КӘСІПОДАҚТЫҢ ЕСЕП БЕРУ ЖӘНЕ ҚАЙТА САЙЛАУ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Билік Заң Мәселе Уақыт Қоғам
17 Views

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы Қоғамдық бірлестігінің Төле би аудандық филиалының кезекті есеп беру және қайта сайлау конференциясы өтті.

Жиынға облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы, комитет қызметкерлері, сондай-ақ кәсіподақ комитетіне қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен төрайымдары қатысты.

Конференцияға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла арнайы қатысып, күн тәртібіндегі мәселелерге кеңінен тоқталды. Қаралған негізгі мәселелердің бірі – Төле би аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасын сайлау болды. Кәсіподақ жарғысына сәйкес, төрағаның өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайды. Жиында ашық дауыс беру нәтижесінде Төле би аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы болып Майлыбаев Ерменбай Қасымұлы сайланды.

Кездесу барысында білім беру ұйымдарындағы кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау, педагогтердің мәртебесін арттыру, еңбек қатынастарын реттеу, ұжымдық шарттардың орындалуын бақылау және кәсіподақ жұмысының маңыздылығы жөніндегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымы бүгінде аймақтағы ең ірі қоғамдық бірлестіктердің бірі болып табылады. Ұйым құрамында 23 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі бар, сондай-ақ 235 бастауыш кәсіподақ ұйымы жүйелі түрде жұмыс жүргізуде. Облыстық ұйым білім беру саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғау бағытында кешенді жұмыстар атқарып келеді.

Сондай-ақ төраға ұстаздардың әлеуметтік қолдау, моральдық және материалдық ынталандыруға қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдап, кәсіподақ тарапынан көрсетілетін құқықтық көмек пен кеңес беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді.

Конференция барысында кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстары жан-жақты сараланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Жиын қорытындысы бойынша ұйым жұмысының жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқаны айтылып, алдағы уақытта да кәсіподақ бірлігі мен белсенділігі арта түсетініне сенім білдірілді.