БЕЙБІТ – БҮГІНГІНІҢ БАТЫРЫ

Спорт
1 354 Views

Бокс – қазақ үшін қатардағы спорттың бірі емес, ұлттық спорт түрі іспетті. Себебі де жоқ емес. Еліміздің былғары қолғап шеберлері қатысқан жарыстарынан жүлдесіз қайтқан емес. Азия, Әлем чемпионаттарында да боксшыларымыз ел намысын абыроймен қорғап келеді. Олимпиада ойындарындағы жетістіктеріміз де ауыз толтырып айтарлықтай. Тәуелсіздік алғалы бері төртжылдықтың басты бәсекесіне алты рет қатыссақ, соның үшеуінде үздік боксшыға берілетін Баркер кубогы қазақ жігіттеріне бұйырды (1996 жылы – Василий Жиров, 2004 жылы – Бақтияр Артаев, 2012 жылы – Серік Сәпиев алған).

Саңлақтарымыз әуесқойда ғана емес, кәсіпқой бокста да жанкүйер сенімін ақтап келеді. Қазақ жігіттері өздерін жұлдызға балаған әлемнің талай мықтысын тізерлетті. Солардың бірі – бүгінгі күннің батыры, “Барыс” орденінің және “Қазақстан Тәуелсіздігіне – 20 жыл” мерейтойлық медалының иегері, қос салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы атанған жерлесіміз Бейбіт Шүменов.

 

БАЛА БЕЙБІТ БОКСТЫ НЕГЕ ТАҢДАДЫ?

Бейбіт 1983 жылы 19 тамызда Шымкент қаласында дүниеге келген. Бір жасында уақыты өтіп кеткен сүттен уланып, ауыр халде ауруханаға түскен. Дәрігерлер баланы аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап бетін бері қаратқанымен, оның аман қалуы неғайбыл екенін айтады. Аман қалғанның өзінде жиі ауыратын әлжуаз бала болып өсетінін де ескерткен. Алайда уақыт өте келе спортқа құлшынысы жоғары болған бала дәрігерлердің бұл жорамалын теріске шығарды.

Әрине, бала Бейбіт бірден былғары қолғап киген жоқ. Әуелі каратэмен, сосын таэквондомен, сосын күреспен де шұғылданды. Тіпті кикбоксқа да қатысып көрді. Осылай жанына жақын спорт түріне тоқтала алмай жүрген ол 1996 жылғы Олимпиадаға қатысқан ағаларының өнерін тамашалағаннан кейін боксқа ден қойған. Баланың қызығушылығын оятуға түрткі болған – Баркер кубогын иеленген тұңғыш қазақстандық боксшы Василий Жировтың жекпе-жектері болатын.

Осылайша 13 жасында былғары қолғап киген Шүменов әуесқой бокста біраз биікті бағындырды. 2003 жылы Үндістанның Дели қаласында өткен Бірінші Африка-Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. 2004 жылы Филиппиндегі Азия чемпионатында қарсылас шақ келтірген жоқ. Сол жылы Афиныдағы Олимпиада ойындарына жолдама алған ол Грекия жеріндегі алғашқы кездесуін сәтті өткізген еді. Әлем және Еуропа чемпионаттарының қола жүлдегері польшалық Алексий Куземскийді 34:22 есебімен ұтты. Сол бір кездегі сәтсіздік орын алмағанда, Бейбітке Олимпиада жүлдесі бұйырар ма еді, әттең. Өкінішке қарай, ол жарақатына байланысты жарысты жалғастыра алмады.

Олимпиададан кейін үш жылға жуық бокстан қол үзіп қалған Бейбітті шаршы алаңнан көреміз деп ойлағандар кемде-кем шығар. Алайда, сәтсіздік қайсар жігіттің сағын сындыра алған жоқ-тын. Бейбіт кәсіпқой бокста бағын сынап көру үшін 2007 жылы Америкаға аттанды.

 

ЕКІ САЛМАҚТА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ

Кәсіпқой боксқа ауысқанын жария еткен Шүменов жанкүйерлерін көп күттірген жоқ. Сол жылы қараша айында алғашқы жекпе-жегін өткізіп, америкалық Уолтер Эдвардсты алғашқы раундта сұлатып салды. 2008 жылғы ақпанда тағы бір жергілікті боксшы Седрик Хауардпен қолғап түйістіріп, оны да алғашқы раундта тізерлетті.

2008 жылы 21 наурызда Шэннон Миллерді ұпай санымен жеңіп, Наурыз мейрамы күні жанкүйерлеріне сый жасады. Ал Бейбіттің төртінші жекпе-жегінде WBC Asian Boxing Council және PABA-ның белбеулері сарапқа салынған болатын. Осы атақтардан дәмелі болған америкалық Доннел Уиггинс екінші раундта ауыр соққы алып, жеңілістің ащы дәмін татты.

Бұдан кейін бауырымыз тәжірибелі боксшы Лавелл Финджерді бір-ақ минутта сұлатып, WBO тұжырымының Азия аймағы бойынша белбеуін жеңіп алды. Одан кейін Монтелл Гриффин, Эпифанио Мендоса, Байрон Митчелл сынды қарсыластарын бірінен соң бірін жеңді.

2009 жылы кәсіпқой боксқа келгеніне небәрі 2 жыл ғана болғанда, Бейбіт чемпиондық атаққа таласудың мүмкіндігіне ие болды. Жартылай ауыр салмақтағы WBA тұжырымының алтын белбеуiнiң иесi испаниялық Габриэль Кампильо Қазақстанда жекпе-жек өткізуге келісті.

Шүменов жекпе-жектің алғашқы жартысында белсенділік танытты. Испандық боксшы жылдамдығының арқасында ғана ауыр соққыдан аман қалып жүр еді. Қашанғы қашсын, 9-раундта Бейбіт оны ауыр соққымен қарсы алып, естен тандырды. Әупірімдеп жүріп жарысты жалғастыра алған Кампильо ендігі жерде әрекет жасамаса, жеңістің қолдан сусығалы тұрғанын түсінді. Соңғы раундтарда белсенділік таныта бастады. Кейін белгілі болғандай, бұл өзінің жеңімпаз екеніне төрешілердің көзін жеткізу үшін жасаған қулығы екені белгілі болды. Иә, бұл жолы жеңіс ұпай санымен испандыққа бұйырған еді.

Бұл нәтижемен көпшілік келіскен жоқ. Төрешілер күмәнді шешім шығарған жекпе-жектің соңы дауға ұласты. Кейін испан боксшысының допинг-сынақтан өтпегенiне байланысты нәтиже негiзсiз деп табылып, кездесу қайта өтетін болып белгіленді. Ал Американың Лас-Вегас қаласында өткен қарымта кездесуде үш төрешiнiң екеуi 117:111, 115:113 есебiмен жеңiстi жерлесіміз беріп, Бейбіт Әлем чемпионы атанды.

Кәсіпқой боксты бизнес көзіне айналдырып алған кейбір әріптестері сияқты емес, Бейбіт қарсылас таңдамады. Кіммен жолы түйіссе, сонымен жекпе-жек өткізуге дайын болды. Соған қарамастан қазақ жігітінің мықтылығын шын мойындай қоймаған кез-тін. Оның үстіне, қарсылас біткенді қоғадай жапырып, 22 кездесуін де жеңіспен аяқтаған украиндық Вячеслав Узелков та мықты еді. «Оған қарсы тәуекелге бара қоймас» деп топшылағандар болды. Бірақ Бейбіт қарсыласының атақ-даңқынан қаймыққан жоқ. Чемпиондық атағын қорғайтын алғашқы кездесуде-ақ украиндықпен қолғап түйістіріп, жеңісті жолын жалғастырды.

Одан кейін де қазақ батырын Уильям Джоппи (39-6-2), Дэнни Сантьяго (31-4-1), Энрике Орнелас (33-7), Тамаш Ковач (23-0) сынды мықтылар да тоқтата алған жоқ. Тек 2014 жылы әккі Бернард Хопкинстің айласына түсіп, қандасымыз алғашқы сәтсіздігіне ұшырады.

Осыдан кейін бірінші ауыр салмаққа ауысқан отандасымыздың кезекті жетістігін жанкүйер көп күтпеді. 2014 жылы 13 желтоқсанда кіші Бобби Томасты (14-2-1) бесінші раундта сұлатты. 2015 жылы 25 шілдеде бір рет қана жеңіліс тапқан Би Джей Флоресті (31-1-1) кезекті рет өкіндірді. Ал 2016 жылы 21 мамырда Бейбіт өзінің шын мықты екенін мойындатты. Жерлесіміз Джуниор Райтты 10-раундта техникалық нокаутпен жеңіп, бірінші ауыр салмақта WBA чемпиондық белдігін иеленді. Осылайша қос салмақ дәрежесінде де әлем чемпионы атану – қандасымызға бұйырды. Бұған дейін бірде-бір қазақстандық кәсіпқой боксшы мұндай жетістікке қол жеткізбеген болатын.

Жеткен жетістікпен шектелу – Бейбіт үшін жат дүние. Қайта бұл жеңіс оны шабыттандыра түсті. Көп ұзамай келесі қарсыласы кубалық Юниер Дортикос екені белгілі болып, жаттығуға кірісіп кеткен-ді. Бұл дайындықтың соңы қазақ жанкүйерлері үшін жағымсыз хабармен аяқталды. Жаттығу кезінде ол ауыр жарақат алып, көзіне операция жасатуға мәжбүр болды. Дәрігерлер көзі көрмей қалу мүмкін екенін ескертіп, бокстасуға тыйым салды.

– Өкінішке қарай, WBA титулынан бас тартып, көзімнің жарақатына байланысты бокстан кетуге мәжбүр болдым. Спорттан осылай кеткеніме өкінемін. Бірақ спортта жарақат алу жиі кездеседі. Қазір көзім нашар көреді. Әлі тағы бір ота жасатуым қажет. Маған қолдау көрсеткен отбасыма, командама, достарыма және жанкүйерлеріме алғыс айтамын, – деген Бейбіт Шүменов жанкүйерлерінен кешірім сұрай отырып, өзінің үлкен спортпен қош айтысқанын жеткізді.

 

БЕЙБІТТІҢ ЖАУЫ – ЖАРАҚАТ

Спортшыға сырттай баға беру оңай. Сәтсіздікке ұшыраса, бірден дарынсыз етіп шығаратындар бар. Жеңіске жетсе де қуанудың орнына, «Әлсіз қарсылас таңдаған. Мықтылармен шығу керек еді» деп те сын айтатындар көп. Бірақ ол жеткен жетістікті екінің бірі қайталай алмайды. Жеңістің жеңілі жоқ. Оның қайсысы болса да шелектеп төккен тер мен тынбай еткен еңбектің арқасында келеді. «Мені ұрып құлата ғой» деп тұмсығын тосып тұратын қарсыластың болмайтыны баршамызға аян.

Бейбіттің жолы жеңіл болды деп айта алмаймыз. Әуесқой боксшының ең басты жетістігі – Олимпиада ойындарының жүлдегері атану болса, мұндай мүмкіндігі болған. Өкінішке орай, жүлдеге сынық сүйем қалғанда қырсық шалып, жарақат алып қалды. Ол қолын сындырып алды.

Еңбекқор жігіттің қолы сынғанмен, сағы сынған жоқ. Кәсіпқой боксқа бет бұрды. Аз уақыттың ішінде биік белесті бағындырып, қазақ спортының тарихына атын алтын әріппен жазды. Әлі де үлкен жетістіктерімен жанкүйерлерін қуантып жүрер ме еді. Өз салмағындағы Денис Лебедев, Юниер Дортикос сынды мықтылармен жекпе-жек өткізудің сәті түскен кезде тағдыр тағы өкіндірді. Бәле аяқ астында емес пе? Бұл жолы да ойламаған жерден жарақат алып, кездесуден бас тартуына тура келді. «Әттең…» деп сан соққаннан басқа қолдан келер қайран жоқ. Бейбіттің жауы – жарақат болды.

 

ЕҢБЕГІ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАСА ЕКЕН

Қазақ спортының дамуына үлкен үлес қосқан Бейбіт Шүменов Шымкенттің ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Әйтсе де, Оңтүстік Қазақстан облысында оның еңбегі елеусіз қалғандай көрінеді. Мысалы, орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин атындағы спорт кешені оның туған жері Майқұдықта ашылды. Бұл бастамаға Қарағанды облысының әкімдігі ұйытқы болған. Ал жаңа жыл қарсаңында Гена Қарағанды облысының Құрметті азаматы атанды. Біз қарағандылық батырымыздан бұл құрмет-қошеметтерді қызғанып отырған жоқпыз. Керісінше, әлемдік сахнада ел намысын абыроймен қорғап жүрген әр спортшымызға осындай құрмет көрсету керек дегіміз келеді. Бейбіт батыр да Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атануға әбден лайық. Шымкентте Шүменов атындағы спорт кешені ашылса, одан да ұтарымыз көп болмақ. Жақында ғана ұлтымыздың мақтанышы, WBA Inter-continental, WBO NABO чемпиондық белбеуінің иегері Қанат Ислам Шымкентке келіп, Шүменовтің жетекшілігімен жаттығу жасады. Дайындық Royal Club Fitness & SPA базасында өтті. Егер Бейбіттің атында спорт мектебі болғанда, қос батырымыз дайындықты сонда пысықтар еді. Тіпті ол мектепке тек Қанат қана емес, кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамдарын жасаған талай қазақ баласы Бейбіт ағасынан біраз жайтқа қанығар еді. Бауырымыздың бұл бағытта да тәжірибесі жетерлік. Бүгінде ол АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы “KZ Event Productions” промоутерлік компаниясының президенті болып табылады.

Бокс әлемінің қыр-сырын жетік білетін батыр ағасына бой түзеп өскен жас таланттардың арасынан талай болашақ әлем чемпиондары шығар еді-ау?!

Қуанышбек БОТАБЕК.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *