауға бағытталған 152 іс-шараны қамтиды.
Туризм және спорт министрлігі инвестиция тартуға, қызмет сапасын арттыруға және саланың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады.
