ҰЛЫҚТАЛҒАН АБАЙ МҰРАСЫ

Әдебиет
2 483 Views

ҰЛЫҚТАЛҒАН АБАЙ МҰРАСЫ

 

Әдебиет – өмірдің алтын діңгегі, білімнің қайнары. Адам өзіне қажет рухани байлығының басым бөлігін әдеби кітаптармен сусындау арқылы табады. Халқымызда әдебиеттің сапалылығының жарқын бір көрінісі – ұлы ақын Абай атамыздың қара сөздері.

Абайдың қара сөздері – ең бір тәрбиелік мәні зор құндылықтардың бірі. Оның маңызын тұрмыста да, қарапайым өмірде де, жұмыста да түсініп жатамыз. «Қара сөздер» деген атау өлең сөзден бөлек дүниелер мағынасын білдіреді. Абай өзінің ақындығының оқырмандар үшін түсінуге қиындығын сезіп, кейбір күрделі дүниетанымдық мәселелерді өзінің қара сөздерінде түсіндірген. Абайдың біршама өлеңдерін қара сөздеріндегі кейбір ойларды түсініп барып қабылдауға мүмкіндік ашылады. Мысалы, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңін түсіну үшін алдымен 38-қара сөзді оқыған жөн. Екеуінің айтар ойлары бір бағытта, бірінде ой поэзия тілінде, ал екіншісінде проза тілінде жеткізілген. Абай атамыздың философиялық ойлары адамгершілік, сенімділік, иман, еңбек пен талап қалыптастыруда теңдессіз құрал. Абай мұрасы қазақ мәдениеті мен әдеби тілінің дамуына үлкен ықпал жасады. Абай шығармалары басқа тілдерге аударылу арқылы дүние жүзіне тарады. Елімізде ұлы ақынға жасалған құрмет ерекше.

Әр күн сайын мектебімізде «Ұлттық рухани мұрамыз» әдебиетті ұмытпау ниетімен, сондай-ақ директорымыз Арман Орынбековтың басшылығымен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін» талдауы өтеді. Сол жасалып жатқан жұмыстардың аясында мектебімізде қара сөздерге эссе жазудан жарыс өткізілді. Оған қатысушылар Абай атамыздың қаншалықты ұлық екенін, оның жазған шығармаларының, ғақлияларының құнды екенін саралады.

Абай Құнанбайұлы ХІХ ғасырда өмір сүріп, талай көркем туындыларды дүниеге әкелсе де оның бұл жазған шығармалары қазірге дейін өз күшін жоймақ емес. Сол кездегі заман шындығына куә болып, хатқа түсіру арқылы бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші ауысымда бас жүлде 8 «А» сынып оқушысы Ақбота Қуандықоваға бұйырды. Ал екінші орынды 8 «Ә» сыныбының оқушысы Ұлбосын Айтбай мен 11 «Ә» сыныбының оқушысы Айгүл Рысқұл бөлісті. Жүлделі үшінші орынды 9 «Б» сынып оқушысы Айтолқын Мейірманова еншіледі.

Сондай-ақ екінші ауысым оқушылары арасында да үздік эсселерге жүлделер таратылды. Бірінші орынды 7 «А» сыныбынан Темірхан Бердалиев пен 7 «В» сыныбынан Жұлдыз Рахимбаева өзара бөлісті. Екінші орынды 7 «Ә» сыныбынан Қызжібек Зулпыхарова мен Гүлсән Жәдігерова иеленді. Үшінші орынды 7 «А» сыныбынан Нұрлыбек Нашир иеленді. Жүлделі орын иеленген оқушыларға мектебіміздің директоры Арман Орынбековтың алғысы ретінде белгілі ақын Құрал Көмектің «Баба рухы – гольфстрим ағысы», «Мен даланың ұлымын», «Сенім жеңісі» секілді кітаптары тарту етілді.

Еліміздің жалынды жастары барда, оларды қолдаушы ағаларымыз барда ұлт тарихы, әдебиеті ұмытылмақ емес. Ақын-жазушыларымызды еске алып, ұлықтайтын осындай іс-шараларымыз көбейе береді деген ниеттеміз.

Алима МЕЛЬДЕБАЕВА,

№90 жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *