АТАМ ТУРАЛЫ ОЙ-ТОЛҒАУ

Руханият
2 078 Views

Атам Әбдімұса Мұратұлы ағайын-туысқа, ұжымға сыйлы, қазақи болмысты, қысылғанда талайы келіп арқа тұтқан беделді кісі болатын. Шырайы жарқын, ойлы, жанары әрдайым жарық жұлдыздай жанып тұратын өнегелі азамат, ағайынның ақылшысы, қамқоршысы бола білу болмысында бар жан еді. Атамның ұлағатты сөздері бәрімізге өмірлік азық болды. Жүректен орын табады. Жадыма ақыл мен білім нәрін құйған атамның қалжыңы мен әңгімелері ойыма жиі оралады. Бірде, атамнан:

– Дос табу оңай ма? – деп ақыл сұрай бардым. Сонда атам:

– Өзің қалай ойлайсың, жауап іздеп көрші, – деді.

– Ата, дос табу ақылдыға оңай, ақымаққа қиын, – дедім. Ол кісі ойымның бұрыстығын айтты.

– Жоқ, балам, өмірде дос табу ақылдыға қиын, ақымаққа оңай. Ақылдының досы аз, қасы көп, ақымақтың досы көп болғанымен, жақсылығы жоқ. Жақсылығы жоқ достың қастығы аяқ астында жатады. Есіңде болсын, досың ақылды болса, өзің дана боласың, досың бала болса, өзің шала боласың, – деп ақыл айтты.

Бірде қазақ тілі сабағында мұғалімнен «абыз» деген сөздің мағынасын сұрадым. Сонда мұғалім «абыз» сөзі шығыс түркі тілдерінде де бар. Түркі тілінде абыз деп ұстаз, мұғалім, оқымысты, ғалым, рухани көсемді айтуға болады дейді. «Сонда атам абыз болғаны ғой» деп айқайлап жіберіппін.

Иә, “Қариялар азайып бара жатыр”, “Ауыл қарттары” әндерін естіген кезде жүрегімнің түбінде атама деген өшпес, бала сағыныш жатады.

Ол кісі бәрімізді ақырын жүріп анық басуға, ешкімнің ала жібін аттамауға, сабырлы болуға, кісінің ақысын жемеуге тәрбиелеп кетті.

Ата, Сіздің ұрпағыңыз үшін шырылдаған шыбын жаныңызға, рухыңызға тағзым етеміз! Алланың рахымына, Пайғамбарымыздың шапағатына бөленіңіз. Жаныңыз жәннатта болсын!

Әбдімұса немересі

Құдайберген НҰРЛАНҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *