«КӨРКЕМ ОЙДЫҢ ШЕБЕРІ»

Қоғам Әдебиет
1 398 Views

Шымкенттегі Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасында жазушы-журналист, Қазақстанның құрметті журналисі, Ордабасы ауданының құрметті азаматы Захардин Қыстаубаевтың 70 жасқа толған мерейтойына орай «Көркем ойдың шебері» атты кездесу кеші өткізілді. Оны жазушы, шежіреші, Шымкент қаласындағы ақын-жазушылардың «Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Момбек Әбдәкімұлы ашып, жүргізіп отырды. Кеш барысында «Қадірменді қариялар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шаруа Пірмат, сатирик-жазушы Мұхтар Шерім, фантаст-жазушы Сарманбай Исақ сөз сөйлеп, қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолы жайында әңгіме өрбітті. Арнайы дайындалған слайдтар көрсетілді.

Захардин Қыстаубаев оқырмандардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап қайырды.

Сұрақ:

– Жас таланттарға қамқорлық көрсету мәселесіне қалай қарайсыз?

Жауап:

– Оқушы кезімде жазған мақала, өлең, әңгімелерім аудандық, облыстық газеттерде жарық көре бастады. «Айқасқа» атты алғашқы әңгімем жылқы жайында болатын. Ақын, жазушы боламын деген жастарға қамқорлық емес, қолдау көрсету керек. Мәселен, өткен ғасырдың сексенінші жылдары ақын Олжас Сүлейменов жас талант Раушан Асфандиярованың тұңғыш жыр жинағына алғысөз жазып, одан айтулы ақын шығады деп үміттенген болатын. Өкінішке орай, әлгі қыздың есімі бүгінде ұмыт қалып отыр. Сол себепті қаламгерлік кәсіпті таңдаған оқушы жастар ең алдымен өздеріне бек сенімді болуы керек. Өйткені, біреу екінші біреу үшін өлең, яки әңгіме жазып бермейтіні баршаға аян жайт. Бұған қоса-қабат қаламгер болу үшін көп оқумен бірге тынымсыз ізденіс керек. Өзім Антон Павлович Чехов, Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаевты айрықша пір тұтамын.

Сұрақ:

– Өзіңіз қатысып, куәсі болған Желтоқсан оқиғасы жайында не айтасыз?

Жауап:

– 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына (көтерілісіне) студент және жұмысшы жастармен бірге зиялы қауым өкілдерінің де қатысқаны белгілі. Төрт жігіт болып Орталық алаңға барғанбыз. Алаңды милициялар (қазіргі тілмен айтқанда, полицейлер), халық жасақшылары, әскерилер қоршап тұрған. Бір-екі рет айналып, ішке кіре алмадық. Кенет әскери киімдегі бір офицер: «Ортаға кіргілерің келе ме?» – деп сұрап, бізді жалғызаяқ жолға түсіріп жіберді. Сол сәтте Орталық Комитеттің төбесіне орнатылған бейнекамера суретке түсіргенін сезбеппіз ғой. (Кейіннен үш әріптің (Ұлттық қауіпсіздік комитеті) қызметкерлері бізді тергеп, тексеріп, біршама әбігерге салғаны бар).

Милициялар алаңдағы жастарға: «Қайтыңдар, әйтпесе шара қолданамыз!» – деп даурығуда. Кенет шелек радиодан Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні төгілді. Алаңдағылар қазақы рухты көтеретін әуенге қосыла жөнелді. Құқық қорғаушылар қайтадан «қайтыңдарға!» басты. Кенет бағанаға өрмелеп шыққан бір жігіт сымдарды үзіп тастап, радионың саңқылдаған үнін өшірді. Сол кездегі қазақ жастарының ұлтжандылық қасиетін көргенде айрықша сүйсінгенбіз. Әсіресе, қызыл жағалылармен жағаласуға дейін барған қайсар қыздарымыздың барынша белсенділік танытқаны жадымызда.

Көп уақыт өтпестен «Правда» газетінде: «1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматыдағы Орталық алаңда маскүнем, нашақор жастар бұзақылық жасады» деген шағын ғана хабар таратылған. Талай студент және жұмысшы жастар қудаланып, жазықсыз жазаланды. Түрмеге тоғытылды. Оқудан, комсомол, партия қатарынан шығарылды. Қылышынан қан тамған Мәскеудегі Компартияның өкілдері өздері жасаған мәлімдемелерінің жалған екеніне көзі жеткеннен кейін зиялы қауым өкілдерін, соның ішінде қаламгерлерді қудалаудан қаймыққан. Жалпы, қазақ жастары Кеңестер Одағында Балтықбойы республикаларынан бұрын жаңа заман лебін әкелгені баршаңызға белгілі. Арадан бес жыл уақыт өткенде тәуелсіздік таңы атты. Сіздер бейбіт, бақытты заманның жастары екендіктеріңді жадтарыңызда ұстап, тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне жете біліңіздер.

Қызықты да тартымды өткен кеште Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері – Назым Ералы мен Бекдос Жаубасаров әсем әуезді әндерімен көпшіліктің ризашылығына бөленді. Кітапханашы Жәмила Тоқбаева қаламгердің «Қос рельс», «Ақ күн», «Жүректегі жүзік», «Алматының ақ жауыны», «Сүйріктің махаббаты» секілді кітаптарына шолу жасап, оқырмандарды онымен етене танысуға шақырды.

Захардин Қыстаубаев өзінің сөзінде кездесу кешін ұйымдастырған кітапхана ұжымы мен Шымкенттегі ақын-жазушылардың «Қаламгер» қоғамдық бірлестігіне ризашылық сезімін жеткізді. Құтхананың «Тілек кітабына» жүрекжарды ниетін жазып қалдырды. Соңында кітапхана директорының орынбасары Ақбөпе Сағынтайқызы мерейтой иесіне шығармашылық табыс тілеп, естелік сыйлық табыс етті.

Әсия СӘБДЕНҚҰЛОВА,

Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *