ТІРІ ЖЕМҚОРДЫ КӨРДІҢІЗ БЕ?

Әр алуан
874 Views

Жемқорлықтың үлкен мәселеге айналып тоқтамай тұрғанын жақсы білесіздер. Біз жорналшы досым Сәкен және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері Мұса үшеуміз осы тақырыпта әңгіме қозғап отырғанбыз.

Жорналшының айтуынша, қоғамымызға кері әсерін тигізіп жатқан жағдай азаматтардың бойында ізгілік қасиеті, ар-ұятын оята алмаушылықтан болады екен. «Жазалау – тәрбие емес. Өшпенділік өшпенділікті туғызады!» – деді ол.

– Сәке, қызықсыз! Сонда жемқордың қолына шампан ұстатып, арқасынан қақ демексіз бе? Мұса іс-қимыл агенттігіне тән әңгімені қатаңдатып айтқанымен, әдеби жұмсақ адам емес пе, Сәкен зиялылардың сөзін айтып, тақырыпты ізгілендіруге әрекеттеніп бақты. Жорналшы тірі жемқорды көрмеген ғой. Әрі десе жемқорлар ұсталғанда қандай психикалық мінезде болып, қарсылық көрсетеді. Келешек мақаламда осы әсерлерді жазсам деген қызығушылығы да жоқ емес еді. Екі досымның айтысына куәгерлік ыңғайсыздық тудырды да маған бір ой сап етіп келе қалды. Онда жемқорлық пәлені тәжірибе ретінде неге көрмеске, ойнап көрейік дедім. Ұсынысым үшеумізге де ұнап қалды. Жемқорлық Мұсаға таныс болғандықтан, басты рөлде сен ойнайсың деп шештік. Мұсаның мәшинесінде құралдар дайын жүретін. Жайымен кісен, диктофонды алдық. Дубинка, камераны Сәкенге беріп, оның айтқан ар-ұят, сенімі жемқорға әсер ете ме, етпей ме соны білудің сәті келді.

Ортаға доллар қойдық. Бұл ойын – тәжірибе деп келіссек те Мұса ала қоймады. Қорқыныш инстинкті жібермей тұр деп ойладық.

Сәкен жалына бастады:

– Алыңызшы енді!

– Ойын ғой ә?

– Әрине ойын. Біздікі тек жемқор қылмыс үстінде қандай мінез көрсетіп іс-әрекетке барады, соны білу дестік.

Мұсаның сонда да батылы барар емес.

– Тым болмаса өзіңізді пара алған қылып көрсетіңіз, – деді Сәкен.

– Қолыңды тигізсең болды, – дедім мен. Көріп жүргеннің әсері, Мұса шапшаң қимылмен ораулы ақшаны қойнына сүңгіте бергені сол еді, жорналшы досым екеуміз оң қолынан шап беріп ұстай алдық.

– Жіберіңдер!

– Ақшаны әкел.

– Алмасам, нені беремін.

– Мойындамайсың ғой, ә? Қашар жерің жоқ, ақша химиялық ерітіндімен боялған!

Сәкен оның қолын қайыра бастады. Мен қапсыра құшақтап тұрған болатынмын. Ол бұлқына бастап еді, оқиға шынайы болу үшін дубинкамен тартып-тартып жібердім.

– Жігіттер келісейік те.

– Енді кеш.

– Бауырым, жіберші…

– Қылмыста бауыр жоқ.

– Өзіңіз зиялы азаматсыз. Лас тірлікке қалай бардыңыз?

– Мені үйреткен сол зиялылар.

– Ар-ұят қайда?

– Оны қызмет қуғандарға бердім.

– Келер ұрпаққа не айтпақсыз?

– Ұрпақтар менімен мақтанатын болады.

Бұл тәжірибе үшін жасалып жатқанын білдіргісі келген Мұса бізге қарап күліп, «қалай өтіп жатыр?» деп сұрады. Бәрі жақсы деген Сәкен екеуміз оны басы, шашынан ұстап тұқырта түстік. Істің ойыннан өтіп, нақтылыққа айналғанына риза болған Мұса жемқорларды ұстаудың маманы емес пе, өзі де бізге нұсқаулар бере бастады:

– Диктофон қосулы ма?

– Қосулы.

– Кісен ше?

– Салдық. Білезіктен.

– Байқаңдар. Қате салынатын болса, жұрт сенбейді. Енді дубинкамен ұрыңдар.

– Ұрдық қой.

– Тағы ұрыңдар!

Алдында арқадан ұрсақ, бұл жолы бастан ұрдық.

– Бейнекамера түсіріп тұр ма?

– Түсіріп тұр.

– Аузыма шлангамен су құйыңдар.

– Не үшін?

– Мойындату үшін солай жасайды.

– Мұнда су жоқ қой!

– Онда қысқашпен саусағымды қысыңдар.

– Осы азаптаудың керегі не? Мұсеке, ел онсыз да сенбей ме? – дедім.

– Сенбейді! Қазір не көп, баб, тармақ көп. Ақтап жіберуі мүмкін. Көрнекі болуы үшін куәгер шақырыңдар.

– Келер ме екен?

– Біздің жұрт қызықтағыш. Келеді.

Қол бұлғай қойып едік, екі-үш адам келе қалды да не істеп жатырсыздар деп таңдана сұрады. Жемқорды ұстап едік, соған Сіздердің куәліктеріңіз керек дедік.

Мұса олардың алдында лезде кісінің ақшасын жеген жемқор-алаяққа айналып шыға келді.

– Қайран Мұса! Жорналшы сен туралы мақала жазып көрген азабың ақталса екен, – дедім.

Апыр-топырға жиналған жұрт шуласа бастады:

– Жап-жас жігіт екен!

– Қазақ па өзі?

– Бұл іске мастықпен барған шығар.

– Осыларды шалжаңдатып, Үкімет қайда қарап отыр.

Кейінгі келген нөпір алдыңғы топты итермелеп ығыстыра түсті.

– Немене жемқор көрмеп пе едіңдер?

– Қайдан көрейік, тергейміз дейді де көрсетпей алып кетіп жатады.

– Коррупционер деген осы!

– Өзі әккі, ысқаяқ қу болуы мүмкін.

– Қалай білдің?

– Топылайының табаны жұқарып мүжіле бастапты. Сосын, өтірікші алаяқ.

– Дәлел?

– Беті қалың көк езу екен.

– Сот шешімінсіз алаяқ деп айта алмайсыз. Кейбір дегбірсіздері телефонмен хабарласа бастады:

– Асия, тірі жемқор көргің келсе, такси ұста да жет. Ар жақтан қай жерге деп сұраса керек.

– Жанағы, Алатау көшесіне. И соседям скажи. Пусть посмотрить…

Балаларына түсіндіріп жатқандар да болды.

– Муратик, осыны «бүжи» дейді.

Мен жорналшы екеуміз азаматтар, бұл тәжірибе! Адамның ар-ұятын оятқанда жемқорлыққа бара ма, бармай ма сол үшін жасалған тәжірибе деп жүгіріп жүрміз.

– Ертегіңді доғар!

– Бұлар мынаның сыбайласы болуы мүмкін.

Ашумен бір-екеуі Мұсаны сабай жөнелді:

– Ұятсыз!

– Өз халқының несібесін өзі жеген ұры.

Халайық! Бұл жорналшының өтінуімен жемқордың психикасын жазу үшін әдейіге жасалған. Біле-білсеңіздер ұсталған мырза жемқорлыққа қарсы агенттіктің нақ өзі дедік.

– Әдейіге жасалған дейді.

– Бұларға заң жоқ!

– Өздері ұсталғанда нені ойлап таппайды бұлар.

Сәкен екеуміз шарасыздыққа түстік. Қалың жұрттың қайсысын тоқтатайық. Жағдайдың қолдан шығып бара жатқанын көрдім де айғайлай жөнелдім:

– Бұл жемқор емес!

– Енді кім?

– Бұл тәжірибе!

– Қолы кісендеулі, ақшамен ұсталса да тәжірибе ме? Тәжірибеңнің сенің…

Көп ішінен біреу дауыстай кетті.

– Онда түлкінің жасағанын жасайық.

– Түлкі қәйтуші еді?

– Кірпіні жерде суға домалатады. Сонда сабазың өзі-ақ жазылады. Мұны да домалатайық. Тұншыққан соң бұл да мойындайды.

Байқасақ, бейшара Мұсаның көзінен жас тамшылап жатыр екен. Қарсы сөз айтуға дәрменсіз, міскін, мүсәпір күйге түскен еді. Бұл жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері, адал адам деп кімді сендірерсің?! Бізден болар қайран жоқ. Қит етсек ызалы жұрт сыбайлассың деп өзімізді сабауға даяр тұр. Ойыннан от шығарын қайдан білейік. Жемқордың рөлінде ойнау, жазу емес екенін енді білгендейміз. Бәрінен де жанымызға тигені қызметтес достары келіп қалып, солардың сөзі қатты тиді:

– Мұсеке, Сізді аяулы азамат деп ойлағанбыз.

– Жиналыстарда жемқорлыққа бірінші өзіңіз қарсы тұратынсыз.

– Масқара! Сізді орденге ұсынайық деп жүрсек…

Сақал-шашы өскен арық кісі қолын шошайтып, тіпті қатты сөйледі:

– Сен сияқтылар болмаса төменгі жалақы 28 мың емес, 128 мың теңге болар еді, – деді ол.

Тәжірибе, ар-ұяты құрысын! Мұсаны аяй бастадық. Топ жұртта дамыл жоқ.

– Уатсапқа салайық.

– Тілшілер біле ме?

– Киношылар қайда?

Осы кез шуламаңыздар деген дауыс естілді. Ортаға шыққан алтын тісті егде әйел айналаға барлай қарады:

– Қалай бопты өзі?

– Қалай бопты дейді ғой. Мына жексұрын ақша толы портфельді мәшинеге салайын деп жатқанда ұсталған.

– Жоқ, коробка толы.

– Қапшық! – дейді.

– Камерада бәрі түсірулі. Не айқай?

– Тоқта! Камерасыз-ақ айтайын. Мен көрген адаммын.

Құлағы аязға қатқан салафанға ұқсаған кісі сөзге араласты. Әсерлі болу үшін қолдарын сермеп ары-бері жүріп көрсетті.

– Ұсталған мырза сыпырушының кейпіне еніп, ақша толы шелекті алып шықпай ма?

– Шықты делік.

– Уақыт түскі үзіліс болмай ма?

– Болды делік.

Сонда есіктің артында аңдып тұрған финпол сырт еткізіп қолына кісен сала қойған ғой.

– Қайсы есік?

– Әне, анау қызыл есік.

– Сіздікі дұрыс. Фактімен сөйледіңіз.

– Жемқорға қарсы агенттіктің өзі осыған барса, өзгелерге не жорық, – деген әйелдер қауымы жер тепкілей түсті.

– Байғұс он жыл арқалап кететін болды.

– Елжіремей-ақ қой. Шартты беруі де мүмкін.

– Мен білсем, осы адам бақастықтан шаршаған.

– Қалай білдің?

– Көзінде оты жоқ. Бүрісіп жатыр.

– Оу, тұра береміз бе өстіп. Бірнемесін жасайық та.

– Жемқор.kz сайтын ашып көріңдерші. Шет ел мұндайда не істер екен?

– Әншейінде өріп жүретін полицей де келе қоймайды.

Бейшара Мұса! Ізгілік адамгершілік сезімінен айырылып қалай абыройсыз боп қалғанын өзі де білмей қалды. Оны тәжірибе емес, мына келеңсіз жағдайдан қайтіп ақталамын деген ой мазалап жатқан шығар деп ойладым.

Енді бір сәтте жиналған жұрт қолдарына кісен, дубинка алып, Сәкен жорналшы екеумізді қуа жөнелді. Ояна кетсем түсім екен. Қара терге малшыныппын. Жаратқан, жемқорлықтан сақтай гөр дедім.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *