Түркістан облысының әкімі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВТЫҢ назарына!
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – «Қазақ хан-батырлары» Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық қоғамының төрағасы Бахытбек Есиркепович Еспенбетов. Жоғары оқу орындарын инженер, заңгер мамандықтары бойынша бітірген. 2015 жылдың наурыз айынан бері «Қазақ хан-батырлары» Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамының төрағасы. Астана, Алматы, Өскеменде, Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудан-қалаларында аталмыш қоғамның филиалдары жұмыс істейді. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, тағы басқа марапаттардың иегері. Отбасылы, жеті ұл-қыздың әкесі.
Біз Бахытбек Есиркеповичпен сөйлесіп, сұхбаттасу барысында көптеген жайттарға қанықтық. Облыстық «Қазақ хан-батырлары» қоғамының басты мақсат-бағдарламасы жайлы сұрағанымызда ол:
– Мың өліп, мың тірілген қазағымыздың бүгінгі әлем халықтарының арасында қол жеткізген жетістіктерін, табыстарын, осындай ұлан-ғайыр жерімізді бірінші Алла тағала, содан соң ел басына қара бұлт төніп, тағдыр-талайымыз таразыға түскен сәтте қазақ халқы, жері үшін шыбын жанын қиған, бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елі жарқын болашағының негізін қалаған, аяулы ер, абыздарымыз, хан, би, батырларымызды және солардың жарқын ісін жалғастырушы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер, көреген стратег ретіндегі сара саясатының, Халықаралық аренадағы абырой-беделінің игі жемісі екенін жастарға, келер ұрпаққа аманат етіп жеткізу, – деп ағынан жарылды. Осы мақсатта жергілікті билік өкілдері мен кәнігі кәсіпкерлердің қолдау, көмегімен Түлкібас ауданының аумағына қарасты «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолының бойынан қазақ халқына ерен еңбегі сіңген аяулы, абзал, халыққа танымал азаматтарымызға, хан, би, батырларымызға, Елбасыға арнайы тарихи ескерткіштер орнату сынды ізгілікті де игілікті іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланған.
ХVІ ғасырда Керей, Жәнібек сұлтандар бастап Ұлы дала аумағында Қазақ хандығы құрылғалы бері Ұлы дала аумағында қазақ халқының небір дана, өз заманының саңлақтары, дарабоздары, абыздары ел биледі. Осыншама ұланғайыр кең байтақ Жер-Ананы өзінің ұрпақтарына мирас етіп аманатқа қалдырғанына Аллаға мың да бір шүкір дейміз. Әзірге бабалар аманатын хал-қадірімізше, шамамыз келгенше қолдап, қорғап, сақтап келеміз. Ұлы дала елінде, соның ішінде біздің күншуақты Оңтүстік өңірінде теберік Түркістан, Отырар, Сайрам, Созақ, тағы басқа да әулие, киелі жерлерде Жер-Ана ұрпағы, ел үшін ұзақ арпалыстар мен соғыстардан соң мәңгілік тұрағында дамылдап жатқан тұлғалардың ішінде мың жылда бір туатын ардақты асыл азаматтарымыз, қазақтың өсіп-өркендеуіне, жер көлемінің ұлғаюына ерекше еңбек сіңірген Ақназар хан да бар. Алда келе жатқан Қазақ хандығының 555 жылдық мерейтойына орай хандықтың алғашқы астанасы – Созақ кентінен төрт-бес шақырым жердегі 2012 жылы бой көтерген Ақназар ханның зәулім кесенесін халыққа кеңінен насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне зор міндет жүктеледі. Созақ ауданы әкімдігімен бірлесіп сол кесенеге дейін асфальт төсеп, сондағы Қарабура әулиеге баратын туристер мен жалпы жұртшылыққа кесенені көрсету басты міндет болып отыр, – дейді ол.
Сөзі мен ісінде алшақтық сезілмейтін жігіт әлгі өзі жоспарлаған жұмыстарының бірқатарын бүгінде жүзеге асырып та үлгерген. Атап айтқанда, 2015 жылы республикалық «Ұлы Дала елі» атты тарихи-мәдени экспедициясының құрамында болып, біраз тірлік тындырған. Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20, Қазақстан Конституциясының (Ата Заңының) 20 жылдық мерейтойларына орай Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен бір ай бойы арнайы іс-шаралар өткізіп, 200 адамға қайырымдылық ас берген. Ордабасы және Отырар аудандары әкімдіктерінің қолдауымен халықпен, жастармен жүздесіп, концерттер мен сахналық көріністер қойып, қайырымдылық ас берген.
26 қыркүйекте өз қаржысы есебінен «Нұрлы жол» атты облыстық патриоттық үгіт-насихат автокеруенімен Шымкент – Шұбарсу –Темірлан – Қызылкөпір – Төрткүл – Шәуілдір – Арыстанбаб – Түркістан бағыты бойынша жүріп қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағында жерленген қазақтың 21 хан, 47 батыры мен әруақты әулиелерге арнап түйе сойып, 1000 адамға қайырымдылық ас беріп, Құран бағыштаған. Соңында Түркістан қаласының әкімдігі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерімен бірге бірқатар азаматтарға сый-сияпат, мерейтойлық медальдар тапсырған.
9 қазан күні Тараз қаласындағы Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішінің ашылу салтанатына арнайы шақыртумен қатысып, гүл шоқтарын қойған. Осы мерейтойға арнайы дайындалған естелік медальдерді тапсырған.
Облыс халқы атынан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты «Қазақ хандары» медалімен марапаттап, оның атына № 01 куәлік жолдаған. Өз кезегінде 2015 жылғы 16 қазан күні Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің Бастығы М. Қасымбековтен «Қазақ хан-батырлары» қоғамының төрағасы Б. Е. Еспенбетовтің атына:
«Жолдаған хатыңыз бен «Қазақ хандары» омырауға тағатын белгісі мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевқа таныстырылды. Президент өзін марапаттаған ізет-құрметтеріңіз үшін Сіздерге алғысы мен ізгі тілектерін жеткізуді тапсырды.
Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақ хандары» қоғамы өз қызметін әрдайым белгілеген мақсат аясында ұйымдастырып, елімізде тәуелсіздікті қастерлеу, халыққа патриоттық тәлім-тәрбие беру бағытында атқарылған игілікті істерге лайықты үлесін қоса береді деп үміттенеді. Қордың жұмысына сәттілік пен табыстар тілейді», – деген жауап хат келген.
2016 жылы 12 қаңтарда Шымкенттегі қазақ халқының біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы музейге атамызға арнап естелік медаль табыстаған.
13 желтоқсанда облыс әкімдігінен бастау алған «Ұлы Дала Елі Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы: 25 жұлдызды күн» акциясының аясында «Тәуелсіздіктің қайнар бастауы – киелі Ордабасы», «Желтоқсан қаһармандары» жастар қозғалысына – 30 жыл» атты құрамында 100 адамы бар 25 автокөлік, 25 ту тігілген автокеруені Ордабасы аудандық әкімдігінің қолдауымен қазақтың ұлы үш биі мен 1993 жылы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Президенттері бас қосқан Ордабасы тауындағы монумент басында ел ақсақалдары мен халықты жиып, Тәуелсіздік жолындағы құрбандар, хан, би, батырлар, желтоқсаншы қаһарман жастардың асқақ рухтарына арнап қайырымдылық ас берген. Бейбітшілік символы іспеттес 25 ақ көгершін мен 25 ақ шар көкке ұшырылған. Басқосу барысында ел азаматтарын «Ұлы Дала Батыры», «Ұлы Дала Патриоты» медальдарымен, Құрмет грамоталарымен марапаттаған. Ұлы Жеңістің бастауы болған ұлы үш биімізден, үш Президенттен кейін қазақ халқының басын қосып, жер кіндігі Ордабасы тауындағы Бірлік монументіне талай жылдан кейін елдің басын қосып үлкен жиын өткізген осы «Қазақ хан батырлары» қоғамы дер едік.
Облыс халқы, Үкіметтік емес ұйымдардың атынан Елбасыға хат жолдап, оны «Ұлы Дала Батыры» медалімен марапаттауға атсалысқан. Бүгінде бұл медаль Елбасы музейінде сақталып, қалың жұртшылық назарына ұсынылуда.
2018 жылы Құрбан айт мейрамында Сайрамдағы Сансыз бабтар, қасиетті Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы – Ибрагим ата, Қарашаш ана, тағы басқа да әулие, әмбие, абыздардың әруақтарына арнап ас берген. Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып сан түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен халықтар достығын дәріптейтін іс-шаралар өткізуге ұйытқы болған. Әлихан Бөкейханов, Бауыржан Момышұлы, Қажымұқан Мұңайтпасов, Қайрат Рысқұлбеков, Бекзат Саттарханов сынды есімі төрткіл әлемге танымал тұлғаларды «Ұлы Дала Батыры» медалімен марапаттап, отбасы мүшелеріне, музейлеріне табыстаған. Ұлтжанды азамат сол жылы Астанада өткен Қазақстан патриоттарының форумына қатысқан.
Ақын, Физули атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың иегері Құрал Көмектің 60 жылдық мерейтойына орай Шымкенттегі ақын-жазушылардың «Қаламгер» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, бірқатар ізгілікті де игілікті іс-шаралар атқаруға ұйытқы болды. Түркітілдес елдердің форумын өткізіп, елдің алғысына бөленді.
Төрт жыл ішінде облыстық ішкі саясат басқармасы, қоғамдық келісім мекемесі, Үкіметтік емес ұйымдар мен зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп 114 ғылыми-теориялық конференция өткізуге ұйытқы болған. Жоғары, арнаулы орта, жалпы орта білім беретін білім ордаларының ұжымдарымен кездесіп, отансүйгіштік, патриоттық тақырыпта сан түрлі басқосулар өткізген.
Елбасының арнайы Жарлығымен шырайлы Шымкент шаһары егемен еліміздегі Астана, Алматыдан кейінгі үшінші ірі мегаполиске айналды. Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан деп өзгертілді. Жетісай және Келес аудандары қайтадан қалпына келтірілді. Елбасы көне де мәңгі жас – Түркістан қаласын еліміздің рухани астанасы ғана емес, Түркі әлемі түгелімен тәу ететін көрікті де көркем қалаға айналдыруды – басты мақсат етіп отыр. Тәбәрік Түркістанды түлету – бәрімізге ортақ іс. Түркістанда көптеген әлеуметтік нысандар салу көзделген. Соның бірі – қазақтың хан, би, батырларына арналған музей болмақ. Елбасының тікелей тапсырмасымен бұл жұмыс «ВІ групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаевқа жүктелген. Құрылысы биыл бітуге тиіс нысанның құрылысы Бахытбек Еспенбетов төрағалық ететін «Қазақ хан-батырлары» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен жүзеге асса екен деген игі ой жоспары бар…
Осындай ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалатын әз құрылыстың сапалы салынуына, бөлінген қаражаттың шашауы шықпай көздеген мақсатқа жұмсалуын сеніп тапсыруға бірден-бір лайық азамат осы қоғам төрағасы Б. Еспенбетов деп ойлаймыз… Бұл бағыттағы жұмыстар күншуақты Оңтүстік халқының, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ақпараттық қолдауы, жариялылық өте қажет-ақ!.. Өзінің жаны, әруақтар жолында ерен еңбек етіп жүрген азаматтың осы уақытқа дейін бюджет қаражатынан бір теңге алмай көптеген ізгілікті де игілікті жұмыстарды атқарып жүргені оның өз ісіне, адал екенін халық, А. Рахымбаев мырзаның білгені абзал дер едік!..
Байланыс телефондары:
87013703610, 87053225030.
Ә. ҚАҢТАРБЕК.