Эммерсон МНАНГАГВА, Зимбабве Республикасының Президенті:«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМУ ЖОЛЫМЕН ЖҮРУГЕ ҰМТЫЛАМЫЗ»

Ақорда
846 Views

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Зимбабве Республикасының Президенті Эммерсон Мнангагваның ресми сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдері алдында сөйлеген сөзінде бұл сапардың 1992 жылы Қазақстан мен Зимбабве арасында дипломатиялық байланыстар орнатылғаннан бері алғаш рет жүзеге асырылғанын атап өтті.

– Бүгінгі кездесудің екі ел арасындағы, сондай-ақ Орталық Азия мен Оңтүстік Африка өңірлерінің өзара қатынастарын нығайту үдерісіндегі тарихи маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті екі жақты кездесу барысында саяси диалогты қолдау және сауда ынтымақтастығын кеңейту жөніндегі уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты.

– Жекелеген бағыттар бойынша өзара қарым-қатынас орнатуға мүмкіндіктер мол. Біздің елдеріміз арасында кейбір ұқсастықтар бар. Зимбабве де Қазақстан сияқты пайдалы қазбаларға өте бай. Ауыл шаруашылығы салаларымыз да бірдей дамуда. Қазақстан тау-кен өнеркәсібінде ынтымақтастық орнату және тәжірибе алмасу, Зимбабвеге ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу мәселелерін қарастыруға әзір, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Зимбабве аумағында пайдалы қазбалар өндіру саласында өзара ықпалдастық орнатудың мүмкіндіктеріне тоқталды.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Зимбабвенің көлік-логистика желісін жаңғырту және қайта өңдеу ісінде бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті.

– Жаһандық күн тәртібіндегі көптеген басты мәселелер бойынша ой-пікірлеріміз сәйкес келеді. Біз Қазақстанның халықаралық бастамаларына Хараренің қолдау білдіргенін жоғары бағалаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы келіссөздер нәтижесінде тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында бірлескен жұмыстар мен өзара қолдау жөніндегі қалыптасқан тәжірибені жалғастыруға байланысты ниеттерін мақұлдағанын айтты.

– Біз Қазақстан бақылаушы ел болып саналатын Африка Одағы аясындағы тығыз ынтымақтастықты ілгерілету жөнінде уағдаластық. Жалпы, Эммерсон Мнангагваның Астанаға алғашқы ресми сапары екі мемлекеттің түрлі салалардағы тығыз қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін көрсетіп отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар түрлі бағыттағы өзара ынтымақтастықты дамытуға оң серпін беретініне сенім білдірді.

Зимбабве Республикасының Президенті Қазақстанның ұлттық экономиканы дамыту және жаңғырту жөніндегі тәжірибесін қолдануға мүдделі екенін атап өтті.

– Зимбабвенің қазіргі дамуы Қазақстанның осыдан 20 жыл бұрынғы деңгейіне сәйкес келеді. Біз достас елдің 27 жыл бойы өз экономикасын қалай өркендеткені жөнінде үйренуіміз керек. Қазақстанның мұндай жетістікке жеткеніне сүйсінеміз әрі осындай даму жолымен жүруге ұмтыламыз, – деді Эммерсон Мнангагва.

Зимбабве Республикасының Президенті Қазақстанның Ұлттық әл-ауқат қорын дамыту және «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру жөніндегі тәжірибесін атап өтті.

Сонымен қатар, Эммерсон Мнангагва Зимбабвені Қазақстанның үлгісімен Оңтүстік Африкадағы көлік-логистикалық хаб ретінде дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Соңында Зимбабве Президенті қауіпсіздікті сақтау және ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдайтынын айтты.

Akorda.kz.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *