ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРИЯ

Мерей Тұлға
1 693 Views

Біздің кейіпкеріміз – Лесбай Жұмағұлов 1948 жылы қазіргі Түркістан облысының Келес ауданындағы Ұшқын ауылдық әкімдігінде дүниеге келген. Бүгінгі Тоқаш Бердияров, Сәкен Сейфуллин атындағы жалпы орта мектептерінде оқыған. Ташкенттегі педагогикалық институттың (қазіргі Гәнжәуи Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті) қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Бір кездері өзі тәлім-тәрбие алған қазіргі Тоқаш Бердияров атындағы № 127 жалпы орта мектебінде 45 жыл бойы ұстаздық қызмет атқарған. Бастауыш сынып мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы болған. 1980-2011 жылдары Келес және Сарыағаш аудандық оқу (білім) бөлімінде бастауыш сыныптардың бірлестік жетекшісі міндетін қоғамдық негізде атқарған. 1985-1995 жылдары Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы мұғалімдер білімін жетілдіру институтында бастауыш сыныптар бойынша атаулы мектеп ашып, соған қоғамдық негізде жетекшілік жасаған. Оның іс-тәжірибесі республика көлемінде кеңінен таратылған. Целиноград (қазіргі Астана), Алматы, Қарағанды, Көкшетау, тағы басқа қалалардағы бірқатар мектептерде ашық сабақ өткізген. Бұқаралық ақпарат құралдарында оқу-әдістемелік бағыттағы жүздеген мақаласы жарық көрген.

1995 жылдан Ұшқын ауылының биі. 1999 жылдан «Нұр Отан» партиясының мүшесі. 2011 жылдан Ұшқын ауылдық әкімдігі ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының төрағасы, төбе биі. Ұшқын ауылдық әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы. Қазақстан халқы Ассамблеясының Ұшқын ауылдық әкімдігіндегі жетекшісі.

Жас ұрпаққа терең де сапалы білім, саналы да тағылымды тәрбие беру жолындағы жемісті жұмысы, ел үшін атқарған ерен еңбегі үшін Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Оқу министрінің грамотасымен (1982), «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен (1990), «Еңбек ардагері» медалімен (1991), Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет Грамотасымен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерейтойлық медалімен, Оңтүстік Қазақстан облысы ардагерлер алқасының Алғыс хатымен марапатталған. «2005 жылдың үздік ұстазы» атанған. Сонымен қатар Сарыағаш, Келес аудандары әкімдерінің Алғыс хаттарын, «Нұр Отан» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының Құрмет грамотасын, Сарыағаш аудандық ардагерлер кеңесінің «Ардақты ардагер» медалін, Сарыағаш аудандық оқу (білім) бөлімінің Құрмет грамотасын, Тоқаш Бердияров атындағы № 127 жалпы орта мектебінің Құрмет грамотасын иеленген.

Ұлағатты ұстаз болғандықтан шығар, ол республика көлемінде ашық сабақтар өтіп, «Атаулы бастауыш мектептің» Шымкент (қазіргі Түркістан) облыстық филиалының жұмысына штаттан тыс қызметкер ретінде жетекшілік жасаған. 1990 жылы Алматыда шығатын «Бастауыш мектеп» журналының мұқабасына фотосуреті жарияланған. Онда: «Білікті ұстаз Лесбай Жұмағұлов көп жылдан бері Шымкент облысының Келес ауданындағы «Ұшқын» орта мектебінде еңбек етіп келеді. Ол республикада алғаш рет құрылған атаулы бастауыш мектептің белсенді мүшесі ретінде жан-жақты ізденіп, өзінің іс-тәжірибесін әріптестеріне үйретуден жалыққан емес», – деп жазылған екен.

Ұшқын ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде атқарған қоғамдық жұмыстары да ұшан-теңіз дер едік. Мұндағы бір мыңнан астам отбасында жеті мыңнан астам адам тұрады. Олар сегіз ұлт пен ұлыстың өкілін құрайды. Міне, Лекең ауыл ішіндегі жұмыссыздық, жастар тәрбиесі, жер, су, жол жағдайы секілді таусылып, түгесіліп бітпейтін сан түрлі қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүруден әсте жалыққан емес.

Осы ауылдағы № 127 жалпы орта мектепке қазақтың арқалы ақыны Тоқаш Бердияровтың есімі берілген. Жыл сайын оның дүниеге келген және өмірден өткен күндерін атаусыз қалдырған емес. Осыған орай волейбол бәсекесін ұйымдастыруға себепкер болған. Тіпті, аудан, облыс, республика көлемінде еленбей қалған 80 жылдық мерейтойын шама-шарықтарына қарай тойлай білген. Әсіресе 2015 жылғы 90 жылдығын тойлаудағы еңбегі ерен. Сарыағаш ауданының әкімі Бұқарбай Парманов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстафа Сүлейменов, Қошқарата, Ұшқын ауылдық әкімдіктерімен ақылдаса, пікірлесе отырып, тойды өткізу жөнінде жүйелі жоспар жасауға жәрдемдескен. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде ақын туралы «Болса егер зайыбым…» атты мақала жариялатқан. Осылайша бұл той бір дүркіреп өткен болатын.

Соғыс және еңбек ардагері, командирлік құрамға ғана тиесілі болған Александр Невский атындағы орденнің иегері, Бас әскери қолбасшы Иосиф Виссарионович Сталиннің қолынан бес рет Алғыс хат алған Сәмбет Саттаровтың есімін ұлықтау мақсатында да көп тірлік тындырған. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бетінде оның қан майдандағы ерліктері мен бейбіт өмірдегі еңбектері жайында «Рух берген раушан гүлі» деп аталған мақала жариялатқан. Аудандық «Сарыағаш» газетінде мақала шығартқан. Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасына, ономастикалық комиссияға ұсыныс жасаған. Сөйтіп, Ошақты ауылдық әкімдігіне қарасты бұрынғы Сергей Орджоникидзе атындағы бөлімше Сәмбет Саттаров ауылы болып шыға келеді. Хас Батырдың 90 жылдық торқалы тойының құрметіне волейбол бәсекесін өткізген.

Кешегі «Коммуна» кеңшарының, бүгінгі Ұшқын ауылдық әкімдігінің негізін қалаған, бірнеше орден-медальдің иегері, халық депутаттарының аудандық кеңесіне жеті рет депутат болып сайланған, «Келестің Жуковы» атанған Қарабай Қонысбаевтың ерен еңбегін еске алып, оның рухына Құран бағыштап, ас бергізеді. Қаракеңнің перзенттерінің демеушілігімен Ұлы Отан соғысы, тыл және еңбек ардагерлеріне арналған қос бірдей ескерткішті жөндеуден өткізген. Жаңадан салынған мектептің құрылысына қомақты қаржы бөлдіріп, елдің алғысына бөленген. Бұл жолы да облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жәрдеміне жүгініп, «Тылдың тарланбозы» атты мақала жариялатқан.

«Коммуна» кеңшарының 50 жылдық мерейтойы мен Наурыз мейрамын аса жоғары деңгейде өткізуге мұрындық бола білген. Сан түрлі спорт сайыстарын ұйымдастырған.

Сонымен қатар саяси қуғын-сүргін құрбаны Қалыбек Құрбановтың ізгілік істерін насихаттау мақсатында мектеп кітапханасында «дөңгелек үстел» мәжілісін өткізген. Онда жазықсыз жапа шеккен жанның ұлы Кеңес Қалыбеков сөз сөйлеген. Жергілікті ақын Есіркеп Өстеұлын жарияланбай қалған өлеңдерін аудандық газетке шығаруға атсалысқан. Ауылда өткен жастармен жүздесулердің бірінде бұрынғы жүзімшілер бригадасының бригадирі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы Ермек Мырзақұловтың ерен еңбегі жайлы жастарға баяндап берген. Әр жұма сайын мешітке барып, намаз оқып, сәждеге жығылумен бірге жастарға түрлі тақырыпта үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуден де жалыққан емес. Шекара әскери бөлімінің демеушілігімен Ұлы Отан соғысының құрбандарына арнап ас беріліп, Құран бағышталған. Халықаралық әйелдер күні әжелерге, ал Қарттар күні аталарымызға сый-сияпат жасап, өзіндік құрмет көрсетеді. Мектеп пен балабақшада ардагерлермен кездесу өткізіп тұрады.

Ұшқын ауылында бес жүздей бүлдіршін бар. Олардың басым бөлігі 20 шақырым жердегі Абай ауылына автобуспен тасымалданатын. Міне, осы өткір де өзекті проблеманы шешу үшін өз ауылында балабақша ашуға ұйытқы болған. Талай есікті тоздырып, жан-жаққа жазып жүріп кезінде шекарашылардың әскери бөліміне беріліп кеткен ғимаратты кері қайтарып алған. Сөйтіп, талай ата-ананың алғысына бөленген. Бұдан бөлек Абай – Жаңажол бағытындағы апатты жағдайдағы көпірлерді қайта жөндеуге ықпал еткен. Көршілес Өзбекстан тарапынан келетін құлақтарды Қазақстан су шаруашылығы мекемесіне өткізу жолдарын қарастырған. Алдағы уақытта ауылда мәдениет үйін, емхана салу, көшелерді асфальттап, жарықтандыру жоспарланған. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 380 отбасына жер телімін үлестіру көзделуде.

Қайырымдылық пен обал сауапты ойлайтын жан ретінде әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына қол ұшын беріп келеді. Ауыл тұрғындарын ұйымдастырумен ұн, зығыр маймен қоса-қабат отын суына жәрдемдесіп жүргенін жұрттың бәрі жақсы біледі. Араздасып жүрген бес отбасын татуластырып, 15 баланы тірі жетімдіктен құтқарып қалған. Бұған ауылдың бұрынғы әкімі Тасбау Полатов пен осы әкімдіктің жауапты қызметкері Талғат Ахметовтың де себі тиген. Салауатты өмір салтын ұстану жолында ішімдіксіз, халал той өткізуді қолға алып келеді.

«Қазнұр» жобалау құрылыс институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты Нұралы Дәулетияровтың демеушілігімен Ұшқын ауылындағы Абай, Тоқаш Бердияров атындағы, Көктем көшелері жөндеуден өткізіліп, екі көшеге асфальт төселіп, жарық орнатылған. Тағы үш көше ретке келтірілген. Бұдан басқа көшелерді де жөндеуден өткізу, асфальт төсеу, электр желісін тарту тәрізді жүйелі жұмыстар кезек күтіп тұр. Халық қалаулысы өз қаражаты есебінен Достық, Қоралас ауылдарына ұңғыма қаздырып, су құбырын, электр желісін тартып, трансформатор орнатқан. Абай – Жаңажол автожолының бойынан екі көпір салып, үшіншісін жөндеуден өткізген. Пайдаланылмай тұрған қос қабатты сауда үйін 160 орындық балабақшаға айналдырған. Соның арқасында 35 адам жұмыспен қамтылған. Ауған соғысы мен тыл ардагерлеріне, Чернобыль апатының бетін қайтаруға қатысушыларға моральдық, материалдық көмек көрсетілген. Жеті жастан жетпіс жасқа дейінгілердің арасында жүгіруден жарыс өткізілген. Жүлдегерлерге Алғыс хатпен қоса-қабат қаржылай сыйақы да берілген.

Қазақстан Президентінің таяуда жасаған Жолдауына орай Ұшқын ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілесбай Жұмағұлов:

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы көңілімізден шықты. Еліміздің басты құжаты дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Барша қазақстандықтарды жігерлендіріп, болашаққа деген сенімін арттырады. Бұл Жолдауда Қазақстан халқының өмірін жақсартуға, тұрмысын түзеуге баса назар аударылған. Алда атқарылатын нақты мәселелерге тиянақты нұсқаулар берілген. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Рухани жаңғыру» секілді мемлекеттік бағдарламалардың әрі қарай жүйелі жалғасын тауып, сапалы орындалуы мақсатында жұмыла жұмыс істеуге шақырады. «Педагогтардың мәртебесін көтеру туралы» заң қабылдау көзделуде. 2019 жылды – Жастар жылы деп жарияланып отырғаны қандай ғанибет.

Біз, ардагерлер, Елбасының барлық бастамаларын қызу қолдаймыз. Халқымызды Елбасының алдымызға қойған міндеттері мен тапсырмаларын орындауға жұмылдырамыз. Ең бастысы – аспанымыз ашық, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! – дейді.

Мақаламызға арқау етіп отырған Келес ауданындағы Ұшқын ауылдық әкімдігі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Лесбай Жұмағұлов осындай жомарт жүректі жайсаң жан. Елі, халқы үшін қызмет етуден жалықпаған жанды ауылдағы үлкен-кішінің бәрі жақсы көреді, құрметтеп сыйлайды. Жетпістің жотасына шыққан ұлағатты ұстазды, қазыналы қарияны қарттыққа қимайсың. Қашан қарасаң да халық қамы үшін шапқылап жүргенін көресің. Әрине, оған ауыл әкімі, ауыл билері, көше комитеттерінің төрағалары, мұғалімдер, қарапайым халық та де қол ұшын беріп жүргені мәлім.

Бұған қоса-қабат Лекең өнегелі жанұяның отағасы ретінде де көпке танымал. Зайыбы Зилайхамен бірге төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Олардың бәрін үйлі-жайлы еткен. Он немеренің атасы. Құда-құдағилары, жегжат-жүрәттары, ағайын-туыстары арасында да сыйлы.

Міне, осындай ұлағатты ұстаз, қазыналы қария, білімді де білікті, іскер ұйымдастырушының туған елі мен жері үшін істеп отырған ізгілікті де игілікті істері, ерен еңбегі еленсе екен дейміз. Оған жаңадан ашылған Түркістан облысына қарасты Келес ауданының Құрметті азаматы деген атақ берілсе құба-құп болар еді деген ойдамыз.

Әбдісаттар ӘЛІП,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Түркістан облысы,

Келес ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *