МЕДИА САЛАСЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МЕМОРАНДУМ

Қоғам
26 Views

Астана қаласында Бас редакторлар клубы мен Түрік және қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығы (ТҮКІБ) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екі елдің іскерлік ортасы мен медиа қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтуға, ақпараттық ынтымақтастықты дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Меморандумға Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин мен Түрік және қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығының (ТҮКІБ) Басқару кеңесінің төрағасы Хикмет Аталай қол қойды.

Келісім аясында тараптар Қазақстан мен Түркияның журналистері, редакторлары, медиа сарапшылары және кәсіпкерлері арасында тікелей кәсіби байланыс орнатуды, бизнес, инвестиция, кәсіпкерлік, инновациялар және екіжақты қарым-қатынастар жөніндегі ашық ақпарат алмасуды көздейді.

Сондай-ақ бірлескен медиафорумдар, дөңгелек үстелдер, іскерлік кездесулер, баспасөз турлары мен таныстыру сапарларын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – экономикалық журналистика, цифрлық технологиялар, медиасауаттылық және жасанды интеллект салаларында білім беру бастамаларын жүзеге асыру. Бұдан бөлек, жастар мен мәдениет саласындағы бірлескен ақпараттық және ағартушылық жобаларға да басымдық беріледі.

Меморандумға сәйкес, ТҮКІБ бірлескен іс-шараларға бизнес өкілдерін тартуға, қауымдастық мүшелерінің жобалары туралы ашық ақпарат ұсынуға және іскерлік байланыстар орнатуға жәрдемдеседі. Ал Бас редакторлар клубы журналистердің, редакторлар мен медиа сарапшылардың аталған бастамаларға қатысуына қолдау көрсетеді.

2016 жылы құрылған Түрік және қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығы (ТҮКІБ) Қазақстанда қызмет ететін жетекші түрік және қазақстандық компанияларды біріктіреді. Бүгінде қауымдастық 85 мүшені қамтиды. Олар құрылыс, қаржы, денсаулық сақтау, көлік және логистика, туризм, ауыл шаруашылығы, қонақүй бизнесі, өндіріс және басқа да салаларда жұмыс істейді. Қауымдастықтың Астана және Алматы қалаларында кеңселері бар.

ТҮКІБ-тің негізгі миссиясы – Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту, кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және екі елдің іскерлік ортасы арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.

Бұл меморандум медиа мен бизнес өкілдері арасындағы кәсіби диалогты жаңа деңгейге көтеруге, екі елдің экономикалық және қоғамдық өміріндегі маңызды бастамаларды ақпараттық тұрғыдан кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құжат журналистика мен кәсіпкерлік салаларының өзара тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар мен ортақ жобалардың қалыптасуына жол ашады.

Тараптар алдағы уақытта бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеп, ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша нақты жобаларды жүзеге асыруға ниетті.

Меморандум тараптардың редакциялық тәуелсіздігі мен дербестігін сақтай отырып, өзара тиімді әріптестікті дамытуға негіз болады.

Мақпал АДАМБАЕВА,

Бас редакторлар клубы ҚБ атқарушы директор